Тұрмыс

ҚАЗАҚТАР, қазақ, алаш (өзінше атауы)

 

Қазақтардың жалпы саны 10 млн. адамнан асады. Олардың ішінде Қазақстанда тұратыны 7985,0 мың адам (1999 ж.).

Қазақ диаспоралары жақын және алыс шетелдердің көптеген елдерінде бар: Қытайда – 1070 мың, Ресейде – шамамен 700 мыңдай, Моңғолияда – 137 мың, Түркияда – 120 мың, Ауғанстанда – 20 мың, Иранда – 10 мың, Еуропаның әр түрлі елдері мен АҚШ-та – шамамен 4 мыңдай адам. Барлық қазақтардың үштен бір бөлігінен астамы өздерінің этникалық отанының шегінен тыс жерлерде өмір сүріп келеді.

Қазақ тілі алтай тілдік отбасының түркі тобының қыпшақ тармағына жатады. Жақын туыстас түркі халықтарының тілдерінен айырмашылығы – өзіне тән ерекшелігі диалектілердің жоқтығы болып табылады. Оған себеп номадизм феномені – бүкіл Дала белсенді қозғалыста және тайпаралық қарым-қатынаста болған. Жабық, жеке, дара өмір сүру үшін объективті жағдайлар болмады – сондықтан Етістен Еділге дейінгі ұлан ғайыр аумақта біртұтас тілдік нормалар болған. Қазіргі уақытта қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады. Қазақ тілін қайта өрлету және дамыту мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп, іске асырылып келеді (республиканың басқа тілдерімен қатар).

1999 ж. халық санағына сәйкес, қазақтардың 99,4%-ы қазақ тілін, 75%-ы – орыс және 0,7%-ы – ағылшын тілдерін меңгерген. Қазақтардың да, барлық түркі халықтарының сияқты бұрынғы өткен заманда өздерінің ежелгі, төл графикасы – руналық жазбасы болған. Ол ерекше (негізінен, сызықтық жазбалар) белгілер түрінде болып келген. Руналық әліпби 72 руналық белгімен берілетін 28 әріптен тұрады. Номадизмнің арқасында қазақ тілі ежелгі түркі тіліне жақын болып қалған және руналық ескеткіштерді аудару мәселелерін дұрыс шешуге мүмкіндік береді. Ұлы далаға исламның келуімен (VIII—X ғғ.) қазақтардың арасында араб графикасы тарай бастайды. Сауат ашудың негізгі ошақтары мешіттердің жанындағы мектептер мен медреселер болды. ХХ ғ. 20-жылдарының аяғында жазу латын графикасына, ал 40-жылдары кириллицаға көшірілді.

Қазақтардың діни наным-сенімдері – мұсылман-суниттер. Исламға дейінгі кезеңде Қазақстанның аумағында Тәңірге – Мәңгі Көкке табынушылық басым болатын. Тәңіршілдік адамзаттың еделгі монотеистік діндерінің бірі болып табылады. Тәңіршілдіктің көптеген белгілері ежелгі шығыстық табынушылықтармен туыстыққа меңзейді. Тәңірге табынушылық қандай да бір ережелер жинағын қалдырмаған (мысалы, иудейлердің «Ветхий Заветі», христиандардың «Новый Заветі», мұсылмандардың «Құраны» және т.б. сияқты). Жалғыз жазбаша дерек Ұлы Түрік қағанаты кезеңіндегі (V—VIII ғғ.) тастарға руналық жазбамен жазылған батырлық поэмалар-эпитафиялар болып табылады XIV ғасырда, Алтын ордалық Өзбек ханның тұсында ислам империяның мемлекеттік дініне айналды. Соған қарамастан, XIX ғасырдың ортасында Ш. Уәлиханов исламның таралуын және кейбір аймақтардың әлі де тәңіршілдік дәстүрлерді ұстанатындығы жөнінде жазған. Кеңес уақытында исламның қажеттілігі әлсірей түседі. Тәуелсіздік алғаннан кейін ислам діні Қазақстанда мемлекеттің қолдауына ие бола бастады. Сонымен қатар дінді секуляризациялау мемлекет идеологиясының бір бөлігі болып табылады. Исламдық дәстүрлермен қатар қазақ халқының тұрмысында қазақтардың этносанасы мен менталитетіне ықпал ететін жекелеген ежелгі тәңіршілдік әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері орын алған: ата-бабалар әруағына, отқа, күнге, жұлдыздарға, көкке және т.б. табыну. Қазақтар номадтық және діни дәстүрлердің ықпалымен дінге ерікті болып табылады.

Қазақстан – ғасырлар бойы қуатты империялар мен мемлекеттер пайда болып, күйреп, қайтадан жанданған Еуразия құрлығының ежелгі өркениет жері. Оның аумағынан Шығыс пен Батысты байланыстыратын маңызды сауда жолдары өткен. Елдің аумағында өмір сүрген ежелгі тайпалардың тарихи-мәдени бірлестіктері көптеген ғасырлар бойы қазақ этносының қалыптасуының негізі болып табылды (сақтар, үйсіндер, ғұндар, қаңлылар, түркілер, қыпшақтар, Қазақ хандығы). Еуразияның түркі тілдес халықтары, соның ішінде қазақтар да туып, өмір сүріп жатқан жер әр уақыт кезеңіне сәйкес әр түрлі аталған: Тұран, Оғыздар даласы, Дешті Қыпшақ, Түркістан. XX ғасырда қазақтар өздерінің тәуелсіз мемлекетін құрудағы тарихи мүмкіндікке ие болды. Ежелгі дәстүрлерді, әдет-ғұрып пен салтты, тарихи-мәдени құндылықтарды қайта жаңғырту идеясы жас мемлекет үшін ерекше маңызға ие бола бастады.

Қазақтардың дәстүрлі шаруашылығы – көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы (қой өсіру, негізінен қылшық жүнді және құйрықты тұқымдар, ірі қара мал), соның ішінде жылқы өсіру және түйе өсіру. Қазақтардың қоныстанған аумағының басым бөлігінің аридты сипатына байланысты егін шаруашылығы негізінен қосалқы болған, ал су ресурстары мол жерлерде тіпті жарыспалы шаруашылық болып табылған. Қазақтар малды қорада бағу үшін жем-шөп дайындамаған. Мал жазда да, қыста да ашық жайылымда жайылған. Бұл көшпелі жүйенің бірегейлігі қазақтар күн мен көк шөптің артынан көшкендігінде: жазды олар солтүстік ендіктерде өткізген (шұрайлы жайылымдары көп, салқын климатты жерлерде), ал қысты – тау етектері мен жартылай шөлейтті оңтүстік аймақтарда (жер бедері аңызақ желден қорғайтын және жайылымдардағы қар қабаты қалың емес жерлерде) өткізетін болған. Ресейдің қол астына кірген соң және жайылымдық жерлер мен су қоймаларының біртіндеп қысқаруы халықтың әлеуметтік межеленуіне және олардың біртіндеп отырықшылануына алып келді.

Кеңес кезеңінде, большевиктер қолдан тудырған жаппай ашаршылық пен ауқымды қуғын-сүргіннің нәтижесіндегі үлкен құрбандықтарға (шамамен 50% байырғы тұрғындар қаза болды), сонымен қатар Ұлы Отан соғысындағы еңбекке қабілетті ерлердің көптеп қаза болуына қарамастан Қазақстан Ресей империясының артта қалған елінен дамыған өндірістік республикаға айналды. Қолданбалы өнердің ежелгі түрлерінің біріне металдарды көркем өңдеу: ұсталық іс, сүйекпен, күміс және алтындармен әшекейленген ыдыс-аяқ, зергерлік бұйымдар, қару-жарақ, ер-тұрман, сонымен қатар ат әбзелдерін, киім-кешек әзірлеу жатады. Көшпелі дәстүрлі үй – киіз үй, атқа арналған ер-тұрман, салт атты шайқас өнері, ұлттық кілем өрнектері, күміс және алтын әшекейлер өрнектері – көшпелі мәдениеттің теңдессіз туындылары екендігі белгілі. Киіз үй киізбен қапталған ағаш қаңқаға (кереге) негізделеді.

Шаңырақ — киіз үйдің ең жоғарғы бөлігі, ол ошақтан шыққан түтіннің шығуына және киіз үйдің ішкі бөлігіне жарық түсіруге арналған. Температураны сақтап тұру және желдету қайырмалы шымылдықпен қамтамасыз етіледі, оның өлшемін шаңырақтың киізден жасалған жабынымен реттеуге болады, ол екі немесе одан да көп қабаттан тұруы мүмкін. Дұрыс құрылған киіз үйде жазда салқын, қыста жылы болады. Оны бұзуға және құруға бір сағаттан кем уақыт кетеді. Киіз үйдің ортасында қазан-ошақ орналасады. Киіз үйдің басты әшекейі киіз кілемдер (текемет) мен жүн кілем бұйымдар болып табылады. Сонымен қатар киіз үйдің іші әр түрлі ою-өрнекті, құрақты, кестелі, өрілген таспалармен байытылған. Қарапайымдылығы мен тиімділігі, құрудың жеңілдігі мен жылдамдығы, құрылысының мінсіздігі мен жоғары тасымалданғыштығы киіз үйді көшпенділердің аса қажетті үй-жайына айналдырды. Қазіргі уақытта киіз үйлер музейлердегі, театрлар мен басқа да көпшілік орындарында сәндік бұйым ретінде жиі қолданылады. Ұлттық мейрамдардың кезінде алаңдарға тігіледі.

 

Қазақтардың дәстүрлі киімі толығымен көшпелі өмір салтына бейімделген болған. Ерлердің киімі көйлек немесе жейдеден және шалбардан тұрған. Бейбіт уақытта жеңіл шыт және тоқыма маталар қолданылған. Ал жаугершілік заманда киім-кешек негізінен былғары мен болат сауыттардан құралған. Қыста қысқа күпілер киген. Өңделген қой немесе қасқыр мен түлкі терісінен, кейде бағалы аң терілерінен (кәмшаттың, бұлғынның) әр түрлі тондар киген. Жазда бастарына тақия немесе киіз қалпақ, қыста – тері мен елтіріден жасалған әр түрі бас киімдер (бөрік, тымақ, малақай, телпек) киген. Аяқ киімдері былғары етік (етік, мәсі), былғары аяқ киім (шарық, қалыш, кебіс). Қста киіз байпақ және сыртынан биік саптама етік киетін болған. Әйелдердің киімі жасы мен мәртебесіне қарай әр түрлілігімен ерекшеленеді. Көйлектері ұзын, кең етекті болған, олардың астынан сол матадан тігілген шалбарлар (дамбал) киген. Көйлектің сыртынан жүн, сондай-ақ барқыт, қамқа, ши барқыт, жібек жеңсіз камзол мен бешпенттер киетін болған. Сыртқы киімдері кең шапан, ал қыста жеңіл күпі болған. Әйелдердің де, еркектердің де былғары белбеу тағу дәстүрі болған, олар атақты және бай адамдарда алтын және күміс түйіндіктермен және асыл тастармен әшекейленген. Аяқ киімдері биік өкшелі нәзік сахтияннан пішілетін болған. Бас киімдері тақиялар, елтірі жиекті әр түрлі пішімді бас киімдер (бөрік, орамал) болған. Тұрмыстағы әйелдер кимешек киген – ол бетке арналған қимасы бар, басты, кеуде мен арқаны жауып тұратын ақ матадан тігілген жаулық. Кимешектің сыртынан әйелдер (әсіресе егде жастағы) орамалдың бір түрі – жаулық байлайтын болған. Кейде кимешектің орнына арқа мен иықты жауып тұратын үлкен орамал – сұлама орамал пайдаланылған. Көйлектің сыртынан немесе шалбармен бірге жас әйелдер оюмен өрнектеліп кестеленген кең етекті белдемше киген. Жылдың суық кездерінде жылы, барқытпен қапталған шапандар мен қымбат аң терісінен тігілген тондар – ішік киілетін болған. Жалпы ерлердің де, әйелдердің де киімдері алтын және күміс бөлшектерміндетті элементтермен өрнектеліп тігілген, бағалы теріден елтірі компоненттер көптеп қолданылған. Қыздар мен жас әйелдердің киімі бай ұлттық ою-өрнектермен әшекейленген. Әдемі сырттан әкелінген маталар үлкен сұранысқа ие болған. Қазақ қалыңдығының киімі ұзын ақ жібек кестелі көйлектен тұрады. Көйлектің сыртынан қою қызыл барқыттан тігілген бешпент тігіледі, сонымен қатар күміс және алтын әшекейлер: алқа, білезік, жүзік пен сақина және т.б. тағатын болған. Көйлек пен бешпент біртұтас ансамбльді құрап, оны үйлену тойына киетін көне бас киім – сәукеле аяқтайды. Биік, конус тәрізді пішінді, барқытпен қапталған ол асыл тастармен, күміс түйіндіктермен, салпыншақ маржан жіптермен және жақтау, шолпылармен безендіріледі. Салпыншақтардың саны бойынша қалыңдықтың мүліктік жағдайы мен әлеуметтік мәртебесі анықталған. Еркектер де шекпен – жүннен тоқылған жадағай киім киетін болған, олар қажет болған жағдайда сырт киім ретінде де қолданылған. Ашық ою-өрнекті кестемен кестеленген сәнді ұзын шапан өнер туындысы болып табылады. Кейде композицияның негізін Күнді бейнелейтін шеңбер түріндегі ірі өрнектер құрайтын болған. Тақия немесе кепеш (кішкене бас киім, тақия) – барлық қазақ ерлері киген киім-екшектің маңызды бөлігі болып табылады. Бас киімнің енді басқа түрі – қасқыр, түлкі немесе қой терісінен тігілетін қатаң қысқы жағдайларда теңдессіз тымақ болып табылады. Тымақ малшылардың ортасында әлі де пайдаланылады және құлақшындардың қалдығы болып табылады. Қазіргі уақытта сәнгерлер дәстүрлі киімдерді немесе олардың жекелеген бөлшектерін күнделікті тұрмысқа енгізу үшін белгілі күш жұмсайды.

Қазақтардың дәстүрлі тағамдары негізінен етті және сүтті тағамдардан тұрады. Ет жыл бойғы азық-түлік өнімі болған, оны пайдалану жазда біраз бәсеңдеп, қыста айтарлықтай ұлғайып отырған. Сүт өнімдері де соншалықты кең қолданыста болған: биенің сүтінен – қымыз, түйенің сүтінен – шұбат; қой мен ешкінің сүтінен – құрт (кептірілген ірімшік) дайындалған. Сиырдың сүтінен сондай-ақ айран, қатық, – бидай, тары немесе күріш қосылған ашыған сүт көже дайындаған. Астық және өсімдік өнімдері көбінесе жартылай отырықшы аудандарда пайдаланылған. Қазақтардың ерекше құрметтейтін тағамы бесбармақ болып табылады. Құрметті қонақты ерекше әдіспен дайындалған қойдың басымен сыйлайтын болған. Ол басты бөліп, қонақтарға, үлкендерге, балаларға, жақын және алыс туыстарға деген қарым-қатынастың ежелгі қазақ дәстүрлеріне негізделген ерекше салтын ұстана отырып, оны басқа қонақтарға таратып беретін болған. Етті сорпаға пісірілген жайылған нан бөліктерімен бірге береді. Бұл тағамға қосымша ретінде еттің сорпасы беріледі, ол ағаш немесе шыны тостағандарда ұсынылады. Дастарханға міндетті түрде бауырсақ салынады. Тағамға дәмдеуіштер, әдетте қара бұрыш пен қалампыр қосылады. Шай ет тағамдарының алдында ішіледі. Еуропалық көріністердегіден ерекше сусын барлық ас-шаймен және тәтті-дәмділермен бірге ұсынылады. Әдетте сүтпен немесе кілегеймен бірге құйылады. Тамақтың соңынан қымыз беріледі. Қазіргі қазақ тағамдары тек қана дәстүрлі қазақ тағамдарынан ғана емес, сонымен қатар өзбек, ұйғыр, татар, орыс, украин, корей және т.б. тағамдарынан тұрады. Көкөністен, жемістерден, балықтан, теңіз өнімдерінен көптеген тағамдар, әр түрлі кондитерлік өнімдер дайындайды. Қазақ халқының фольклоры бай және алуан түрлі. Ол батырлық жырлармен, жыраулар (дала ақындары) мен суырып салма ақындардың мұраларымен, сонымен қатар басқа да жанрлардың: ертегілердің, аңыздардың, мақал-мәтелдердің көптеген санымен ұсынылған. Осы рухани мұраның көбісі біздің күнімізге дейін дәстүрлі ауызша поэтикалық үлгіде жеткендігі есте қаларлық. Ежелден бері халықтың рухани байлығын жеткізушілер және өздерінің шеберліктерін ән-поэзиялық жарыстар – айтыста көрсетіп келе жатқан халық ақындары ерекше құрметке ие болған. Бір де бір ірі іс-шара олардың қатысынсыз өтпейтін болған, себебі оларға маңызды оқиғаны бағалаудағы құрметті де жауапты роль жүктелетін болған. Айтыстардың кезінде ақындар әлеуметтік, саяси және мәдени салалардағы халықтың өмірлік мәселелерін көтереді. Орындаушылар өз әндерін ежелгі музыкалық аспаптар – домбырада немесе қобызда ойнаумен сүйемелдеп отырған. Халық арасында «Қобыланды батыр», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қамбар батыр», «Едіге батыр», «Қыз Жібек» және т.б. сияқты ежелгі эпикалық дастандар кеңінен танымал. Жаугерші жыраулар Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберділердің; ежелгі жыршылар – Кетбұғы, Асан қайғы, күйшілер – Қорқыт ата, Құрманғазылардың жекелеген туындылары біздің күнімізге дейін жеткен. Халықтың рухани қалыптасуында оның ұлы өкілдері Әл-Фарабидің, М. Қашғаридың, Ж. Баласағұнның, М.-Х. Дулатидың, Ахмет Яссауидың, Абайдың, М. Өтемісовтың, М. Әуезовтың және т.б. мұралары бүгінгі күні үлкен роль атқарады.