Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






 

 

        АДАМБЕКОВ МЕЙІРХАН

Адамбеков Мейірхан Сәйдіұлы 1958 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының Томар ауылында дүниеге келген. Әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері (2000). Алматы эстрада-цирк өнер студиясын  (Ж.Елебеков класы бойынша педагог Ж.Кәрменовтен), 2003 жылы Қазақстан-Ресей университетін бітірген. Қ.Байжанов атындағы концерт бірлестігінің әншісі, Тәттімбет атындағы өнер колледжінде халық әндері бөлімінің меңгерушісі. Халық композиторлары Біржан мен Ақан серінің, Жаяу Мұса мен Мәдидің, Шашубайдың, Естай мен Ғазиздың және т.б әндерді ұлттық нақышпен орындайды. Ә.Қашаубаев атындағы республикалық конкурстың лауреаты (1980). Қазақстан өнер шеберлері қатарында Франция, Швеция, Австрия, Болгария, Голландия, Венгрия, Ресей сияқты елдерде өнер көрсетті.

 

АХМЕТОВ ҚАНАТ

Ахметов Қанат /1957/, көрнекті дирижер. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Мәскеудің П.Чайковский атындағы Мемлекеттік консерваториясын тромбон мамандығы бойынша  (1981), Құрманғазы атындағы консер ваториясын опера-симфония дирижері мамандығы бойынша (1994) бітірді. Халықаралық конкурстардың лауреаты (1990). Мемлекеттік кернейлі аспаптар оркестрін құрған,оның көркемдік жетекшісі және бас дирижері (1990).

  

 

 

 

 

ӘБІЛДИНА ҚАРАҚАТ

 Әбілдина Қарақат Түлкібайқызы Жаңаарқа ауданының Байғұл ауылында 1978 жылы дүниеге келген. Көп балалы отбасында өскен. Бала кезінен өнерге жақын болған. К.Бәйсейітова атындағы музыка мектебін үздік бітіріп, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға емтихансыз қабылданған. Оны да қызыл дипломмен аяқтап аспирантураға түскен. Аспирантураны да «өте жақсы» деген бағамен тәмәмдаған. Күләш Бәйсейітова атындағы музыка мектебінде бірнеше жыл ұстаз болған. Қарақат «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, «Алтын самұрық» ұлттық музыкалық байқаудың «Гран-при» иегері. Астана қаласындағы «Қарақат» мектеп-студиясының директоры.

 

 

ӘРКЕНОВ ДӘУРЕНБЕК

Әркенов Дәуренбек Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Кенен Әзірбаев атындағы, Әміре Қашаубаев атындағы республикалық ән байқауларының  «Шабыт» халықаралық фестивалінің жүлдегері, Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық екінші ән байқауының Гран-при иегері. Талай-талай ән жәрмеңкесінде орындаушылық шеберлігімен жұртшылыққа таңдай қаққызған өнер майталманы. Балқаш қаласының педколледжін тәмәмдаған. Одан кейін Балқаштағы «Сарыарқа» ұлттық-фольклорлық ансамблінде концертмейстр болып жұмыс істеп, артынша осы ұжымның көркемдік жетекшісі болған. 2006 жылы Дәуренбек Балқаш қаласынан Қарағандыға қоныс аударған. Облыс орталығына келген соң Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арқа сазы» фольклорлық  ансамбліне жұмысқа тұрады. Қазірде концерттік бірлестіктің «Әуен» ансамблінің құрамында еңбек етуде. Гастрольдік сапармен Германия, Франция, Түркия секілді елдерге барып қайтқан.

 

 

БАЙБОСЫНОВ КАЙРАТ

 Байбосынов Қайрат Әукенұлы 1950 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы Атасу кентінде дүниеге келген. Әнші (баритон). Қазақстанның халық артисі (1990). Алматы эстрада-цирк колледжін бітірген (1969). 1969-1988 жылдары «Гүлдер» ансамблінің әншісі әрі эстрада-цирк студиясының оқытушысы, 1997 жылы Республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры, 1988-1995 жылдары Алматы консерваториясының аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі (1998 жылдан профессор) болды. Ұмыт болған, сирек орындалатын әндерді қалпына келтіріп, халық арасына таратуда елеулі еңбек сіңірді. Концерттік сапармен АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Испания, Италия, Түркия, Қытай, Бирма, Сингапур, т.б. елдерде болып, ұлттық өнерімізді шет ел тыңдаушыларына танытты. Қазақстан комсомол сыйлығының лауреаты. (1980).

 

 

 

БАСПАҚОВА ЖӘМИЛА

Жәмила Төлегенқызы Баспақова 1966 жылы 15 қаңтарда Қарағанды облысының Теміртау қаласында туды. 1992 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын тәмамдады. 1994 жылы Өзбекстанның еңбек сіңірген артисі 1999 жылы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері 1992 жылдан бері Қазақтың мемлекеттік Абай атындағы академиялық опера және балет театрының әншісі. 1993-1995 жылдары Италияның Өнер академиясында ( Озимо қаласы) білім алды. Баспақова Жәмила - Қазақтың мемлекеттік Абай атындағы академиялық опера және балет театрының жетекші опера солисі.Тамаша колоратуралық сопрано дауыстың иесі Ж.Баспақованың бойында актерлық дарын мен музыкалық талант астасып, біте қайнасып кеткендей. Ұлттық опера өнерінің жарқын жұлдыздарының бірі болып саналатын Ж.Баспақова бір-біріне ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын образдар галереясын сомдады.Олар - Дж.Вердидің “Травиатасындағы”- Виолетта, “Риголеттосындағы”-Джильда, Дж.Россинидің “Севильдік шаштаразындағы”-Розина, Н.Римский-Корсаковтың “Патша қалыңдығындағы”- Марфа, Дж.Пуччинидің “Турандот” операсындағы- Лиу, И.Штраустың “Жарғанат” опереттасындағы- Розалинда, Е.Рахмадиевтің “Алпамыс” операсындағы – Гүлбаршын, Ж.Бизенің “Інжу іздеушілер” операсындағы Лейла, Дж.Пуччинидің “Богема” операсындағы – Мюзетта, Карл Орфтың Кармина Бурана кантатасындағы – сопрано партиясы ж.б. Ж.Баспақованың концерттік репертуарының ауқымы кең. Алматы қаласында өтетін республика көлеміндегі мәдени шаралардың концерттеріне жиі қатысады. Ж.Баспақованың Москва консерваториясының Үлкен залында, Санкт-Петербург қаласында, Астана қаласында өткен концерттердің орыс және Қазақстан композиторларының шығармаларынан тұратын толымды бағдарламасы көрермендер көңілінен шықты.

 

 

БЕДЕЛХАН АСЫЛ

Беделхан Асыл 1983 жылы Қарағанды облысы Сәтпаев қаласында дүниеге келген. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының  «Театр және эстрада» факультетін «Эстрадалық вокал» мамандығы бойынша бітірген. Дауыс  International тобының экс әншісі, кәсіпқой биші. «Бауыржан шоу» әзіл сықақ театрының жанынан құрылған «Орда» тобыныңқұрамында, кейінірек «Жадыра, жайна» ансамблінің құрамында болған. 2005 жылдан жеке әнші ретінде өнер көрсетіп келеді.

 

 

 

 

БОЛМАНОВ ҚЫДЫРӘЛІ

Қыдырәлі Болманов 1966 жылы мамырдың 19-ында Жезқазған қаласының Қарсақбай кентінде туған. 1986 жылы Жезқазған педагогикалық институтының көркемсурет-кескіндеме факультетіне оқуға түсіп, 1988 жылы республикалық «Жігер» конкурсының лауреаты атанды. Қазылар алқасының ұсынысымен Алматы Мемлекеттік театр-көркемсурет институты музыка факультетінің үшінші курсына қабылданды. 1990 жылы Данияда өткен «Борихольм-90» халықаралық конкурсының бірінші жүлдесін иеленсе, 1991 жылы «Азия дауысы» халықаралық конкурсының дипломанты атанды. Қыдырәлі Болманов Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтын үздік бітірген. Қазақ эстрадасы тарихында тұңғыш шыққан продюсер. Ең алғашқы жобасы өзі өнер көрсеткен  «АБК» тобы,  сонымен қатар «Бангор», «Ұлытау» этно-рок   тобы. 2005-2007 жылдары Алматы қаласының Мәдениет департаментінің директоры, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі болды.

 

 

ЖҮНІСОВА МАҚПАЛ

Жүнісова Мақпал Мұхамедиярқызы 1963 жылы Қарағанды облысы Егіндібұлақ ауданының, Қазақстанның 40 жылдығы атындағы ауылда туған. Әнші, Қазақстанның халық артисі (1994), Шымкент мәдениет институтын бітірген (1998). Өнер жолын «Гүлдер» ансамблінің құрамында  халық әндерін орындаушы ретінде бастап, одан кейін «Қазақконцерт» бірлестігінің жанынан «Назерке» ансамблін ұйымдастырды. Репертуарында қазақ халық әндерімен қатар, қазіргі қазақ композиторларының музыкалық шығармалары бар. Лирикалық әндерді нақышына келтіре орындаумен ерекшеленеді. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының (1999), «Жігер» фестивалінің, Қазақстан Комсомол сыйлығының (1989), сондай-ақ, халықаралық «Азия дауысы» байқауының лауреаты. «Тарлан» сыйлығының иегері (2004).

 

 

 

ТІЛЕУХАН БЕКБОЛАТ

Тілеухан Бекболат Қанайұлы 1966 жылы Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Әнші (тенор), Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі (1996). Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты (1992). Арқа өңірі әншілік дәстүрін жалғастырушылардың бірі. Жаңаарқа аудандық орта мектебінің түлегі (1983; алтын медаль). Қазақ политехникалық институтында оқыған (1983-1987), Қазақ мемлекеттік консерваториясының халық аспаптар факультетін бітірген (1993). 1993-1997 жылдары Қазақ мемлекеттік консерваториясының «Халық әні» кафедрасының  оқытушысы, аға оқытушысы, кафедра меңгерушісі. 1997 жылдан Президент оркестрі жанындағы Халық музыкасы ансамблінің көркемдік жетекшісі. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы болды. 2004 жылдан Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты. Қазақстан Республикасының Меммекеттік сыйлығының лауреаты (1998). Бекболат Тілеуханов қазақ әншілік өнеріне өзіндік бояу, айрықша айшығымен келген бірегей өнерпаз. Жәнібек Кәрменов және Қайрат Байбосыновтың шәкірті. Халықтық классикалық үлгідегі шығармалардың шебер орындаушысы әрі оның насихатшысы. Ол тарих қойнауының тереңінде  қалып, мүлде ұмыт болуға айналған халық әндерін ел ішінен тауып, зерттеп, жарыққа шығарумен айналысты («Ой қарағай», «Самалтау», «Күлшім қыз», «Угайай», «Шырмауық» т.б. әндер), сөйтіп әншілік өнері көш басының ғасырлар тереңіне бойлауына ат салысты. Доспамбет, Шалкиіз жырлары Бекболат орындауында ғажайып сөзбен көркемделіп, ұлттық бояуын тапты. Ұмытылуға айналған қобызбен жырлау дәстүрін қайта жандандырды, оған өз тұсынан тың айшық, жаңа нақыш қосты. Әнші-орындаушылықпен бірге композиторлықпен де шұғылданды. «Абай» көркем фильмінде (режиссер Әміреқұлов), «Жамбыл – азаматының ұлы жыршысы» деректі фильмінде (режисер Омаров), «Абылайдың ақырғы күндері» драмасында (режиссер Байсеркенов) Бекболаттың композиторлық қолтаңбасы айқын аңғарылды. Оның өнер зерттеу саласындағы ізденістері «Сазқұдірет» деректі фильміне (режисер Әлпиев) автор болуы кезінде жаңа қырынан көрінді.

 

 

КЕМАЛОВ ЖАҚСЫКЕЛДІ


Кемалов Жақсыкелді (1960). Әнші, Қазақстан жастар одағы сыйлығының  лауреаты (1992). Ресей – Қазақстан гуманитарлық университетін бітірген. Бірінші республикалық «Жігер» (Алматы, 1985), республикалық  «Жастар дауысы» (Алматы, 1987), фестивалінің лауреаты 1988 жылдан бері Қ.Байжанов атындағы коцерттік бірлестік әншісі. Үкілі Ыбырайдың «Қызыл асық», Біржан салдың «Айбозым», Ақан серінің «Жамал қыз» әндерін ешкімге ұқсамайтын өзіндік мәнерімен орындайды. Көптеген шет елдерде өнер көрсетті. Тәттімбет атындағы өнер колледжінің оқытушысы.

 

 

 

КЕРМЕНБАЕВ НҰРЖАН

Керменбаев Нұржан 1989 жылы Қарағанды облысы, Сәтпаев қаласында дүниеге келген. Ән айтуды кішкентай кезінен бастаған. № 19 мектепте 9- сыныпқа дейін  білім алған.Жезқазған музыкалық колледжін тәмәмдаған. (2009). 2006 жылғы «Super Star.Kz» мегажобасының жеңімпазы. 2009  жылы Юрмала қаласында өткен халықаралық «Жаңа толқын» байқауына қатысқан. Қазір «Арнау» дуэтінің әншісі.

 

 

 

 

 

КИМ РОМАН

Ким Роман Николаевич 1985 жылы Теміртау қаласында дүниеге келген. Әкесі Николай Романович-кәріс, анасы Гүлнәр Мәжкенқызы-қазақ. Роман қазақ тілін жақсы біледі. Репертуарындағы біраз өлеңдері қазақ тілінде. Теміртау қаласындағы № 24 орта мектепті бітіріп, Тәттімбет атындағы өнер колледжін аяқтаған. 4 жасынан музыкалық мектептің скрипка класына барған. 2001 жылы жас талант «Жас қанат» байқауынан екінші орын алған. 2003 жылы Super Star. Kz тележобасына қатысып екінші орын алған.

 

 

 

 

ХАМИТОВА ЖАНАР

Хамитова Жанар 1989 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында дүниеге келген. 5 жасында бірінші сыныпқа барған. Кішкентай кезінен спортпен шұғылданған, бес жыл домбыра үйірмесіне қатысқан. 8- сыныптан бастап, үлкен сахналарға шыға бастады. 2006 жылы «Super Star» мегажобасына қатысқан. Бұған дейін де «Жас сұңқар», «Замана бұлбұлдары» сияқты көптеген байқауларда бақ сынаған. «Super Starдан» кейін «Superstar shou» деген 8 адамнан тұратын топта, одан  кейін қыздардан тұратын «China Town»  құрамында болды. Кейін Нұржан Керменбаевпен бірге «Арнау» дуэтінің әншісі болды. 2009 жылы «Арнау» дуэтінің құрамынан бөлініп кетті.