КГУ "Карагандинская областная юношеская библиотека имени Жайыка Бектурова"
00:00:00





Официальный сайт КГУ "ОЮБ имени Ж.Бектурова"
www.uniorlib.kz

Яндекс.Метрика

МАЙЛИН БЕЙІМБЕТ

МАЙЛИН БЕЙІМБЕТ (Бимағамбет) Жармағамбетұлы (1894-1939 ж.), жазушы, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Әдеби қызметін 1912 жылдан бастады. 1922-23, 1925-28 ж. «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Социалистік Қазакстан») газетіңде әдеби қызметкер, 1923-25 ж. Қостанай қаласындағы губерниялық «Ауыл» газетінің, 1928-1932 ж. «Ауыл тілі» газетінің редакторы, 1932-37 ж. «Социалистік Қазақстан» газетінін бөлім меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары. Б. Майлин - пролетар жазушылардың Қазақ ассоциациясын ұйымдастырушылардың бірі. «Шұғаның белгісі» (1915 ж.), «Раушан коммунист» (1929 ж.) повестері мен «Азамат Азаматович» романының, (1934 ж.), «Майдан» (1932 ж.) пьесасының, «Талтаңбайдың тәртібі» (1934 ж.) комедиясының, «Шұға» («Шұғаның белгісі», повесі бойынша) және «Амангелді» (1935 ж.) драмаларының, «Жалбыр» (1936 ж.) музыкалы драмасының, «Біздің жігіттер»(1937 ж.) пьесасының авторы. 1933-35 ж. Б.Майлин Қарағанды көмір бассейнінін  № 1 және №3 шахталарында болып, «Қарағанды» очеркін жазды, ол 1934 ж. «Алыптың адымы» жинағына енді. Қарағандыда Б. Майлин атында көше (1972 ж.) бар.

 

МАМРАЕВ МАРТБЕК

МАМРАЕВ МАРТБЕК (1908-1989 ж.), гвардия аға сержант, Кеңес Одағының Батыры (1944 ж.). Еңбек жолын 1924 ж. Қарқаралы ауданында бастап, кейін Қарағандыда жұмыс істеді. 1931-34 ж. забойшы, 1934-38 ж. электрослесарь-механик, 1938-1940 ж. К. О. Горбачев атындағы №8/9 шахта кәсіподақ комитетінің председателі. 1940-42 ж. «Кировкөмір» тресі №3-бис шахтасында партия жұмысын ұйымдастырушы. 1942-44 ж. Кеңес Армиясы қатарында. 1943 ж. қыркүйекте Днепр өзеннен өтерде 12-атқыштар дивизиясы 32-атк.ыштар полкінің пулемет расчетының командирі М.Мамраев асқан ерлік көрсетгі, фашистердің шабуылына тойтарыс беріп, бөлімшенің өзеннен өтуін қамтамасыз етгі. Ұлы Отан соғысынан кейін Қарағандыда кеңес және шаруашылық қызметінде болды. 1944-45, 1952-54 ж. 1 маусымға дейін М. Мамраев шахтада партия жұмысын ұйымдастырушы, 1945-1952 ж. Ленин ауданың партия комитетінің 1-хатшысы, 1955-58 ж. Қарағанды қалалық Кеңесі аткомы төрағасының 1-орынбасары, 1958-1972 ж. химия-металлургия институты директорының орынбасары. 1972-1985 ж. осы институтта патент-информация бөлімінің инженері. Ленин ордені, «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған. Қарағанды қаласының құрметті азаматы (1971 ж.). Химия металлургия институтының әкімшілік үйінде М. Мамраевтің бюсі орнатылған.

 

МАРГҰЛАН ӘЛКЕЙ ХАҚАНҰЛЫ

МАРГҰЛАН ӘЛКЕЙ ХАҚАНҰЛЫ (1904-1985 ж.), ғалым, Қазақстан археология мектебінің негізін қалаушы. Бүкілодақтық география коғамының толық мүшесі (1933  ж.), филология ғылыми докторы (1946 ж.), ҚазКСР ҒА-ның корреспондент мүшесі (1946 ж.), академигі (1958 ж.), профессор (1960 ж.), ҚазКСР-інін еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1961 ж.). Ә.Марғұлан Ленинградтың Шығыстану институтын бітірді (1934 ж.), Ленинград мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің шығыс бөлімшесінде оқыды. 1926-1930 ж. КСРО ҒА-ның Қазақстан экспедициясы құрамында қазақтардың әдет-ғұрып, тұрмысы мен өнерін зерттеді. 1930 ж. ҚазКСР Оқу Халық Комиссариатынын жанындағы Жаңа алфавит комитетінде ғылыми қызметкер. 1931-1946 ж. Материалдық мәдениет тарихы жөніндегі мемлекеттік академияның (ГАИМК) аспиранты, сонымен қатар Шығыстану институтында оқытушы. КСРО ҒА-ның Материалдық мәдениет тарихы институтында ғылыми қызметкер, 1938 жылдан өмірінің соңына дейін ҚазКСР ҒА-да (1946 жылға дейін КСРО ҒА-ның Қазақ филиалы) аға ғылыми қызметкер, Тарих, археология-этнография институтында сектор, бөлім меңгерушісі. Сырдария, Талас, Шу өзендері бойындағы ежелгі қалалардың орнына алғаш рет археология қазба жұмыстарын жүргізіп, Тараз, Отырар, Сайрам, Сауран, Сығанак, Беғазы-Дәндібай мәдениетін зерттеді. Оның басшылығымен Ш. Уәлихановтың таңдамалы (1958 ж.) және 5 томдық шығармалар жинағы (1961-1972 ж.) жарық көрді. ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының (1982 ж.) және ҚазКСР ҒА-ның Ш. Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты (1967 ж.). Ленин орденімен марапатталған.

 

МИЛЛЕР ПЕТР КЛИМЕНТЬЕВИЧ

МИЛЛЕР ПЕТР КЛИМЕНТЬЕВИЧ (1910 ж. т.), Кеңес Одағының Батыры (1944 ж.). Еңбек жолын 1931 ж. Өзбекстанда кеңшар жұмысшысынан бастаған. 1936-1942 ж. Балқаш мыс комбинатының кұрылысына қатысты, кейіннен металлургтер мектебін бітіріп, қорыту пешінің толтырушысы болып істеді. 1942 ж. Қызыл Армия қатарына алынды. Дон шайқасына, Днепрден өтуге қатысты. Жеңісті Чехословакия жерінде қарсы алды. Алтын жұлдызды Днепрден өту кезіндегі жан қиярлық ерлігі үшін алды. Соғыстан кейін мамандығына оралды.

 

МОГИЛЬНИЦКИЙ ВАЛЕРИЙ МИХАЙЛОВИЧ

МОГИЛЬНИЦКИЙ ВАЛЕРИЙ МИХАЙЛОВИЧ (1940 ж. т.), журналист, жазушы. Қаскелеңнің түлегі. Львов мемлекеттік университетін бітірген (1962 ж.). Львов, Владивосток, Дондағы Ростов қалаларының газеттерінде, отыз жылдай республикалық «Қазахстанская правда» газетінің Жезқазған және Қарағанды облыстары бойынша меншікті тілшісі болды. Қарағанды облысы әкімінің баспасөз хатшысы қызметін атқарды. Могильницкийдің туған өлке туралы «Сарыарка», «На земле Сатпаева», «Город в степи», «Медь Жезказгана», «Люди, которых любят», «В самом центре Евразии», «Созвездие талантов», «Просторы Сарыарки», «Страницы большой жизни», «Қарағанды», «Звезды Гулага», «Люди победы», «Черные розы маршала» публицистикалық көркем кітаптары, «Свет окна» деген өлендер жинағы жарыққа шықты. Қазақстан Журналистер одағының Б. Бұлкышев атындағы сыйлығының лауреаты. 1998 жылдан «Қарағанды облысы Жазушыларының одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Жезқазған комитетіның құрметті азаматы.