Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






Орталық Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы

Мемлекет билігінің Кеңестердін қолына кешкені туралы хабар бүкіл Ресейдің ғана емес, дүние жүзін, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген оқиға болды. Бұл оқиға бүкіл елде, Ресейдің орталық аудандарында, оның шет аймақтарында Кеңес өкіметін қүру, нығайтумен ұштасты.


Төңкеріс бүкіл билікті жұмысшы, солдат, шаруа депутаттары Кеңесінің қолына беру арқылы халықтың әр түрлі топтары мен түрлі ұлттардың, халықтардың келешектегі тағдырына байланысты түрліше үмітте болуына жол ашты. Қазақ даласында Кеңес өкіметін орнату жолындағы күрес 1917 жылғы қазаннан 1918-жылғы наурызға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл үрдіс өлкедегі әлеуметтік-экономикалық дамудағы ерекшеліктерге байланысты және жергілікті жұмысшы табымен большевиктік ұйымдардың сан жағынан аз, әрі әлсіз болғандығынан, ұлтаралық қатынастардың күрделілігінен туған қиыншылықтар себебінен шиеленісе түсті. Кеңес өкіметінің өлкеде жеңіске жетуінде солдат депутаттары Кеңестеріне біріккен жергілікті гарнизондардың солдаттары, және ақпан революциясынан кейін Қазақстанға оралған, әрі барынша қолдаған көңіл күйдегі, өздеріне - бейбітшілік, ал шаруаларға - жер беруге уәде жасаған үкіметтің болуына жеке мүдделі бұрынғы майдангерлер шешуші роль атқарды.

Төнкерісті қолдайтын күштер басым болган жерлерде жергілікті Кеңестер большевиктер жағына бүтіндей шықты. Қызыл әскер жасақтары бар аудандарда өкімет билігі жұмысшылар мен шаруалардың қолына большевиктердің Кеңесте көпшілік орынға ие болуы арқылы жүзеге асты. Семей, Өскемен өлкелерінде қазақ-орыс және офицер-старшина билеуші топтардың ықпалы басым болғандықтан, Кеңес өкіметі үшін күрес біраз қиындыққа кездесті. Семейде өкімет билігі жергілікті Кеңестің қолына 1918 жылы ақпанның 15-інен 16-сына қараған түнде көшті.

Тарихтың көнекөз шежіресіне айналған Қарқаралы өткен ғасырдың 20 жылдары революциялық оқиғаларға толы болды. Езілген қазақ халқын қорғап үн көтеріп, бостандықтың туын ұстап, отаршылдық саясатты тоқтату туралы мәселелер қоя бастаған талай ержүрек ұлдар осы Қарқаралы топырағында өмірге келді. Солардың ішінде 1912 жылы көктемде Ленада болған қанды қырғынға қатысқан революционер Угар (Мұқатай) Жәнібеков, Қарқаралы Совдепінің мүшелері Н. Нұрмақов, Г. Базилевич, А. Медеубаев, уездік партия комитеті мен комсомол комитеттерінің тұңғыш хатшылары М. Малашкин мен Ғ. Мусин, ағалы - інілі чекистер Спатаевтар, мұғалім Н. Иванова және басқалар.


Өлкедегі Кеңес өкіметінің орнауы белсенді қарқаралылықтардың тікелей араласуымен болды. Бұқара халықтың басы-қасында Герасим Базилевич, Андрей Спирин, Валентин Денисов, Иван Стрюков, Николай Блощицын сияқты майдангер большевиктер мен жергілікті революцияшыл интеллигенция өкілдері - уездік орыс-қазақ мектебінің оқытушылары Н. Нұрмақов, А. Аяғанов, А. Шыңғысов т.б. болды. Большевиктер жасырын түрде қала билігін алу жоспарын жасап, уездегі солдаттардың арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, олардан қолдау тапты. Николай Блощицыннің әкесі - Антон Григорьевичтің үйінде 1918 жылы 10 ақпанда болашақ төңкерістің соңғы жоспарлары бекітілді. Ал, 14 ақпанда Қарқаралы қазақтары атынан болашақ Кеңес үкіметінің жергілікті билігіне делегаттар сайпанды. Оған, А.Г. Казанцев пен Н.М. Бабин, үміткерлер болып И.В. Деев пен Н.А.Блошицын кірді. 1918 ж. 8 наурызда уезде Кеңес өкіметі орнауы нәтежесінде Қарқаралы совдепі, уездің мемлекеттік өкіметінің сайланбалы органы құрылды. Бұл туралы сол кезде Семей қаласында шығып тұрған жұмысшы, солдат және шаруалар Кеңесінің хабаршысы «Известия» газетінің №17 санында «Қарқаралы жұмысшы, солдат және шаруалар Кеңесі аймақта Кеңес өкіметін танитындығын және уезде оның орнайтындығын» - хабарлаған жеделхат түскенін жазған.

Атқару комитетіне солдаттардаң шаруалардаң қазақ тұрғындарынан және станица қазақтарынаң әр қайсысынан 2 өкілден сайланды. Қарқаралы совдепінін жұмысына Г.Н. Базилевич, В.И. Денисов, И.Я. Стрюков, Н. Нұрмаков, А. Шынғысов т.б. ат салысты. Совдептің негізгі қызметі контрреволюцияға қарсы күрес жүргізуге, жергілікті жерлерде жаңа өкімет аппаратын құруға, уездің шаруашылық және мәдени өмірін жолға қоюға, кулактар мен байлардың мүлкін тәркілеуге, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге, азық-түлікті есепке алып бөлуге бағытталды. Совдеп 1918 жылы 3 сәуірде ескі сот органдарын таратып, Қарқаралы уезінің революция трибуналын сайлады, 22 сәуірде жұмысшы депутаттарының Спасск Кеңесінің жанынан да революциялық трибунал ұйымдастырылды. Олардың қызметі: жас Кеңес өкіметінің мүдделерін, еңбекшілердің құқықтарын, Қазан төңкерісінің жеңістерін төңкеріс дұшпандарының қаскүнемдігінен қорғауға бағыттады. Қарқаралы совдепі мұғалім даярлайтын курстар, сауатсыздықты жою жөніндегі пункттер ашты.

Сол күндері Кеңес өкіметін құлату үшін ел ішіндегі ақ гвардияшылармен бірігіп алған империалистік мемлекеттердің белсенділік көрсетуіне орай, 1918 жылдың жазында азамат соғысы кең көлемде жайылып кетті. Олардың ең басты пәрменді күші Чехословак корпусы болды, ол революцияға дейін Австро-Венгрияның тұтқын солдаттары, чехтар мен словактар қатарынан құрылған еді. Осы корпустың бөлімдері революцияға қарсы ішкі күштермен қоян-қолтық бірлесіп, Ақмола, Петропавл, Қостанай қалаларын басып алды. Кеңес үкіметіне қарсы күштер Самарада эсер-ақгвардияшыл үкіметін - «Комуч» - (құрылтай жиналысының комитетін) кұрды. Омбыда адмирал Колчак басқарған Сібірдің ақгвардияшыл уақытша үкіметі орнады.

Осындай азамат соғысы барысында 1918-жылдын 11 маусымында Семейдегі кенес өкіметі кұлатылды. Ол жерде қатан әскери тәртіп орнатылып, билік тікелей облыстық әскери комиссарларға көшті. Оның жарлығымен уездік әскери комиссарлар тағайындалды.

Азамат соғысы жағдайында жұмыс істеп жатқан Қарқаралы совдепі 1918 жылдың басында контрреволюциялық бүліктердің нәтижесінде тұтқынға алынып, көп ұзамай оның мүшелері Семей түрмесіне жөнелтілді. Қарқаралы уездік әскери комиссариаты уездік милиция бөлімдеріне жергілікті жерлерде билікті қолға алып, мемлекетке салық жинауға кірісуге бұйрықтар жіберіп жатты. Большевиктер құрған Түркістан майданына (1919 ж. 11 тамызда Шығыс майданының құрамынан бөлінген, қолбасшысы М.В. Фрунзе) Колчактың аса ірі күші - генерал Беловтың Оңтүстік армиясы қарсы тұрды. Қазақстанның колчакшылар басып алған солтүстік және орталық аудандарында халық қанға бөктерілді.

Кеңес өкіметі ішкі және тысқы жаулардан қорғану үшін Кеңес республикасының қарулы күштерін кұру мәселесіне көніл бөлді. 1918 жылы 15 қаңтардағы жұмысшы, шаруа қызыл әскерін құру жөніндегі үкіметтің нұсқауына сәйкес, елде әскери бөлімдер құрыла бастады. Олар алғашында еріктілерден құрылды. Қазақстанда облыстық, уездік Кеңестер жанынан әскери комиссариаттар, әскери бөлімдер, қызыл әскер штабтары құрылып, жауынгерлерді әскер ісіне үйретумен шұғылданды.

Бірақ еріктілік негізінде кұрылған бөлімдерде тәртіп, бір-бірімен байланыс нашар еді. Олардағы жағдай түзеуді қажет етті. Шетел басқыншылығы, ішкі-тысқы жаулармен күрес кезінде әскер бөлімдерін құруда еріктіліктен бас тартып, әскери міндеттілікті енгізу, әскер бөлімдерін темірдей тәртібі бар, соғыс өнеріне жақсы үйретілген күшке айналдыру керек болды. Солай істелді де, 1918 жылы 29 мамырда әскер құрамында ұлттық әскер құрамалары, оның ішінде қазақ жастарынан құрылған бөлімдер құрылды.


1919 жылы жақсы қарулаыған және дайындықтан өткен Қызыл Армия Қазақстанның барлық майданында үлкен жеңістерге жете бастады. Кеңес республикасын Түркістанмен біріктіру үшін Түркістан майданының әскерлері тамыз айында жаппай шабуылға көтерілді. Астыртын жұмыстағы большевиктік ұйымдар мен партизан отрядтары Қызыл Армияның ұрысқа шыққан бөлімдерімен тығыз байланыста болды. Колчакшылар Қарқаралы совдепінің мүшелерін жазаға тартуды ойластырған 1919 жылы 1 желтоқсанға қараған түнде Семейде большевиктердің бастауымен қарулы көтеріліс болып, жеңіске жетті. Жаңа құрылған әскери-революциялық комитет қалада және өңірде Кеңес өкіметін қалпына келтіруге ұмтылды. Ескі шекарасы басқа губернияларға қарағанда кең ауқымды жерді алып жатқан, бір миллионнан астам халқы бар Семей облысында 1919 жылы 16 желтоқсанда уақытша облыстық революциялық комитет өз жұмысын бастады. Оның құрамында Скиба, Большаков, А. Бобра, В.А. Курамжина сияқты белгілі адамдар кірді. Қарқаралы өңірінде де сол күндері колчакшылардың жүгенсіздігіне қарсылық күшейді. Осы жылдың 12 желтоксанында Қарқаралыны Қызыл Армия бөлімдері азат етті. 1920 жылы 8 кантарда уездік революциялық комитет құрылып. А. Радченконың төрағалық етуімен Қарқаралы уезі делегаттарының съезі өткізілді. Осы жылғы 20 наурызда РКП(б)-нің Семей губерниялық бюросы Қарқаралы уездік бюросының құрамын бекітті.

Жалпы, Кеңес өкіметі жеңгеннен кейін Қазақстанда да ескі мекемелер, оның ішінде Уақытша үкіметтің комиссарлары, отарлау-шенеуніктік, әкімшілік, қоныстандыру басқармасы, бұрынғы сог жүйесі жойылып, өкімет билігі жұмысшы, солдат депутаттары Кеңестері арқылы жұмысшы, шаруалардың қолына өте бастады. Мұндай өзгерістердің іске асуында Қазақстан қалаларында құрылған төңкерістік комитеттердің ролі зор болды. Олар қызыл ұландар бөлімдерін, жұмысшы жасақтарын құрды, кедейлерге арқа сүйеп, қанаушы таптардың қарсылығына тойтарыс берді, өкімет билігінің Кеңестердің қолына өткендігін жариялап, олардың нығаюы үшін ат салысты. Кеңестер билікті ойдағыдай жүргізу қабілетіне ие болған жерлерде төңкеріс комитеттері өз міндетін Кеңестерге өткізіп отырды. Уездік төңкерістік комитет жанында еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық, білім беру, әскери, жер, заң, пошта, телеграф, азық-түлік, жұмысшы-шаруа инспекциясы және халық шаруашылығы бөлімдері ашылды. Кейінірек бұл бөлімдердің саны өсті.

1918-1920 жылдарда шетел басқыншылары мен елдің ішіндегі төнкерісті жақтайтын күштердің қарсылығы жеңілгеннен кейін, Қарқаралы өнірінде де экономиканы калпына келтіру, мемлекеттік құрылысты нығайту жұмыстары жүргізілді. Онын көкейкесті мәселелері қазақ жұртшылығының съездерінде талқыланды. Сол 1920-жылы алғашқы ауыл шаруашылық артельдері, коммуналар, совхоздар пайда болды. Қаланын жастарынан алғашкы комсомол ұйымы құрылды. Оны ұйымдастырып, іргесін қалаған осы қаланың үстін басып, Семейге қарай аттанған Разин атындағы қызыл әскер полкінің жауынгерлері еді.

Қазан төңкерісінің жеңісі құлатылған бұрынғы қанаушы тап өкілдері мен билеушілердің үнемі қарсылығын тудырып отырды. Қазақстанның орталық аудандарында 1921 жылдың қыс айларында Есіл-Петропавл эсер-кулак бандаларының қалдықтары, ішкі жаудың ордалы бір ұясы - Белов бастаған бандалар өздерінің қанды шеңгелдерін айнала жұртқа қатты батыра бастады. Қызылжар, Көкшетау, Ақмола төңірегіндегі халықты аяусыз соққыға ұшыратқан қалың жау, жолдағы елді қырып-жоя отырып, Қытайға қарай жөңкілді. Оның ішінде, әсіресе өзінің қатыгездігімен, озбырлығымен көзге түскен Токаревтің бандасы болды. Осы топ жол-жөнекей, сәуірдің бас кезінде Қарқаралы жолына түсті. Жолшыбай банда «Цвет жизни» коммунасы шаруашылығының ойран - топырын шығарып, Миньковка селосында үш адамды, Санников (қазіргі Бұқар жырау) селосында он үш адамды, Пролетар селосында коммунист А.В. Пискуновты айуандықпен азаптап өлтіріп, сәуірдің 6-сында құрамындағы 2500 адамы, 700 арбасымен кешке қарай Қарқаралыға жасырын кірді.

Уезд, қала басшылары қамсыз, дайындықсыз отырды. Ал, тау қолтығында орналасқан бейбіт қаланың алаңсыз тұрғындары шоқы-шоқының арасымен бұқпантайлап кірген жауды сезбей де қалды. Дәл осы кезде Халық үйінде партия, кеңес, комсомол активінің мәжілісі өтіп жатқан. Қарқаралы уезінің түкпір-түкпірінен келіп, бас қосқан халық өкілдері, коммунистер мен комсомол жастар, партияда жоқ большевиктер халық, ел қамын кеңінен сөз етуде болатын... Осылайша отырып, олар қалың жаудың қоршауында қалды.


Уездік партия комитетінің хатшылары Иван Малашкин мен Әбжан Медеубаев, атқару комитетінің төрағасы Иван Ляпин, ВЧК бөлімінің бастығы Альфред Чигович, оқу бөлімінің меңгерушісі Михаил Хрусталев, соғыс комиссары Герасим Базилевичтер соңғы демі біткенше жаумен айқасқаны, соңғы оқтарына дейін атысқаны белгілі.

Жау қоршап алған үйден бірлі-жарым адамдар далаға жарып шықты да. Бірақ оларды көшеде жау оғы мен жалаңаш қылыштар күтіп тұрды. Тіпті, бұл кезде беделді деген адамдардың үйлеріне бақылау қойылып та үлгерген еді. Уездік партия комитетінің қызметкері Кәрім Қуанышбаевты, әскери гарнизон бастығы И. Столяровты, әскери комиссар Г. Базилевичті әйелімен, уездік атқару комитетінің төрағасы И. Ляпинді және басқаларын жау азаптап, айуандықпен өлтірді.

Мұғалім, әрі болыстық комсомол ұйымының хатшысы Нина Иванованың көрген азабы бәрінін де асып түсті десе болғандай. Қанышер жендеттер оны сәуірдегі қара суықта көйлекшең, жалаңаяқ көше-көшемен алып жүріп, соққыға жықты. Н. Ивановадан ақ банданың басшысы Токаревтің өзі тікелей жауап алды, оны «райыңнан, алған бетіңнен қайт» деп азғырды. Дегендеріне жете алмаған банда жас қыздың кеудесіне, маңдайына жұлдызшалардың суретін пышақпен ойып салды, саусақтарын, білектерін тілгілеп, кескілеп, тырнақтарының арасына ине жүгіртті. Азаптың басқа да бірнеше түрін көрген Нина Иванованың денесі бандалар қаланы тастап шыққан соң барып, қала шетіндегі көпір астынан табылды.

Қоршаудан құтылған азшылықтың ішінде Ғарып Мусин де болды. Бойынан тастамайтын маузерінің көмегімен соңына түскен үш бандитті атып өлтіріп, қоршаудан сытылып шықты. Құтылған бетте-ақ, уездік партия комитеті мен атқару комитетінің үйіне жетті. Комсомол комитеті де осында болатын. Келісімен партиялық-комсомолдык документтерді, ұйымдардың, олардағы коммунистер мен комсомолдардың тізімдерін жасырды, отқа өртеді. Жаулар Ғарыптың ізіне түсті, ақыры ол қоршауда қалды. Енді құтылмасын сезген ол маузеріне ерік берді. Тағыда екі жендетті атып үлгерді. Өзімен бірге алған ұйымдар тізімін, олардағы мүшелердің, ұйым хатшыларының аты-жөні жазылған қағазды шайнап жұтты. Ортаға алып атын да, Ғарыптің өзін де табан астында қылыштап өлтірген баскесерлер аузындағы қағаздарын тартып алуға әрекет етті. Бірақ, Ғарыптан қағазды ала алмады. Банда 12 сәуірге дейін айуандықпен ойран салды. Қызыл Армияның отрядтары келуден 2 күн бүрын олар қаланы тастап кетті.

Банданы ізінше сонынан қуғындауды Степан Разин атындагы 435-ші кавалериялық полкінің жауынгерлеріне жүктелді. Командирі К.К. Галето және комисары А.И. Зубов. Сонымен бірге оған А. Крокстың басшылығымен Ақмоланың коммунистік отряды мен павлодарлық еріктілер тобы (550 мылтықты жауынгер, 70 қылышты жауынгер) қатысты. 1921 жылдың 23 сәуірінде Қарқаралының оңтүстік-шығысында 180 километр жерде ұрыс болды, бүлікшілер жеңіліп Қытайға қашты. 1921 жылы күзде Қытай өкіметінен келісім алған Қызыл Армияның 13-кавалериялық дивизиясы Қытай шекарасынан өтіп, Токарев бандасын толық талқандады, біраз адамдарын тұтқынға алды. 1922 жылдың мамыр айында Красноярскіде банданың басшылары сотталып, революциялық әскери трибуналының үкімі бойынша оларға ату жазасы берілді. Қалай болған күнде де қарқаралылық құрбандар кегі осылай қайтарылды.


Қарқаралы қаласының азалы халқы азат етушілерді қуана да, күрсіне қарсы алды. Жазықсыз мерт болғандардың жалпы саны 78 адам болды. Құрбан болғандарды Халық үйіне жақын жердегі алаңға әкеліп, қаралы жерлеу жиыны ұйымдастырылды. Алаң күңіренген күйге толып, жан тебірентерлік қаралы марш ойналды. Жетпістен аса адамның табыты ұзынша етіп қазылған үш қабірге қатар-қатар қойылды. Халықтың сол ардагер перзенттерінің ішінде революцияны өз қолымен бірге әзірлесіп, адамгершілік қасиеттердің ең асылдарын бойға жиған жас батырлар да бар еді. Содан бері 83 жылға жетер уақыт өтіпті. Бір кездегі қаралы алаң бүл күндері тым айбынды. Туысқандар бейіті содан бері екі рет жаңарып, 1967 жылы бүгінгідей жаңа қалыпқа түсті. Бүгінде ол биік - дуал, болат шарбақпен қоршалған. Дәл жанында ұлы достықты, ұлттар бірлігін паш ететін алып мүсіндер тобы мен ұлы ерліктің куәсі мұнара тұрғызылған. Ол жерде бүгін ізбасар - балғындар еккен қызыл-жасылды гүл жайқала жетіліп, жасөспірім тал шоқтары жапырағымен желпиді. Баяғыда қаралы митингі өткен жерде бүгін мерекелік, мәнғілік мінбе бар.

Төмендегі тізімде сол 1921 жылы құрбан болғандардың аты-жөні беріледі:

• Аксарин Александр Платонович. 1873-1921 ж. 1920 ж. РКП(б) мүшесі. Қарқаралы уездік ревкомының азық-түлік комитетінің қызметкері.

• Ахметов Хамит. 1895-1921 ж. РКП (б) мүшесі, Қарқаралыдағы төменгі класс оқытушысы.

• Базилевич Акулина. ?-1921 ж. Партияда жоқ, военком Г.Н.Базилевичтің әйелі. Күйеуімен бірге өлген.

• Базилевич Герасим Никитович. 1894-1921 ж. 1918 ж. РКП(б) мүшесі. 3 ақпан 1921 жылы түберкулезбен ауырып әскери қызметтен босаған. 6 сәуір 1921 жылы, бандиттермен соңғы оғы қалғанша соғысып, соңынан өзін және әйелін гранатамен жарды.

• Белоусов Ефим Степанович. 1900-1921 ж. РКП(б) мүшесі.

• Бердалин Рақымберлі. 1894-1921 ж. Милиционер.

• Блощицин Антон Григорьевич. 1862-1921 ж. Партияда жоқ. Қарқаралыда 1890 ж. тұрған. Орманшы.

• Бойко В. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі.

• Бондаренко Иван Мартемьянович. 1870-1921 ж. Партияда жоқ. 1920 ж. Орманшы болған. |

• Борисенко Иван Иванович. 1894-1921 ж. 1920 ж. РКП(б) мүшесі. Қызыләскер.

• Бортников Евгений Андреевич. 1866-1921 ж. 1920 ж. РКП(б) мүшесі. Бухгалтер.

• Бубнов Николай Иосифович. 1889-1921 ж. РКП(б) мүшесі. 1920 жылдан военкоматта істеген.

• Войцеховский Александр Константинович. 1888-1921 ж. 1910 ж. РКП(б) мүшесі. 1920 ж. Петроградтан арнайы жіберілген. Қарқаралыда мастерскойды басқарған.

• Волошин Яков Андреевич. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Уездік партия комитетінің инструкторы.

• Голенкин Александр Петрович. 1899-1921 ж. РКП(б) мүшесі. 1921 ж. 27 ақпаннан Қарқаралы уездік әскери комиссары.

• Дрючков Алексей Мартинович. 1894-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Қызыләскер.

• Ермаков Андрей Николаевич. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Қылмысты істер бөлімінде істеген.

• Есбергенов Абдірахман. Милиционер.

• Жудин Михаил Иванович. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Семейден 1921 жылы 17 ақпанында коммуналдық шаруашылықты басқару үшін келген.

• Жүнісов Абдірахман. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Мамандығы оқытушы.

• Иванов Павел. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. 1921 жылдан уездік милицияны басқарған.

• Иванова Нина. 1904-1921 ж. РКЖҰ мүшесі. Николаевкадан келген оқытушы.

• Катков Филипп. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі.

• Кирик. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі.

• Колосков Филипп Яковлевич. 1898-1921 ж. РКГТ(б) мүшесі.

• Кононов Терентий Николаевич. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Жер бөлімінде істеген.

• Карелин Михаил Севостьянович. 1893-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Қызыләскер.

• Көмекбаев Мағзұм. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Оқытушы.

• Медеубаев А. - 1886-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Уездік партия комитетінің мүшесі.

• Мусин Ғариф. - 1896-1921 ж. Уездік комсомол комитетінің хатшысы.

• Ткаченко Георгий Анреевич. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі.Уездік партия комитетінің қызметкері.

• Тюрин Иван Ксенофонтович. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Уездік комитеттің дезертирлермен күрес бөлімінде қызмет істеген.

• Ужегова Аграфена Ермолаевна. ?-1921 ж. Уездік милицияның қызметкері.

• Фирулев. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Инструктор - үгітші.

• Хрусталев Михаил Капитонович. 1877-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Халыққа білім беру бөлімінің басшысы.

• Червев Иван Зиновьевич 1882-1921 ж. Партияда жоқ. Қарқаралыда Кеңес өкіметін орнатушы белсенді.

• Черепанов Иван. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Инструктор - Семей губревкомының аудармашысы.

• Чернов Николай Иванович. 1892—1921 ж. РКП(б) мүшесі. Уездік военкоматтың қызметкері.

• Черняев Александр. 1903-1921 ж. РКЖҰ мүшесі. 1920 жылы комсомол ұйымын құрғандардың бірі.

• Чигович Альфред Христофорович. 1897-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Ұлты латыш. 20 сәуір 1920 ж. Семей губерниясы ЧК ұсынысы бойынша Қарқаралы уезіне жолдамамен келген.

• Чигуров. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі. Инструктор - үгітші.

• Швиммер Густав. ?-1921 ж. РКП(б) мүшесі, 1921 ж. 1 наурызынан Қарқаралы политбюросының мүшесі.

• Шыңғысов Ақметқали. ?-1921 ж. 1921-жылы телеграфта қызмет істеген.

• Якубовский Асан Бакирович. 1885-1921 ж. РКП(б) мүшесі, 1 разрядты баспа қызметкері.

• Сонымен бірге Беленцов, Вилеев С, Касленов, Макеев, Мақатаев, Малетин, Матвиенко, Мясников, Никитин, Пашин, Паскетов, Партюн, Почерняев, Разумовский, Редькин, Рязанов, Санькович, Станкевич, Спатаев К., Спатаев, Столбов, Смирнов, Солонар, Спирин және тағы басқалар туралы нақты мәліметтер бүгіндер тиянақты іздестірілмей отыр.

Бұл тізімде көрсетілген адамдардың барлығы дерлік жастардан тұрады. Бұл адамдар өткен ғасырдың 20 жылдарындағы Азамат соғысының от-жалынында шыныққан, болашактан зор үміт күткен қарқаралылық жерлестеріміз еді.

 


 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

Великая Октябрьская социалистическая революция в Казахстане. Сборник документов. - А., 1967.

Восточная Сарыарка. Каркаралинский регион в прошлом и настоящем. /Под ред. К.С. Алдажуманова, А.З. Бейсенова. - Алматы, 2004.

Галузо П.С. Социальные отношения в казахском ауле и переселенческой деревне Казахстана в начале XX в. (по материалам Северного и Центрального Казахстана) // Казахстан в конце Октября. - А., 1968.

Дильмухамедов Е. Революционное движение горнорабочих Казахстана в начале XX в. (1900-1917 гг.). - А., 1955.

История Казахстана с древнейших времен до наших дней. - А., 2000, Т.3.

Кенжебаев С. М. Борьба за власть Советов в Семипалатинской области // Установление Советской власти в областях Казахстана (1917-1918 гг.). - А., 1957.

Маликов Ф. Февральская буржуазно-демократическая революция в Казахстане. - А., 1972.

Победа Великой Октябрьской социалистической революции в Казахстане. 1917-1918 гг.

Сборник документов и материалов. - А., 1957.

Рабочее и аграрное движение в Казахстане в 1907-1914 гг. Сборник документов и материалов. - А., 1957.