Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






Бейнелеу және қолданбалы сән өнері

Қазақ халқының сәндік қолданбалы өнерінің ежелгі ұлттық үлгілері мен дәстүрі ғасырлар бойы сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуда. Қазақтың ежелден келе жатқан киіз үйі мен күнделікті тұрмыста пайдаланатын барлық жиһаздары мен заттары ұлттық ою-өрнекпен көркемделіп отырады. Ою-өрнектері қайталанбалы әрі ашық түсті болып келетін алаша, текшелі өрнекті тықыр кілем, әшекей оюлы кебеже сияқты киіз үйдін ішіне тұтынатын сәндік жиһаздармен қатар ағаш ұқсату өнері және жібек жіптермен кестелей тоқу, ағаш пен сүйекті жымдастыру арқылы көркемдеу, тері ұксату (бедерлі инкрустациялы), оймыш, шекіме, бұрама, қалыптама, қаптырма, көз салу секілді зергерлік өнерінің түрлері де өркен жайды.

Қазақтың бейнелеу өнері ерлер мен әйелдердің, жануарлардың тастан қашалған бейнелері, сондай-ақ қыз-келіншектердің қола мүсіншелері түрінде өз өрісін тапты. Жаңа қоғамның рухани тәжірибесін образ түрінде бейнелейтін көркемдік туындылар жастарға тәрбие беріп, ұрпаққа ықпал жасау арқылы дәуірді жалғастырады. Сондықтан бейнелеу өнерінің мазмұны аса мәнді өзгеше жас ұрпаққа көркем ой туғызатындай болуға тиіс. Дүниенің сан алуан тіршілік тынысы мен адам сезімінің байлығын бейнелеу өнері кең ауқымды, көркемдік тұрғыдан көрсетеді. Азаматтық нысандылық, мүсіндік сомдау өнерінің игі дәстүрлерін игеру, елуінші, алпысыншы жылдардағы Қарағанды суретшілер шығармашылығының басты сипаттары болды. Олардың туындыларын көшелер алаңдары мен гүл бақтарының кеңістігінде тұлғаның жарасымды, келісті пішінделуіне, мәнділігіне қарай жазбай тануға болады. Мысалға, А. Билыктың қаламыздың сәулеттік-кеңістік ортасымен әдемі үйлескен, сымбатты шешімін тапқан кенші тұлғасы. Соңғы жылдарды Қарағанды қаласының көркеюіне байланысты ескерткіштердің символдық мәні көп жағдайларда мүсін мен сәулет формаларының өзара белсенді байланысы, сәндік бастаудың, көркем тұлғалық пен шығармашылықтың ұштасуы арқылы ашылды.

Алып ауқымды қала құрылысы, халық әл-ауқатының артуы, өскелең рухани талаптар, жастарға идеялық және адамгершілік тәрбие беру жөніндегі жұмыс ұлттық бейнелеу өнерін өрге бастыруға, оның осы тіршілік кезеңінің талаптарын қажет ететін көркемдік түрлерінің туына пәрменді серпін берді. Түрлі шығармашылық көркемдік құралдарды жандандыру көкейкесті мәселеге айналып, өнердің қоршаған ортада өзгеше эстетикалық әсер қалыптастыратын тәсілдері: мүсін бедерлері; сұңғаттық паннолар, қабырға өрнектері дамыды. 20 ғасырдың 40-жылдардың аяқ шенінде Қарағандыда суретшілер серіктестігінің (КазИЗО) қалалық бөлімшесі ашылды. Көркемөндіріс шеберханасы ұйымдастырылып (1957 ж.), онда суретшілер П.К. Антоненко, П.С. Андриюк, Р. Есіркеев, П.И. Реченский, Ю.В. Гуммель т.б. жұмыс істеді. Қарағандыдағы кейінгі кездегі белгілі суретшілер А.П. Билык, В.И. Крылов, А. Бегалин, С.М. Саносян және т.б. Қарағанды қаласында Қазақстан суретшілер одағының облыстық ұйымы құрылды.

60-жылдары кескіндеме-сызба сурет, мүсін, монументті-бейнелеу өнері жедел дамыған кезең болды. Қарағанды суретшілерінін шығармалары тақырып, жанр, стильдік бағыт жағынан алуан сипат алды. Монументті мүсін саласында Қарағандыда Н. Әбдіров (1958 ж.), «Шахтер даңқы» (1974 ж.) ескерткіштері, «Мәңгілік от» (1978 ж.), Қарқаралылық (1970 ж.) және Теміртаулық (1974 ж.) жауынгерлерге арналған мемориалдық ескерткіштер, Абай қаласында Абай (1974 ж.), Егіндібұлақ ауылында Тәттімбет (1984 ж.) ескерткіштері бой көтерді. Тәуелсіздік жылдары Қарағандының сәулетшілері мен мүсіншілері Астана қаласындағы «Үш би» ескерткішін (1999 ж.), «Отан корғаушылар» архитектуралық-көркемдік композициясын (2001 ж.) салуға, Бұқар жырау кесенесін (1993 ж.), Қарағандыда Бұқар жырау (1993), Егіндібұлақта Қаз дауысты Қазыбек би (1995 ж.) ескерткішін орнатуға ат салысты. Жезқазғанда Қ. Сәтбаевтың (1999 ж.), Балқашта М. Русаковтың ескерткіші, Ұлытауда «Қазақстан мемлекеттігінің тұтастығы мен халықтар бірлігі» монументі (2005 ж.) бой көтерді. Өнер зерттеу саласыңда Орталық Қазақстаңда Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің бейнелеу өнері және дизайн кафедрасы ғылыми орталық болып саналады. Кафедрада Суретшілер одағының 8 мүшесі, Дизайнерлер одағының 7 мүшесі жұмыс істейді. Сарыарканың қолданбалы қолөнері мен Қарағанды суретшілерінің шығармаларының өркендеуіне жүйелі ғылыми пікір айтып, концепция қалыптастырып жүрген кәсіби өнертанушы мамандар, ғалым-зерттеушілер, ғылыми монографиялардың, сыни-шығармашылық басылымдардың, макалалар мен очерктердің, каталогтар мен буклеттердің авторы: профессор, педагогика ғылымдарының докторы, ҚР СО мүшесі Ж.Ш. Балкенов («Халық мұрасындағы ұлттық өрнек және рең», 1994 ж.; «Әдіптеу» 1998 ж.; «Өрнек өнері арқылы болашак мұғалімдерді көркем шығармашылыққа дайындау», 2001;); педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚР СО, мүшесі Л.Р. Золотарева («Қазақстан бейнелеу өнері», 2000 ж.; «Қала тарихы Қарағанды суретшілерінін шығармашылығында», 2004 ж.; «А.К. Бегалин шығармасы халықаралык жобада», 2005 ж.; «Мұражайтану», 2006 ж.), философия ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі Ж.Ш. Резин, («Ұлттық өнердегі ұлттық идея», «Қазіргі дизайн және этномәдениет», 2006 ж.), Ж.К. Қомытов, С.Ж. Бодықов («Орталық Қазакстандағы кәсіптік бейнелеу өнері») т.б., ҚР СО және ҚР ДО мүшелері И.М. Баграмов, А.П. Кұрымбаев, М.С. Қалмаханов, т.б. қолданбалы өнерден түрлі халықаралық, республикалық және аймақтық конкурстарға қатысып, халыққа кең танылды. Облыста «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында көне ескерткіштерді есепке алу, қорғау, Ұлы Жібек жолы тарихи орталықтарын қалпына келтіру, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұрасын сақтау және дәстүрін жалғастыру, солардың негізінде туризм инфрақұрылымын құру бағытында кең көлемді жұмыстар жүргізілуде.


АКАДЕМИК Е.А. БӨКЕТОВ ЕСКЕРТКІШІ

Академик Е.А. Бөкетов ескерткіші 2006 жылы академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің бас кіре берісінің алдындағы алаңға орнатылған. Ескерткіштің авторлары – ҚР Суретшілер одағының мүшесі, «Достық» орденінің иегері А. Билык және Сәулетшілер одағының мүшесі, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты С. Мордвинцев. Бөкетовтың фигурасы қызыл граниттен жасалған тұғырда орналасқан, ол өзінің ғылыми еңбектері жатқан кафедраға сүйеніп тұр. Фигура қоладан құйылған. Фигураның биіктігі 4,32м. Тұғыры қызыл граниттен жасалған. Ескерткіштің жалпы биіктігі 6,48м. Е. Бөкетов ескерткішін тұрғызу туралы шешімді көрнекті ғалымның 80-жылдығына байланысты ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев пен республиканың ескерткіштер мен монументтер жөніндегі Мемлекеттік комиссиясы қабылдаған болатын. Е.А. Бөкетов ескерткішінің құрылысы азаматтардың рухани-білімділік және интеллектуалдық-мәдени деңгейін арттыруға; өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге жәрдемдеседі.




В.И. ЯЗЕВ БЮСТІ

Социалистік Еңбек Ері, Балқаш мыс қорыту зауытының алғашқы салушысы, Қарағанды құрылысшысы В.И. Язев бюсті – мүсінші батырдың мінез-құлқын сәтті көрсете білген. Мүсінші, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі А.П. Билык. Ескерткіштің биіктігі 1,5 м, қола құйма, тұғыры қызыл түсті тақталармен қапталған.




Ж. АҚБАЕВ БЮСТІ

Кәсіби мансап жолын Қарағанды қаласынан бастаған заң саласындағы танымал қайраткер бюсті. Сәулетші Д. Ержанов. Ескерткіштің өлшемі 1,5, Н-1,1м, құйма, қола, тұғыры керамогранитпен қапталған.



ҒАБИДЕН МҰСТАФИН БЮСТІ

Ғабиден Мұстафин бюсті, көрнекті қазақ жазушысы, туғанын 100-жыл толуына орай орындалған. Бюст шынайылық мәнерде орындалған, мүсіншілер жазушының ой үстіндегі сәтін бейнелеуге бар күштерін жұмсаған. Мүсінші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Т.Т. Ермеков, М.О. Сыдықов. Сәулетші, ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі В.А. Троценко. Ескерткіштің өлшемі – 2, Н-1,4 м құйма, қола, тұғыры қызыл түсті гранит тақталармен қапталған.



ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВ БЮСТІ

Бюст бетон - материалды ескере отырып, классикалық мәнерде жасалған. Ұлы ақынның бейнесі ұлылық пен ішкі қуаттың дұрыс берілуімен ерекшеленеді. Мүсінші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Ж.И. Қалиев. Ескерткіштің өлшемі – 2, бетон, мәрмәр үгінді.



Қ.И. СӘТБАЕВ ЕСКЕРТКІШІ

Ескерткіш салтанатты түрде қазақтың көрнекті геолог-ғалымы, Кеңестің Шығыстың тұңғыш Академигі, Республикалық ғылым академиясының негізін салушы және алғашқы президенті, геология ғылымдарын және Ұлы Отан соғысы жылдарында Отанымыздың қорғаныс қабілеттілігн арттыруда үлкен роль атқарған Үлкен Жезқазған кен орындарындағы мыс кенін өндірістік игеруді ұйымдастырушы Қ.И. Сәтбаевтың 100-жылдық мерейтойына орай ашылған. Бюст қоладан құйылған, тұғыры мәрмәр тақтаданжасалған. Ескерткіштің биіктігі 2,7 м, бюсттің биіктігі 1,0 м. Ескерткіш маңызды тарихи-мәдени мәнге ие және Қ.И. Сәтбаев атындағы көшенің ойластырылған бастамасы болып табылады.




Н.В. ГОГОЛЬ БЮСТІ

Ұлы орыс жазушысы Н.В. Гогольдің бюсті – монументалдық өнердің классикалық үлгісі. Сәулетші, ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі В.А. Троценко. Мүсінші ҚР Суретшілер одағының мүшесі Н.А. Новопольцев. Ескерткіштің биіктігі 1,2 м, қола құйма. Тұғыры қызыл түсті гранит тақталармен қапталған.





А.С. ПУШКИННІҢ ЕСКЕРТКІШІ

А.С. Пушкиннің ескерткішін ХХ ғасырдың 50-жылдарының аяғында ресейлік мүсінші орындаған, таралымдық нұсқасы, 2006 жылы жөндеуден өткізіліп, Қазақстандағы А.С. Пушкин жылына арналып қолаға көшірілген болатын. Авторы белгісіз. Ескерткіштің өлшемі жалпы биіктігінен 1,25 м, Н-1,5м қола құйма. Тұғыры сұр түсті гранит тақталармен қапталған.





АППАҚ БАЙЖАНОВ ЕСКЕРТКІШІ

Қарағанды көмірін алғашқы ашушы Аппақ Байжановқа (1824-1887 жж.) арналған ескерткіш салтанатты түрде 1999 жылы тамызда облыстық тарихи-өлкетану мұражайының алдындағы алаңда ашылды. Авторы Ю. Гуммель.



БҰҚАР ЖЫРАУ ЕСКЕРТКІШІ

Бұқар жырау ақын, жырау, қазақтың көрнекті өкілі, Абылай ханның бас кеңесшісі. Көптеген туындылары толғау жанрына жатады. Поэзиялық мұрасын Ж. Көпеев, Г. Потанин, Ш. Уәлиханов, М. Әуезов, С. Сейфуллин және т.б. зерттеген. Ұлы ақынның бейнесі ұлылық пен ішкі күш-жігердің дұрыс берілуімен ерекшеленеді.





Г. ФОГЕЛЕР ЕСКЕРТКІШІ

Көрнекті антифашист-неміс суретшісі Генрих Фогелерге арналған ескерткіш салтанатты түрде 1999 жылы маусымда Немістердің мәдени орталығы ғимаратының алдында ашылды. Ескерткіштің ашылу рәсіміне Ворпсведе қаласынан Г. Фогелердің живописін ұнатушылардың неміс қоғамы мүшелері мен суретшінің туған-туыстары қатысты. Оның жерленген жерін құжат түрінде анықтау мүмкін емес, Белағаш және Корнеевка ауылдарының ауылдық зираттарында Г. Фогелердің жерленген орындары болжаммен белгіленген. Корнеевка ауылында жазуы бар құлпытас, ал Белағаш ауылында – крест орнатылған. Авторы – А.П. Билык.




Н. ӘБДІРОВ ЕСКЕРТКІШІ

Әбдіров ескерткіші, Қарағандының Н. Әбдіров даңғылда 1958 ж. орнатылған. Мүсіншілер: А.П. Билык, Ю.В. Гуммель, архитектор Л.Е. Воробьев. Монументтің жалпы биіктігі 9 м. Шойыннан кұйылған мүсіннің түғыры мәрмәр. Ескерткіш Кеңес Одағының Батыры Н. Әбдіровтің мүсіндік бейнесін мәңгі есте қалдыруға арналған. Өлім мен өмір арпалысы, бостандық үшін өлімге бас тіккен мәрт шешім, жауына қыранша сорғалаған қазақтың батыр ұлының қаһарлы қабағынан айқын аңғарылады. Ескерткіштің өн бойы ширыққан куат, шалт қимылға толы. Н. Әбдіров ескерткіші калаға көрікті сипат берумен бірге, отансүйгіштікке тәрбиелеуде үлкен рөл атқарды.






ҚАРҚАРАЛЫЛЫҚ ЖАУЫНГЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН ЕСКЕРТКІШ-ОБЕЛИСК

«Жауынгер даңқы», 1970 жылы Қарақаралы қ. саябағында тұрғызылған. Мүсінші А.П. Билык. Найза түріндегі облеиск (биіктігі 8 м) пен Мәңгілік алаудың жанындағы дәстүрлі ұлттық киім киген, қайғымен қолдарын алдына айқастыра ұстаған қазақ әйелінің бейнесінен тұрады. Стилобат жабайы таспен қапталған, оның қасбеттік жағында: «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында қазақ болған қарқаралылық жерлестеріміздің даңқы мәңгі арта берсін» деген қазақ және орыс тіліндегі жазбалары бар 2 мемориалдық тақта (бетон, мәрмәр үгінді) орналасқан. Оларды шойыннан жасалған жұлдыз бен Мәңгілік алау ажыратып тұр. Қарқаралылық жауынгерлерге арналған ескеткіш-обелиск – халықтың батырлық өткен күніне деген үлкен құрметтің белгісі.

 



ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНДА ҚАЗА БОЛҒАН ҚАРАҒАНДЫЛЫҚ-ЖАУЫНГЕРЛЕР МОНУМЕНТІ

1976-78 жж. Жеңіс саябағында тұрғызылған. Сәулетші Н. Қойшыбеков, мүсінші Ж.К. Молдабаев. Қызыл гранитпен қапталған көлденең стеладан тұрады, онда орыс және қазақ жауынгерлердің жартылай фигуралары бейнеленген мыс горельеф орналасқан. Монументтің қақ ортасында қола жұлдыз орналасқан. Стеланың алдына қызыл граниттен мінбер жасалған, оған батыр-қалалардың жерлері салынған капсулалар қаланған. Сұр гранитпен қапталған көлбеу қырларын «1941-1945 жж.» деген шойыннан құйылған сандар кесіп өтеді. 1980 жылы монументті тұрғызғандары үшін авторлық ұжымға Қазақстан ЛКЖО сыйлығының лауреаты атағы берілген болатын. Ескерткіш 1984 жылы Егіндібұлақ ауылындағы өлкетану мұражайы ғимаратының алдындағы орталық алаңға орнатылды (сәулетші П. Малков, мүсінші Ж. Молдабаев). Сұр түсті жасанды тастан жасалған. Жоғары ұмтылған ескерткіштің тік пішіні басты болып табылады (ескерткіштің биіктігі 9 м). Бейненің монументтілігі фигураның горельеф бейнесіндегі киімнің төмен түскен қатпарларымен ерекшеленген.








«ҚОБЫЗ» МҮСІНДІК СӘНДІК КОМПОЗИЦИЯ

Сәндік композиция қазақ халқының жанының, оның туған жеріне деген махаббатының белгісі ретіндегі стильденген музыкалық аспап «Қобыздан» тұрады. Сәулетші ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі В.А. Троценко, мүсінші ҚР Суретшілер одағының мүшесі М.А. Қалқабаев. Ескерткіштің биіктілі 2м, қоладан дайындалған, тұғыры сұр гранит.




СҮЙІНШІ МҮСІНДІК-СӘНДІК КОМПОЗИЦИЯ

«Сүйінші» атты фигуралық композициядан, тұғырға орнатылған, шеңбер құрайтын және стеланың тұғырын жиектейтін жұлдызнамалық белгілерден тұрады, алаңның қақ ортасында гранит бағана орналасқан, оған Жер Кіндігі белгісі қойылған. Авторлық ұжым – сәулетшілер ҚР Сәулетшілер одағының мүшелері Г. Баймырза, Е. Шахиев, К. Жанәбілов. Мүсінші ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Комсомол Ленині сыйлығының лауреаты Ж. Молдабаев, мүсінші А. Молдабаев. Фигура – салт атты, ат – құйма, қола, 12 жұлдызнама белгісі d-0,9 м, Жер Кіндігі d-100м.





ТӘУЕЛСІЗДІҢ СТЕЛАСЫ

ТӘУЕЛСІЗДІҢ СТЕЛАСЫ – биіктігі 45 м. Шеңберде отырған Бүркіт, Күн барлығы тәуелсіздіктің белгілері, стеланың төрт бұрышында «Тұлпарлар» орналасқан, олардың қанаттары стеланың 4 жағында орналасқан, қанаттардың арасында 2 медальон, артқы қасбетте дәйексөздер жазылған карниз орнатылған. Төменгі жақта периметр бойынша – Президент Н.Ә. Назарбаевтың сөзінен алынған дәйексөз лавр шеңбері (қола) ретінде жазылған. Стела Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60-жылдығының құрметіне тұрғызылған болатын. Авторлық ұжым – ҚР Суретшілер одағының мүшелері суретшілер М: Аманбаев, Н. Новопольцев, А. Бексұлтанов, Н. Дәуренбеков. Мүсінші ҚР Суретшілер одағының мүшелері Ж.И. Қалиев, В.А. Арент. Сәулетші – М. Байсбай. Бүркіттің өлшемі жайылған қанаттарымен бірге санағанда 4,5 м, пластик, алтын жалатылған.





ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІГІНІҢ ТҰТАСТЫҒЫ МЕН ХАЛЫҚТАР БІРЛІГІ МОНУМЕНТІ

Ескерткіш-монумент Қазақстан халкының тәуелсіздік пен бірлікке ұмтылған арман-мүддесін айшықтайды. 2005 ж. Ұлытау аулына жақын Айыртау бөктерше 1992 ж. қойылған Айыртау белгі тасына таяу, қолдан үйілген биік белге орнатылды. Монумент әлемнің төрт бұрышын бейнелей орналасқан. Төрт таған бірлігінін ұшар басындағы (биіктігі 30 м) күн-шаңыраққа төрт арғымақ пішіні қондырылған. Монумент алаңын балбал тас мүсіндер көмкерген.