Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






Ұйғыр ұлттық-мәдени орталығы

АДАМДЫ ҚҰТҚАРУҒА ТӘУЕКЕЛ ЕТСЕҢ, ОЛ ҮШІН ЖАУАП БЕРУГЕ ТӘУЕКЕЛ ЕТ

(халық мақал-мәтелі)

Ұйғырлар, әуелгі атауы - ұйғырлар. Ұйғыр тілі түрік тілділердің ішінде оңтүстік-шығыс тобына жатады.

Ұйғырлар - кіндік Азияның байырғы халқы, олар Синцьзян-Ұйғыр автономиялық ауданының (ҚХР) негізгі тұрғындары болып табылады. Бұрын бұл аймақ Шығыс Түркістан атанған, оны 1759 жылы Қытайдың билеуші Цинн династиясы жаулап алған еді. Соның нәтижесінде ұйғыр халқы қытай-маньчур жаулаушыларына қарсы бірнеше рет көтеріліске шыққан. Ұйғыр, дұнған, қазақтардың ең ірі ұлттық-азаттық көтерілісі 1864-1867 жылдары болған. Осы қозғалыстың арқасында Шығыс Түркістан аймағында бірнеше мемлекет: Йэттишар, Іле сұлтанаты, Дұнған хандығы құрылды.

1881 жылғы Ресей мен Қытай арасындағы Петербург келісіміне сәйкес Іле өлкесі Қытайға беріліп, ұйғырлар тұрған аймақ Ресейдің қарамағына қарайды. Осы келісім-шартқа байланысты Іле өлкесінің тұрғындары Ресей жеріне көшуіне болатын еді. Ұйғырлардың бір бөлігі - 100 мыңға жуық адам Жетісуға орын тебуге тілек білдіреді. Осы жерде ұйғырлар Жаркент қаласын салып, бұрынғы Верный уезінде 90 елді мекен орнатқан. Ұйғырлардың негізгі бөлігі Іле елкесіне 1881-1883 жылдары көшіп келген.

Санаққа сәйкес Қазақстанда 210365 ұйғыр тұрады, оның ішінде 686 адам Қарағанды облысында. Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығы Қарағанды филиалы 2003 жылы қарашада ресми тіркелген.

Орталықтың филиалы ұйғыр халқының салт-дәстүрін, тілін, мәдениеті мен тарихын сақтап, дамытуды мақсат етеді. Ол өзінің жұмысын ұйымның жарғысына сәйкес жүргізеді.

Ұйғыр диаспорасы Қарағанды облысының Қазақстан халықтары Кіші ассамблеясы өткізетін барлық мәдени-бұқаралық шараларға қатысып отырады. Ұйымның Қарағанды филиалының белсенді мүшелері мыналар: Раямгүл Бекшина - облыстық қаржы басқармасының қызметкері, Тахир Усманов - нотариалдық кеңсенің бастығы, Мунира Садыкова, Рахымжан Музафаров, Раиса Жалилова -кәсіпкерлер.

Наурыз, масленица, сабантуй... ұйғыр ұлттық-мәдени орталығы филиалының қатысатын мерекелердің кейбірі осындай. Тіл саясатына ерекше көңіл аударылады. Филиалда ана тілін оқыту курсы жұмыс жасайды. Белгілі ұйғыр авторлары Ж. Басаков, Ш. Шаваев, А. Аширов, З. Самади, И. Масимов және басқалардың шығармалары кеңінен насихатталады.

Филиал мұқтаждарға моральдық және материалдық көмек береді. Басқа орталықтармен бірге Қазақстан халықтарының басқадай ұлттық мерекелеріне қатысып отырады. Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығы Қарағанды филиалы өзінің мақсаты - қазақстандық қоғамды біріктіруге ықпал жасау, ұлтаралық келісімді нығайту, түрлі ұлттар өкілдері арасында достық пен келісімді нығайтуға үлес қосу деп санайды.

Қарағанды ұйгыр ұлттық-мәдени орталығының өнерпаздары республикалык фестивалдың қатысушылары.

 

Этностың материалдық және рухани мәдениеті

Ұлттық кәсіптері.

Әсемдікке, эстетикалық кемелділікке ұмтылу тіруеіштерді, ағаш қақпалар мен есіктерді, терезелердің қақпақтарын сәндік элементтермен, қыш ыдыстарды мозаикалық әшекейлермен көркемдейтін ежелгі ұсталардың жұмысынан көрініс тапты.


Халық зергерлері құю, соғу, өрнек салу, оймалау, жапсырма және нәзік зерлеу сияқты әдістерді шебер меңгерген болды. Халық шығармашылығы олардың авторларының күнделікті үй тұрмысындағы заттардың эстетикалық, сәндік сапалары туралы ойлағандықтарын дәлелдейді. Ұлттық музыкалық аспаптар: дутар, Тамбур, най, сатар, годжак, равап, сурнай, карнай, бебельваз, бубен-дап және басқаларын дайындау өнері қайта жаңғырды.


Ұйғыр қолданбалы өнерінің ежелгі дамыған түрлеріне металды көркемдік өңдеу жатады, олар – ұсталық кәсіп, ыдыс-аяқ, зергерлік бұйымдар дайындау, ұйғырлардың металл бұйымдарының дәстүрлі жиынтығына әр түрлі мақсаттарға арналған ыдыстар: жуынуға, дәрілік тұнбаларға, шәйнектер, самаурындар, табақтар, жуынатын құралдар, тегештер, мантоваркалар енеді. Олардың арасында жай ғана пайдаланылатындары, сонымен қатар жоғары көркемдік үлгілері де кездеседі. Металды көркем өңдеуде зергерлік өнер ерекше орынға ие. Ұйғырларда барлық уақыттарда зергерлік бұйымдар кең қолданысқа ие болды, оларды еркектер де, әйелдер де тағатын болған. Ұйғырлар тоқылған және киіз кілем бұйымдарын өңдеуде үлкен өнерге қол жеткізді. Ұйғыр киіздері мен түйіндік жүн және жібек кілемдер Шығыс Түркістанның алыс шектерінде де танымал болып, кеңінен экспортталатын тауар болды. Әлемдік нарықта ұйғыр кілемдері парсы кілемдерімен бірдей бағаланды.

Ұйғыр қолданбалы өнерінің ежелгі түрлерінің бірі кесте тігу болып табылады. Ол көбіне үй өндірісі сипатында болады. Әрбір үйде әйелдер кесте тігу білді және өз отбасының қажеттіліктеріне қызмет етті. Қыздар өздеріне тойға жасау дайындады, оның көп бөлігін кестеленген бұйымдар құрады.

Қыш өндірісі – ұйғыр көркемдеу кәсібінің дәстүрлі түрі. Ағаш оюды сәнді безендіру түрі ретінде ұйғырлар дәстүрлі жиһаз, ыдыс-аяқ, балалар ойыншықтарын дайындау кезінде кеңінен қолданған. Былғары белбеулер ұйғырларда ерлер костюмының бұйымы болып табылған. Белбеулер өрнектеліп, оймаланып, нәзік оюмен өрнектелген, жартылай асыл тастар қондырылған фигуралы күміс жалпақ тіліктермен көркемделеді. Белбеулерді безендіруде полихромды қалқаланған эмаль, алтындау қолданылған.


Дәстүрлі киімдері.


Материалдық мәдениеттің жекелеген сәттерін, атап айтқанда дәстүрлі киімді сипаттай отырып, оның көбіне өз белгілерінен айрылғандығын айта кету керек. Бұрын Жетісу ұйғырларының ерлер костюмы жіңішке тік жағалы ұзын кең пішілген желбегей жейде (койнэк) мен балағы етіктің ішіне салынатын кең шалбардан (тамбал) тұрған. Жейденің сыртынан қысқа башмет киіп, оның сыртынан жіңішке тік жағалы және тар жеңді ұзын халат (чапан) киген. Халатты мақта матасының ұзын кесегінен жасалған белбеумен (бэлваг) байлаған. Қысқы сыр киім ретінде қой терісінен жасалған тон (жута) қызмет етті. Аяқтарына ұзын қонышты тар жұмсақ етіктер (мэсэ) киген, оларды үйге кірерде шешіп қоятын былғары галоштармен бірге киетін болған. Тақалы етік (отук) киген. Бас киім ретінде жазда – тақия (допа), қыста – қой елтірісімен қапталған шұға бөрік (топа), ал байларда – кәмшат, бұлғын, құндыз терісімен қапталған бөрік қызмет етті.

Әйелдер мақта матасынан тігілген, кішкене тік жағалы туника тәрізді пішілген ұзын кең жейде, сонымен қатар толарсаққа қарай тарланып келетін кең шароварлар киген. Тұрмыстағы әйелдердің жейдесіндегі қиығы мен ілгегі алдыңғы жағында кеудесінде, ал қыздардыкі – иықтарында болған. Тұрмыстағы әйелдер жейдесінің оң жақ кеудесі кестемен безендірілген. Жейденің сыртынан үйде және көшеде әдетте үнемі ұзын, тізеге дейін жететін, ілгексіз жеңсіз киім (кэмзэл) киген. Көшеге шыққанда тар жеңді (чапан), ал оның сыртынан екіншісін – анағұрлым ұзын және кең халат (перенджэ), немесе қысқа сырылған көкірекше киетін болған. Қытайлық үлгіде пішілген, өзіндік өрнектермен (мади-хан) безендірілген көкірекше (хтай-чэкойнек) де киген. Қыста олар да қой терісінен тон киетін болған. Аяқ киім ретінде көбіне галоштармен бірге жұмсақ етіктер қызмет еткен. Бас киімдері – тақия немесе орамал, қыста жалпақ жылы тері бөрік болған. Бай әйелдердің мерекелік бас киімдері сүйір төбесі ұсақ бүрмеленіп, түрлі-түсті тастармен безендірілген зерлі дөңгелек бөрік болды. Бөріктің үстінен ұзын кездемелі орамал киілген. Әйелдер беттерін жаппаған, бөтен адамды көрген уақытта беттерін орамалмен сәл ғана бүркеген.


Ұлттық тағамдары.

Ұйғыр аспаздық өнері халықтың материалдық мәдениетінің өзіндік ескерткіші болып табылады. Ол өзінің бойында Батыс пен Шығыстың, ежелгі мен қазіргінің өзара әсерін жинақтаған, сонымен қатар бұл ұлы шеберлік, фантазия, талғамның әсемдігі мен үйлесімділігі. Ұйғыр асханасы тағамдарының әр алуандығы мен әр түрлілігі соншалық оның бәрін қамту мүмкін емес.

Ұйғыр асханасының ең ұнамды және кеңінен таралған тағамдарының бірі «лагман» болып табылады. Бұл арнайы дайындалған құймамен бірге ұсынылатын, жуан кесілген шиыршықтардан созылған қамырдың жіңішке жіпшелерінен дайындалған ұзын кеспе. Ұйғыр асханасының әрбір тағамының өзінің белгісі бар. Бұл тағамды махаббат тағамы деп атайды. Ұйғырларда, жыл мезгіліне байланысты, «лагман» 4 түрге бөлінеді. Көктемде бұл тағам үшін құйма жасыл пияздан, джусай өскіндерінен, сельдерей мен шалғамнан дайындалады. Жазда – қиярдан, сарымсақтан, джусайдан, қысқа және ұзын үрме бұршақтан, қызанақтан, жасыл және қызыл бұрыштан, баклажаннан, басты пияздан дайындалады. Күзде – сәбізден, кольрабиден, шомырдан, шалқаннан жасалады. Қыста – кептірілген және тұздалған көкөністерден. Сонымен қатар «лагманның» кеспесінің қалыңдығына, ұнның түріне қатысты дайындау әдістерімен ерекшеленетін түрлері де бар.


"Манты" тағамдар белгісінде жігіттер тағамы деп аталады. Оларды бір біріне қойылған торкөздер – «каскан», немесе қамыстан тоқылған жайпақ ыдыстар «жимбил» жүйелерінен тұратын арнайы құрылғыларда буға пісіреді. Олар түшпаралар «чошуря» сияқты ішіне бірдеме салынып жайылған қамырдан дайындалады. Бұл тағамның әр түрлілігі дайындау әдісіне, қамырына және ішіне салынатын компоненттеріне байланысты. Мантыны тұзы жоқ, ашытылған қамырдан дайындалады, ішіне салынатын компоненттері де әр түрлі болады, бұл ет, пияз қосылған асқабақ, жусай, інжір, клевер, жасыл пияз, айва, көкөністер және т.б. болуы мүмкін.

"Чошуряны" жас жұбайларға некелері қиылғаннан кейін екінші күні, көп балалы және ауқатты болуға тілек белгісі ретінде дайындалады. "Чошуряны" бірінші тағам ретінде де, екінші тағам ретінде де ұсынуға болады. Ұйғырлар көбіне палау дайындайды. Негізінен бұл қонақтардың тағамы. Көпшілік үшін палауды тойға немесе еске алуға арнайы шақырылған «Аш-пяз» (аспаз) дайындайды. Палау дайындау үлкен шеберлікті қажет етеді. Палауды күріштен, еттен, сәбіз бен пияздан, көбіне сарымсақ немесе мейіз қосып пісіреді.

"Самса" — анағұрлым құрметті ежелгі ұйғыр тағамдарының бірі. Самсаның нағыз атауы – самсу. Бұл ішіне тартылған ет пен пияз, асқабақ, көкөністер мен жемістер салынған тағам. Самсаны тонда немесе тандырда (нан пісіруге арналған конус тәрізді пеш). Бұл майға пісірілген тандырлық самса. Самсаға қаиыр дайындау әдістері оның қайда пісірілетіндігіне байланысты. Мысалы, тандырлық самса үшін қамырды тұз қосып, қатты етіп, қазандағы самсаға – жұмсақ, әлсіз қылып дайындайды, қамыр сондай-ақ қатпарлы немесе ашытылған болуы мүмкін.

«Самсамен» қатар «поря», «гош нан», «олук нан» туралы айтпай кетуге болмайды. "Поря" арасына, көк шөп, жусай, клевер, көктеген бидай, әскөк, орамжапырақ, кинза салынған самса тәрізді тағам. Ішіне ұсақ туралған ет пен пияз салуға да болады. "Гош нан" — етті нан, қазанда пісірілген, арасына ет пен пияз салынған самса.

"Олук нан" — буға пісірілген нан, сәбіз, асқабақ, жусай, жасыл пияздан және т.б. дайындалған орама. Ұйғырлардың аспаздық өнері Орта Азияның барлық аумақтарында танымал болды. Ұйғыр асханалары көптеген қалалар мен ауылдарда бар.


Ұлттық әдет-ғұрыптары мен дәстүрлері.

Баланың тууына, жерлеуге, үйлену тойларына байланысты дәстүрлі әдет-ғұрыптар сақталады. Бұл дәстүрлер ұйғырлардың үйлену тойында анағұрлым айқын көрініс табады. Ұйғырларда қалыңдық үшін өтем – қалың мал берілмейді, күйеу жігіт тек үйлену тойы салтанатын өткізу бойынша барлық шығынды көтереді. Үйлену тойы музыкамен, билермен және дәстүрлі халық әндерімен қатар жүргізіледі. Кешке күйеу жігіт үйінің маңында қалыңдықты үйге кіргізбес бұрын жанып жатқан отты үш рет айналдырады.

Ұйғырлардың баланың тууына байланысты салттары да өзгеше. Қазіргі ұйғырлар баланың тууына, оны тәрбиелеуге байланысты барлық салттарды орындайды: тууы, ат қою, нәрестені салтанатты түрде бесікке салу – «бошук-той», қырқынан шығару – «кирик суйи», дәстүрлі сүдеттеу – «суннэт той» және т.б. Бірінші баласын әйел дәстүрге сәйкес өз ата-анасының үйінде туады. Босануға дейін 20-30 күн қалғанда жас босанушының анасы күйеу баласының үйіне барып босанушыны өзімен алып кетуге – «тилэп елиш» - рұқсат сұрайды. Анасымен бірге сыйлықтары бар туыстары мен жақындары да келеді. Босанғаннан кейін бала мен жас босанған әйелді күту бойынша барлық қам-қарекет анасының мойнына жүктеледі. Жаңа туған нәресте мен оның анасы қырық күн бойы зұлым күштердің әсеріне ерекше ұшырағыш болады деп саналады, сондықтан оларды қорғау керек. Жалпы аналық пен балалыққа қатысты барлық салттар бір мақсатты көздейді, не болса да баланың өмірін сақтап қалу. Босанушыға осы кезеңде кіру шектеулі болады. 12-ші күні нәрестеге ат қойылады, бұл үшін күйеуінің туған-туыстары мен молда шақырылады. Қырық күнге дейін анасының үйіне сыйлықтар мен дайындалған тағамдар алып әйелдер келеді, бұл олардың анасының қызын күтуіне көмегі болып саналады. Қырықыншы күні баланы жуындыру рәсімі – «кирик суйи» өткізіледі. Бұл үшін бір ыдысқа бір салым тұз, адыраспан, 1-2 кесек шақпақ қант, тиын салынады. Барлық қатысушылар екі ағаш қасықпен су құйылған ыдыстан суды бос ыдысқа құяды. Бұл рәсімге қатысушы әрбір әйел нәрестеге өз тілегін айтуы керек. Осы суда, оны біраз жылытып, баланы жуындырады, сосын алғаш рет шашы мен тырнағын алады.