Әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер

Кез келген халықта отбасын құру, үйлену – адам өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Қазақтарда бұл оқиға отау көтеру немесе шаңырақ көтеру деп аталып, ата-аналар үшін ерекше қуаныш болып табылады. Шаңырақтың әрбір отбасының ерекше құрметтейтін нәрсесі, бақыттың символы және ұрпақ жалғастығының белгісі болып табылатындығы белгілі. Қазақтардың әдеттегі дәстүрі бойынша әкесі жаңа отбасын (отау) құрған ұлдарына өз мал-мүлкінің бір бөлігін (енші) беретін болған. Қазіргі уақытта да дәстүрлі үйлену тойының негізгі салттары сақталған: құда түсу, беташар, жар-жар. Ежелгі адат (салт-дәстүрлер жинағы) бойынша 7 ұрпаққа дейінгі туыстардың арасында некеге тұруға тыйым салынған. Бұл дәстүр бүгінгі күнге дейін ұсталып келеді. Барлық қазақ отбасыларында баланың дүниеге келуі шілдехана (баланың өмірге келуіне байланысты той), бесікке салу, тұсау кесу, сүндетке отырғызу сияқты дәстүрлі тойлармен қатар жүреді. Қазақтардың отбасында «бесікке салу» дәстүрі ерекше атап өтіледі – онда жаңа туған нәрестені ол жылдам өссін және денсаулығы мықты болсын деген тілектермен бесікке бөлейді. Сонымен қатар бесікті баланы тіл-көзден, пәле-жаладан сақтау мақсатында үкінің қауырсынымен әшекейлейтін ежелгі дәстүр де сақталып қалған (үкі көптеген түркі халықтарында қасиетті және қорғаушы құс болып саналады).

Адамның дүниеден өтуі де дәстүрлі рәсімдермен қатар жүрген. Қайтыс болған адамның туыстарына қайғылы хабарды жеткізуші адамдарға үлкен жауапкершілік жүктелетін болған. Бұл «естірту» арқылы жүзеге асырылатын болған. Салт бойынша әйелдер «жоқтау» айтып марқұмды көп жоқтайтын болған және бір жылға дейін қара жамылып жүрген. Осындай жоқтаудың көптеген мысалдары ән өнерінің үлгілері болып табылады. Еске алу рәсімдері 7-ші және 40-шы күні өткізілетін болған, ал адамның дүниеден өткеніне бір жыл толғанда ас беріледі. Ерекше жағдайларда кейінгі жылдары да ас беріліп отырады. Марқұмның отбасына туған-туыстары мен жақын-жуықтары көңіл айтып, белгілі материалдық көмек көрсетіп, бата жасайды. Қазақтарда үлкенді құрметтеу салты сақталған, ол қоғамның моральдық-этикалық және өнегелілік ұстанымдарының негізін құрайды. Ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты әжелер жанұяның басы болып табылады, олар отбасы мүшелерінің құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленіп отырады; жиі отбасының тұрмысы аға буын өкілдерінің мүдделеріне сәйкес қалыптасады. Ата-бабаларға табыну, өлгендердің әруағын құрметтеу, қара шаңырақты сақтау ұрпақ жалғастығының кепілі болып саналады. Әрбір қазақ өзінің шежіресін білуі тиіс (тым болмағанда 7 атасын). Өзінің ата-тегін білмеу надандық болып саналады. Бұл мағынада көп ғасырлық шежіре бар, ол адамның генеалогиялық шығу тегін көрсетеді. Қазақтардың рухани құндылықтарының көрініс беретін салаларының бірі билер мен ақсақалдардың (әділ қазылар мен данагөй кеңесшілер) шешендік өнері болып табылады, олар тек халық бастауларының тасымалдаушысы болып қана қойған жоқ. Билердің пікіріне көшпенділердің жоғарғы билігі – хандар мен сұлтандар да құлақ салатын болған. Қазақтар әрқашан өздерінің қонақжайлылығымен танымал болған.

Олар үйіне келген адамды «Төрге шығыңыз» деген сөздермен құрметті қонақ ретінде қарсы алатын болған. Төр үйдегі ең лайықты орын болып табылады, қонақты сол жерге отырғызатын болған. Қонақпен бірден танысу ерсі болып саналған. Оған әуелі шай немесе қымыз беріп, содан кейін ғана танысып-білісетін болған. Ең дәмдісін, ең жақсысын қазақтар қонақтарына сақтаған (сыбаға). Үйге кірген кез келген адамды дәм ауыз тигізбей жібермейтін болған. Мұның бәрі осы дәстүрдің бекзаттылығын дәлелдейді.