Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






Орталық Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы

Мемлекет билігінің Кеңестердін қолына кешкені туралы хабар бүкіл Ресейдің ғана емес, дүние жүзін, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген оқиға болды. Бұл оқиға бүкіл елде, Ресейдің орталық аудандарында, оның шет аймақтарында Кеңес өкіметін қүру, нығайтумен ұштасты.


Төңкеріс бүкіл билікті жұмысшы, солдат, шаруа депутаттары Кеңесінің қолына беру арқылы халықтың әр түрлі топтары мен түрлі ұлттардың, халықтардың келешектегі тағдырына байланысты түрліше үмітте болуына жол ашты. Қазақ даласында Кеңес өкіметін орнату жолындағы күрес 1917 жылғы қазаннан 1918-жылғы наурызға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл үрдіс өлкедегі әлеуметтік-экономикалық дамудағы ерекшеліктерге байланысты және жергілікті жұмысшы табымен большевиктік ұйымдардың сан жағынан аз, әрі әлсіз болғандығынан, ұлтаралық қатынастардың күрделілігінен туған қиыншылықтар себебінен шиеленісе түсті. Кеңес өкіметінің өлкеде жеңіске жетуінде солдат депутаттары Кеңестеріне біріккен жергілікті гарнизондардың солдаттары, және ақпан революциясынан кейін Қазақстанға оралған, әрі барынша қолдаған көңіл күйдегі, өздеріне - бейбітшілік, ал шаруаларға - жер беруге уәде жасаған үкіметтің болуына жеке мүдделі бұрынғы майдангерлер шешуші роль атқарды.

Төнкерісті қолдайтын күштер басым болган жерлерде жергілікті Кеңестер большевиктер жағына бүтіндей шықты. Қызыл әскер жасақтары бар аудандарда өкімет билігі жұмысшылар мен шаруалардың қолына большевиктердің Кеңесте көпшілік орынға ие болуы арқылы жүзеге асты. Семей, Өскемен өлкелерінде қазақ-орыс және офицер-старшина билеуші топтардың ықпалы басым болғандықтан, Кеңес өкіметі үшін күрес біраз қиындыққа кездесті. Семейде өкімет билігі жергілікті Кеңестің қолына 1918 жылы ақпанның 15-інен 16-сына қараған түнде көшті.

Тарихтың көнекөз шежіресіне айналған Қарқаралы өткен ғасырдың 20 жылдары революциялық оқиғаларға толы болды. Езілген қазақ халқын қорғап үн көтеріп, бостандықтың туын ұстап, отаршылдық саясатты тоқтату туралы мәселелер қоя бастаған талай ержүрек ұлдар осы Қарқаралы топырағында өмірге келді. Солардың ішінде 1912 жылы көктемде Ленада болған қанды қырғынға қатысқан революционер Угар (Мұқатай) Жәнібеков, Қарқаралы Совдепінің мүшелері Н. Нұрмақов, Г. Базилевич, А. Медеубаев, уездік партия комитеті мен комсомол комитеттерінің тұңғыш хатшылары М. Малашкин мен Ғ. Мусин, ағалы - інілі чекистер Спатаевтар, мұғалім Н. Иванова және басқалар.


Өлкедегі Кеңес өкіметінің орнауы белсенді қарқаралылықтардың тікелей араласуымен болды. Бұқара халықтың басы-қасында Герасим Базилевич, Андрей Спирин, Валентин Денисов, Иван Стрюков, Николай Блощицын сияқты майдангер большевиктер мен жергілікті революцияшыл интеллигенция өкілдері - уездік орыс-қазақ мектебінің оқытушылары Н. Нұрмақов, А. Аяғанов, А. Шыңғысов т.б. болды. Большевиктер жасырын түрде қала билігін алу жоспарын жасап, уездегі солдаттардың арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, олардан қолдау тапты. Николай Блощицыннің әкесі - Антон Григорьевичтің үйінде 1918 жылы 10 ақпанда болашақ төңкерістің соңғы жоспарлары бекітілді. Ал, 14 ақпанда Қарқаралы қазақтары атынан болашақ Кеңес үкіметінің жергілікті билігіне делегаттар сайпанды. Оған, А.Г. Казанцев пен Н.М. Бабин, үміткерлер болып И.В. Деев пен Н.А.Блошицын кірді. 1918 ж. 8 наурызда уезде Кеңес өкіметі орнауы нәтежесінде Қарқаралы совдепі, уездің мемлекеттік өкіметінің сайланбалы органы құрылды. Бұл туралы сол кезде Семей қаласында шығып тұрған жұмысшы, солдат және шаруалар Кеңесінің хабаршысы «Известия» газетінің №17 санында «Қарқаралы жұмысшы, солдат және шаруалар Кеңесі аймақта Кеңес өкіметін танитындығын және уезде оның орнайтындығын» - хабарлаған жеделхат түскенін жазған.

Атқару комитетіне солдаттардаң шаруалардаң қазақ тұрғындарынан және станица қазақтарынаң әр қайсысынан 2 өкілден сайланды. Қарқаралы совдепінін жұмысына Г.Н. Базилевич, В.И. Денисов, И.Я. Стрюков, Н. Нұрмаков, А. Шынғысов т.б. ат салысты. Совдептің негізгі қызметі контрреволюцияға қарсы күрес жүргізуге, жергілікті жерлерде жаңа өкімет аппаратын құруға, уездің шаруашылық және мәдени өмірін жолға қоюға, кулактар мен байлардың мүлкін тәркілеуге, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге, азық-түлікті есепке алып бөлуге бағытталды. Совдеп 1918 жылы 3 сәуірде ескі сот органдарын таратып, Қарқаралы уезінің революция трибуналын сайлады, 22 сәуірде жұмысшы депутаттарының Спасск Кеңесінің жанынан да революциялық трибунал ұйымдастырылды. Олардың қызметі: жас Кеңес өкіметінің мүдделерін, еңбекшілердің құқықтарын, Қазан төңкерісінің жеңістерін төңкеріс дұшпандарының қаскүнемдігінен қорғауға бағыттады. Қарқаралы совдепі мұғалім даярлайтын курстар, сауатсыздықты жою жөніндегі пункттер ашты.

Сол күндері Кеңес өкіметін құлату үшін ел ішіндегі ақ гвардияшылармен бірігіп алған империалистік мемлекеттердің белсенділік көрсетуіне орай, 1918 жылдың жазында азамат соғысы кең көлемде жайылып кетті. Олардың ең басты пәрменді күші Чехословак корпусы болды, ол революцияға дейін Австро-Венгрияның тұтқын солдаттары, чехтар мен словактар қатарынан құрылған еді. Осы корпустың бөлімдері революцияға қарсы ішкі күштермен қоян-қолтық бірлесіп, Ақмола, Петропавл, Қостанай қалаларын басып алды. Кеңес үкіметіне қарсы күштер Самарада эсер-ақгвардияшыл үкіметін - «Комуч» - (құрылтай жиналысының комитетін) кұрды. Омбыда адмирал Колчак басқарған Сібірдің ақгвардияшыл уақытша үкіметі орнады.

Осындай азамат соғысы барысында 1918-жылдын 11 маусымында Семейдегі кенес өкіметі кұлатылды. Ол жерде қатан әскери тәртіп орнатылып, билік тікелей облыстық әскери комиссарларға көшті. Оның жарлығымен уездік әскери комиссарлар тағайындалды.

Азамат соғысы жағдайында жұмыс істеп жатқан Қарқаралы совдепі 1918 жылдың басында контрреволюциялық бүліктердің нәтижесінде тұтқынға алынып, көп ұзамай оның мүшелері Семей түрмесіне жөнелтілді. Қарқаралы уездік әскери комиссариаты уездік милиция бөлімдеріне жергілікті жерлерде билікті қолға алып, мемлекетке салық жинауға кірісуге бұйрықтар жіберіп жатты. Большевиктер құрған Түркістан майданына (1919 ж. 11 тамызда Шығыс майданының құрамынан бөлінген, қолбасшысы М.В. Фрунзе) Колчактың аса ірі күші - генерал Беловтың Оңтүстік армиясы қарсы тұрды. Қазақстанның колчакшылар басып алған солтүстік және орталық аудандарында халық қанға бөктерілді.

Кеңес өкіметі ішкі және тысқы жаулардан қорғану үшін Кеңес республикасының қарулы күштерін кұру мәселесіне көніл бөлді. 1918 жылы 15 қаңтардағы жұмысшы, шаруа қызыл әскерін құру жөніндегі үкіметтің нұсқауына сәйкес, елде әскери бөлімдер құрыла бастады. Олар алғашында еріктілерден құрылды. Қазақстанда облыстық, уездік Кеңестер жанынан әскери комиссариаттар, әскери бөлімдер, қызыл әскер штабтары құрылып, жауынгерлерді әскер ісіне үйретумен шұғылданды.

Бірақ еріктілік негізінде кұрылған бөлімдерде тәртіп, бір-бірімен байланыс нашар еді. Олардағы жағдай түзеуді қажет етті. Шетел басқыншылығы, ішкі-тысқы жаулармен күрес кезінде әскер бөлімдерін құруда еріктіліктен бас тартып, әскери міндеттілікті енгізу, әскер бөлімдерін темірдей тәртібі бар, соғыс өнеріне жақсы үйретілген күшке айналдыру керек болды. Солай істелді де, 1918 жылы 29 мамырда әскер құрамында ұлттық әскер құрамалары, оның ішінде қазақ жастарынан құрылған бөлімдер құрылды.


1919 жылы жақсы қарулаыған және дайындықтан өткен Қызыл Армия Қазақстанның барлық майданында үлкен жеңістерге жете бастады. Кеңес республикасын Түркістанмен біріктіру үшін Түркістан майданының әскерлері тамыз айында жаппай шабуылға көтерілді. Астыртын жұмыстағы большевиктік ұйымдар мен партизан отрядтары Қызыл Армияның ұрысқа шыққан бөлімдерімен тығыз байланыста болды. Колчакшылар Қарқаралы совдепінің мүшелерін жазаға тартуды ойластырған 1919 жылы 1 желтоқсанға қараған түнде Семейде большевиктердің бастауымен қарулы көтеріліс болып, жеңіске жетті. Жаңа құрылған әскери-революциялық комитет қалада және өңірде Кеңес өкіметін қалпына келтіруге ұмтылды. Ескі шекарасы басқа губернияларға қарағанда кең ауқымды жерді алып жатқан, бір миллионнан астам халқы бар Семей облысында 1919 жылы 16 желтоқсанда уақытша облыстық революциялық комитет өз жұмысын бастады. Оның құрамында Скиба, Большаков, А. Бобра, В.А. Курамжина сияқты белгілі адамдар кірді. Қарқаралы өңірінде де сол күндері колчакшылардың жүгенсіздігіне қарсылық күшейді. Осы жылдың 12 желтоксанында Қарқаралыны Қызыл Армия бөлімдері азат етті. 1920 жылы 8 кантарда уездік революциялық комитет құрылып. А. Радченконың төрағалық етуімен Қарқаралы уезі делегаттарының съезі өткізілді. Осы жылғы 20 наурызда РКП(б)-нің Семей губерниялық бюросы Қарқаралы уездік бюросының құрамын бекітті.

Жалпы, Кеңес өкіметі жеңгеннен кейін Қазақстанда да ескі мекемелер, оның ішінде Уақытша үкіметтің комиссарлары, отарлау-шенеуніктік, әкімшілік, қоныстандыру басқармасы, бұрынғы сог жүйесі жойылып, өкімет билігі жұмысшы, солдат депутаттары Кеңестері арқылы жұмысшы, шаруалардың қолына өте бастады. Мұндай өзгерістердің іске асуында Қазақстан қалаларында құрылған төңкерістік комитеттердің ролі зор болды. Олар қызыл ұландар бөлімдерін, жұмысшы жасақтарын құрды, кедейлерге арқа сүйеп, қанаушы таптардың қарсылығына тойтарыс берді, өкімет билігінің Кеңестердің қолына өткендігін жариялап, олардың нығаюы үшін ат салысты. Кеңестер билікті ойдағыдай жүргізу қабілетіне ие болған жерлерде төңкеріс комитеттері өз міндетін Кеңестерге өткізіп отырды. Уездік төңкерістік комитет жанында еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық, білім беру, әскери, жер, заң, пошта, телеграф, азық-түлік, жұмысшы-шаруа инспекциясы және халық шаруашылығы бөлімдері ашылды. Кейінірек бұл бөлімдердің саны өсті.

1918-1920 жылдарда шетел басқыншылары мен елдің ішіндегі төнкерісті жақтайтын күштердің қарсылығы жеңілгеннен кейін, Қарқаралы өнірінде де экономиканы калпына келтіру, мемлекеттік құрылысты нығайту жұмыстары жүргізілді. Онын көкейкесті мәселелері қазақ жұртшылығының съездерінде талқыланды. Сол 1920-жылы алғашқы ауыл шаруашылық артельдері, коммуналар, совхоздар пайда болды. Қаланын жастарынан алғашкы комсомол ұйымы құрылды. Оны ұйымдастырып, іргесін қалаған осы қаланың үстін басып, Семейге қарай аттанған Разин атындағы қызыл әскер полкінің жауынгерлері еді.

Қазан төңкерісінің жеңісі құлатылған бұрынғы қанаушы тап өкілдері мен билеушілердің үнемі қарсылығын тудырып отырды. Қазақстанның орталық аудандарында 1921 жылдың қыс айларында Есіл-Петропавл эсер-кулак бандаларының қалдықтары, ішкі жаудың ордалы бір ұясы - Белов бастаған бандалар өздерінің қанды шеңгелдерін айнала жұртқа қатты батыра бастады. Қызылжар, Көкшетау, Ақмола төңірегіндегі халықты аяусыз соққыға ұшыратқан қалың жау, жолдағы елді қырып-жоя отырып, Қытайға қарай жөңкілді. Оның ішінде, әсіресе өзінің қатыгездігімен, озбырлығымен көзге түскен Токаревтің бандасы болды. Осы топ жол-жөнекей, сәуірдің бас кезінде Қарқаралы жолына түсті. Жолшыбай банда «Цвет жизни» коммунасы шаруашылығының ойран - топырын шығарып, Миньковка селосында үш адамды, Санников (қазіргі Бұқар жырау) селосында он үш адамды, Пролетар селосында коммунист А.В. Пискуновты айуандықпен азаптап өлтіріп, сәуірдің 6-сында құрамындағы 2500 адамы, 700 арбасымен кешке қарай Қарқаралыға жасырын кірді.

Уезд, қала басшылары қамсыз, дайындықсыз отырды. Ал, тау қолтығында орналасқан бейбіт қаланың алаңсыз тұрғындары шоқы-шоқының арасымен бұқпантайлап кірген жауды сезбей де қалды. Дәл осы кезде Халық үйінде партия, кеңес, комсомол активінің мәжілісі өтіп жатқан. Қарқаралы уезінің түкпір-түкпірінен келіп, бас қосқан халық өкілдері, коммунистер мен комсомол жастар, партияда жоқ большевиктер халық, ел қамын кеңінен сөз етуде болатын... Осылайша отырып, олар қалың жаудың қоршауында қалды.


Уездік партия комитетінің хатшылары Иван Малашкин мен Әбжан Медеубаев, атқару комитетінің төрағасы Иван Ляпин, ВЧК бөлімінің бастығы Альфред Чигович, оқу бөлімінің меңгерушісі Михаил Хрусталев, соғыс комиссары Герасим Базилевичтер соңғы демі біткенше жаумен айқасқаны, соңғы оқтарына дейін атысқаны белгілі.

Жау қоршап алған үйден бірлі-жарым адамдар далаға жарып шықты да. Бірақ оларды көшеде жау оғы мен жалаңаш қылыштар күтіп тұрды. Тіпті, бұл кезде беделді деген адамдардың үйлеріне бақылау қойылып та үлгерген еді. Уездік партия комитетінің қызметкері Кәрім Қуанышбаевты, әскери гарнизон бастығы И. Столяровты, әскери комиссар Г. Базилевичті әйелімен, уездік атқару комитетінің төрағасы И. Ляпинді және басқаларын жау азаптап, айуандықпен өлтірді.

Мұғалім, әрі болыстық комсомол ұйымының хатшысы Нина Иванованың көрген азабы бәрінін де асып түсті десе болғандай. Қанышер жендеттер оны сәуірдегі қара суықта көйлекшең, жалаңаяқ көше-көшемен алып жүріп, соққыға жықты. Н. Ивановадан ақ банданың басшысы Токаревтің өзі тікелей жауап алды, оны «райыңнан, алған бетіңнен қайт» деп азғырды. Дегендеріне жете алмаған банда жас қыздың кеудесіне, маңдайына жұлдызшалардың суретін пышақпен ойып салды, саусақтарын, білектерін тілгілеп, кескілеп, тырнақтарының арасына ине жүгіртті. Азаптың басқа да бірнеше түрін көрген Нина Иванованың денесі бандалар қаланы тастап шыққан соң барып, қала шетіндегі көпір астынан табылды.

Қоршаудан құтылған азшылықтың ішінде Ғарып Мусин де болды. Бойынан тастамайтын маузерінің көмегімен соңына түскен үш бандитті атып өлтіріп, қоршаудан сытылып шықты. Құтылған бетте-ақ, уездік партия комитеті мен атқару комитетінің үйіне жетті. Комсомол комитеті де осында болатын. Келісімен партиялық-комсомолдык документтерді, ұйымдардың, олардағы коммунистер мен комсомолдардың тізімдерін жасырды, отқа өртеді. Жаулар Ғарыптың ізіне түсті, ақыры ол қоршауда қалды. Енді құтылмасын сезген ол маузеріне ерік берді. Тағыда екі жендетті атып үлгерді. Өзімен бірге алған ұйымдар тізімін, олардағы мүшелердің, ұйым хатшыларының аты-жөні жазылған қағазды шайнап жұтты. Ортаға алып атын да, Ғарыптің өзін де табан астында қылыштап өлтірген баскесерлер аузындағы қағаздарын тартып алуға әрекет етті. Бірақ, Ғарыптан қағазды ала алмады. Банда 12 сәуірге дейін айуандықпен ойран салды. Қызыл Армияның отрядтары келуден 2 күн бүрын олар қаланы тастап кетті.

Банданы ізінше сонынан қуғындауды Степан Разин атындагы 435-ші кавалериялық полкінің жауынгерлеріне жүктелді. Командирі К.К. Галето және комисары А.И. Зубов. Сонымен бірге оған А. Крокстың басшылығымен Ақмоланың коммунистік отряды мен павлодарлық еріктілер тобы (550 мылтықты жауынгер, 70 қылышты жауынгер) қатысты. 1921 жылдың 23 сәуірінде Қарқаралының оңтүстік-шығысында 180 километр жерде ұрыс болды, бүлікшілер жеңіліп Қытайға қашты. 1921 жылы күзде Қытай өкіметінен келісім алған Қызыл Армияның 13-кавалериялық дивизиясы Қытай шекарасынан өтіп, Токарев бандасын толық талқандады, біраз адамдарын тұтқынға алды. 1922 жылдың мамыр айында Красноярскіде банданың басшылары сотталып, революциялық әскери трибуналының үкімі бойынша оларға ату жазасы берілді. Қалай болған күнде де қарқаралылық құрбандар кегі осылай қайтарылды.


Қарқаралы қаласының азалы халқы азат етушілерді қуана да, күрсіне қарсы алды. Жазықсыз мерт болғандардың жалпы саны 78 адам болды. Құрбан болғандарды Халық үйіне жақын жердегі алаңға әкеліп, қаралы жерлеу жиыны ұйымдастырылды. Алаң күңіренген күйге толып, жан тебірентерлік қаралы марш ойналды. Жетпістен аса адамның табыты ұзынша етіп қазылған үш қабірге қатар-қатар қойылды. Халықтың сол ардагер перзенттерінің ішінде революцияны өз қолымен бірге әзірлесіп, адамгершілік қасиеттердің ең асылдарын бойға жиған жас батырлар да бар еді. Содан бері 83 жылға жетер уақыт өтіпті. Бір кездегі қаралы алаң бүл күндері тым айбынды. Туысқандар бейіті содан бері екі рет жаңарып, 1967 жылы бүгінгідей жаңа қалыпқа түсті. Бүгінде ол биік - дуал, болат шарбақпен қоршалған. Дәл жанында ұлы достықты, ұлттар бірлігін паш ететін алып мүсіндер тобы мен ұлы ерліктің куәсі мұнара тұрғызылған. Ол жерде бүгін ізбасар - балғындар еккен қызыл-жасылды гүл жайқала жетіліп, жасөспірім тал шоқтары жапырағымен желпиді. Баяғыда қаралы митингі өткен жерде бүгін мерекелік, мәнғілік мінбе бар.

Төмендегі тізімде сол 1921 жылы құрбан болғандардың аты-жөні беріледі:

• Аксарин Александр Платонович. 1873-1921 ж. 1920 ж. РКП(б) мүшесі. Қарқаралы уездік ревкомының азық-түлік комитетінің қызметкері.

• Ахметов Хамит. 1895-1921 ж. РКП (б) мүшесі, Қарқаралыдағы төменгі класс оқытушысы.

• Базилевич Акулина. ?-1921 ж. Партияда жоқ, военком Г.Н.Базилевичтің әйелі. Күйеуімен бірге өлген.

• Базилевич Герасим Никитович. 1894-1921 ж. 1918 ж. РКП(б) мүшесі. 3 ақпан 1921 жылы түберкулезбен ауырып әскери қызметтен босаған. 6 сәуір 1921 жылы, бандиттермен соңғы оғы қалғанша соғысып, соңынан өзін және әйелін гранатамен жарды.

• Белоусов Ефим Степанович. 1900-1921 ж. РКП(б) мүшесі.

• Бердалин Рақымберлі. 1894-1921 ж. Милиционер.

• Блощицин Антон Григорьевич. 1862-1921 ж. Партияда жоқ. Қарқаралыда 1890 ж. тұрған. Орманшы.

• Бойко В. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі.

• Бондаренко Иван Мартемьянович. 1870-1921 ж. Партияда жоқ. 1920 ж. Орманшы болған. |

• Борисенко Иван Иванович. 1894-1921 ж. 1920 ж. РКП(б) мүшесі. Қызыләскер.

• Бортников Евгений Андреевич. 1866-1921 ж. 1920 ж. РКП(б) мүшесі. Бухгалтер.

• Бубнов Николай Иосифович. 1889-1921 ж. РКП(б) мүшесі. 1920 жылдан военкоматта істеген.

• Войцеховский Александр Константинович. 1888-1921 ж. 1910 ж. РКП(б) мүшесі. 1920 ж. Петроградтан арнайы жіберілген. Қарқаралыда мастерскойды басқарған.

• Волошин Яков Андреевич. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Уездік партия комитетінің инструкторы.

• Голенкин Александр Петрович. 1899-1921 ж. РКП(б) мүшесі. 1921 ж. 27 ақпаннан Қарқаралы уездік әскери комиссары.

• Дрючков Алексей Мартинович. 1894-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Қызыләскер.

• Ермаков Андрей Николаевич. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Қылмысты істер бөлімінде істеген.

• Есбергенов Абдірахман. Милиционер.

• Жудин Михаил Иванович. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Семейден 1921 жылы 17 ақпанында коммуналдық шаруашылықты басқару үшін келген.

• Жүнісов Абдірахман. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Мамандығы оқытушы.

• Иванов Павел. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. 1921 жылдан уездік милицияны басқарған.

• Иванова Нина. 1904-1921 ж. РКЖҰ мүшесі. Николаевкадан келген оқытушы.

• Катков Филипп. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі.

• Кирик. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі.

• Колосков Филипп Яковлевич. 1898-1921 ж. РКГТ(б) мүшесі.

• Кононов Терентий Николаевич. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Жер бөлімінде істеген.

• Карелин Михаил Севостьянович. 1893-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Қызыләскер.

• Көмекбаев Мағзұм. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Оқытушы.

• Медеубаев А. - 1886-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Уездік партия комитетінің мүшесі.

• Мусин Ғариф. - 1896-1921 ж. Уездік комсомол комитетінің хатшысы.

• Ткаченко Георгий Анреевич. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі.Уездік партия комитетінің қызметкері.

• Тюрин Иван Ксенофонтович. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Уездік комитеттің дезертирлермен күрес бөлімінде қызмет істеген.

• Ужегова Аграфена Ермолаевна. ?-1921 ж. Уездік милицияның қызметкері.

• Фирулев. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Инструктор - үгітші.

• Хрусталев Михаил Капитонович. 1877-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Халыққа білім беру бөлімінің басшысы.

• Червев Иван Зиновьевич 1882-1921 ж. Партияда жоқ. Қарқаралыда Кеңес өкіметін орнатушы белсенді.

• Черепанов Иван. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Инструктор - Семей губревкомының аудармашысы.

• Чернов Николай Иванович. 1892—1921 ж. РКП(б) мүшесі. Уездік военкоматтың қызметкері.

• Черняев Александр. 1903-1921 ж. РКЖҰ мүшесі. 1920 жылы комсомол ұйымын құрғандардың бірі.

• Чигович Альфред Христофорович. 1897-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Ұлты латыш. 20 сәуір 1920 ж. Семей губерниясы ЧК ұсынысы бойынша Қарқаралы уезіне жолдамамен келген.

• Чигуров. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Инструктор - үгітші.

• Швиммер Густав. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі, 1921 ж. 1 наурызынан Қарқаралы политбюросының мүшесі.

• Шыңғысов Ақметқали. ?-1921 ж. 1921-жылы телеграфта қызмет істеген.

• Якубовский Асан Бакирович. 1885-1921 ж. РКП(б) мүшесі, 1 разрядты баспа қызметкері.

• Сонымен бірге Беленцов, Вилеев С, Касленов, Макеев, Мақатаев, Малетин, Матвиенко, Мясников, Никитин, Пашин, Паскетов, Партюн, Почерняев, Разумовский, Редькин, Рязанов, Санькович, Станкевич, Спатаев К., Спатаев, Столбов, Смирнов, Солонар, Спирин және тағы басқалар туралы нақты мәліметтер бүгіндер тиянақты іздестірілмей отыр.

Бұл тізімде көрсетілген адамдардың барлығы дерлік жастардан тұрады. Бұл адамдар өткен ғасырдың 20 жылдарындағы Азамат соғысының от-жалынында шыныққан, болашактан зор үміт күткен қарқаралылық жерлестеріміз еді.

 


 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

Великая Октябрьская социалистическая революция в Казахстане. Сборник документов. - А., 1967.

Восточная Сарыарка. Каркаралинский регион в прошлом и настоящем. /Под ред. К.С. Алдажуманова, А.З. Бейсенова. - Алматы, 2004.

Галузо П.С. Социальные отношения в казахском ауле и переселенческой деревне Казахстана в начале XX в. (по материалам Северного и Центрального Казахстана) // Казахстан в конце Октября. - А., 1968.

Дильмухамедов Е. Революционное движение горнорабочих Казахстана в начале XX в. (1900-1917 гг.). - А., 1955.

История Казахстана с древнейших времен до наших дней. - А., 2000, Т.3.

Кенжебаев С. М. Борьба за власть Советов в Семипалатинской области // Установление Советской власти в областях Казахстана (1917-1918 гг.). - А., 1957.

Маликов Ф. Февральская буржуазно-демократическая революция в Казахстане. - А., 1972.

Победа Великой Октябрьской социалистической революции в Казахстане. 1917-1918 гг.

Сборник документов и материалов. - А., 1957.

Рабочее и аграрное движение в Казахстане в 1907-1914 гг. Сборник документов и материалов. - А., 1957.

 

 

Карлаг

ҚАРАҒАНДЫ ЕҢБЕКПЕН ТҮЗЕТУ ЛАГЕРІ

1930 жылы ұйымдастырылған. 1930 жылдың мамыр айында КСРО ХКК «Қазақ еңбекпен түзету лагерлерін ұйымдастыру туралы» Қаулысы қабылданды. Құжатта: «саяси-шаруашылық және аграрлық-мәдени, Қазақстандағы ОГПУ-дың ерекше мақсаттағы лагерлері Қарқаралы окургіндегі мәжбүр ету арқылы жұмыс істету лагерлері жанындағы үлкен аралас құрылатын кеңшарларды ескере отырып, Халық комиссарлар кеңесі қаулы етеді:

1. Жер Халық Комиссариатының қорытындысына және ОГПУ-дің ерекше мақсаттағы Қазақстандағы лагерьлер басқарамасының Қоянды жәрмеңкесі аумағы мен құрылыстарынан басқа 110.000 гектар алаңды мерзімсіз тегін пайдалануға деген өтініші қанағаттандырылсын. 2. Қазақ КСРО Жер Халық Комиссариатына аталмыш лагерьлерге бөлінетін жерді дереу бөліп, жұмыс жүргізетін техникалық қызметкерлерді іріктеу тапсырылсын. Бүкіл жұмыстар Қазақстандағы ОГПУ ерекше мақсаттағы лагерьлер басқармасы күші мен қаражаты арқылы жүзеге асырылсын» деп айтылады.


Осы қаулыға сәйкес 1930 жылғы 13 мамырда Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі Қарқаралы округінің Бесоба мен Қоянды жәрмеңкесі арасындағы 110.000 гектар жерді бүкіл құрылыстарымен ОГПУ ерекше мақсаттағы лагерьлерінің қарамағына беру туралы шешім қабылдайды. Алайда, бір жылдан кейін, яғни 1931 жылғы 19 желтоқсанда басқаша шешім қабылданады онда: « «Қазақ еңбекпен түзеу лагерінің» бірінші бөлімшесі – «Гигант» кеңшары осы күннен бастап қысқартылған түрде «КарлагОГПУ» деп аталатын, ГУЛАГ-қа тікелей бағынатын Қарағандының жеке еңбекпен түзеу лагері болып қайта құрылатыны, лагерь басқарамсы Долинка селосында орналасатыны» айтылған.

Сонымен, Қарағанды еңбекпен түзеу лагері 1931 жылы 19 желтоқсанда құрылды, лагерьдің орталығы Қарағанды қаласынан 45 шақырым жердегі Долинка селосы болды, оған 120 000 гектар егістікке жарамды жер, 41 мың гектар шабындық жер бөлініп берілді. Карлаг аумағы солтүстіктен оңтүстікке дейінгі 300 шақырым, шығыстан батысқа дейінгі 200 шақырым жерді алып жатты. Оған қоса осы аумақтан сыртқары лагерьден 350 шақырым жерде Ақмола және 650 шақырым жерде Балқаш бөлімшелері құрылды. Карлагты құрудағы басты мақсаттардың бірі – сол кезде қарқыныды дами бастаған Орталық Қазақстандағы Қарағанды көмір бассейініне, Жезқазған және Балқаш мыс қорыту комбинаттарына аса ірі азық-түлік базасын жасау болды. Оған осы өнеркәсіп салаларын құрып, дамытуға жұмыс күші де қажет болатын.

Карлаг далада, Орталық Қазақстанның елсіз мекендерінде құрылды деген сөз дұрыс емес. Лагерьге бөлініп берілген ұланғайыр аймақта қазақтардың, орыстардың, немістер мен украиндардың елде мекендері болатын. Тарихтан белгілі, қазақтар бұл жерді ғасырлар бойы мекендеген, ал немістер, орыстар мен украиндар бұл жерге 1906-1910 жылдары қоныс аударған. Ақмола губерниясының 1909 жылғы 10 желтоқсадағы қаулысы бойынша Долинка селосы дербес поселке атағына ие болған. 1911 жылы мұнда 2630 адам тұрған, олардың ішінде немістер, орыстар және украиндар болған.


Карлаг аумағында 80 мың тұрғыны бар 4 мың қазақ киіз үйі, 1200 неміс, орыс, украин үйлері болды. 1930-1931 жылдары халықты зорлап көшіру басталды. Бұл операциялар үшін НКВД-нің әскері пайдаланылды. Немістер мен орытар, украиндар негізінен Қарағанды облысының Тельман, Осакаров және Нұра аудандарына қоныс аударды. Қазақтардың тағдыры ерекше қайғылы болды: лагерьлерге берліген жердің солтүстік бөлігіндегі халықтың көпшілігі Қарағандыға, оған таяу жерлерге көшті. Бұның бәрі байлар мен кулактарды тәркілеп, олардың мыңдаған малын талан-таражға салумен тұтас келді. Тәркіленген малдың біразы «Гигант» кеңшарында арнайы ұйымдастырылған «Востокмясо» деген ұйымға берілді. Жергілікті халық көшірілгеннен кейін бос қалған жерлерді тұтықындардың сан мыңдаған топтары мекендеді. Олар лагерьдің бүкіл аумағына орналастырылды: теміржол салды, өздеріне барактар, мал қоралар, күзеттегі жауынгерлерге казармалар, бастықтарға тұрғын үйлер салды. Құрылысқа көбінесе ескі үйлердің материалдары пайдаланылды, «бейіттердің саман кірпіштерін пайдалануға тыйым салынды», алайда ол тыйым кейде сақталған жоқ. Бейіттердің бұзылу фактісі Қарағанды облысының Жаңарқа ауданында кездесті. Бұл туралы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ж. Сүлейменов Қарағанды обкомының бірінші хатшысы Галайдинге арнаулы хат жолдады. Хатта былай делінген: «Аудан аумағында Карлаг бөлімшелерін салу кезінде Ортау, Алабас, Жайдақсу шатқалдарында Карлаг қызметкерлері қазақтың атақты адамдарының бейітін бұзды. Атақты Жидебай Сыздықтың және басқа да кісілердің бейіттері бұзылды, мал қораға айналдырылды». Карлаг басқармасы тек қана ОГПУ (НКВД) ГУЛАГ-қа, Москваға бағынды. Республикалық және облыстық партия, кеңес органдары лагерь қызметіне ешқандай ықпал ете алмады. Бұл өзі тізгіні Москадағылардың қолында болған отарлық үлгідегі құрылым еді. Мәні бойынша ол мемлекеттің ішіндегі мемлекет болды. Оның өзіндік шынайы өкіметі, қару-жарағы, көлік-құралдары, поштасы мен телеграфы болды. Көптеген бөлімшелері – «нүктелері» бірыңғай шаруашылық тетікпен байланыстырылды, олардың өзіндік мемлекеттік жоспары болды.

Карлагтың құрылымы да мейлінше күрделі еді. Оның көптеген бөлімшелері болды: әкімшілік-шаруашылық (ӘШБ), есепке алу, бөлу бөлімі (ЕББ), бақылау-жоспарлау бөлімі (БЖБ), мәдени-тәрбие бөлімі (МТБ), кадрлар, жабдықтау, сауда, жедел-чекистік, қаржы, көлік және саяси бөлімдер. Осы соңғы бөлім ГУЛАГ басқармасына ай сайын 17 түрлі есеп жіберіп отырды. Жоғары тиімділік (арзан жұмыс күші, оған қоса қорлар құнының, аммортизациялық шығынның төмендігі) өндірісті кеңейтуге жағдай жасады. Карлаг шаруашылығының негізгі бөлігі Қарағанды мен Ақмола облыстарының аумағында жатты. Егер 1931 жылы Карлаг аумағы 53 000 гектар болса, 1941 жылы 1 780 650 гектар болды. Егер 1931 жылы Карлагта 14 бөлімше, 64 учаске болса, 1941 жылы 22 бөлімше, 159 учаске, ал, 1953 жылы 26 бөлімше, 192 лагерь нүктелері болды. әрбір бөлімше өз кезегінде бірқатар шаруашылық бөлімшелеріне бөлініп, учаске, нүкте, ферма деп аталынды. Лагерьде 106 мал шаруашылығы фермасы, 7 бақша учаскесі мен 10 егістік учаскесі болды. Бөлімшелер мен учаскелердің лагерь орталығынан қашықтығы 5 шақырымнан 650 шақырымға жететін. Карлаг аумағы 1950 жылы 2 087 646 гектар, яғни 20 876 шаршы шақырым болды, соның ішінде егістік – 111 886 га, шабындық – 337 670га, жайылым – 1 378 999 га.

Лагерьдегі ауыл шаруашылығының үлес салмағы 58,5 пайызды, өнекәсіптікі -41,5 пайыз болды. Ауыл шаруашылғының екі бейіні болды: өсімдік шруашылығының үлес салмағы -51,8%, мал шаруашылығы -48,2 % болды. Карлаг тұтқындарының жалпы саны кейбір жылдар бойынша келесідей: бір кездері тұтқындар саны 75 мың адамға өсті. Бұл адамдар лагерьдегі барлық қиындықтарға төзіп бақты, моральдық және басқа да ауыртпалықтарды көтеріп, адамгершілік қасиеттерін сақтай білді.

СПАССК - ӘСКЕРИ ТҰТҚЫНДАР ЛАГЕРІ

ОГПУ-НВД-МТБ Спасск ерекше лагерь бөлімшесі Қарағандыдан 45 шақырым жерде орналасқан. Спасск – революцияға дейінгі Қазақстанға қоныстанған шетелдік ірі іскерлер компаниясының орталығы болған жер. 1931 жылға дейін Спасск Қарағанды ауданының орталығы болды. 1931 жылдың наурызынан Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінің қарамағына берілді. Кейінірек мұнда Карлагтан бөлек «Песчанный» деген аса үрейлі, лагерь бөлініп шықты. Бұл жерден ешкім тірі қайтпайтын. Егер Қарабас Карлагтың қақпасы болса, Спасск оның бауырластар зираты болды. Сыртқаттанып қалған тұтқындарды өлу үшін Спасскіге жіберетін. Сондықтан да бүкілодақтық ерекше лагерьлердегі мүгедектер мекені деген атауға ие болды. Шәйт болған тұтқындардың төмпешікке айналған қабірлері әлі күнге дейін сақталып жатыр.


КСРО Ішкі істер министрінің орынбасары Чернышевтің 1941 жылғы 24 маусымдағы нұқауына сәйкес Спасскідегі соғыс тұтқындарына арналған арнаулы лагер ұйымдастырылды. Лагерь екі блімшеге – Орталық және екінші Көкөзек бөлімшесіне бөлінді. Соңғысы негізгі лагерьден бөлініп шығарылған, соғыс тұтқындарынан мүлде ажыратылған адамдардан құралды. Бөлімшелер арасының қашықтығы - 500 метр болды. Екі лагерь бөлімшелерінің қалыпты және барынша сыйымдылығы келесідей болды: а) әскери тұтқындарға арналған орталық бөлімшенің қалыпты сыйымдылғы 5000 адам, барынша сыйымдылығы - 6000 адам; в) «Көкөзек» бөлімшесі қалыпты сыйымдылғы - 650 адам, барынша - 1100 адам. Барлығы 19 әскери бекетте 259 әскери адам қызмет етті. Лагерьдің 100 шақырым айналысындағы елді мекендерде жергілікті іздестіру топтары болды. Жергілікті тұрғындар арасындағы белсенділерден қашқын тұтқындарды ұстауға көмектесетін бригадалар жасақталды. Осындай 46 бригадаға 214 адам топтастырылды.

Лагерьге 22 бөлімше қарады. Олар Қарағанды, Теміртау, Саран, Балқаш қалаларында болды. Сондай-ақ Қарағандыдан 360 шақырым жердегі Ақмола облысының Жолымбет кентіндегі бір бөлімше ұсталынды. Қалғандары Қарағанды қаласының ішіндегі: кірпіш зауытында, Майқұдықта, Пришахтискіде, Үлкен Михайловка станицясында болды. Соғыс тұтқындарының алғашқы эшелоны Спасскіге 1941 жылдың тамыз айында әкелінді. Бұлар 1436 адам еді. Екі жылдан кейін соғыс тұтқындарының саны екі есе өсті. Лагерь өмір сүрген он жыл ішінде мұнда 26 ұлттың өкілінен құралған 40 мыңға жуық соғыс тұтқындары ұсталынды.

Лагерьлерге әкелінген әскери тұтқындардың саны 1944 жылдың екінші жартысында күрт өсті. Егер 1944 жылдың қаңтар айында лагерьде 2529 әскери тұтқын ұсталса, онда қазан айында олардың саны 11583 адамға жетті. 1945 жылдың қазан-қараша айларында лагерьге жапон армиясының 11608 әскери тұтқыны бес эшелонмен әкелінді. Тұтқындарды жұмыс күші ретінде шахталарда, кірпіш зауыттарында, жөндеу-механика зауыттарында, құрылыс ұйымдарында пайдаланды.

«Қарағанды көмір», «Шахта құрылыс», «Тұрғынүй құрылыс», «Металлург құрылыс», «Теміржол құрылыс» тресттерінде және басқа ұйымдарда 1945 жылы 9537 адам, ал, 1946 жылы -18592 адам, 1949 жылы - 15 мың адам жұмыс істеді. Қарағанды көмір бассейнінде мысалы соғыс тұтқындарын шахта жұмысына даярлау жөнінде өте үлкен жұмыс жүргізілді. 1945 жылы 1162 адам курстық тәсілмен оқытылды, олардың ішінде: навалсоққыштар - 225 адам, тіреушілер - 452 адам, темір ұсталары-159 адам, қазба машинистері -85 адам, қазушылар - 11 адам және т.б. Бұдан басқа жеке-бригадалық тәсілмен 1753 адам оқытылды, оның ішінде: навалобойщиктер -800 адам, крепильщиктер - 200 адам, проходчиктер - 250 адам және т.б. күн сайынғы тапсырысты мүлтіксіз, артығымен орындау үшін лагерь басшылары мынандай нұсқау белгіледі: «егер әскери тұтқындар бригадасы 8 сағат ішінде тапсырманы орындамаған болса, онда олар қосымша үш сағат жұмыс істеуге тиіс». Нысандарға арнаулы күзет тағайындалды. Олар тапсырманы 100 пайыз орындалуын талап етуге құқылы болды. Карлагтағы сияқты, әскери тұтқындары да өндірістік жоспарларды артығымен орындаған үшін сыйақы алып отырды. 1946 жылдың қыркүйек айында 201 жұмысшы (150 сомнан 1200 сомға дейін), қазан айында -219 лагерь жұмысшысы сыйақы алды. Соғыс тұтқындары жұмыс істеген шахталарда тәртіп бұзушылықтар болды, еркімен жалданып істейтін жұмысшылар он күндік әскери тұтқындар есебінен жазып жіберу орын алды. 1945 жылдың 14 тамызында «Киров көмір» трестінің №3 шахтасында №2 учаскедегі ауысымдық тапсырма жоспары көмір шығару 88 тоннаны құрады, іс жүзінде 135 тонна немесе 153,4% шығарылды. 5 адам еркімен жалданып істейтін жұмысшы, 17 әскери тұтқын, олардың ішінде 10 навалсоққыштар жұмыс істеді. Бұл күні еркімен жалданып істейтін навалсоққыштар ауысымда болмаған. Десятник рапортты жұмыс істемеген еркімен жалданып жұмыс істегендер есебіне жазған. Осы шахтаның №7 учаскеде десятник 22 әскери тұтқын, 9 еркімен жалданып жұмыс істейтіндер еңбек еткен, көмірді шығару жоспарының орындалуын еркімен жалданып жұмыс істейтіндер есебіне жазған. әскери тұтқындар арасында өлім жоғары болды. Толық емес деректер бойынша 1942-46 жылдар арасында 7 мыңнан астам адам өлген. Тек 1945 жылы 2430 адам өлген. 1945-49 жылдары жапон тұтқындары арасындағы өлім былайша: 1945 жылы -49, 1946 жылы-228, 1947 жылы – 149, 1948 жылы – 92, 1949 жылы – 38, барлығы 556 адам. Негізгі қойылған диагноздар: туберкулез және аштықтан титықтау. Лагерьде тұтқындарды сауықтыру, өлімнен құтқарып қалу шаралары ұйымдастырылмады. Барактардың санитарлық жағдайы адам төзгісіз болды. Кей жағдайда лагерь бөлімшелерінде тұтқындарының жаппай уланып қалу оқиғалары кездесті. Мұндайда оларға жедел көмек көрсетілмеді. Мысалы, 12 және 15-ші лагерь бөлімшелерінде 96 адам дизентериямен лазаретке түскенде, оларға 3-4 күн бойы ешқандай дәрігерлік көмек көрсетілмеген. Лагерьде 10дәрігер, 8 медбике, 4 фельдшер және 11 санитарка жұмыс істеді. Олар лагерьдегі бүкіл ауруларға қызмет көрсетіп үлгере алмайтын. Себебі, арнаулы госпитальда бір мыңнан үш мыңға дейін науқас тұтқындар жататын.


Барактарда температура қалыпты болған жоқ, үнемі суық болды, қыста барактардың сыртқы есіктері жабылмайтын еді. 17 лагерь бөлімшелерінде 44 адамның үсіп кеткен оқиғалары орын алған, олардың ішінде І дәрежелі – 14, ІІ дәрежелі – 24, ІІІ дәрежелі – 6 адам. Лазеретке түскен ауру тұтқындардың бағалы заттары (сағат, сақина, ақша жән т.б) сақтауға қабылданбай, тұтқындардың өздерінде болғандықтан ұрлық жасау орын алған. Тіпті лагерь қызметкерлерінің өздері де олардан бағалы заттарды сатып алатын оқиғалар да тікелген. Соғыс тұтқындарының лагерьден қашу оқиғалары да кездесіп тұрды. 1944 жылы 5 адам қашып, 3 адам қашуға әрекет жасаған. Ал 1946 жылы лагерьден 41 адам қашқан. Солардың ішінде немістер – 8, румындар – 14, жапондар -13, венгрлер -4, молдавандар -2. Мереке күндері лагерь күзетін күшейту және қашу жағдайларының алдын алу мақсатында соғыс тұтқындарын зона аймағынан тыс жерлерге жұмысқа алып шығуға тыйым салынды. Сонымен қатар мереке күндері учаскелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және соғыс тұтқындарының қашып кету әркеттерінің алдын-алу үшін лагерь учаскелеріне қосымша вахтерлік посттар мен бақылаушылар қою арқылы күшейтілген күзеттер қойылған. Мереке алдында сақтауға тыйым салынған заттарды алып қою мақсатында әскери тұтқындардың жеке заттарын және тұратын бөлмелеріне тінту жүргізген. Спасск лагері Карлаг жүйесіндегі ерекше режимдегі лагерь деп есептегендіктен каторжниктерді, ерекше қауіпті қылмыскерлерді үнемі Карлагқа аттандырып отырды. Спасск лагері 1956 жылға дейін карлагтың құрамнда қалды.

КАРЛАГ – СТЕПЛАГ

Жезқазған қаласы мен кен металлургия комбинатының құрылысы 1936 жылы басталды. 1940 жылы Кеңгір өзенінің жағасында бұрынғы пионер лагерінің орнына КСРО Ішкі істер министрлігінің аса ірі Жезқазған лагері құрылды. Үлкен Жезқазғанның жұмыс істеп тұрған және салынып жатқан нысандарының бәрі НКВД-ның қарауына беріліп, «Жезқазған еңбекпен түзеу лагері және НКВД комбинаты» деп, ал Жезқазған қаласының құрылыс алаңы «НКВД-нің Кеңгір құрылыс ауданы» деп аталынды.

Өнеркәсіп пен құрылыс нысандарында 7 мыңнан астам тұтқындар жұмыс істеді. Ең әуелі Кеңгір су қоймасының бөгені мен жылу электр орталығы салынды. Тұтқындардың күшімен ұзындығы 400 шақырымнан астам Жарық станциясынан Кеңгірге дейін теміржол тармағы тартылды. Құрылыс нысандарының ұлғаюына байланысты тұтқындардың саны да өсе түсті. Рудниктерде 3117, Жезқазған марганец кенішіне тартылған теміржол құрылысында 2731, Жезқазған кенішінде 2100, басқа да өнеркәсіп нысандарында 1553, азаматтық құрылыста 1901, Байқоңыр көмірін өндіруде 300, ауыл шаруашылығы жұмыстарында 338 тұтқын жұмыс істеді. 1941 жыл ішінде комбинат пен лагерь 52 млн. сом капитал салымын игерді және құрамында 1500 тонна мысы бар 53 мың тонна мыс кенін қазып шығарды. 1941 жылдың 1 қаңтарында комбинатта барлығы 1784 ерікті жұмысшылар, соның ішінде 780 жұмысшы жұмыс істеді. Бұдан басқа мың адамдай күзет және лагерь әкімшілігінің қызметкерлері болды. Осы жылы тұтқындардың жаңа легі келіп қосылды. Кеніштердегі жұмысшылардың саны едәуір ұлғайды. 1942 жылы 605 мың тонна мыс кені қазып шығарылды (19800 тонна мыс). Шығарылған кендер Балқашқа, Қарсақпай мыс зауытына, Орал зауыттарына жіберілді. Соғыстың алғашқы жылдары алдында істен шыққан төрт шахта іске қосылды. Бес шахта қосалқы болды, ең бірінші ірі № 31 шахта іске қосылды.

1942 жылы Үлкен Жезді далалық өзеннің құмды жағалауында шамамен екі ондық уақытша барактар пайда болды. Бұл жерде тұтқын құрылысшылар мен болашақ Жезқазған марганец кенішінің пайдаланушылары орналастырылды. КСРО ХКК шешімінен және кеніштің құрылысы басталғаннан кейін 38 күн өткен соң 1942 жылдың 12 маусымында марганец кенінің алғашқы тонналары шығарылып, тұтынушы зауыттарға жіберілді.

Соғыс жылдарында Жезқазған кеніші Магнитогорск және Кузнецк металлургия комбинаттарының марганецке деген қажетін елеулі түрде қанағаттандырып отырды. Тұтқынадардың бұндай еңбектегі ерлік нәтижелері лагерьге еңбексүйгіш, жоғары білікті мамандар мен инженер-техник қызметкерлердің әкелінуімен түсіндіріледі. Ұлы Отан соғысы жылдары Жезқазған КСРО-ның қорғаныс өнекәсібіне мыстың жартысынан астамын және марганецтің 70 пайызын берді.

1941-1942 жылдары Жезқазған лагерінде контрреволюциялық қылмысы үшін 1830, қарақшылық пен кісі өлтіргені үшін 548, шекараны жасырын түрде бұзғаны үшін 108, әскерден қашқаны және соғыс қылымыс үшін 477, басқа да қылмыстары үшін 9050 адам отырды. Осы соңғы, «басқа да қылмыстары үшін» отырғандардың арасында ешқандай жазығы жоқ жұмысшылар, колхозшылар, инженерлер және басқа да мамандық адамдары, НКВД-нің нұсқауы бойынша құлдық жұмысқа жіберілген адамдар көп еді. Олар айыпты болғандықтан емес, құрылыста, шахталар мен кеніштерде қажет болғандықтан лагерьлерде отырды. 1945 жылдың наурыз айында Карлагтың Кеңгір бөлімшесі негізінде соғыс тұтқындарына арналған №50 лагері құрылды. Жылдың аяғына дейін ол №39 лагерьге айналдырылды. Тұтқынға түскен неміс жауынгерлерінің алғашқы 8 мың адамдық эшелоны Кеңгірге 1945 жылғы 23 сәуірде келіп түсті.

1946 жылға дейін ерекше қауіпті қылмыскерлер, «халық жаулары», «отанын сатқандар», «контрреволюционерлер» үшін құрылған Жезқазған лагері Карлагтың қарамағында болды. Егер Карлаг патшалы Ресейдің еңбекпен түзеу колониясы принципі бойынша құрылған болса, Степлаг Герман концлагерьлерінің принципі бойынша құрылды. Егер Карлаг тұтқындары негізінен ауылшарушылығымен айналысса, Степлаг тұтқындары тек қана өнідірістік кәсіпорындарда жұмыс істеді. Лагерьдің бұрынғы тұтқыны Р. Ахметов былай деп еске алады: «Біздер фашистік концлагерьдегідей тұрдық. Мұнда әрбір тұтқынға арнаулы шифр-номер берілетін. Бізді ешқашан аты-жөнімізбен атамайтын, шифр-номерімізбен шақыратын. Әр бригадада 15-20 адамнан болды. Тұтқындар мыс кенін шығаруда жұмыс жасады. Бұрғылау құрғақ күйде жүргізілгендіктен, бос қазбаның шаңы тубуркулез және силикоз ауруларына алып келетін. Тұтқындардың жағдайы өте ауыр болды. Барлық жағдайлар тұтқындардың ашу- ызасын тудырды. Тұтқындар дұрыс тамақтанбады, дұрыс ем қабылдаған жоқ, үнемі қорлады. Бұлардың барлығы наразылққа алып келді. 1954 жылы 16 мамырда Степлагта атақты көтеріліс бұрқ ете түсті.ол бүкіл ГУЛАГ жүйесін дүр сілкіндірді. Стпелаг тұтқындарының көтерілісі 40 күнге созылды. Олар үкіметке ұйымдасқан түрде қарсылық көрсетті. Көтерілістің басында Кеңес Армиясының неміс тұтқыныда болған әскери интеллигенциясының өкілдері тұрды. Бұлар ақылды, сауатты, батыл шешім қабылдайтын адамдар еді.


Жезқазғандағы көтеріліске КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік министрі Серов, ішкі істер министрі Круглов, Бас прокурор Руденко, ГУЛАГ бастығы Долгих және басқалар келді.

Көтеріліс соғыс техникасының және тұрақты армия бөлімінің күшімен асқан қатыгездікпен басылды. Көтеріліс басшылары тұтқындалды. өлгендер мен жарақаттанғандар көп болған, тірі алған куәгерлердің айтуынша 600 адам өліп, жарақаттанған. Кеңгір өндірістік-жоспарлау бөлімінің материалдары бойынша 700-ден астам өліп, жарақаттанған». Кеңгір бөлімшесіндегі тұтқындардың қарсылығы бұрын өмір сүрген және өмір сүретін лагерьлер тарихында аса маңызды орны бар оқиға. Кеңгір көтеріліснен кейін бүкіл ГУЛАГ жүйесіндегі каторгалық ерекше лагерьлер жойылды.


Қолданылған әдебиеттер тізімі:

Бугай Н.Ф. Депортация этнических общностей: проблемы реабилитации в Росии и Казахстане // Россия и Казахстан: проблемы истории (20 – начало 21 века). – М., 2006.

Козыбаев М.К., Абылхожин Ж.Б., Алдажуманов К.С. Коллективизация в Казахстане: трагедия крестьянства. - А, 1992.

Козыбаев М., Алдажуманов К. Тоталитарный социализм: реальность и последствия. - А., 1997.

Алдажуманов К.С. Крестьянское движение сопротивления. //Депортированные в Казахстан народы: история и судьбы. А, - 1998.

Алдажуманов К.С. Открытые судебные процессы в Казахстане. //Материалы «круглых столов» и семинаров. - А, 1996.

Шаймуханов Д.А., Шаймуханова С.Д. Карлаг. - Караганда 1997.

Спецпереселенцы в Карагандинской области. Сборник документов и материалов. - Караганда 2007.

Книга скорби. Расстрельные списки. Том 3. Карагандинская область. -Алматы 1997.

 

 

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қарағанды облысы

Адамзат тарихы өзінің ауқымы мен ауыртпашылығы, барша жан дүниені жайрататын қару-жарақпен жабдықталуы, құрбан болғандардың саны жөнінен 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысына тең келетін соғысты білген емес.

Облыс еңбекшілерінің Отанды қорғауға өз еріктерімен жаппай өтініш беруі олардың нағыз отансүйгіштік, патриоттық сезімінен туындады. Соғыс басталысымен мыңдаған қарағандылықтар әскери комиссариаттарға келіп, өздерін Қызыл Армия қатарына алуға өтініш білдірді. 1941 жылдың соңына қарай облыстың әскери комиссариаттарына 25 мыңнан астам өтініш түсті, оның 10 мыңын қарағандылық қыздар жазған еді.


Соғыс жылдары майданға барлығы 45 мыңға жуық адам жіберілді. Қарағандылықтар Отан үшін өшпес ерлік көрсетіп, жан қиярлықпен айқасты, Олар Ленинградты, Сталинградты қорғады, Курск шайқасына қатысты. Украинаны, Молдавияны, Румынияны, Венгрияны неміс-фашист басқыншыларынан азат етті.

Орталық Қазақстанда Қызыл Тулы 72-гвардиялық Красноград атқыштар дивизиясы, 387-Перекоп атқыштар дивизиясы және Ленин орденді 310-Новгород Қызыл Тулы атқыштар дивизиясы жасақталды.

72-атқыштар дивизиясы Сталинград бағытында шайқасып, Қырым мойнағына дейін ұрыспен жүріп өтті, Перекоп бекінісін алуға қатысып, Севастопольды, Бухаресті азат етті.

310-дивизия Ленинград түбіндегі, Тихвин маңындағы, Волхов майданындағы ұрыстарға, Ленинград қоршауын бұзуға қатысты, Новгород пен Карелияның оңтүстік аудандарын жаудан азат етті, Шығыс Померанияны және Берлин операцияларына да қатысты. Сонымен қатар қарағандылықтар партизандар қозғалысына да белсене араласып, өз жерін қорғауғада теңдесі жоқ ерлік көрсетті.

Ортақ Отанды қорғаушылардың сапына тұрған қарағандылықтар арасынан облыста туып өскен немесе еңбек еткен 18 адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды, бұлардың ішінде Н. Әбдіров, М. Мамыраев, Қ. Нұржанов А. Дәулетбеков және тағы басқалары. 3 адам Даңқ орденінің үш дәрежесіне бірдей ие болды.


Фашизмге қарсы күресте көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін 6587 қарағандылық Кеңес Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталды.

Соғыс уақыты жағдайларында облыс еңбекшілері, «Барлығы майдан үшін!», «Барлығы жеңіс үшін!» деген ұранмен өмір сүріп, еңбек етті. Ұлы Отан соғысы жылдарында Қарағанды көмір бассейні қорғаныс өнеркәсібін отынмен үздіксіз қамтамасыз етіп отырды. Майданға кеткендердің орнына олардың әйелдері, ана-қарындастары мен қыздары жұмыс істеді. Орталық Қазақстан еңбекшілері алдына қойылған басты мақсат - көмір мен түсті металл өндіруді арттырумен бірге қарағандылықтардың іс-мақсаттары майданға жан-жақты көмек көрсетуге бағытталды. Соғыстың қиын-қыстау кезеңінде тылда да тынымсыз еңбек етті. Астық және басқа негізгі ауыл шаруашылық өнімдерін тапсыру жоспар толық орындалды.

Соғыс қарсаңында іске қосылған Балқаш мыс қорыту зауыты елімізде қорытылатын қара мыстың үштен бірін өндірді, Жезқазған өнеркәсібінде руда шығару 3 есе өсті. 1944 жылы желтоқсанда Қазақ металлургия зауыты іске қосылып, Қазақстанда тұңғыш болат балқытылды.

Тылда да тынымсыз еңбек етті

Соғыстың қиын қыстау кезеңінде елдің тылында аса маңызды өнеркәсіптік база болған Қазақстанның индустриалды жүрегі - Қарағанды облысына үлкен маңыз берілді.

Соғыстың алғашқы күнінде - ақ Қарағандының шахталарында, өнеркәсіп орындарында, мекемелерде жұмысшылар мен қызметшілердің жиналыстары болып өтті. №44/45 шахтаның бастығы, байырғы кенші Т.Күзембаев митингіде сөз сөйлеп былай деді: "Біздің әрқайсысымыз өз жұмыс орнымызда жақсы жұмыс істеп, көмірді бұрынғыдан да көп беруіміз керек. Егер қажет болса біз қолымызға қару алып, жауға қарсы аттануға әрқашан дайын болуға тиіспіз". Қарағанды еңбекшілері ортақ Отанның абыройын, бостандығы мен тәуелсіздігін қорғап қалуға әзір екендігін білдірді. "Біреуіміз үш адам үшін жұмыс істейік! Көмір де қару. Еңбекте де ұрыстағыдай болайық!" Қарағандылықтардың ұрандары осындай болатын.

Ортақ Отанды қорғаушылар қатарына алынған кеншілердің лавадағы орнын әкелері, ұлдары мен қыздары басты. Зейнеткерлер забойға қайтып оралды, шахтада жұмыс істеуді жастар мен әйелдер жедел үйрене бастады.

Орталық Қазақстан еңбекшілері алдына қойылған басты мақсат - көмір мен түсті металл өндіруді арттырумен бірге қарағандылықтардың іс-мақсаттары майданға жан-жақты көмек көрсетуге бағытталды. Соғыс жылдары астық және басқа негізгі ауылшаруашылық өнімдерін тапсыру жоспары толық орындалды. Егіс алқаптары 28 процент артты.

Қарағандылықтар арасында қорғаныс қорына қаржы жинау жөніндегі патриоттық қозғалыс қызу қолдау тапты. Соғыстың алғашқы 5 айында Қарағанды қаласы бойынша 1904955 сом қаржы жиналды және майдан үшін жылы киім жинауға зор ынтамен қатынасты. Екі жарым жыл ішінде 37 мың шолақ тон, күрте, бөкебайлар, 24 мың пима, 10543 дана іш киім мен 100 мыңға жуық құлақшын, биялай, шұлық даярланды. Ленинград майданы мен Нева бойындағы қаланың жауынгерлері үшін азық-түлік жинау айлығы кезінде (1942 жылғы мамыр-маусым) 20 вагон азық-түлік жөнелтілді. 1944 жылы тағыда 10 вагон азық-түлік пен сыйлық жіберілді. 1942-1943 жылдары аралығында майданға сыйлық тиелген 94 вагон жөнелтілді.


Облыстың әр кәсіпорындарында, барлық ұйымдарында майдан сұраныстарын мүлтіксіз орындау жолындағы ерлік күрес өріс алды. Ұлы Отан соғысы қарсаңында Балқаш мыс қорту зауыты салынып болды. Соғыс кезінде өндірістік алаңдарынан Кольчугин түсті металдар прокаты зауытының жабдықтары осында орналыстырылды. Молибден рудасын өндіру басталды. Соғыстың аяқ шенінде Балқаш өнеркәсібі - елімізде қорытылатын қара мыстың үштен бірін, молибден өнімінің, түсті прокат пен вольфрамның едәуір бөлігін өндірді. Жезқазған өнеркәсібі қағаз, жарылғыш заттар, сұйық шыны, карбид өндірісін, күрделі қосалқы бөлшектер мен жабдық шығаруды игерді, руда шығару үш есе өсті. 1944 жылы желтоқсанда Самарқан поселкесінде (қазіргі Теміртау) Қазақ металлургия зауыты іске қосылып, Қазақстанда тұңғыш болат балқытылды.


Ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруде облыс шаруашылықтары үлкен үлес қосты. Мал шаруашылығын дамытқаны, сондай-ақ жоспардан тыс астық өнімдерін қамтамасыз еткені үшін Қарағанды облысы және оның Осакаров ауданы Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл Туымен марапатталды.

Жау басып алған аймақтан көшіп келгендерді жұмысқа орналастыру, балаларын бақшалар мен мектептерге орналастыру, майдангерлер мен қаза болғандардың отбасыларына көмек көрсету, госпитальдарды қамқорлыққа алу жөнінде де тыңғылықты жұмыс жүргізілді.

Азат етілген Донбастың шахталарын тезірек қалпына келтіруге барынша жан-жақты көмек көрсетілді. Мәселен 1943 ж. және 1944 жылдың қысында, бүкіл донбастық қызыл эшелоннан кейін 12 жыл өткен соң, Донбасқа шахта жабдықтары, техника және азық-түлік тиелген 17 вагон жөнелтілді, жұмысшылар мен негізгі мамандықтардың мамандары аттандырылды. Қарағанды облысының еңбекшілері Сталинградты, Харьковты және басқа азат етілген аудандарды қалпына келтіру қорына бірнеше рет өздерінің бір күндік еңбекақыларын аударды.

Адамдардың отаншылдық сезімін күшейтіп, жеңіске деген сенімдерін нығайтуға арқау болған әдебиет пен өнердегі Отан қорғау тақырыбы - қарағандылықтардың рухани өмірінде негізгі желіге айналды. Госпитальдарда, әскерге шақыру пункттерінде, дала қостары мен шахталарда өнер көрсететін концерттік бригадалар құрылды. Қарағандының мәдени өміріне Леся Украинка атындағы Киев драма театрының, Мәскеу камера театрының көшіп келген ұжымы да белсене қатысты.


1943 жылғы 13-шілде мен 14-тамызда Қарағандыда ақындар айтысы болып өтті, онда Доскей Әлімбаев, Шашубай Қошқарбаев, Қайып Айнабеков сынды бүкіл республикаға аттары мәшһүр халық ақындары мен композиторлары өнер көрсетті. Еңбекшілерді тылдағы ерлік еңбекке жігерлендіруде айтыстың үлкен маңызы болды. 1943-1945 жылдар аралығында Сарыарқаның суырып салма саңылақтарының сөз сайысын Балқашта, Жезқазғанда, Қоңыратта, көптеген аудан орталықтарында болып өтті. Біздің жерлесіміз, әскери-тілші Баубек Бұлқышевтің публицистикалық мақалалары Отан қорғаушылардың рухани бейнесін сипаттады, ол 1942-1943 жылдары "Комсомольская Правда" газетінің беттерінде "Шығыстың ұлына хат", "Өмір мен өлім туралы" деген жарқын мақалаларды жариялады. Н. Тихонов "қазақ поэзиясының інжу-маржаны" деп атаған Қ. Аманжоловтың "Ақын өлімі туралы аңыз" деген дастаны қазақ әдебиетінің соғыс жылдары дүниеге келген тамаша туындылардың бірі болып табылады.

Біздің жерлестеріміз шығарған туындылар күресіп жатқан халықтың рухани қазынасын құраған жұмыстардың қатарына ілікті. Мәселен, Е. Брусиловскийдің "Сарыарқа" және В. Великановтың "Қазақ сифонияларында" Тәттімбет күйлерінің әуендері пайдаланылды.

 

Қарағанды облысы – Қазақ ССР-ның өнеркәсіптік орталығы (1946-1990 жж.)

Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Қазақстанда халық шаруашылығын ары қарай дамыту міндеті тұрды. Қазақстаннын өнеркәсібі Ұлы Отан соғысы жылдары эвакуацияланған кәсіпорындардың есебінен соғысқа дейінгі деңгейден асып түсті. Осы кезеңде республикада көмір өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы белсенді түрде дамыды.

Соғыстан кейінгі Қарағанды облысы — сол кезеңдегі жалпы және біртұтас саяси-экономикалық жүйенін бір бөлігі. Өпткені, букіл Кеңес елінде, сонымен қатар. Қазақстан республикасында шешіліп жатқан мәселелер. ұсынылып жатқан тәсілдер мен механизмдер, бұл ауданда да қолдау тауып жатты.


Облысының ауылшаруашылық дамуын толығымен көрсету осы тақырыпта арнайы жұмыстар мен зерттеулер жүргізуді керек етеді.

Осы уақытта республикамызда Қарағанды металлургия зауытының құрылысы басталып (Қазақстандық магнитка деп аталатын), Өскеменде қорғасын-цинк комбинаты өзінің бірінші өнімдерін шығарып, Балқаштың мыс қорыту зауытының өндірістік куаттылығы ұлғайып, Жезқазғанда ірі мысқорыту комбинатының кешені тұрғызыла бастады, сондай-ақ, Қарағанды және Екібастұз көмір кенорындары қарқынды пайдаланыла бастады. Осы жылдары Қазақстан әскери-өндірістік кешеннің ірі бір тармағына айнала бастаған болатын. Әскери өндірістің кең құрылымдарының ашылуымен қатар, бұл жерде Семей түбінде атом полигоны, Балқаш көлінің аумағында - зымыран полигоны, кейіннен атақты Байқоңыр космодромы салына бастады.

Қарағанды облысының экономикалық әлеуеті онан сайын арта түсті. Қарағанды металлургия зауытының құрылысы басталды («Қазақстан Магниткасы» деп аталды), Балқаш мыс қорыту зауытының өндірістік қуаты ұлғайып, Жезқазғанда ірі мыс қорыту комбинатының кешені, сондай-ақ Қарағанды бассейнінің батыс аудандары игеріле бастады. Сол жылдары Қазақстан әскери-өндірістік кешеннің ірі бір тармағына айнала бастаған еді. Әскери өндіріс құрылымдары ашылуымен қатар, бұл жерде КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен Семей (3 облыстың түйіскен жері — Семей, Қарағанды және Павлодар) ядролық полигоны, Балқаш көлінің аумағында — зымыран полигоны, батыс аймақта атақты Байкоңыр космодромы салынды. Соның ішінде облыстың біраз жерлері Семей ядролық полигонының қызметінен зардап шеккендер қатарына кірді. Жарты ғасыр (1949-1989 ж.) бойы полигонда 475 ядролық жарылыс жасалған, оның 89-ы атмосфералық, 26-сы жер беті, қалғандары жер асты жарылыстары еді. Ядролық және термоядролық жарылыстардың нақты ортасы тұрғындардың егін егіп, шөп шауып, мал бағып жүрген жерлеріне жақын орналасты. Радиацияға ұшыраған адамдардың денсаулық жағдайын ішінара зерттеу тек 1962 жылдан ғана басталды. Мысалы, Қарқаралы ауданы жергілікті тұрғындарының, әсіресе балалардың денсаулығы көрсеткіштері бойынша, қолайсыз аудандардың біріне айналды. 1980 жылдардың ортасында мұндағы сәби өлімі туған 1000 баланын 43,1-ін қамтыды. Облыс бойынша орташа алғанда бұл көрсеткіш 24,0 ал, ауылдық жер бойынша — 31,1 болған еді. Халық тыныс жолдары аурулары, перинаталдық себептерден және инфекциялық аурулар салдарынан зардап шекті. Қарағанды аумағында 1950 жылдары сталиндік жазалау лагерьлері бұрынғысынша жұмыс істей берді. Сол жылдары ең ірі Қарлаг лагерінде 1,5 млн. адам болған. 1948-1952 ж. Қарағанды облысында ГУЛАГ-тың («№4 ПМ-нін Дала лагері», №8 «Песчаный» лагері және №9 «Луговой» лагері т.б.) ерекше лагерьлері орналасты.


Жезқазған осында орын тепкен Степлаг тұткындарының күшімен тұрғызылды. Онда 1954 ж. саяси тұтқындар бас көтерді, көтеріліс аяусыз басып-жаншылды. Тек, 4- бесжылдық (1946-1950 ж.) кезінде ғана 17 ірі шахта қайта құрылып пайдалануға берілсе, 5-бесжылдықта (1951-1955 ж.) Саранда, Тентекте (Шахтинск), Шерубай-Нұрада (Абай), Шоканда көмір кен орындарын игеру басталды. № 31 шахтаның механигі С.С. Макаров 1944 ж. Мәскеудің ғылыми-зерттеу және жобалау ұйымдарының қолдауымен қуатты қабаттар үшін көмір комбайнын, ал 1948 ж. — қопарғыш машина жасады. №31 шахтаның бастығы. А.В. Егоров көмір қопарғыш соқа ойлап тапты, ол жұқа да қатты қабаттарға салғанда тиімді болып шықты. Қарағандыда жасалған осы және басқа машиналар еліміздің көмір өнеркәсібінде техникалық үрдісті алға бастыруда белгілі рөл атқарды. Көмір комбайнын жасаушылар С. Макаров, А. Егоров, П. Денисов КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды (1948 ж.). Сол жылы Қарағандыда тұңғыш рет атап өтілген кеншілердің кәсіптік мейрамы — Шахтер күні қарсаңында 10 адам Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Олардың ішінде Ж. Әбдірахманов, М.А. Айткұлов, П.Ф. Акулов, Б. Нұрмағанбетов, Д.И. Обухов, Г. Хайруллин т.б. еңбек майталмандары бар. 1950-55 жылдары бассейнде көмір өндіру 62%-ға артты, ал еліміз бойынша тұтас алғанда бұл көрсеткіш 49,8% болды. Осы тұста жалпы қуаты жылына 24 млн. тонналық 9 шахта мен бір көмір разрезі және жылына 3,757 млн. тонна өнім шығаратын 4 байыту фабрикасы пайдалануға берілді.

Химия өнеркәсібін дамытуда Қарағанды жасанды каучук зауыты елеулі орын алды. Машина жасау өндірісінің көш бастаушысы Жаңа Қарағанды машина жасау зауыты әр түрлі машина мен механизмдердің 100 шақты түрін шығарды. 1958 жылы Балқаш мыс қорыту зауыты және оған қосылатын түсті металды өндеу зауыты, Қоңырат және Гүлшат қорғасын-мырыш кен орнының базасында облыстағы ірі кәсіпорындар — Балқаш және Жезқазған тау-кен металлургия комбинаттары кұрылды, оған өнеркәсіптік аймақтың түсті металлургия кәсіпорындарының барлық мыс қорыту зауыттары, 11 шахта, 4 кен орны, 3 байыту фабрикасы және тағы да бірқатар кешендер кірді. Жезқазған тау-кен металлургия комбинаты КСРО түсті металлургиясының кеш бастаушысына айналды. 1967 жылы Лондондағы түсті металдардың бүкіләлемдік көрмесінде Балқаш мысы сапасы жағынан ең таза (99,99%) мыс деп табылды. Жезқазған комбинаты мен «Қазақмысқұрылыс» тресі тиісінше Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталды (1966 ж.). Соғыстан кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы ойдағыдай өрге басты. Тың және тыңайған жерлерді игеру мұның маңызды кезеңі болды. 1958 жылға дейін 1 млн. 232 мың гектар жер игеріліп, 16 жаңа кеңшар ұйымдастырылды. Дәнді дақылдар егісін ұлғайту 60 млн. пұттан астам астық өндіруге мүмкіндік берді. Бұл табысы үшін облыс Ленин орденімен марапатталды (1958). Жетіжылдықтың (1959-1965) ірі құрылыстары — Қарағанды металлургия комбинаты мен Ертіс—Қарағанды каналы (ұзындығы 458 км; 1962-1974 ж.) салынып, өнеркәсіп өнімінің 52 жаңа түрі игерілді, 65 кәсіпорын мен баска да ірі нысандар салынды.

Транспорт одан әрі дамыды. Егер 1940 жылы Қарағанды темір жолы торабының ұзындығы 588 шақырым болса, 1953 жылы жаңа желілер құрылысы аяқталуымен (Акмола—Қарталы, 1939-1943 ж.; Акмола—Павлодар; 1946-1953 ж.; Мойынты-Шу, 1946-1953 ж.) - 2952 шақырым болды. 1953 жылға дейін облыста қатты бүркеншікті жолдар жоқ болса, 1980 жылдардың басында автомобиль тасжолдарының ұзындығы 4684 шақырымды құрады. 1959 ж. «Михайловка» (кейін Т. Күзембаев) шахтасы іске қосылды.

1960 жылдардың екінші жартысында ел басшылары тоқырыған әлеуметтік-саяси жүйе аясында экономикалық қайта құруларды жүргізуге әрекет жасады.

Сол кезеңдегі бар елеулі қиындықтар мен жетіспеушіліктерге карамастан. 1960 жылдары өткен онжылдыкпен салыстырғанда жағдай едәуір жаксарғанын атап кеткен жөн.

1956 жылдың ақпанында Мәскеуде өткен КОКП-ның 20 съезінде Сталиннің жеке басқа табынуын жеңу мәселесі басты маңызды мәселе болып талқыланды. Н.С.Хрущевпен оның жақтаушыларының И.В.Сталиннің жеке басқа табынуына қарсы күрестегі батылдықтары мен ерліктерін атай отырып, алға қойған авторитарлық жуйені құрту мақсаты аяғына дейін жүргізілмегенін атай кету керек. Көп ұзамай саяси еркін ойлау да қуғын көре бастады.


Барынан да көп кен, көмір, болат, т. б. талап еткен коммунизм құрылысы елімізде кеңінен жайылды. Қазақстанда тек қана 1960 жылы 83 ірі өндірістік орындар салынып, іске қосылды. Бұл уақытта республикада жылу-энергетикалық база дами бастады. Қарағанды көмір бассейнінде оннан астам ірі шахталар мен кен-байыту фабрикалары іске қосылды. 1955 жылға Екібастұз 2 млн. тоннадан астам көмір берді (көмір ашық тәсілмен өндірілді). Осы жылдары Өскеменнің гидроэлектростанциясы, Жезқазғандағы және Жамбылдағы жылу электростанциялары қолданыла бастады. Қарағанды, Шымкент және басқа қалалардың ТЭЦ-терінің қуаттылығы ұлғайды.

Республикада элетр қуатын өндіру екі жарым есе, оның ішінде гидроэнергия- 5 есе өсті. 1960 жылы, 1940 жылға қарағанда өндірістік өнімдердің жалпы көлемі 732 пайыз құрады. Аталған жылы Ертістің химия-металлургия зауыты іске қосылып, мұнда елімізде алғаш рет жерде жиі кездеспейтін элементтер мен металлдардың тұтас комплексінің өндірістік өндірулерін дұрыстады. 1957 жылы еліміздегі ең ірі Жезқазған комбинаты өнімдерін тиеп жібере бастады. Қарағанды металлургия зауыты толық өндірістік циклмен жұмысқа кірісті. Бұл жерде осы зауытқа байланысты болған қайғылы оқиғаны атай кеткен жөн.

Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы Қарағанды металлургия комбинатын тұрғызу бүкілодақтық жастар құрылысы болып хабарланды. Комсомолдың Орталық Комитетінің жолдамасы бойынша мұнда еліміздің жан-жағынан жастардың сансыз легі ағылып жатты. 1959 жылы Қазақстан магниткасында 25,5 мың адам жұмыс істеді, олардың ішінде бірнеше мың кәмелетке толмаған жігіттер мен қыздар болды. Жастардың энтузиазмын пайдаланып, жұмыскерлердің күшіне байланысты проблеманы білмейтін партия және кеңес функционерлері, сонымен қатар, шаруашылық шенеуніктері құрылыста еңбек ұйымдастыруды жетілдіру мәселелерін көзден тыс қалдырып, мәдени-тұрмыстық және тұрғын үй тұрғызу мәселелерін шешуге көңіл бөлмеді. Көптеген жұмысшылар нақты істейтін жұмыстары болмай, аз ақы төленетін операциалар істеуге мәжбүр болды (жұмыссыз тұрған экскаваторлардың орнына жер қазу, т. т.). Адамдардың көбі палаткаларда тұрып жатты. Теміртау қаласының шығыс жағында тұратын 31 мың құрылысшыларға 1300 орны бар асхана, әрбір мың адамға 3,5 ауруханалық төсек-орын (ал құрылыста жарақаттану деген барлық нормалардан асып түсті), 55 мектептік және 6 бала-бақшалық орындар қызмет көрсетті. Нан мен ішетін су жетпей қалатын жағдайлар да болып тұрды. Сол себептерден, 1959 жылдың тамыз айында әлеуметтік-экономикалық кризис Теміртау қаласында көптеген ауыр тәртіпсіздіктерге әкеліп соқтырды.

Механизаторлардың еңбек өнімділігі өте төмен болды. 1953 жылы бір шартты алынған трактордың орташа өнімділігі жоспарланған 652 гектар жұмсақ жер жыртудың 599 гектарын ғана қамтыды. Қарағанды облысының МТС қызмет көрсетіп отырған 130 колхозының тек қана 22-сінде науқан келісімде аталған уақытта аяқталды. Жалпы алғанда, облыстың МТС-ы тракторлық жұмыстың жоспар бойынша 94 мың гектарын, сүдігер көтеруден-82 мың гектарыі орындамады.

Кемістігі көп орталықтандырылған жоспарлау совхоздық және колхоздық өндірістің дамуына өзінін кері ықпалын тигізді. Мұндай жоспарлау совхоз басшыларының инициативасын тұншықтырып, олардың тұтынушылық-арамтамақтық көзқарасын қалыптастырды. Ірі өндіріске айналып, мемлекетке негізгі астық беруші болудың орнына, көптеген совхоздар мемлекеттік ресурстарға сенген, астықты тұтынушыларға айналған еді.

Колхоздардың еңбегінде ауылшаруашылығы өнімдерінің дайындау және сатып алу құнын өзгерту маңызды стимул болды. Бұл құн саясатының үлкен экономикалық маңызы колхоздардың өз өнімдерін өткізуде міндетті тапсырыстар және мемлекеттік сатып алу бойынша кірістерінің күрт ұлғайюында болды.

1958 жылы өндірістік Қарағанды облысы тұтынушыдан көп тауарлық астық беретін өндірушіге айналды.

Жалпы, республикамызда соғыстан кейінгі совхоз құрылысын кезеңдеу өндірушілік күш-куатын дамытудағы өзгерістермен және ауылшаруашылық өндірістің жағдайымен тығыз байланыста қаралады.

Бірінші кезең - калпына келтіру кезеңі (1946-1953 ж.). Қазақстанның совхоздары соғыстың ауыр зардаптарына төтеп беріп, бір шаруашылыққа деп есептелген орташа көрсеткіш бойынша соғысқа дейінгі өндірістің жоғарғы деңгейіне жетеді. Олардың материалды-техникалық базасы жаңарып, нығаяды.

Екінші кезең - тың игеру жылдарын қамтиды (1954-1958 ж.). Оның ерекше белгісі жаңа жерлерде совхоздардың кең түрдегі желілерін ұйымдастыру еді. Кезеңнің соңына қарай республиканың совхоздары жалпы және тауарлы астықтың жетекші өндіргіштері болып, ал Қазақстан еліміздің негізгі сарқылмас астық қорының біріне айналады.

Үшінші кезең КСРО халық шаруашылығын дамытудың жеті жылдық жоспарымен сәйкес келеді (1959-1965 ж.). Ол ауылдар мен селоларда түбегейлі әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен, колхоздар базасында совхоздарды жаппай ұйымдастырумен, социалистік меншік-совхоздардың мемлекеттік формасын ауылшаруашылық өндірісін ұйымдастырудың басым түрдегі формасына айналдырумен және Қазақ республикасы ауыл шаруашылығының өндіргіш күштерінің дамуымен сипатталады.

Осы жылдары ауыл шаруашылығында маңызды өзгерістер болды.

Сегізінші бесжылдықпен сәйкес келетін (1966-1970 ж.) төртінші кезең кеңес халқының өмірінде Қазан революциясының 50-жылдығы және В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толуы сияқты үлкен саяси оқиғалармен белгілі. Кеңес халқы бесжылдық міндеттерін мерзімнен бұрын жүзеге асыру үшін алып өндіргіш күштерді қозғалысқа енгізіп, ғылыми-техникалық революция кең құлаш жаяды. 1970 жылы Қазақстан еңбекшілері Қазақ Социалистік Кеңес республикасының 50-жылдығын да өздерінің еңбек жетістіктерімен атап өтті. Совхоздарда (90 пайыздан аса) астық өндірісі ұлғая түседі. Совхоздар ұйымдық-шаруашылық жағынан нығаяды, совхоз өндірісін жүргізу мәдениеті көтеріледі, оған шаруашылық есеп принциптері енгізіледі.


Жетіжылдық кезеңде көптеген жаңа совхоздардың құрылған негізгі базасы жері көп, бірақ экономикалық тұрғыдан өте әлсіз колхоздар еді. Колхоз базасында совхоздар құра отырып, Кеңес мемлекеті ауыл шаруашылығының өндіргіш күшін дамытудың деңгейін көтеруді, ауылшаруашылық өнімдерді орасан зор жер массивтерін неғұрлым тиімді қолдану жолымен ұлғайтуды мақсат етті. Бұл жерде жаңа совхоздардың іс-әрекеті бірден жоғары рентабельді болмайтыны ескеріліп отырды. Өздерінің қалыптасу процесінде олар жаңа техникамен жабдықталды және үлкен күрделі құрылыстар жүргізілді, бұрынғы колхозшылардың біліктілік деңгейін көтерді, егіншілік мәдениетін дамытып, жұмысшылардың жұмыс жағдайы мен тұрмысын жақсартты.

Колхоз базасында құрылған совхоздар, бұрынғы және тың совхоздарынан жер аумағы көлемімен және мал басының санымен де, сонымен қатар, жұмысшылардың санымен де едәуір ірілеу болды. Біріншілерде бір шаруашылықта 827 жұмысшы болса, екіншілерде- 628 болды. Ал еңбек өнімділігі және жалпы өнім өндірісі 100 гектар жыртылған жерге шаққанда кейінгілерде едәуір жоғары болды. Бұл бұрынғы және тың совхоздарында еңбек ұйымдастыру өте жетісті болғанын көрсетеді. Сонымен бірге, жерді игеру көлемі колхоз базасында құрылған совхоздарда өте жоғары болды.

Қарағанды облысы бойынша бір жұмыскерге 672 гектар, ал ұзак мерзім пайдаланылатын жерді алсақ - 764 гектардан келген.

Шахтада бірнеше рет әлемдік, бұкіл одақтық, ресцубликалық рекорттар жасалды.

1957 жыл. № 31 шахтаның бригадасы, 31 жұмыс күннің ішінде «Донбас» комбайнымен 27 мың тонна көмір өндірді, әлемдік рекорд белгіленді.

1961 жыл. № 31 шахта. В. Величкина бригадасы бір айда 48415 тонна өндірді. Әлемдік рекорд.


1966 жыл. № 122 шахта. Л. Дақдсберг бригадасы «Қарағанды 7-15» комбайнымен 31 жұмыс күннің ішінде вентеляциялық штректің 2523 погондық метрін етті.

1969 жыл. № 33/34 шахта, №1 бөлімше, Ф. Левина ГК-52 комбайнымен бір жұмыс күннің ішінде 81133 тонна көмір өндірді. Бүкілодақтык рекорд.

1966-1970 ж. 8-бесжылдықтың қорытындылары бойынша Костенко атындағы шахта Ленин орденімен, Теміртау қаласы, Ленин атындағы шахта, «Қазақ металлургия құрылысы»тресі, Қарағанды кондитер фабрикасы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды (1971 ж.). Бұл жылдары Орталық Қазақстанда 100 шақты ірі өнеркәсіп орындары, соның ішінде Қарағанды металлургия комбинатында 1150 слябинг, 1700 ыстық прокат станы және 6-кокс батареялары, «Тентек» шахтасы пайдалануға берілді, өнеркәсіптік негізде мамандандырылған 7 құс фабрикасы мен құс совхозы, 18 көкөніс-сүт, 12 сүт, 9 ет өнімі совхозы, өнімділігі жоғары қазақтын ақбас сиыры мен еділбай қойын өсіретін 4 асыл тұқымды мал совхозы құрылды. Үкімет облыс ауыл шаруашылығы еңбеккерлердің табыстарын жоғары бағалады: 1 мыңнан аса адам КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталды, сауыншылар Е. Ортман мен В. Руссу Социалистік Еңбек Ері деген жоғары атаққа ие болды.

Қарағандының 1-ГРЭС негізінде Қараганды энергетика жүйесі құрылды. Қарағандыда санитарлық-техникалық жабдықтар, Ақтауда цемент және асбест-цемент бұйымдары зауыттары іске қосылды.


Мыс және темір кендері орналасқан аймақтарда жаңа жұмысшы поселкелері пайда болды, 1954 ж. Жезказған, 1963 ж. Қаражал, 1973 ж. Никольск (1990 жылдан Сәтбаев) қала мәртебесіне ие болды. Кен орындарын игеруде жаңадан салынған Атасу-Каражал (1959, 66 км), Солонички-Қарағайлы (1965, 252 км), Балқаш-Саяқ (1971, 205 км) т. ж. тармақтарының маңызы зор болды.

1970 жылдан бастап бассейнде 26 шахта және 4 байыту фабрикасы жұмыс істеді.

1976 жылы қол жеткізген табыстары үшін «Қарағандыкөмір» бірлестігі Октябрь революциясы орденімен марапатталды.

1977 жылдың желтоқсан айында өндірісте рекорд жасалды - жанармай өндіруде бір адамға 100 тонна айына.


1978 ж. қаңтарда Қарағанды шахтерлері миллиардыншы тонна көмір өндірді. 1979 ж. желтоқсанда «Тентек» шахтасы пайдалануға берілді, 1980 ж. желтоксанда «Шығыс» Орталық байыту фабрикасы іске қосылды, оның жылына 6 млн. тоннадай көмір өндейтін жобалық куаты бар. Осы жылдары Костенко атындағы, «ІІІерубай-Нұра», Октябрь революциясының 50 жылдығы т.б. шахталарды қайта құру аяқталды. Лисаковскінің жоғары фосфорлы темір рудасы шикізатын өңдеуді өнеркәсіпте игеру металлургтердің аса ірі ғылыми-техникалық жетістігі болды (КСРО Мемлекеттік сыйлығы, 1984). 1983 ж. бірегей Шұбаркөл көмір кен орны ашылып, игеріле бастады, оған Қызылжар стансасынан т. ж. тартылды әуелі вахталық, кейін тұрақты поселке орнады. 1984 ж. қарағандылықтар көміршілер каласының 50 жылдығын атап өтті. Осы окиғаға орай қала Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Қол жеткен жетістіктерге қарамастан тоталитарлық жүйенің зардаптары, Горбачевтің тереңнен ойластырылмаған қайта құруы мен елді демократияландыруы көп ұзамай тығырыққа тіреді. 1986 ж. Алматыдағы желтоқсан қозғалысы Қарағанды мен Жезқазған жастары тарапынан қолдау тапты. 1989 ж. шілде айында Қарағаңды бассейнінің шахтерлері қалыптасқан жағдайға өз наразылықтарын білдіріп, ереуілге шықты.



Қолданылған әдебиеттер тізімі:

Михайлов Ф.Н. Совхозное строительство в Казахстане. - Алма-Ата, 1973.

Михайлов Ф.К., Шамшатов И.Ш. Народное движение за освоение целинных земель в Казахстане. - Алма-Ата, 1964.

Народное хозяйство Казахстана. Статистический сборник. - Алма-Ата, 1957.

Савосько В.К., Шамшатов И.Ш. Колхозное строительство в Казахстане. - Алма-Ата, 1986.

Очерки экономической истории Казахской ССР /Под ред. С.Б. Баишева. - Алма-Ата: «Казахстан», 1974.