Карлаг

ҚАРАҒАНДЫ ЕҢБЕКПЕН ТҮЗЕТУ ЛАГЕРІ

1930 жылы ұйымдастырылған. 1930 жылдың мамыр айында КСРО ХКК «Қазақ еңбекпен түзету лагерлерін ұйымдастыру туралы» Қаулысы қабылданды. Құжатта: «саяси-шаруашылық және аграрлық-мәдени, Қазақстандағы ОГПУ-дың ерекше мақсаттағы лагерлері Қарқаралы окургіндегі мәжбүр ету арқылы жұмыс істету лагерлері жанындағы үлкен аралас құрылатын кеңшарларды ескере отырып, Халық комиссарлар кеңесі қаулы етеді:

1. Жер Халық Комиссариатының қорытындысына және ОГПУ-дің ерекше мақсаттағы Қазақстандағы лагерьлер басқарамасының Қоянды жәрмеңкесі аумағы мен құрылыстарынан басқа 110.000 гектар алаңды мерзімсіз тегін пайдалануға деген өтініші қанағаттандырылсын. 2. Қазақ КСРО Жер Халық Комиссариатына аталмыш лагерьлерге бөлінетін жерді дереу бөліп, жұмыс жүргізетін техникалық қызметкерлерді іріктеу тапсырылсын. Бүкіл жұмыстар Қазақстандағы ОГПУ ерекше мақсаттағы лагерьлер басқармасы күші мен қаражаты арқылы жүзеге асырылсын» деп айтылады.


Осы қаулыға сәйкес 1930 жылғы 13 мамырда Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі Қарқаралы округінің Бесоба мен Қоянды жәрмеңкесі арасындағы 110.000 гектар жерді бүкіл құрылыстарымен ОГПУ ерекше мақсаттағы лагерьлерінің қарамағына беру туралы шешім қабылдайды. Алайда, бір жылдан кейін, яғни 1931 жылғы 19 желтоқсанда басқаша шешім қабылданады онда: « «Қазақ еңбекпен түзеу лагерінің» бірінші бөлімшесі – «Гигант» кеңшары осы күннен бастап қысқартылған түрде «КарлагОГПУ» деп аталатын, ГУЛАГ-қа тікелей бағынатын Қарағандының жеке еңбекпен түзеу лагері болып қайта құрылатыны, лагерь басқарамсы Долинка селосында орналасатыны» айтылған.

Сонымен, Қарағанды еңбекпен түзеу лагері 1931 жылы 19 желтоқсанда құрылды, лагерьдің орталығы Қарағанды қаласынан 45 шақырым жердегі Долинка селосы болды, оған 120 000 гектар егістікке жарамды жер, 41 мың гектар шабындық жер бөлініп берілді. Карлаг аумағы солтүстіктен оңтүстікке дейінгі 300 шақырым, шығыстан батысқа дейінгі 200 шақырым жерді алып жатты. Оған қоса осы аумақтан сыртқары лагерьден 350 шақырым жерде Ақмола және 650 шақырым жерде Балқаш бөлімшелері құрылды. Карлагты құрудағы басты мақсаттардың бірі – сол кезде қарқыныды дами бастаған Орталық Қазақстандағы Қарағанды көмір бассейініне, Жезқазған және Балқаш мыс қорыту комбинаттарына аса ірі азық-түлік базасын жасау болды. Оған осы өнеркәсіп салаларын құрып, дамытуға жұмыс күші де қажет болатын.

Карлаг далада, Орталық Қазақстанның елсіз мекендерінде құрылды деген сөз дұрыс емес. Лагерьге бөлініп берілген ұланғайыр аймақта қазақтардың, орыстардың, немістер мен украиндардың елде мекендері болатын. Тарихтан белгілі, қазақтар бұл жерді ғасырлар бойы мекендеген, ал немістер, орыстар мен украиндар бұл жерге 1906-1910 жылдары қоныс аударған. Ақмола губерниясының 1909 жылғы 10 желтоқсадағы қаулысы бойынша Долинка селосы дербес поселке атағына ие болған. 1911 жылы мұнда 2630 адам тұрған, олардың ішінде немістер, орыстар және украиндар болған.

Карлаг аумағында 80 мың тұрғыны бар 4 мың қазақ киіз үйі, 1200 неміс, орыс, украин үйлері болды. 1930-1931 жылдары халықты зорлап көшіру басталды. Бұл операциялар үшін НКВД-нің әскері пайдаланылды. Немістер мен орытар, украиндар негізінен Қарағанды облысының Тельман, Осакаров және Нұра аудандарына қоныс аударды. Қазақтардың тағдыры ерекше қайғылы болды: лагерьлерге берліген жердің солтүстік бөлігіндегі халықтың көпшілігі Қарағандыға, оған таяу жерлерге көшті. Бұның бәрі байлар мен кулактарды тәркілеп, олардың мыңдаған малын талан-таражға салумен тұтас келді. Тәркіленген малдың біразы «Гигант» кеңшарында арнайы ұйымдастырылған «Востокмясо» деген ұйымға берілді. Жергілікті халық көшірілгеннен кейін бос қалған жерлерді тұтықындардың сан мыңдаған топтары мекендеді. Олар лагерьдің бүкіл аумағына орналастырылды: теміржол салды, өздеріне барактар, мал қоралар, күзеттегі жауынгерлерге казармалар, бастықтарға тұрғын үйлер салды. Құрылысқа көбінесе ескі үйлердің материалдары пайдаланылды, «бейіттердің саман кірпіштерін пайдалануға тыйым салынды», алайда ол тыйым кейде сақталған жоқ. Бейіттердің бұзылу фактісі Қарағанды облысының Жаңарқа ауданында кездесті. Бұл туралы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ж. Сүлейменов Қарағанды обкомының бірінші хатшысы Галайдинге арнаулы хат жолдады. Хатта былай делінген: «Аудан аумағында Карлаг бөлімшелерін салу кезінде Ортау, Алабас, Жайдақсу шатқалдарында Карлаг қызметкерлері қазақтың атақты адамдарының бейітін бұзды. Атақты Жидебай Сыздықтың және басқа да кісілердің бейіттері бұзылды, мал қораға айналдырылды». Карлаг басқармасы тек қана ОГПУ (НКВД) ГУЛАГ-қа, Москваға бағынды. Республикалық және облыстық партия, кеңес органдары лагерь қызметіне ешқандай ықпал ете алмады. Бұл өзі тізгіні Москадағылардың қолында болған отарлық үлгідегі құрылым еді. Мәні бойынша ол мемлекеттің ішіндегі мемлекет болды. Оның өзіндік шынайы өкіметі, қару-жарағы, көлік-құралдары, поштасы мен телеграфы болды. Көптеген бөлімшелері – «нүктелері» бірыңғай шаруашылық тетікпен байланыстырылды, олардың өзіндік мемлекеттік жоспары болды.

Карлагтың құрылымы да мейлінше күрделі еді. Оның көптеген бөлімшелері болды: әкімшілік-шаруашылық (ӘШБ), есепке алу, бөлу бөлімі (ЕББ), бақылау-жоспарлау бөлімі (БЖБ), мәдени-тәрбие бөлімі (МТБ), кадрлар, жабдықтау, сауда, жедел-чекистік, қаржы, көлік және саяси бөлімдер. Осы соңғы бөлім ГУЛАГ басқармасына ай сайын 17 түрлі есеп жіберіп отырды. Жоғары тиімділік (арзан жұмыс күші, оған қоса қорлар құнының, аммортизациялық шығынның төмендігі) өндірісті кеңейтуге жағдай жасады. Карлаг шаруашылығының негізгі бөлігі Қарағанды мен Ақмола облыстарының аумағында жатты. Егер 1931 жылы Карлаг аумағы 53 000 гектар болса, 1941 жылы 1 780 650 гектар болды. Егер 1931 жылы Карлагта 14 бөлімше, 64 учаске болса, 1941 жылы 22 бөлімше, 159 учаске, ал, 1953 жылы 26 бөлімше, 192 лагерь нүктелері болды. әрбір бөлімше өз кезегінде бірқатар шаруашылық бөлімшелеріне бөлініп, учаске, нүкте, ферма деп аталынды. Лагерьде 106 мал шаруашылығы фермасы, 7 бақша учаскесі мен 10 егістік учаскесі болды. Бөлімшелер мен учаскелердің лагерь орталығынан қашықтығы 5 шақырымнан 650 шақырымға жететін. Карлаг аумағы 1950 жылы 2 087 646 гектар, яғни 20 876 шаршы шақырым болды, соның ішінде егістік – 111 886 га, шабындық – 337 670га, жайылым – 1 378 999 га.

Лагерьдегі ауыл шаруашылығының үлес салмағы 58,5 пайызды, өнекәсіптікі -41,5 пайыз болды. Ауыл шаруашылғының екі бейіні болды: өсімдік шруашылығының үлес салмағы -51,8%, мал шаруашылығы -48,2 % болды. Карлаг тұтқындарының жалпы саны кейбір жылдар бойынша келесідей: бір кездері тұтқындар саны 75 мың адамға өсті. Бұл адамдар лагерьдегі барлық қиындықтарға төзіп бақты, моральдық және басқа да ауыртпалықтарды көтеріп, адамгершілік қасиеттерін сақтай білді.

СПАССК - ӘСКЕРИ ТҰТҚЫНДАР ЛАГЕРІ

ОГПУ-НВД-МТБ Спасск ерекше лагерь бөлімшесі Қарағандыдан 45 шақырым жерде орналасқан. Спасск – революцияға дейінгі Қазақстанға қоныстанған шетелдік ірі іскерлер компаниясының орталығы болған жер. 1931 жылға дейін Спасск Қарағанды ауданының орталығы болды. 1931 жылдың наурызынан Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінің қарамағына берілді. Кейінірек мұнда Карлагтан бөлек «Песчанный» деген аса үрейлі, лагерь бөлініп шықты. Бұл жерден ешкім тірі қайтпайтын. Егер Қарабас Карлагтың қақпасы болса, Спасск оның бауырластар зираты болды. Сыртқаттанып қалған тұтқындарды өлу үшін Спасскіге жіберетін. Сондықтан да бүкілодақтық ерекше лагерьлердегі мүгедектер мекені деген атауға ие болды. Шәйт болған тұтқындардың төмпешікке айналған қабірлері әлі күнге дейін сақталып жатыр.

КСРО Ішкі істер министрінің орынбасары Чернышевтің 1941 жылғы 24 маусымдағы нұқауына сәйкес Спасскідегі соғыс тұтқындарына арналған арнаулы лагер ұйымдастырылды. Лагерь екі блімшеге – Орталық және екінші Көкөзек бөлімшесіне бөлінді. Соңғысы негізгі лагерьден бөлініп шығарылған, соғыс тұтқындарынан мүлде ажыратылған адамдардан құралды. Бөлімшелер арасының қашықтығы - 500 метр болды. Екі лагерь бөлімшелерінің қалыпты және барынша сыйымдылығы келесідей болды: а) әскери тұтқындарға арналған орталық бөлімшенің қалыпты сыйымдылғы 5000 адам, барынша сыйымдылығы - 6000 адам; в) «Көкөзек» бөлімшесі қалыпты сыйымдылғы - 650 адам, барынша - 1100 адам. Барлығы 19 әскери бекетте 259 әскери адам қызмет етті. Лагерьдің 100 шақырым айналысындағы елді мекендерде жергілікті іздестіру топтары болды. Жергілікті тұрғындар арасындағы белсенділерден қашқын тұтқындарды ұстауға көмектесетін бригадалар жасақталды. Осындай 46 бригадаға 214 адам топтастырылды.

Лагерьге 22 бөлімше қарады. Олар Қарағанды, Теміртау, Саран, Балқаш қалаларында болды. Сондай-ақ Қарағандыдан 360 шақырым жердегі Ақмола облысының Жолымбет кентіндегі бір бөлімше ұсталынды. Қалғандары Қарағанды қаласының ішіндегі: кірпіш зауытында, Майқұдықта, Пришахтискіде, Үлкен Михайловка станицясында болды. Соғыс тұтқындарының алғашқы эшелоны Спасскіге 1941 жылдың тамыз айында әкелінді. Бұлар 1436 адам еді. Екі жылдан кейін соғыс тұтқындарының саны екі есе өсті. Лагерь өмір сүрген он жыл ішінде мұнда 26 ұлттың өкілінен құралған 40 мыңға жуық соғыс тұтқындары ұсталынды.

Лагерьлерге әкелінген әскери тұтқындардың саны 1944 жылдың екінші жартысында күрт өсті. Егер 1944 жылдың қаңтар айында лагерьде 2529 әскери тұтқын ұсталса, онда қазан айында олардың саны 11583 адамға жетті. 1945 жылдың қазан-қараша айларында лагерьге жапон армиясының 11608 әскери тұтқыны бес эшелонмен әкелінді. Тұтқындарды жұмыс күші ретінде шахталарда, кірпіш зауыттарында, жөндеу-механика зауыттарында, құрылыс ұйымдарында пайдаланды.

«Қарағанды көмір», «Шахта құрылыс», «Тұрғынүй құрылыс», «Металлург құрылыс», «Теміржол құрылыс» тресттерінде және басқа ұйымдарда 1945 жылы 9537 адам, ал, 1946 жылы -18592 адам, 1949 жылы - 15 мың адам жұмыс істеді. Қарағанды көмір бассейнінде мысалы соғыс тұтқындарын шахта жұмысына даярлау жөнінде өте үлкен жұмыс жүргізілді. 1945 жылы 1162 адам курстық тәсілмен оқытылды, олардың ішінде: навалсоққыштар - 225 адам, тіреушілер - 452 адам, темір ұсталары-159 адам, қазба машинистері -85 адам, қазушылар - 11 адам және т.б. Бұдан басқа жеке-бригадалық тәсілмен 1753 адам оқытылды, оның ішінде: навалобойщиктер -800 адам, крепильщиктер - 200 адам, проходчиктер - 250 адам және т.б. күн сайынғы тапсырысты мүлтіксіз, артығымен орындау үшін лагерь басшылары мынандай нұсқау белгіледі: «егер әскери тұтқындар бригадасы 8 сағат ішінде тапсырманы орындамаған болса, онда олар қосымша үш сағат жұмыс істеуге тиіс». Нысандарға арнаулы күзет тағайындалды. Олар тапсырманы 100 пайыз орындалуын талап етуге құқылы болды. Карлагтағы сияқты, әскери тұтқындары да өндірістік жоспарларды артығымен орындаған үшін сыйақы алып отырды. 1946 жылдың қыркүйек айында 201 жұмысшы (150 сомнан 1200 сомға дейін), қазан айында -219 лагерь жұмысшысы сыйақы алды. Соғыс тұтқындары жұмыс істеген шахталарда тәртіп бұзушылықтар болды, еркімен жалданып істейтін жұмысшылар он күндік әскери тұтқындар есебінен жазып жіберу орын алды. 1945 жылдың 14 тамызында «Киров көмір» трестінің №3 шахтасында №2 учаскедегі ауысымдық тапсырма жоспары көмір шығару 88 тоннаны құрады, іс жүзінде 135 тонна немесе 153,4% шығарылды. 5 адам еркімен жалданып істейтін жұмысшы, 17 әскери тұтқын, олардың ішінде 10 навалсоққыштар жұмыс істеді. Бұл күні еркімен жалданып істейтін навалсоққыштар ауысымда болмаған. Десятник рапортты жұмыс істемеген еркімен жалданып жұмыс істегендер есебіне жазған. Осы шахтаның №7 учаскеде десятник 22 әскери тұтқын, 9 еркімен жалданып жұмыс істейтіндер еңбек еткен, көмірді шығару жоспарының орындалуын еркімен жалданып жұмыс істейтіндер есебіне жазған. әскери тұтқындар арасында өлім жоғары болды. Толық емес деректер бойынша 1942-46 жылдар арасында 7 мыңнан астам адам өлген. Тек 1945 жылы 2430 адам өлген. 1945-49 жылдары жапон тұтқындары арасындағы өлім былайша: 1945 жылы -49, 1946 жылы-228, 1947 жылы – 149, 1948 жылы – 92, 1949 жылы – 38, барлығы 556 адам. Негізгі қойылған диагноздар: туберкулез және аштықтан титықтау. Лагерьде тұтқындарды сауықтыру, өлімнен құтқарып қалу шаралары ұйымдастырылмады. Барактардың санитарлық жағдайы адам төзгісіз болды. Кей жағдайда лагерь бөлімшелерінде тұтқындарының жаппай уланып қалу оқиғалары кездесті. Мұндайда оларға жедел көмек көрсетілмеді. Мысалы, 12 және 15-ші лагерь бөлімшелерінде 96 адам дизентериямен лазаретке түскенде, оларға 3-4 күн бойы ешқандай дәрігерлік көмек көрсетілмеген. Лагерьде 10дәрігер, 8 медбике, 4 фельдшер және 11 санитарка жұмыс істеді. Олар лагерьдегі бүкіл ауруларға қызмет көрсетіп үлгере алмайтын. Себебі, арнаулы госпитальда бір мыңнан үш мыңға дейін науқас тұтқындар жататын.


Барактарда температура қалыпты болған жоқ, үнемі суық болды, қыста барактардың сыртқы есіктері жабылмайтын еді. 17 лагерь бөлімшелерінде 44 адамның үсіп кеткен оқиғалары орын алған, олардың ішінде І дәрежелі – 14, ІІ дәрежелі – 24, ІІІ дәрежелі – 6 адам. Лазеретке түскен ауру тұтқындардың бағалы заттары (сағат, сақина, ақша жән т.б) сақтауға қабылданбай, тұтқындардың өздерінде болғандықтан ұрлық жасау орын алған. Тіпті лагерь қызметкерлерінің өздері де олардан бағалы заттарды сатып алатын оқиғалар да тікелген. Соғыс тұтқындарының лагерьден қашу оқиғалары да кездесіп тұрды. 1944 жылы 5 адам қашып, 3 адам қашуға әрекет жасаған. Ал 1946 жылы лагерьден 41 адам қашқан. Солардың ішінде немістер – 8, румындар – 14, жапондар -13, венгрлер -4, молдавандар -2. Мереке күндері лагерь күзетін күшейту және қашу жағдайларының алдын алу мақсатында соғыс тұтқындарын зона аймағынан тыс жерлерге жұмысқа алып шығуға тыйым салынды. Сонымен қатар мереке күндері учаскелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және соғыс тұтқындарының қашып кету әркеттерінің алдын-алу үшін лагерь учаскелеріне қосымша вахтерлік посттар мен бақылаушылар қою арқылы күшейтілген күзеттер қойылған. Мереке алдында сақтауға тыйым салынған заттарды алып қою мақсатында әскери тұтқындардың жеке заттарын және тұратын бөлмелеріне тінту жүргізген. Спасск лагері Карлаг жүйесіндегі ерекше режимдегі лагерь деп есептегендіктен каторжниктерді, ерекше қауіпті қылмыскерлерді үнемі Карлагқа аттандырып отырды. Спасск лагері 1956 жылға дейін карлагтың құрамнда қалды.

КАРЛАГ – СТЕПЛАГ

Жезқазған қаласы мен кен металлургия комбинатының құрылысы 1936 жылы басталды. 1940 жылы Кеңгір өзенінің жағасында бұрынғы пионер лагерінің орнына КСРО Ішкі істер министрлігінің аса ірі Жезқазған лагері құрылды. Үлкен Жезқазғанның жұмыс істеп тұрған және салынып жатқан нысандарының бәрі НКВД-ның қарауына беріліп, «Жезқазған еңбекпен түзеу лагері және НКВД комбинаты» деп, ал Жезқазған қаласының құрылыс алаңы «НКВД-нің Кеңгір құрылыс ауданы» деп аталынды.

Өнеркәсіп пен құрылыс нысандарында 7 мыңнан астам тұтқындар жұмыс істеді. Ең әуелі Кеңгір су қоймасының бөгені мен жылу электр орталығы салынды. Тұтқындардың күшімен ұзындығы 400 шақырымнан астам Жарық станциясынан Кеңгірге дейін теміржол тармағы тартылды. Құрылыс нысандарының ұлғаюына байланысты тұтқындардың саны да өсе түсті. Рудниктерде 3117, Жезқазған марганец кенішіне тартылған теміржол құрылысында 2731, Жезқазған кенішінде 2100, басқа да өнеркәсіп нысандарында 1553, азаматтық құрылыста 1901, Байқоңыр көмірін өндіруде 300, ауыл шаруашылығы жұмыстарында 338 тұтқын жұмыс істеді. 1941 жыл ішінде комбинат пен лагерь 52 млн. сом капитал салымын игерді және құрамында 1500 тонна мысы бар 53 мың тонна мыс кенін қазып шығарды. 1941 жылдың 1 қаңтарында комбинатта барлығы 1784 ерікті жұмысшылар, соның ішінде 780 жұмысшы жұмыс істеді. Бұдан басқа мың адамдай күзет және лагерь әкімшілігінің қызметкерлері болды. Осы жылы тұтқындардың жаңа легі келіп қосылды. Кеніштердегі жұмысшылардың саны едәуір ұлғайды. 1942 жылы 605 мың тонна мыс кені қазып шығарылды (19800 тонна мыс). Шығарылған кендер Балқашқа, Қарсақпай мыс зауытына, Орал зауыттарына жіберілді. Соғыстың алғашқы жылдары алдында істен шыққан төрт шахта іске қосылды. Бес шахта қосалқы болды, ең бірінші ірі № 31 шахта іске қосылды.

1942 жылы Үлкен Жезді далалық өзеннің құмды жағалауында шамамен екі ондық уақытша барактар пайда болды. Бұл жерде тұтқын құрылысшылар мен болашақ Жезқазған марганец кенішінің пайдаланушылары орналастырылды. КСРО ХКК шешімінен және кеніштің құрылысы басталғаннан кейін 38 күн өткен соң 1942 жылдың 12 маусымында марганец кенінің алғашқы тонналары шығарылып, тұтынушы зауыттарға жіберілді.

Соғыс жылдарында Жезқазған кеніші Магнитогорск және Кузнецк металлургия комбинаттарының марганецке деген қажетін елеулі түрде қанағаттандырып отырды. Тұтқынадардың бұндай еңбектегі ерлік нәтижелері лагерьге еңбексүйгіш, жоғары білікті мамандар мен инженер-техник қызметкерлердің әкелінуімен түсіндіріледі. Ұлы Отан соғысы жылдары Жезқазған КСРО-ның қорғаныс өнекәсібіне мыстың жартысынан астамын және марганецтің 70 пайызын берді.

1941-1942 жылдары Жезқазған лагерінде контрреволюциялық қылмысы үшін 1830, қарақшылық пен кісі өлтіргені үшін 548, шекараны жасырын түрде бұзғаны үшін 108, әскерден қашқаны және соғыс қылымыс үшін 477, басқа да қылмыстары үшін 9050 адам отырды. Осы соңғы, «басқа да қылмыстары үшін» отырғандардың арасында ешқандай жазығы жоқ жұмысшылар, колхозшылар, инженерлер және басқа да мамандық адамдары, НКВД-нің нұсқауы бойынша құлдық жұмысқа жіберілген адамдар көп еді. Олар айыпты болғандықтан емес, құрылыста, шахталар мен кеніштерде қажет болғандықтан лагерьлерде отырды. 1945 жылдың наурыз айында Карлагтың Кеңгір бөлімшесі негізінде соғыс тұтқындарына арналған №50 лагері құрылды. Жылдың аяғына дейін ол №39 лагерьге айналдырылды. Тұтқынға түскен неміс жауынгерлерінің алғашқы 8 мың адамдық эшелоны Кеңгірге 1945 жылғы 23 сәуірде келіп түсті.

1946 жылға дейін ерекше қауіпті қылмыскерлер, «халық жаулары», «отанын сатқандар», «контрреволюционерлер» үшін құрылған Жезқазған лагері Карлагтың қарамағында болды. Егер Карлаг патшалы Ресейдің еңбекпен түзеу колониясы принципі бойынша құрылған болса, Степлаг Герман концлагерьлерінің принципі бойынша құрылды. Егер Карлаг тұтқындары негізінен ауылшарушылығымен айналысса, Степлаг тұтқындары тек қана өнідірістік кәсіпорындарда жұмыс істеді. Лагерьдің бұрынғы тұтқыны Р. Ахметов былай деп еске алады: «Біздер фашистік концлагерьдегідей тұрдық. Мұнда әрбір тұтқынға арнаулы шифр-номер берілетін. Бізді ешқашан аты-жөнімізбен атамайтын, шифр-номерімізбен шақыратын. Әр бригадада 15-20 адамнан болды. Тұтқындар мыс кенін шығаруда жұмыс жасады. Бұрғылау құрғақ күйде жүргізілгендіктен, бос қазбаның шаңы тубуркулез және силикоз ауруларына алып келетін. Тұтқындардың жағдайы өте ауыр болды. Барлық жағдайлар тұтқындардың ашу- ызасын тудырды. Тұтқындар дұрыс тамақтанбады, дұрыс ем қабылдаған жоқ, үнемі қорлады. Бұлардың барлығы наразылққа алып келді. 1954 жылы 16 мамырда Степлагта атақты көтеріліс бұрқ ете түсті.ол бүкіл ГУЛАГ жүйесін дүр сілкіндірді. Стпелаг тұтқындарының көтерілісі 40 күнге созылды. Олар үкіметке ұйымдасқан түрде қарсылық көрсетті. Көтерілістің басында Кеңес Армиясының неміс тұтқыныда болған әскери интеллигенциясының өкілдері тұрды. Бұлар ақылды, сауатты, батыл шешім қабылдайтын адамдар еді.


Жезқазғандағы көтеріліске КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік министрі Серов, ішкі істер министрі Круглов, Бас прокурор Руденко, ГУЛАГ бастығы Долгих және басқалар келді.

Көтеріліс соғыс техникасының және тұрақты армия бөлімінің күшімен асқан қатыгездікпен басылды. Көтеріліс басшылары тұтқындалды. өлгендер мен жарақаттанғандар көп болған, тірі алған куәгерлердің айтуынша 600 адам өліп, жарақаттанған. Кеңгір өндірістік-жоспарлау бөлімінің материалдары бойынша 700-ден астам өліп, жарақаттанған». Кеңгір бөлімшесіндегі тұтқындардың қарсылығы бұрын өмір сүрген және өмір сүретін лагерьлер тарихында аса маңызды орны бар оқиға. Кеңгір көтеріліснен кейін бүкіл ГУЛАГ жүйесіндегі каторгалық ерекше лагерьлер жойылды.


Қолданылған әдебиеттер тізімі:

Бугай Н.Ф. Депортация этнических общностей: проблемы реабилитации в Росии и Казахстане // Россия и Казахстан: проблемы истории (20 – начало 21 века). – М., 2006.

Козыбаев М.К., Абылхожин Ж.Б., Алдажуманов К.С. Коллективизация в Казахстане: трагедия крестьянства. - А, 1992.

Козыбаев М., Алдажуманов К. Тоталитарный социализм: реальность и последствия. - А., 1997.

Алдажуманов К.С. Крестьянское движение сопротивления. //Депортированные в Казахстан народы: история и судьбы. А, - 1998.

Алдажуманов К.С. Открытые судебные процессы в Казахстане. //Материалы «круглых столов» и семинаров. - А, 1996.

Шаймуханов Д.А., Шаймуханова С.Д. Карлаг. - Караганда 1997.

Спецпереселенцы в Карагандинской области. Сборник документов и материалов. - Караганда 2007.

Книга скорби. Расстрельные списки. Том 3. Карагандинская область. -Алматы 1997.