Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






Татар-башқұрт ұлттық-мәдени орталығы

ДОСТЫҚ ПЕН АҒАЙЫНДЫҚ БАЙЛЫҚТАН ҚЫМБАТ

(халық мақал-мәтелі)

 

Татарлар түрік тілдес халықтар тобының (орта Жайық пен Еділ татарлары, Астрахань, Сібір, Қырым, Литва және т. б.) қалыптасуы мен дамуы әртүрлі тарихи жағдайларда болған. Татар тілі түрік тобындағы Алтай тілдеріне енеді.

Тарихтың деректері көрсеткеніндей, қазақ пен татар халықтары бір-бірімен 400 жылдан бері араласып келеді. Қазақстанда XIX ғасырда тұратын татарлардың саны едәуір өсіп, 79758 адамға жеткен. 1999 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанда 327982 татар тұрады, оның 45811-1 Қарағанды облысында.

Башқұрлар, әуелгі атауы - башқорт. Башқұрт тілі түрік тілдеріне жатады.

1926 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанда 812 башқұрт тұрған. Бүгінде Қазақстандағы башқұрт диаспорасының саны 23225 адам, олардың көбі Қостанай және Қарағанды облыстарында тұрады (Қарағандыда 5652 адам).

Ұлттық орталықтардың алғашқыларының бірі болып облыс аймағында татар-башқұрт ұлттық мәдени орталығы құрылды.

Облыстық татар-башқұрт мәдени орталығының құры-луы тарихы 1994 жылдың сәуір айынан басталып, осы қоғамдық ұйым тіркелгеннен кейін өз мәртебесіне ие болды. Мәдени орталық белсенділері бірінші күннен бастап Татарстан және Башқұртстанмен байланысты нығайтуға ерекше көңіл бөледі. 1995 жылы башқұрттардың Уфа қаласында өткен бірінші Дүние жүзілік құрылтайында үкімет деңгейінде "Татарстан білім министрлігі мен Қа-рағанды облыстық білім департаменті арасындағы білімге байланысты ынтымақтастық келісіміне" қол қойылды.

Татар-башқұрт орталығының көркем өнерпаздар ұжымы облыстың барлық ұлттық және басқадай мерекелеріне белсене қатысады. Белгілі ақын, Ұлы Отан соғысының қаһарманы Мұса Жәлелдің 90-жылдығына арналған әдеби сазды кеш табысты өтті.

Тұрғындардың арасында ертеден келе жатқан көп ғасырлық тарихы бар "Сабантой" ерекше аталып өтіледі. Осы бұқаралық серуеннің бағдарламасына ән, би, татар мен башқұрт халықтарының ойындары кеңінен енгізіледі. Олардың ұлттық мерекесіне барлық мәдени орталықтар мен қала тұрғындары қатысады. Білім беру саласындағы Татарстан білім министрлігі мен Қарағанды облыстық білім департаментінің ынтымақтастығы жөніндегі келісіміне сәйкес Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданының 4 мектебінде татар тілі ана тілі ретінде 1996 жылдан бері оқытылып келеді.Облыстық орталықтың қасында жексенбілік мектеп бар. Руфина Хафизовна Надырова жетекшілік ететін хореографиялық үйірме табысты жұмыс істеуде.

Көркемөнерпаз ұлттық ұжымдары, Абай қаласындағы "Яшлык" жастардың эстрадалық ансамблі, Қарағандыдағы "Муннар", "Суйумбике" ансамбльдері көрермендерден жақсы баға алуда. Қарағанды облысындағы татар-башқұрт диаспорасы қоғамдық өмірге, жыл сайын өткізілетін фестивальдар мен мерекелерге белсенді түрде қатысады.

Татар-башқұрт мәдени орталығының қызметі қазір шырқау шегінде. Бұған жеке ғимарат алу ықпал етті. Орталықтың жанында "Сарман" деп аталатын ұлттық асхана жұмыс істейді. Осы жерде "Аулақ үй" деп аталатын жастар орталығы жұмыс істеп, онда тақырыптық кештер, дискотекалар, кездесулер өткізіледі.

 

Этностың материалдық және рухани мәдениеті

ТАТАР

 

Татар тілі

Қазіргі татар тілі алтай тобы құрамындағы түркі тілдерінің куман тобының қыпшақ топшасына жатады. Еділ бойы татарларының тілі түрлі түрік компоненттері нығаюының нәтижесінде қалыптасты және ежелгі түркі тілінің мұрагері болып табылады. Сонымен бірге оған угрофиндік, славян, араб және парсы тілдерінің тигізген әсерін де мойындау керек. «Түркі» әдеби тілі негізінде 15 ғ. қазандықтар, астрахандықтар, приокск қыпшақтары (мишарлар), башқұрттар, сібір татарлар, қазақтар мен қырғыздар қарым-қатынас құралы болған ежелгі татарлардың әдеби тілі қалыптасты. 19 ғ. халықтық сөйлеу тілі мен ежелгі татар әдеби тілінің байлығын игерген қазіргі татар тілінің қалыптасуы жүрді.

Ислам дінін жаппай қабылдағаннан бастап араб графикасына өтіп, 20 ғ. ол латын, кейін кириллицаға ауыстырылды.

 

Діни сенімдері – ислам, сунит ағымы. Татарлардың аз бөлігі праволовиелік бағыттағы христиан дінін ұстанады. Қазіргі татарларды антропологтар моңғол нәсілінің аз белгілері (14%-ға дейін) бар жерорта теңізі нәсіліне жатқызады. Татар этнонимі Байкал көлінен оңтүстік-шығысқа қарай қоныстанған тайпалар арасында 6-9 ғғ. пайда болды. Бұл атау 13-14 ғғ. Алтын Орданың кейбір халықтарына таралды. 16-19 ғғ. Ресейдің шеткі аймақтарында өмір сүрген көптеген түркі тілді халықтарды татарлар деп атаған. Олардың кейбіреулері үшін татар атауы өзіндік атау (өзінше атауы) болып қалды.

 

Дәстүрлі кәсіптері— жер өңдеу және мал шаруашылығы. Ежелден қолөнердің алуан түрі: сүйектен ойып бұйымдар жасау, металлургиялық өндіріс, мыс өңдеу, құмыра жасау, зергерлік өнер дамыды. Асыл металдардан, оларға көгілдір ақық, сердолик, топаз және інжу-маржан сияқты қымбат тастарды т.б орнатып зергерлік әшекейлер жасаған. Бұлғар-татарлардың шеберлері чеканка мен оймалауды, құю және қарайту, сонымен қатар күрделілік жағынан түрлі таспаны пайдаланған. Көркемдік жағынан безендендірілген мерекелік теріден жасалған етіктер, сонымен қатар күнделікті киетін өкшесі жоқ жұмсақ етіктер халық арасында үлкен сұранысқа ие болды.

 

Татардың дәстүрлі киімдері.

Жағасында тігінен ойығы бар жейделер ерлердің күнделікті киім болып табылады. Жейделердің етегі ұзын, қарттар мен балалардың жейдесінің ұзындығы тізеге дейін жететін болған. Жейделер ашық түсті: ақшыл-қызғылт, сұрғылт маталардан тіккен. Ерлердің шалбарлары кең адым жасауға арнап жасалған. Шалбарлар қарт ер адамдар үшін ерекше кең түрде жасалады. Шалбардың жоғарғы бөлігі қысқа және тоқыма бау орнатылған. Жейденің сыртынан камзол киген, олардың астары бар және қара түсті материалдан тігіледі. Камзол белді толығымен қамтып, төмен жағы кең болып келеді. Түрлі бір түсті маталардан ерлердің ұзын сыртқы киімі жилэн (джилян) тігілген. Ол камзол немес казакиннің сыртынан киіледі. Қара түсті майда матадан тігілген джилян чикмэн (чикмень) деп аталады. Чикменді қалың матадан қайырма жаға салып тігеді. Джилян мен чикмень түркілердің кең тараған киім түрі – шапанның татарлық нұсқасы болып табылады. Мақтадан жасалған ұзын казакин –бишмэтті қысқы тонға көшер алдында киетін болған. Бишметті тігуге сонымен қатар аң терісін қой, түлік терілерін пайдаланған. Бұл киімдердің барлық түрлері белбеумен белденген. Белбеулер ұзындығы бес метрге дейін жететін түрлі түсті матадан тұрады, ұштары шашақпен безендендірілген.

Татар әйелдерінің кең тараған киім – етек жағы ұзын көйлек. Көйлек шашақтармен, шілтермен, кестелермен өрнектеліп тігіледі. Көйлектің сыртынан камзол киген. Әйелдердің камзолы ерлердікінен түрлі кестелермен ерекшеленеді. Әйелдердің камзолының жағасына, өңірлеріне, етегіне әдетте ұзын түрлі түсті мата, позументпен, аң терісі тігіледі. Әйелдердің камзолы жеңсіз болады. Әйелдер сонымен қатар тондар, бишметтер, джилян киеді, олар ерлердікінен сәнділігімен ерекшеленеді.

Ерлердің бас киімі тақия болып табылады. Тақиялар барқыттан, ши барқыт, парча, жібек және т.б. маталардан тігіліп, әшекейленеді, әсіресе балалардың тақиясы. Тақияның сыртынан киізден жасалған жазғы шляпа, аң терісінен салынған жұрыны бар құлақшын, мұнара түрінде жасалған қысқа бас киім және т.б бас киімдер киіледі. Әйелдердің күнделікті бас киімі орамала болған. Қажеттілігіне қарай ормаладың сыртынан шәлі жамылған. Бұрын татар әйелдері тастар деп аталатын байлам тәрізді түрлі кестемен, нақыштар салынған жамылғы орамалды бас киім ретінде әйелдердің ерекше бас киімі калфак болып табылады. Ол конус тәрізді жабық басына шашақ бекітілген ұзын тік шұлық түрінде болуы мүмкін. Байламның сыртынан түрлі бөріктер киген. Бөріктің төбесі кестелермен, шілтерлі металл элменттерімен безендендіріледі, бөріктің сыртынан шәлі жамылады. Кең таралған аяқ киім түрі табаны жұмсақ шұлық ұқсайтын ичиги (читек) болып табылады. Ерлердің ичигиі қонышы тізеге жетеді, түрлі түсті қайырмасы болады, оларды юфти немесе сафьяннан тігеді. Татарлардың дәстүрлі аяқ киім түріне туфли, етік, қысқа қоныш етік, сандал, пима және т.б атауға болады.

 

Татарлардың дәстүрлі тағамдары

Татарлардың дәстүрлі ас үйінде ұн, жарма, картоп үлкен орын алады. Жылқы және қой етін басым пайдаланған. Жазғы уақытта қақталған және тұздалған ет, сонымен бірге құс етін әсіресе қаз етін дайындаған. Сүт өнімдері қосылған тағамдар ерекше орын алады. Қызанақ пен пияздан, саңырауқұлақтан, қымыздықтан, қалақайдан, бақбақ жапырағынан, жолжелкеннен, картоптан, сәбізден жасалған салаттар және т.б. қолданылады. Еттен, балықтан суық жеңіл тамақтар дайындаған. Жеңіл тамақ ретінде қуырылып, суытылған, қамыр қосылған ет, үйде жылқының немесе сиырдың етінен жасалатын шұжық түрі қазы, қарта дайындайды. Қақталған, тұздалған, сонымен қатар кептірілген қазы еті татарлардың сүйікті тағамы болып табылады. Кейбір жеңіл тағамдарды ыстық күйінде ұсынады. Мысалы, қалжа – бұл жеңіл қуырылып, кейін пісірілген ет орамасы. Сорпалар (ет, балық және т.б.) кеңінен мәлім. Кең таралған тағам кеспе көже (аш) болып табылады. Ет сорпасынан клецк қосылған көже (сал-ма), куллама-аш (клецк қосылған пісірлген ет).

Тағы да бір кеңінен таралған тағам – ол бәліш болып табылады. Қышқыл қамырдан бүктеменің бір түрі самса дайындалады. Тұзы жоқ қамырдан жасалған жұқа екі наннан кыстыбый, ет қосылған қабатталған бәліш – катлама, түшпара жасаған. Қамырдан түрлі қалаш, шелпек, тоқаш, бауырсақ, құймақ, жұқа құймақ және т.б. пісіреді. Қаймақты буландыру арқылы дайындалатын піскен қаймақ деп аталатын бірегей тағам жасаған.

Шайдан басқа түрлі компоттар, қою жидек және сүт киселдерін, сонымен қатар әр түрлі жеміс-жидектерден тәтті сусын - шербет дайындаған. Ашытылған жармадан боза деп аталатын тәтті сусын дайындаған. Кеңінен таралған әлсіз алкогольды сусын ачы бал деп аталған.

 

Ұлттық мейрамдар.

Татарларда ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлі мерекелер аз емес. Көптеген мерекелер халықтың өмірінен ұмытылып кетіп, кейбіреулері басқа халықтардан алынып, ұлттық ерекшеліктермен байытылған. Көптеген мерекелердің өзіндік белгіленген мерзімі бар. Ең алғашқы көктем мерекесі Наурыз. Шөп шабу, егін жинаудың басталуы мен аяқталуы көңілді мерекеге айналып отырған. Шамамен қыркүйек айының соңында Сембелэ ("масақ, дән") мерекесі тойланған. Бұрынғы уақытта татарларда дәстүрлі мереке жиын деген болған. Бұл мерекеде достар мен туыстардың кездесуі болған. Қазіргі уақытта бұл мереке сабантой деп аталатын басқа мерекемен ұштасып кеткен. Сабан тойда түрлі спорттық жарыстар: кір көтеру, бағанаға өрмелеу, су тасу, аяқты байлап қаппен секіру және т.б. өткізілген. Татарлардың кейбір ғұрыптық мерекелері сақталып қалған. Оның ішіндегі «жаңбыр тілеу» жазда құрғақшылық болғанда өткізілген. Бұнда балалар жаңбыр тілеп ән айтып, бір-біріне су құйған.

Ғасырлар бойы татар халқы ауызша халық шығармашылығы нұсқаларын ертегілерді, дастандарды, жаңылтпаштарды, мақалдар мен жұмбақтарды және т.б. жетілдіріп, оны қастерлеп, үнемі байытып отырған. Дастандардың көпшілігі ежелгі түркі эпостарының әр түрлі нұсқаларына ұқсас болып келеді. Халық батырлары туралы ("Алпамша", "Кадыш Мэргэн" және т.б.), тарихи ("Чура батыр", "Идегей"), махаббат сезіміне арналған дастандар бар. Осылардың ішінде "Юсуф пен Зулейха" дастаны ерекше орын алады. Дастандардың кейбір үзінділері жеке тарихи әндерге ("Тұтқын Суюм-бикенің әні", "Қазан қайғысы" және т.б.) айналып келді.

 

БАШҚҰРТ

 

Дәстүрлі киімдері

Башқұрт халқының ұлттық киімі әр алуан және бай. Ер адамның костюмы - қайырма жағалы ұзын кең пішілген жейде, оның сыртынан тар жеңді көйлек пен балағы кең, қалын матадан тігілген шалбардан тұрған. Мерекелік жейде мен белдіктерді кесте өрнектермен әшекейлендірген. Көшеге шыққанда қоңыр матадан тігелген халат киетін. Салтанатты немесе рәсми жағыдайда жібек пен барқыт халаттарды, бешметтерді таққан. Қысқы сырт киім ретінде қой терісінен жасалған тондар, қысқа тондар, шұға халаттар мен чекмендер қызмет етті. Ерлердің дәстүрлі бас киімі қойдың және аң терілерінен, киіз бен сатып алынған маталардан тігілген. Кәмшат, бұлғын, құндыз және түлкінің терілерімен қапталған бөріктер өте бағалы болды. Пима мен ұзын шұға қонышты жұмсақ былғары етіктерді киетін.

Башқұрт әйелдерінің киімдері сәнді, әр түрлі болды. Әйелдер ішкі жейде мен кең шароварлар киетін. Тұрмыстағы әйелдер жейдесінің ішінен кеуде тартқыш байлаған. Жейденің сыртынан жеңсіз киім мен халат киген, оларды зер, қаптырма және тиындармен айналдыра тіккен. Ескі еляндар мен чекмендер түрлі түсті өрнектермен, шұға, зер, маржан тас, сердолик, тиын және асыл тастармен безендірілген.

Адамның бас киімі - оның жасын, отбасылық, мүлікті-әлеуметтік жағыдайын көрсеткен. Әйелдердің, әсіресе мерекелік бас киімдері жарқын, сәнді, маржан тасты, тиын және күміс қаптырмалармен әшекейленген. Жас қалындықтар – ұзын кездемелі орамалды (кушьяулык) кестелеп, ал иек тоқымалы бауды – тиын мен інжу тастармен безендіріп жамылған. Әсіресе солтүстік аудандарда мұсылманша байланған орамалмен қатар кішкентай бөріктер киген.

Әйелдердің киетін – ұзын қонышты етіктері, жұмсақ былғары туфли, шабата аяқкиімдері болған.

Зергерлік бұйымдары:  жүзіктер, сырғалар, білезіктер мен көркем алқалар – құю, соғу, өрнек салу, оймалау, жапсырма, нәзік зерлеу және металға сердолик пен жасыл тас ендіру сияқты әдістерде орындалған.

 

Халық ауыз шығармашылығы

Башқұрттың өз тарихының ерте кезенімен байланысты халық ауыз әдебиеті бай. Халық ауыз әдебиетінің тұындыларында ежелгі башқұрттардың табиғатқа , олардың өмірлік даналығы, психологиясы, қылықтары мен шығармашылық қиялдарына деген көзқарасы көрсетілген. Башқұрт халқының шығармашылық жанры әр алуан болып келеді: жырлар мен ертегілер, аңыз-әңгімелер, жұмбақтар, өлендер (салттық пен лирикалық), байттар мен мунажаттар және т.б.

Башқұрт эпосы, басқа халықтың шығармашылығы сияқты алғашқы қауымдық дәуірінің ыдыраған уақытында пайда болып, феодал кезенінде өркендеуін алады. ХХ ғ. басында башқұрттардың арасында: «Орал-батыр», «Акбузат», «Заятуляк пен Хыухылу», үй малы туралы аңыздар «Кара-юрга» («Қара жорға»), «Акхак-кола», «Конгур-буга» («Қоңыр бұқа») және т.б. ірі шығармалар таралған. Сол кезде башқұрттарда басқа түркі халқының фольклорындағы басты кейіпкерлер де кеңінен жайылған («Алпамыш пен Барсынхылу», «Кузыкурпяс пен Маянхылу» және т.б.). Башқұрттардың ұлттық өлен (йыр) жанрларының арасында - Узун-кюй маңызды орын алады. Бұл күйде башқұрт халқының ұлттық мінезі терең және де жан-жақты болып айтылған.

 

Үй шаруашылығы.

17–18 ғғ. дейін киіз үй - башқұрттың дәстүрлі үйі болды. Шаруашылығының бұйымдары алуан түрлі материалдардан жасалған. Башқұрттарда теріден иленген ыдыс көптеген көшпелі және жартылай көшпелі халықтардың ыдысы сияқты кеңінен тараған. Жиірек жылқының терісін пайдаланған. Қымызды сақтау үшін 12 шелек сиятын үлкен ыдыс hаба дайындаған. Қойдың, қозының және бұзаудың да терісінен торсық жасаған. Сонымен қатар ат әбзелдерін, сөмке, белдік пен аяқкиім тіккен.

ХІХ ғ. сонында алуан түрлі ағаштан – қайын, жөкен, бал қарағайдан жасалатын ыдыс басым болды. Қайынның тамыры мен шорынан тамаққа арналған тостақан, ожау, күрекше мен қасықтар ойылып жасаған. Ыдыстың түбін алып-салмалы қылып – ұн, бидай сақтайтын биік күбі, қымыз бен май әзірлейтін тар ыдысты қолданған. Кішірек ағаш бөшкелердің ішінде бузу, ашытылған сүтті сақтаған.

Ағаштың тамыры мен қабығынан жасалған бұйымдар мен өрілген әбзелдер де күнделікті тұрмыста аса кеңінен пайдаланылған.

Башкұрттар ас тағамдарын шойын қазандарда пісірген.

ХХ ғ. башқұрт отбасыларында сатып алынған метал, қыш және шыны ыдыстар, шәйнектер мен самауырлар жаңа қолдаңа бастаған.

Башқұрттың дәстүрлі сусыны – қымыз, оны жылқының сүтінен арнайы ыдыстарда былғап ашытқан. Орталық Азияны мекендеген көшпелі-малшыларда кеңінен тараған сусын. Ертеде қымызды ірі үй малдың иленген терісінен жасалған ыдыстарда ұстаған. Кейінен ағаш ыдыстарды да пайдалана бастаған, бірақ қымыздың нағыз бағалағыш адамдары әлі күнге дейін былғары ыдыстарда сақталған сусынды жоғары бағалайды. Ыдыста әдейі қалдырған қымыз немесе қатық ұйытқы ретінде қолданылған. Көбіктің мол болғаны – қымыздың дайын деген белгісі. Қымыз дайындау тәсілі осы күнге дейін өзгерген емес.

 

Ұлттық тағамдары

Көптеген зерттеушілер мен саяхатшылардың айтуы бойынша башқұрттарда негізінде ет және сүт өнімдері қосылған тағамдар ерекше орын алады.Сүттен сүзбе (эремсек), ірімшік (корот), май, қаймақ, шыжғырған май (hары май), құрғақ қоңыр сүзбе (эжегэй), ақ май, шие қосылған сары май (сейэ май), қатық (катык) және т.б. тағамдарды әзірлеген. Еттен бесбармақ (қойдың жас етінен), куллама (жылқы мен сиыр етінен), hурпа, hалма пісірген. Сақтауға арналған етті - қазы(казы), қақталған ет (кагит), қепкен ет (кипкэп ит) деген атаулармен белгілі. Башқұрттар ежелден мал шаруашылығымен айналысатын халық ретінде танымал. Бірақ ерте заманнан бастап башқұрт халқына тары, бидай, арпа сияқты дәнді дақылдары мәлім болған. Тары, ұнтақталған бидайдан Қарға ботқасы (Карга буткаhы) деген мерекесінде салттық тағам дайындаған, ал үйлену тойларында бидай ұнынан чак-чак құырған. Халық жырлары, ертегі мен аңыздарда курмас — құырылған бидай, тәтті тағамы туралы жиі айтылады. Бидай ұнынан иленген желпекті күлде пісіру ежелден келе жатқан әдіс деп саналады. Бұл тәсілмен алғашқы қауым адамдары пайдаланған. Көптеген түркі халықтарына белгілі көне тағамдарының бірі – талқан, оны құырылып, ұнтақталған бидай мен сары майға араластырып әзірлеген.

 

 «Ихлас» татар-башқұрт облыстық қоғамдық мәдени орталығы

Төраға:Керейбаев Анвар Бикмухаметович

Мекенжайы:Қарағанды облысы, Қарағанды қ., Шәкіров к., 11-1

Телефон: 87012452951

e-mail: Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.

 

«Татар» қауымдастығының «Идел» татар-башқұрт мәдени орталығы қоғамдық бірлестігі

Төраға: Сатретдинова Суфия Замировна

Мекенжайы:Қарағанды облысы, Қарағанды қ., Бұқар жырау д., 50А

Телефон: 87003954425

e-mail: Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.

Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.