Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






Грек ұлттық-мәдени орталығы

НАНЫҢ БАР БОЛСА - ЖАНЫҢДАҒЫМЕН БӨЛІС

(халық мақал-мәтелі)

 

Гректер, негізгі атауы - эллиндар. Грек тілі индоеуропалық тілдер тобының ерекше бөлігіне жатады.

Қазақстанда 20-шы жылдардың ортасында 157 грек болған. Олардың саны 40-шы жылдары депортацияға байланысты күрт өскен. 70-ші жылдары республикадағы бұл этностардың азаюы басталған. 1999 жылғы халық санағының мәліметі бойынша қазақстандық грек диаспорасының саны 12703 адам болған, Қарағанды облысында 2408 грек тұрады.

"Авги" грек мәдени орталығы (орысшаға аударғанда "Рассвет" деген сөз) 1996 жылы тіркелген. "Авги" орталығының негізгі мақсаты Қазақстандағы гректердің ұлттық мәдениетін жаңғыртып, ана тілін дамыту, олардың азаматтық, саяси, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен бостандықтарын қорғау мен іске асыруға көмек көрсету.

"Авги" ұлттық-мәдени орталығы Қазақстан мен Орта Азиядағы "Филия" грек қоғамы қауымдастығының құрамына енеді. Оның төрағасы техника ғылымдарының докторы, профессор Георгий Иванович Ксандопуло.

Мәдени орталықтың қасында жексенбілік мектеп жұмыс жасайды. Онда үлкендер мен балалар жаңа грек тілін үйреніп, өздерінің тарихи отанының рухани мәдениетімен танысады. Бұл мектепте тек қана этникалық гректер ғана емес, Элладаның рухани мәдениетін біліп, грекше сөйлеп, оқып, жазуға тырысатын басқа халықтардың өкілдері орыстар, қазақтар, немістер, украиндықтар да оқиды.

Тарихи отанының тілін қазақстандық гректерге жаңа грек және понтилік диалекетіні білетін Константин Текиниди оқытады. Ол грек республикасындағы Ставросе қаласында тәжірибеден еткен. Сонымен бірге сабақты Қазақстан мен Қырғызстандағы "Филия" грек қоғамы қауымдастығының жанындағы (Алматы қаласы) грек тілінің курсын бітірген, одан кейін Грецияда тәжірибеден өткен Юлия Евгеньевна Текиниди жүргізеді.

Облыста тұратын грек диаспорасының санын анықтау, көмекті қажет ететін зейнеткерлер мен мүгедектерді анықтауда ынталы топтың мүшелері: мәдени орталық төрағасының орынбасары - Владислав Валерьевич Кузьменков, Елизавета Лазаревна Попандопуло, Ольга Федоровна Стефаниди, Парфена Харлампиевна Куртидис, Галина Георгиевна Касапиди, сондай-ақ "Эллада"жастар фольклорлық - хореография ансамблінің жетекшісі, ҚарМТУ-дың 5 курс студенті Евгения Дмитриевна Тенкепиди маңызды жұмыс атқаруда.

"Авги" орталығы грек тілінде шығатын кітаптар мен басылымдарды насихаттап, таратады, сонымен қоса грек тілі мен мәдениетін оқып, үйренгісі келетін басқа ұлт өкілдеріне көмек көрсетеді. Бұдан басқа орталық тарихи отанына қонаққа барғысы келетіндерге виза алып беру үшін Греция сыртқы істер министрлігі демеушілік ететін Қара теңіз гректер қауымдастығы және Қазақстан мен Орта Азияның "Филмя" грек қоғамы қауымдастығымен бірлесе отырып, жұмыс жасайды. Жаз айларында Қарағанды мен Теміртаудан Грецияға демалуға 10-15 бала барады.

Жұмыстағы маңызды бағыт қазіргі және ежелгі грекияның салт-дәстүрлері, ұлттық асхана, мереке, өз халқының әні мен биін таныстыру болып табылады. 1998 жылы құрылған "Эллада" фольклорлық-хореографиялық жастар ансамблі ұлттық-мәдениет фестивалі мен мерекелік концерттерге үнемі қатысады. Барлық мәдени-ағарту шараларына, ұлттық-мәдени орталықтардың көркем-өнерпаздар байқауына жексенбілік мектептердің оқушылары белсенді түрде қатысады. Мысалы, Абай қаласындағы № 12 орта мектептің оқушысы А. Сидиропуло облыстың мәдениет департаментінің дипломы және жүлдесімен бірнеше мәрте марапатталды.

Орталық мүшелерінің саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін өткізуге қатысуы дәстүрге айналды. 1937-1953 жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргін, 1942-1949 жылдардағы депортацияның сұмдықтарын көрген, соғыс уақытындағы ауыртпашылықты бастан өткерген Қарағанды қаласының байырғы тұрғындары Ю. Семиониди, Г.В. Евстафиади, Е.К. Караяпиди, К.Д. Текинмди өздерінің естеліктерін қоғам мүшелеріне айтып, баспасөзге жариялап отырады. Олардың әңгімелерінде понтилік гректердің тарихындағы қайғылы оқиғалар, жер аударылған мыңдаған гректерге көмек қолын ұсынған қазақ халқының қонақжайлығы айтылады.

Грек мәдени орталығының жүмысы бірнеше рет облыстық мәдениет департаментінің, ішкі саясат департаменті мен облыс әкімі жанындағы Қазақстан халықтары кіші Ассамблеясы тарапынан дипломдармен, Құрмет грамоталармен марапатталды.

 

Этностың материалдық және рухани мәдениеті

ГРЕКТЕР, эллинес (өздерінше атауы). Қазақстандағы саны – 12703 адам (1999 ж.).

 

Үндіеуропалық тілдер семьясының жеке тобына жататын жаңа грек тілінде сөйлейді. Диалектілері, наречиелері мен говорлары бар.

Ежелгі грек тілінің лексикасы, латын тілімен қатар қазіргі ғылым мен ғылыми-техникалық терминологияның қалыптасуына негіз болды. Жаңа грек окйнесі оңтүстік диалектілердің негізінде құрылып, 18-19 ғғ. қалаларда кеңінен таралды. Койнеден басқа жаңа грек тілінде 4 диалект ерекшеленеді: понтийлік, каппадокийлік (понтийлікке жақын, бірақ түрік тілінің күшті әсеріне ұшыраған), цакондық, төменгі италийлік. Жаңа грек әдеби тілінің екі түрі бар: кафаревуса – «тазартылған», дәстүрлі аттикалық норманы жалғастырушы және димотики – «халықтық», Орталық Греция говорларының негізінде қалыптасқан. Жаңа грек тілінің лексикасы өз құрамында ежелгі грек тілінен келе жатқан, сонымен қатар роман, славян, түрік тілдерінен енген архаизмдердің жаңа қабаттары, және көптеген қатарларын біріктіреді. Ежелгі жазба ескерткіштері б.д.д. 14-12 ғғ. жатады, силлабикалық критомикендік жазбамен жазылған. Алфавиттік грек жазбасының алғашқы ескерткіштері б.д.д. 8-7 ғғ. жатады.

 

Әдеби жаңа грек тілінде сөйлейді.

Діни сенімдері – православиелік. Гректер үлкен европеоидтық нәсілдің үнді-жерорта теңізі нәсіліне жатады. Кейбір солтүстік топтар балқандық-кавказдық нәсілдерге жатады. Гректер этносының негізін ежелгі грек қоғамы құрайды, ол б.д.д. 2-ші мыңжылдықта Балқан түбегінің оңтүстігіне, Эгей теңізінің аралдарына және Кіші Азияның батыс жағалауларына байырғы халықпен сіңісіп кеткен ионийліктер, ахейліктер, эолийліктер мен дорийлер тайпаларының қоныс аударуынан кейін қалыптаса бастады.

«Гректер» этнонимі алғашқыда солтүстік Грекиядағы тайпалардың біріне қатысты болғанға ұқсайды және атап айтқанда, Беотия мен Эвбея аралындағы Грайя қалаларының атаулары бойынша танымал. Сосын ол римляндардың қолданысына еніп, барлық эллиндерге таратылған. Ежелгі гректер Еуропа мен Таяу Шығыс мәдениетінің дамуында үлкен роль атқарған жоғары антикалық өркениетті құрды.

Гректердің Қазақстанға алғаш рет келуі әр түрлі оқиғалармен күндерге байланысты: олар темекі өсіру бойынша мамандар ретінде шақырылған 20-жылдардан 30-жылдарға дейінгі кезең. Келесі кезеңдер олардың Солтүстік Кавказдан (1937, 1938, 1942 жж.), Қырымнан (1944 ж.), Грузия мен Абхазиядан (1949 ж.) күштеп қоныс аударылуларына жатады. Гректер Қазақстанның түгелдей дерлік аумақтарына қоныстандырылды. Гректер жаңа климаттық жағдайларға жылдам бейімделіп, өздерінің генетикалық жан-жақтылығы мен еңбекқорлығының арқасында өздерін қызметтің әр түрінде: ауыл шауашылығында, құрылыста, денсаулық сақтау, білім, ғылым жүйесінде және т.б. көрсете отырып, жергілікті халықпен тез тіл табысып кетті.

 

Гректердің мәдениеті, әдет-ғұрпы мен дәстүрі.

Гректердің мәдениеті, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерінің тамыры тереңде жатыр. Гректер ежелгі халықтардың арасындағы дара некелік қағидасын ұстанғандардың алғашқысы. Христиандықты қабылдап, діни сенімге сәйкес, азаматтық некеден басқа неке қию және шоқындыру рәсімдерін өткізеді. Понтийлік гректердің өздеріне тән мәдениеті, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлері бар. Дәстүрлі понтийлік гректер үйлерін биік іргетасқа немесе екі қабатты етіп салған, оның бірінші қабаты мал ұстау үшін пайдаланылған. Қазіргі уақытта үйлер кірпіштен және басқа да құрылыс материалдарынан салынады. Понтийлік гректер Түркиядан Кавказға қоныс аударылған кездің өзінде еуропалық үлгідегі фабрикалық киімдер киген. Ерлер «қалалық костюм» - пиджак, шалбар, картуз және фуражка киген. Әйелдердің костюмдері дәстүрді ұзағырақ сақтады. Грек әйелдері шальвар, белдемше және бас орамал киіп жүрген. Гректердің тұрмысында дәстүрлі понтийлік былғары аяқ киім – чаруши көп уақытқа дейін сақталды. Қазіргі уақытта гректердің киімдері заманауи сипатта болып табылады.

Күнтізбелік рәсімдер. Жаңа жылды 14 қаңтарда (ескі үлгі бойынша) атап өтеді. Жаңа жылда маска киген адамдардың шеруі өтеді. Маска кигендерден басқа жаңа жылдық түнде үйлерді жарапазан айтушылар аралайды, олар арнайы жаңажылдық жарапазан айтады, үй иелері оларға тәтті-дәмділер мен ақша береді. Рождествоны 7 қаңтарда атап өтеді (ескі үлгі бойынша). Рождествоның алдында қырық күндік ораза ұсталады. Рождестволық дастархандағы міндетті тағам кутья (колва) болып табылады. Рождестволық кеште балалар жарапазан айтып үйлерді аралайды. Шоқындыруды 19 қаңтарда (ескі үлгі бойынша) атап өтеді.

 

Ұлттық тағамдары.

Ұлттық тағамдарды гректер тек мерекелерде және ерекше салтанатты жағдайларда ғана дайындайды. Гректерге тән тағамдар әбден пісірілген тауық еті қосылған ұнтақталған бидай жармасынан дайындалған бидай ботқасы болып табылады. Жарманы тауықпен бірге, тауық еті тарамдалып кеткенше үнемі араластырып отырып пісіреді. Сонымен қатар қуырылған жұмыртқа және жүзім жапырақтарына немесе орамжапырақтың жапырақтарына оралған туралған ет пен күріштен голубцы дайындалады. Қазіргі понтийліктерге айналадағы грек емес халық пайдаланатын тағамдардың барлығы тән болып табылады.

 

«Авги» облыстық грек мәдени орталығы

Төраға: Апачиди Константин Николаевич

Мекенжайы: Қарағанды облысы, Қарағанды қ., Ерубаев к., 22

Телефон:87015285039

e-mail: Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.">Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.