КАЛМЫКОВ НИКОЛАЙ ПАВЛОВИЧ
КАЛМЫКОВ НИКОЛАЙ ПАВЛОВИЧ (1920 ж. т.), металл балқытушы, «Даңк» орденінің толық иегері. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1955-1971 ж. Балқаш к. түсті металдар завоты орталық жөндеу цехының аралаушысы, металл құю цехының шабровшысы, балқытушысы болды. Балқаш қаласының құрметті азаматы (1975 ж.), Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған.
КАРАБАНОВ ИВАН АНДРЕЕВИЧ
КАРАБАНОВ ИВАН АНДРЕЕВИЧ (1925 ж. т.), гвардия старшинасы, Данқ орденінің толық иегері. 1941-42 ж. Қарағандыдағы «Майқұдык» шахтасының проходкашысы, өндіріс комбинатының слесары болып жұмыс істеді. 1943-45 ж. Кеңес Армиясы қатарында, әуе атқышы. 227-әуе дивизиясының 999-әуеден шабуылдаушы полкының атқышы қызметінде жауынгерлік ерлік көрсетті. 102 рет жауынгерлік ұшуға қатысты. 1960 жылдан Қарағанды электр жүйесін реттегіште электромонтер болды. Қарағанды қаласының құрметгі азаматы (1979 ж.). 1-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған.
КЕЙКІ БАТЫР
КЕЙКІ БАТЫР (Нұрмағамбет) Көкембайұлы (1871-1923 ж.), 1916 жылғы Торғай көтерілісінің батыры. Орта жүз құрамындағы Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан шыққан. Тұрмыс тапшылығын ерте көрген Кейкі Жыланшық болысының алпауыты Р. Шашамбайұлының малын қорып, дұшпандарына аттандыратын жігіті болған. Жастайынан аңшы, мергендігімен, өжеттігімен аймаққа танылған. Оның құралайды көзге атқан мергендігіне сай ел аузында «Амангелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген» деген сипаттама сақталған. Ресей патшасының 1916 жылғы маусым жарлығы себеп болған Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне алғашкы күндерден-ақбелсене араласып, оның негізгі қарулы күші — мергендер жасағын басқарды, көтеріліс штабынын, ең кауіпті тапсырмаларын орындап, жиі-жиі барлауға шығып тұрды. Күйік қопасындағы соғыста, Торғай қаласын қоршау кезінде және жазалаушы отрядқа қарсы соңғы ұрыс — Доғал шайқасында ерекше ерлік көрсетті. 1919 ж. 13 мамырда Торғай ояздық соғыс комиссары, халық батыры Амангелді Иманов өлтірілгеннен кейін Кейкі қудалауға ұшырап, Ұлытау, Қызылқұмға бой тасалауға мәжбүр болды. Бұл сүргін Торғайда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де толастамады. Ақыры, 1922 жылдың көктеміңде комиссар Александр Токаревті атып кеткен Кейкіні 29 наурызда қызыл әскерлер айуандықпен өлтірді. Олар мергеннің екі қолы мен басын кесіп алып, басын бір ай бойы Торғай қаласының орталық аланына сырыққа шаншып қойды. Кейін мергеннің бас сүйегін Орынборға, ал 1926 ж. республика астанасы Қызылордаға көшуіне байланысты, Санкт-Петербургке алып кеткен. Ол қазір Санкт-Петербургтегі антропологиялық қордың кунсткамерасында сақтаулы. Кейкі мергеннің ұрпақтары Қостанай облысының Амангелді аудандағы Ақтас, Тасты елді мекендерінде тұрады. 1996 ж. батырдың 125 жасқа толуына байланысты ас беріліп, ескерткіш орнатылды. Жазушы А. Нұрмановтың «Құланның ажалы» романындағы Құлан, Ғ. Мүсіреповтің «Амангелді» пьесасындағы Кете батырлардың көркем тұлғалары осы Кейкі мерген өмірінен сомдалған.
КЕНЕСАРЫ ҚАСЫМҰЛЫ
КЕНЕСАРЫ ҚАСЫМҰЛЫ (1802-1847 ж.), белгілі хан (1841 жылдан). Абылайдың немересі. Ресейдің отаршыл саясатына қарсы 1837-1847 ж. ұлт-азаттық көтерілістің көсемі. 1825 ж. ағасы сұлтан Саржанның қарулы көтерілісіне ат салысқан. 1836 ж. ағалары Саржанды, Есенкелдіні Ташкент билеушісі зұлымдыклен өлтірткеннен соң қанат жайған қозғалысты әрі қарай жалғастырды. Кенесары өте қажырлы, ойластырған ісінен қайтпайтын, жау күшінен қаймықпайтын қолбасшы. Көтерілістің алғашкы айларының барысы Кенесарының табанды күрескерлігін танытты. 1838 ж сәуір айында Ақмола приказын тұткиылдан төтелей шабуылдаған көтерілісшілердің жеңіске жетуі Кенесарының айлакерлігі мен айбынды қолбасшылығының нәтижесі. Кенесарының сардарлық өнерінің қарқынды болғандығы соншалық, Ұлытаудың төңірегіндегі бір шайқаста жақсы қаруланған хорунжий Рытовтың әскери тобын талқандады. 1844 ж. тамыз айында қазақ әскерлерінін, қорғауындағы Екатеринская станицасын алуы және оның қорғаушыларын кейін шегіндіруі Кенесарының жауынгерлік өжетгігінің бір көрінісі еді. Ал осы жылдын шілде айынын 21-нен 22-не қараған түнде Кенесарыға қарсы ұйымдасқан Ахмет және Мұхамед Жантөриндер туының астына шоғырланған ірі әскери топты көтерілісшілердің ойсырата талқандауы — ханның әскери өнерінің бір шыңы болды. Кенесарының жаулары түнде 44 сұлтанынан айрылды. Бірнеше шақырым қашықтықта тұрған, мылтық оғының гүрсілін естіген, полковник Дуниковскийдың жазалаушы тобы, Кенесарының атағынан жүрексініп, ұрысқа қатысуға дәті шыдамады. Кенесары тек өз заманының ұлы қолбасшысы болып қойған жоқ. Көтерілістің 10 жылдан астам уақытқа созылуы, сонымен қатар ханның айлакер дишіомат және пайымды саясатшыл қасиетіне де байланысты. Адольф Янушкевич Кенесарының ғажайып тұлғасына қайран болып, оны 19 ғасырдағы француз отаршылдарына қарсы алжир халқының азаттық күресінің көсемі Абд әл-Кадермен тенеген, ал ұлы саяхатшы П.П. Семенов-Тян-Шанский «қырғыз даласының митридаты» деп сипаттаған. Орынбар губернаторы граф В.А. Перовскиймен, Батыс-Сібір генерал-губернаторы князь В.Д. Горчаковпен жазысқан хаттарында Ресей мен Қазақ елдері арасындағы таласты қарумен емес, келіссөздермен шешуге шақырды. Ханның басты талаптары Абылай хан иелігінде бекіністер салуды тоқтату, дивандарды (округтерді) тарату, хандықты отарлауға тыйым салу болды. Айтылған талаптарды Кенесары патша Николай І-ге, князь Горчаковка жолдаған, өзінің дипломаты Тобылды Тохтин бастаган елшілігіне де тапсырған. Хан өзінің ұстамды саясатын іске асыруда Орталық Азиядағы ахуаддың ерекшеліктерін тыңғылықты талқылауға негіздеген. Дипломатиялық шеберлік патша үкіметінің табанын жалаған, халық мүддесіне қарсы шыққан жергілікті феодалдардын бір бөлігін өз жағына тартуға да қажет болды. Ақмола округінің аға сұлтаны полковник Қоңырқұлжа Құдаймендеұлы Кенесарыға қарсы күреске дем берді, ханға қарсы үгіт жүргізді. Оған қарамастан, үш жүздің басты бөлігі ханның әділ ісін қуаттады, тек Ақмола, Баянауыл, Көкшетау округтерінде 80-нен астам сұлтандар Кенесарымен жақтас болды. Кенесарының інілері Құшақ, Мұса, Наурызбай, Саржанның балалары, жақын туыстары, аға сұлтан Шыңғыстың жесірі Айғаным т. б. ханның ісіне мүдделес тұлғалар. Ханның туының астында топтасқан қарулы серіктерінің арасында, азаттық соғыстың мүддесіне аяғына дейін берілген, қанды шайқастарда ерліктерімен халықтың рухын көтерген үш жүздің де батырлары болды: Ағыбай, Аңғал, Байсейіт, Таймас, Саурық, Наурызбай, Бұхарбай, Иман, Сұраншы, Төлебай т. б. Орынбор және Сібір шептері арқылы қысымға алынған Кенесары көтерілісінің басты ошағы Орта жүзден Жетісуға ойысуға мәжбүр болды. Оған тағы да себепші болған Қоқан билеушісінің сұрқия саясаты. Ханның мақсаты да Абылайдын, тұкымдары билеген Жетісуда қолдау тауып, Ресейге және Қоқан хандығына қарсы күресті жалғастыру. 1846 ж. жазда Іле-Қаратал бойындағы генерал Вишневскийдің Аяқөз, Қарқаралы, Көкпекті округтернің, Жетісу алқабының төре тұкымдарын, старшындарын жинап, съезін ұйымдастыруы ханға соққы болды. Қысым күшейді. Басқа айла-амал қалмаған Кенесары қырғыз жеріне бағыт алуға мәжбүр болды. Басты манап Орман кейіннен 100 мыңға жуық әскер жинаған деген дерек бар. Ханның әскері — 10 мың сарбаз, екі зеңбірекпен қаруланған. 1847 ж. сәуір айының орта шенінде қазіргі Тоқмақ қаласынан 6 шақырым жерде, Кекілік-Сеңгір түбінде ақырғы шайқаста күш салмағының қырғыздар жағында болуы көтерілістің соңы, ұлы қайраткердің ақырғы шайқасына айналды. Айбынды хан, қайтпас батыр Кенесары қапыда мерт болды. Кенесары қазақ тарихына халықтың ұлы қолбасшысы, саясатшы, дипломат, ел үшін өмірін аямаған ұлы тұлға ретінде еніп отыр.
КЕТБҰҒА
КЕТБҰҒА (шамамен 1150-1225 ж.), жырау, күйші-композитор, аңыз кейіпкері. 14 ғасырда жазылған «Шаджарат әл-атрак» («Түрік шежіресі») атты кітаптағы деректер мен ел аузындағы аңыздар бойынша, Дешті Қыпшак әмірі - Жошы хан аң аулап жүріп қаза тапқанда, Шыңғысханға қаралы хабарды жеткізуге ешкім батпайды. Сонда Кетбұға бас кетер ауыр міндетті өз мойнына алады. Әуелі: «Теңіз бастан былғанды, кім тұндырар, а, ханым, Терек түптен жығылды, кім тұрғызар, а, ханым», — деп Шыңғысханды қаралы хабарға әзірлеп алады да, баласы Жошының өлімін күймен естіртеді. «Ақсақ құлан-Жошы хан» күйі осылай туыптымыс. Бізге Кетбұғаның осы күйі және күй шығарар алдында айтқан бірнеше жол өлеңі ғана жетті. Басқа әдеби не музыкалық шығармасы сақталмаған. Алайда ұрпак аузынан Ұлығ (ұлы) жыршы деген атақ алған Кетбұғанын өз кезінде шығармалары халық арасына кең тараған, көшпелілер арасында сөз өнерінің дамуына ерекше ықпал еткен көрнекті тұлға болғандығы байқалады. 15 ғ. аяғы мен 16 ғасырдың алғашқы ширегінде жасаған Доспамбет жырау Кетбұға биді кұрметпен аузына алады, оның сөздерімен өзінін таныстығын білдіреді. Халық өлендері мен аңыз әңгімелерде де Кетбұға ел қамқоры, дана ақсақал ретінде бейнеленген. Ол туралы аңыздар қырғыз фольклорында да бар.