Әлімбаев Доскей
Доскей Әлімбаев (1850 ж. т., Ақмола қ., - 21. 09. 1946, Қарағанды қ.) - ақын. ҚР өнеріне еңбек сіңірген қайраткер (1939). Әкесінен бес жасында жетім қалып, туысы Барғанның қолында тәрбиеленді. Доскей он бес жасынан бастап көпке таныла бастайды. Біржан, Ақан сері, Шөже, Орынбай, Кемпірбайлармен жүздесіп, өзінің өнерін ұштай түседі, ел аралап, ақындығын танытады. Ақан серімен, Ажармен айтысқа түседі. Кеңес дәуірі кезінде заман ағымына қарай бейімделіп, партия мен оның көсемдерін мақтаған толғау-жырларын туғызады. Оның шығармалары 1937, 1939, 1949, 1958, 1965 жылдары шыққан халық ақындарының жинақтарына енген. Ақынның арнаулары, толғаулары, дастандары, айтыстары жұртшылыққа кеңінен белгілі. Олардың ішінде "Шашубайға" деген шығармасы өзінің ақындық тұғырын айқындаса, "Қажымұқанда" атақты балуанның өр бейнесі берілген, "Абайға" туындысы ұлы ақын тұлғасын асқақтатады. Доскей шығармашылығының басым көпшілігі - толғаулар. Тақырыбы жан-жақты, елдің тұрмыс-тіршілігінен бастап, әлеуметтік мәні бар мәселелерге дейін көрсете білген. "Кенші жыры", "Қарағанды - кенішім", "Арқаның алтын сандығы" деген гуыпдыларында өндіріс тақырыбы қамтылса, "Ашылмасын араның", "Елді жауға бере алман", "Отанды
қорғау салтымыз", «Өлтіре соқ, дұшпанды» толғаулары ел меп жерді дұшпаннан қорғап қалуға үндейді.Отан соғысы жылдары облыстық ақындар айтысын ұйымдастырушылардың бірі болды. Арқадағы еңбек ерлерін,өнер адамдарын, өндіріс орталықтарын дәріптейтін,көркемдігі келісті туындыларының бірі-"Сенде туып, сенде өтсем" дастаны. Мұнда Абай мен Ақанды, Шортанбай мен Шөжені, Қажымұқан мен Ба-луан-Шолақты тілге тиек етіп, қазіргі еңбек ерлері мен өнер саңлақтары солардың ұрпақ-тары деп мақтаныш сезіммен жырлайды. Доскейдің "Кенесары" дастаны 1916 жылғы патшаның маусым жарлығынан кейін ұлт-азаттық қозғалыстың тууына байланысты елді рухтандыру, жігерлендіру мақсатында туған. 570 жолдан тұратын бұл дастан, көне эпостық үлгіде шығарылған. Дастанның арқауы - тарихи шындық. Ол бізге Кенесары қозғалысынан біраз мәліметтер береді. Бұл туынды бірлікті, елдікті үндейді. Бұлардан басқа ақынның ертегінің негізінде шығарылған "Жетім ұл мен жебір уәзір" деген мысал тектес, "Қажымұқан", "Қара сиыр" дастандары бар. Доскейдің "Қос бармақ", "Жалтарма", "Қоңыр толғау" әндері ел ішіне кеңінен тараған.