Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






Мартбек Тоқмырза

Бірнеше сатиралық жинақтың авторы, сатира сардары Мартбек Тоқмырза 1968 жылы 7 наурызда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында дүниеге келді. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетін бітірген соң, ұзақ жылдар бойы журналистика саласында жұмыс істеді. 1992 жылдары өзінің еңбек жолын "Қазақстан-Қарағанды" телеарнасында бастаған болатын. Осы жылдарда «Біз жанбасақ», «Әріптестермен әңгіме», «Өнер саңлағы», «Езу тартар»,«Білгенге маржан» хабарлары жарыққа шығып тұрды. 1999 жылы "Журналистика" номинациясы бойынша халықаралық "Шабыт" фестивалінің лауреаты атанды. 2001-2003 жылдары Астанада «Қазақстан» телеарнасы, қазақ радиосында және халықаралық «Азаттық» радиосында қызмет жасады. Мартбек Тоқмырзаның "Жымиясың сен неге?" атты кітабы жарық көрген. "Жымиясың сен неге?" кітабында автордың көп жылдардағы сатирасы, фельетондары, сықақ әңгімелері енгізілген. Мартбек Мекентайұлы Қарағанды жұртшылығына облыстық теледидар мен Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУдің журналистика бөлімі, Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының «БОТА» жастар интеллектуалды орталығының жігерлі жұмыстарымен танымал. Жастардың бар қабілет- қарымы мен талантын көрсететін игілікті шараларды ұйымдастырып, рухани демеушісі болған клубтың алғашқы бастауында , әнші-өнертанушы Ерлан Төлеутай,журналист-сатирик Мартбек Тоқмырза, мәдениеттанушы Омар Жәлел болды. Жастарға бағыт-бағдар беріп, ізгілік жолында тәрбие бердi. М.Тоқмырза өмірінің соңғы жылдарында Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университеті, журналистика кафедрасының оқытушысы болды. Саналы ғұмырын сатира саласы мен журналистикаға арнаған Мартбек Мекентайұлы 2010 жылы дүниеден өтті.