Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






Қарағанды облысының театрлары

Адамдар өміріндегі театрдың алатын орны ауқымды да мазмұнды. Облыстың қалыптаса бастаған кезеңінен бері қаламен бірге пайда болған театр ұжымдары өздерінің көрермендерінің сенімінен шығуда.

 

С. Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры

С. Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры 1936 жылы құрамында жас кеншілер мен құрылысшылар болған жас жұмыскерлер театры негізінде құрылды.

Театрдың негізін ҚазССР-нің еңбек сіңірген әртістері З. Көшкінбаева, Ж. Шашкина, С. Телғараев, З. Жақыповтар қалады. Театр 1932 жылы Ж. Шаниннің «Зәуре» қойылымымен ашылды. Ондағы басты кейіпкердің рөлін Ж. Шашкина ойнады. 1934 жылы театр жаңа әртістермен толықты. Олар Қазақ СССР-нің халық әртісі Р. Қойшыбаева, А. Мұсабекова, М. Сүртібаев Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртістері А. Шаймерденов, М. Бектенов. Жас ұжым өздерінің театрдағы қызметтерін Н.В. Гогольдің «Женитьба» комедиясымен бастады. Театрдың репертуарында Б. Майлиннің «Майдан», «Талтаңбайдың тәртібі», С. Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар», Ж. Шаниннің «Арқалық батыр» сиякты және де басқа қойылымдары болды.

1936 жылы облыс орталығының Қарағанды қаласына көшірілуіне байланысты театр облыстық драма театры деп атала бастады. Театрдың шығармашылық ұжымына ҚазССР-нің еңбек сіңірген әртістері М. Әбдікәрімов Ж. Шаймерденова және театрдың алғашқы режиссеры ГИТИС-тің түлегі Н. Камаловтар қосылды. Театрдын белгілі әртістері М. Сүртібаев пен Ж. Шашкина 1936 жылғы Мәскеу қаласында өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне қатыскан.

Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ драма театрының әртістер жауынгерлердің алдында өз өнерлерін көрсетті. Театр репертуары мазмұнында патриотизм, халықтар достығы, Отанға деген махаббат идеясы бар қойылымдармен толықты. Олар: М. Әуезовтың «Қара қыпшақ Қобыланды», А. Островскийдің «Без вины виноватые» атты қойылымдары. 1944 жылы театрдың 8 артісіне «ҚазССР-нің еңбек сіңірген әртісі» атағы берілсе, 6 әртіс ҚазССР Жоғаргы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 1945 жылы соғыс аяқталғаннан кейін театр ұжымына И.В. Сталиннің атынан майданға қаражат жинағаны үшін алғыс телеграмма келді.

1964 жьшы театрға қазақтың белгілі жазушысы, қоғам қайраткер С. Сейфуллиннің есімі берілсе, 1982 жылы театрдың 50-жылдық мерейтойы қарсаңында театр Халықтар достығы орденімен марапатталды.

Бүгінгі күні С. Сейфуллин атындағы қазақ драма театры республикамыздағы алдыңғы қатарлы театрлардың бірі. Театр бірнеше театр фестивальдерінін жеңімпазы, соның ішінде 2000 жылы Каир (Египет) қаласында өткен Бүкіләлемдік театр фестиваліне қатысып жүлделі орынга ие болып қайтты. Театр сахнасында қазақ драматургтері мен қатар орыс және шетел авторларының шығармалары қойылады.

К. Станиславский атындағы облыстық орыс драма театры

1930 жылы Қазақстанның орталығында Түрксіб құрылысшыларына қызмет көрсететін «Живая газета» атты үгіт бригадасы құрылды. Үш вагонда орналасқан бұл үгіт бригадасы Семейден Ташкентке бағыт алды. Оның құрамындағы әртістер театралды баяндамалар, әзіл-сықақтар, частушкалар литмонтаждар орындады.

Театрдың алғашқы директоры Василий Михайлович Портнов болды. Ол басқарушы ғгана емес, сонымен қатар театрдың көркемдік жетекшісі және қойылымдардың авторы да болды. Ол басшылық еткен 18 жыл ішінде жылжымалы Түрксіб бригадасы кәсіпқой драма театрына айналды. 1948 жылы В.М. Портнов республикалық М.Ю. Лермонтов атындағы драма театрының директоры болып тағайындалды.

Театрдың халыққа қызмет көрсетудегі алғашқы жылдарында Шекспир және Э. Войнич сияқты белгілі жазушылар мен драматургтердің шығармаларын сахнаға дайындай бастады.

Ұлы Отан соғысы жылдарында қарағандылық әртістер концерттік бригадалар құрамында майдан жауынгерлері және тылдағы шахта және кеніш жұмыскерлері алдында өз өнерлерін көрсетті.

1954 жылы орыс драма театры қазақ драма театрынан бөлінді. 1962 жылы жемісті еңбектерінің арқасында Қарағанды драма театрына орыстың ұлы режиссері К.С. Станиславскийдің есімі берілді.

1981 жылы театр өзінің 50-жылдық мерейтойы қарсаңында халықтар Достығы орденімен марапатталды.

1961-1997 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының халық әртісі Виктор Кириллович Борисов театрдың директоры болды. Оның басшылығымен театр Қазақстандағы ең үздік шығармашылық ұжымдардың бірі болды. В.К. Борисов әртістердің, режиссерлер мен суретшілердің біліктілігін арттыруға және кәсіби шеберліктерін шыңдауға көп көңіл бөлді. 2003 жылы В.К. Борисов өмірінің соңына дейін тұрған Чкалов көшесіндегі үйге мемориалдық тақта орнатылды.

1997 жылдан 2006 жылға дейін театрға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Г.С. Оганесян басшылык етті.

С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған сазды-драма театры

Жезқазған театры 1972 жылы Аркалық қаласында ашылған. Торғай облыстық казақ сазды-драма театрының негізін Щепкин атындағы Мәскеу жоғары театр училищесінің 17 түлегі: Ж. Қажиев, Д. Жанботаев, Ш. Байғабьшова, Ш. Есенқұлова, М. Манапов, Т. Рақышева, Р. Қажиевалар қалады.

Щепкин атындағы театр училищесі - Мәскеу кіші театрына әртістер дайындайтын мектеп. Әртістер арасында оны көптеген талантты және атақты әртістерді тәрбиелеп шығарғаны үшін «Островскийдің үйі» деп атайды. Қазақстандық жас әртістерге Ресейдің еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері, профессор М.Н. Гладков және В.Н. Смирновтар дәріс оқып, өмірлеріне жолдама берді. 1988 жылы Торғай облысының территориясының өзгеруіне байланысты театр өте қиын кезеңді бастан өткізді. Бұл кезеңдерде сазды-драма театры тарап кету алдында тұрды. ҚазССР Министрлер Кеңесінің шешімімен театр Жезқазған қаласына көшірілді. 1995 жылы Жезқазған қаласында Абайдың 150-жылдық мерейтойына орай режиссер Ж. Қажиев «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым» атты қойылым қойып, Бас жүлдені жеңіп алды. 2001 жылы Петропавл қаласында өткен IX Республикалық фестивальде Қ. Әбдірахманованың «Кетбұғы» атты тарихи драмасы ең үздік қойылым деп танылды.

1981 жылы Торғай облыстық сазды-драма театрына сахна майталманы, белгілі мәдениет қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Серке Қожамқұловтың есімі берілді. Бұл театр ұжымының шығармашылық жұмысына берілген үлкен баға және Қазақстан театр өнерінің дамуына көрсетілген зор сенім.

Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры

Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры 1973 жылы 16 қарашада құрылған. Сол кездегі театрдың белгілі әртістері КСРО-ның халық әртісі И.Г. Войнаровский және КСРО-ның еңбек сіңірген әртісі Н. Симонова болды. Театрдың негізін қалаушы, көркемдік жетекшісі және алғашқы директоры - Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Е.Л. Пелещук болды.

Облыс әкімшілігінің қолдауымен облыстық мәдениет департаментінің және театрдың ұсынысы бойынша Қарағанды өнер колледжінің негізінде музыка театрының әртістерін дайындайтын және хореография бөлімдер ашылды. Болашақ әртістер сахна шеберлерінен дәріс алады.

2000 жылы театрға ең жоғарғы «Академиялық» деген атақ берілді.

2005 жылы театр 380 (оның ішінде 80-і гастрольдік) спектакльдер қойды.

Теміртау балалар мен жасөспірімдер театры

Теміртау балалар мен жасөспірімдер театры 1989 жылы 24 қарашада «Чемодан чепухи или быстро хорошо не бывает» атты Л. Петрушевскийдің пьесасы бойынша режиссер Ю. Сининнің қойылымымен ашылды. Театрда 17 актер жұмыс жасады. Ю.В. Синин театрдың алғашқы директоры болды. Ал театрдың бас суретшісі А.И. Осипенко болды.

Театр репертуарында негізінен балаларға арналған қойылымдар басым Бүгінгі таңда балаларға арналған 16 қойылым көрсетіледі. Олар: «Влюбленный зайчик», «Тысяча вторая ночь Шахерезады», «Пузырь, Соломинка и Лапоть». «Кошкин дом» тағы баасқа.

Буратино» қуыршақ театры

Балалар сарайының қуыршақ театры 1959 жылы құрылған.

1965 жылдан қазіргі атымен аталады, 1977 жылы театрға халық атағы берілді. Театрда 80 мыңнан артық қойылым қойылды, жыл сайын 20 мың көрермен қабылдайды. Әр жылдары - Андерсеннің «Ақша қар королевасы», И. Колаптын «Жалғанда Фердададан артық ешкім жоқ» т.б. спектакльдер қойылды. Театрдың көркемдік жетекшісі 1959-1979 жылдар аралығында Е.И. Савина, ал В.В. Маленко 1986 жылдан қызмет атқарады.

Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестік

1938 жылғы 6 наурызда құрылды. Кейін оған 1990 жылы қазақтың белгілі әншісі Қ. Байжановтың аты берілді. Алғашқы жылдары бұл ұжымда Қ. Байжанов, Ж. Елебеков, М. Хамзин, Н. Әбішев, З. Жұбатова, Р. Қойшыбаева дарынды өнер майталмандары жұмыс жасады.

Филармонияның алғашқы директоры Стародубенко болды. Филармонияның гүлденіп, беделінің өсуіне барлық күш-жігерін, шығармашылығы мен ұйымдастырушылық қабілетін жұмсаған филармонияның кейінгі директоры - П.И. Яповицкий. Ол филармонияға 30 жылдан астам уақыт басшылық етті. Оған табысты еңбегі ушін «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы берілді. Одан кейінгі жылдары ұжымға «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет кызметкері» Я.М. Симановский басшылық етті. Жас таланттарды тәрбиелеуге және облысымызда кәсіби-вокалдық өнердің дамуына Қарағанды филармониясының алғашқы көркемдік жетекшісі, Қазақ ССР-нін халық әртісі, Саратов консерваториясының түлегі Б.А. Орлов көп еңбек сіңірді. Қазіргі уақытта бірлестіктін директоры Қазақстанның еңбек сінірген мәдениет қайраткері З.К. Мейрамбеков.

1956 жылы классикалық музыканы насихаттайтын шекті квартет құрылды. Бұл квартетте В. Якимов, А. Каненов сияқты белгілі музыканттар өнер көрсетті.

Бұл концерттік бірлестіктегі 1995 жылы құрылған ең жас ұжым - «Әуен» ансамблі. Бұл ансамбльдің негізін қалаушылардың бірі - Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері М. Рымжанов болды. 1997 жылы ансанбль орындаушыларының бірі Е. Құжиманов Ш. Қалдаяқов атындағы II Халықаралық конкурстың лауреаты атағына ие болды.

Ал, 1999 жылы ол «Шабыт» Республикалық жастар шығармашылығы фестивалінде бас жүлдеге ие болып, Президент стипендиаты болды.

Сонымен қатар ансамбль құрамында Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты - Ж. Кемалов, Қ. Байсейітова атындағы Республикалық конкурстың лауреаты, «Вокалшы - 2000» номинациясы бойынша облыс әкімі сыйлығының иегері Т. Ыдырысовтар өнер көрсетеді.

1994 жылы И. Андрейченконың басшылығымен «Биг Бенд» джаз оркестры құрылды. Бұл оркестрдің бағдарламасында джаз және белгілі жеңіп сазды композициялар орындалады. Ресейде өткен Халықаралық джаз музыкасы фестивалінің лауреаты. Джаз оркестрінің репертуары жыл сайын қазақ композиторларының шығармаларымен толығып отыратын джаз музыкасына өте бай.

1993 жылы «Аққу» ансамблі құрылды. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Республикалық эстрада өнері студиясының түлегі Қ. Мұқатова.

Ал кейінгі жылдары «Шыңдауыл» соқпалы аспаптар ансамблі, «Жігер» домбырашылар ансамблі, «Шағала» қобызшылар ансамблі және шекті квартет құрылды.

Музей экспозициясында «Қуаныш», «Искорка», «Вольшебная страна», «Салтанат», «Вдохновение», «Арабески», «Антре», «Шашу» сияқты Қарағанды облысындағы балалардың би ұжымдары көрсетілген. Олар «Айналайын», Бозторғай», «Обзор» (Болгария), «Бодрум» (Турция) атты Халықаралық конкурстар мен фестивальдерге қатысып жүлделі орындарға ие болған.

Тәттімбет атындағы халық аспаптары оркестрі 1988 жылы кұрылды.

1990 жылы қазақтың ұлы күйшісі Тәттімбет Қазанғапұлының аты берілді.

Оркестрдің іргесін қалаған КСРО халық артисті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Шамғон Қажығалиев. Оның басшылығымен Республиканың музыка тәжірибесінде тұңғыш рет А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай», Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операларының концерттік варианты қазақ оркестрінің орындауында сахнаға шыкты. Сонымен қатар оркестр орыс және шетел композиторларының шығармаларында орындайды.

2000 жылы оркестрге «Академиялық» құрметті атағы берілді. Оркестрдің бас дирижеры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Д. Үкібай, директоры Ғ. Әжбағамбетов.

Т. Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясы

Жезқаған Мемлекеттік филармониясы 1974 жылы маусымда құрылған. 1990 жылы 15 қарашадағы № 444 қаулысымен филармонияға ақын Тайжан Қалмағамбетовтың есімі берілді. Филармонияның негізін қалаушы, тұңғыш директоры елімізге танымал режиссер С. Елеусізов болды. Филармонияның құрылып, дамуына вокалды-аспапты «Қаракөз», эстрадалық-фольклорлық «Ұлытау» ансамбльдері елеулі үлес қосты.

Бүгінгі таңда филармония құрамында бес шығармашылық ұжым жұмыс жасайды. Олар: «Жезкиік» (1975 ж. тұңғыш көркемдік жетекшісі - Ж.Сейілов), қазіргі көркемдік жетекшісі - Б. Кешенов. «Ән көңілдің ажары» тобы (1984 ж. к.ж. - Ғ. Мұхамедин), «Біздің жанұя» (1997 ж. к.ж. - А. Байбосынов), «Дәуір» жастар эстрадалық тобы (2003 ж. к.ж. А. Мұқышев) және бишілердің «Аэлита» (к.ж. - И. Боровик) тобы жұмыс жасайды.

Филармонияның шығармашылық ұжымдары Германия, Исландия. Франция, Иран, Венгрия және тағы да басқа мемлекеттерге гастрольдік сапарларға шығып, өз өнерлерін көрсетіп қайтты.