Қарағанды қарағандылық суретшілердің көзімен

Орталық Қазақстанда орналасқан Қарағанды қаласының дүниеге келуі жер қойнауындағы «қара алтынмен» байланысты. Қарағандыға қала мәртебесі 1934 жылы ақпан айында берілді.

Қарағанды көмір бассейнінің алғаш ашылуына ықпал еткен бақташы жігіт Әппақ Байжанов, ол 1833 жылы Қарағанды атты шатқалында бір кесек көмір тауып алады (Нұра өзенінің оңтүстігіне қарай 25 километр жерден), ол кезде бұл жер Игілік және Жұман байлардың жазғы жайлау орны болатын. Осы тарихи оқиға Петр Кузьмич Антоненконың «Еске түсіру. Әппақ Байжанов» (1981 ж.) суретінде біршама нанымды бейнеленген: ұшы-қиыры жоқ жазық дала, жел тербелткен ақселеу, осы дала сияқты аспанда төмен бұлттар зымырап бара жатыр. Жас бақташы жігіт, асыл тас тапқандай, бір кесек көмірді қолында ұстап тұр. Қазақ әйелінің де, үзеңгі жанында тұрған, жүрегінде қобалжу, қара тас көмірге ол да толғаныспен қарап түр. Еріксіз бір сезім пайда болады: осы көне өлкеде таяу арада бір ғажайып ұшырайды. Сонымен қоса қаланың туу тақырыбын «Әппақ Байжанов» (1982 ж.) атты Сейітмахан Қалмаханов шығармасынан да көруге болады: бойында күш-қуаты тасыған жас жігіттің қолындағы көмірден болашақта осы даланың қайнаған, өмірге толы қалаға айналатынын айтқысы келіп тұрғандай әсер аласыз.

Қарағанды суретшілері өздерінің қаласы туралы толғаныстарында өнердің отандық және әлемдік дәстүрлерін қалыптастырды. Қала тарихын өз өнерінде түрлі жанрларда, әр түрлі тақырыптарда көркем шығармашылықпен бейнелей отырып, адамдарды жасампаз еңбекте, іс-әрекет үстінде баянды етеді. Мұндай жемісті еңбекті Г.Г. Гилевскийдің «Ескі Қарағанды», С.Ф. Шкурацкийдің «Қарағанды көмір бассейнінің тарихы», В.А. Цимбалюктің «Қарағанды — менің қалам», В.Н. Малькевичтің «Индустрия ырғағы», Р.А. Граббенің «Қарағандыға — 50 жыл» (декупажы); С.Д. Щеголихиннің «Қарағандыға — 70 жыл» атты туындыларынан көреміз.

Суретшілердің көпшілігі қала және өндіріс пейзажының жанрларына ерекше көңіл белген. Мұндағы шеберлердің мақсаты — тек көріністі беру ғана емес, сонымен қатар қоршаған орта әлемі және адамдардың көңіл-күйі мен ой-толғанысының өз ара әрекеттесуін бейнелеу. Қала және өндіріс пейзажы «тарихи» болып ауысады, себебі: міндетті түрде онда уақыт, оның негізгі белгілері бейнеленіп, қаланың «өмірбаяны» суреттеледі. «Уақыт-адам-қала» жүйесі барлық пейзаждарда негізгі болып табылады. Ол бөлшектер өз кезегінде біреуі немесе екеуі басым болып уақыт пен кеңістікте дамып жататын қала образын алғаш суреттердегіден ілгері және қатып қалған бейнеде емес екендігін айқындауға үлес қосады.

Қарағанды тақырыбына алғашқылардың бірі болып назар аударған КарЛАГ-тың қуғын-сүргінге ұшыраған суретшілері еді. Олардың шығармаларында Қарағанды «лагерлі», қатал, қорқынышты, әрі мұңды қалыпта суреттелді. В.А. Эйферттің пейзаждық композицияларында, А.В. Фонвизиннің, Л.Э. Гамбургердің акварель суреттерінде (40-жылдар) Қарағанды табиғаты осындай көрініс береді.

Ескі Қарағанды образына арнап, 50 жылдан астам уақыт осы қалада өмір сүрген, Гелярий Грацианович Гилевский жүзге тарта жұмыстар жазды. Оның туындыларында бейнеленген жер барактар, шахтерлар поселкесі, террикондар туған қаланың өзіне тән көркем шежіресі тәрізді. Өйткені тек солар, өткен өмірдің іздерін сақтап қалған қаланың түкпірлері, суретшіні шабыттандырады. Әрине, даусыз, қала тірі болады, біз оның ескі жерлерін есімізде сақтағанша: «Қарағандының шет жағы», «Кене жерде», «Ескі Қарағанды», «Ескі Қарағандыда», «Террикондар арасында». Г.Г. Гилевскийдің пейзаждарын кеп ауқымды суреттер, қатал көріністер, бояу түрлерінің қарама-қайшылығы, ішкі дамуы мен қуаты толтырады, сол арқылы оның суреттері қаланың өткені туралы көркем естелік, дәуір қүжаты іспеттес.

Ескі Қарағандыны Г.Г. Гилевскийдің шәкірті Ю.Г. Шабанин да жазған: «Күз. Ескі Қарағандыны еске алу», «Ескі Қарағанды түкпірі» (70-жылдар); сонымен қатар П.К. Антоненко («Ескі Қарағанды», «Ескі қала», 1955-1957 ж.); П.И. Реченский («Ескі қала»); А.Ф. Сизинцев («Ескі қала», 1966 ж.); М.М. Әбілқасов («Ескі қалада», «Ескі қала ауданы») т.б. бейнелеген.

50-жылдары Қарағанды өмірінде үлкен құрылыс белең алды, қала тынысы ширақ ырғақты даму үстінде еді. Қала мен өндіріс пейзажы кең орын ала бастады. Тар ескі қаланың орнына үлкен көшелер, даңғылдар қаласы болатыны суретшілер үшін күмәнсіз. Сондықтан да 50-60-жылдардағы пейзажда жаңарту лебі, жасампаздық қуанышы сезіледі. Үлкен Қарағанды, Жаңа қала туу үстінде. Әсем ғимараттар тұрғызылудағы басты мән сәтті табылған бояуға берілген, ол, сәулет жағынан да тұтастық беріп, жаңа қаланың ескі қаладан айырмашылығын көрсете түседі. Жаңа Қарағанды 30-40-жылдарда салынған жер үйлерді, бір қабатты поселкелерді ығыстыру кезеңінде. Қарағанды пейзаждарынан бұл қаланың өзгеруін, құрлысының өсу қарқынын, салынып жатқан ғимараттардың ерекшеліктерін оп-оңай көруге болады: В.И. Крыловтың «Қарағанды салынуда», «Қарағанды. Бейбітшілік алаңы» (1956,1958 ж.); П.К. Антоненконың «Қарағанды» (1958 ж.), «Қарағанды салынуда» (1961-1964 ж.) суреттеріне назар аударыңыздар. Суретшілердің еңбектерінде қаланың кескіні, оның негізгі көшелері айқын көрінеді: П.К. Антоненко «Шуақты күн. Чкалов көшесі» (1956 ж.), «Қарағанды. Ленин даңғылы» (1962 ж.), «Силовая көшесі»(1964 ж.).

60-шы жылдардың екінші ширегі — 70-ші жылдардың басы уақыт аралығында суретшілер шығармаларында күнделікті қала өміріне деген қызығушылық мүлде жаңа белес алды. Кескіндемешілер шығармаларында аласа тұрғын үйлер, қала тіршілігі көрініс тапты. Бейнелеу өнері саласында суретшілер Қарағандының табиғаты мен көркін, өсу жолдарын өзіне тақырып етіп алды. Осындай суретшілердің қатарында алғашқылардың бірі болған П.К. Антоненконың қала пейзаждары «Қыс. Қарағанды», «Лобода көшесі», «Қарағанды түкпірі», «Қарағандыдағы құрғақ күн», «Ленин көшесі», «Көктем. Аманжолов көшесі», «Кеңес даңғылы» (1964-1969 ж.), туған қаласы туралы көп жазған П.С. Андриюктің «Аманжолов көшесі. Шуақты күн», «Қарағанды. 60-жылдар. 32 квартал», А.Ф. Сизинцевтің «Қарағанды таңы», «Кешкі Қарағанды», «Қарағанды қысы», «Қысқы Қарағанды» туындылары жатады, олардан біз Қарағандының өсуімен, өркендеуімен қоса Арқа табиғатының өзіндік ерекшеліктерін байқаймыз. Аралас техника мен акварельде жазылған С.Ф. Шкурацкийдің туындыларында Қарағанды адам қолынан шыққан керемет туынды ретінде бейнеленеді: «Кеншілер мәдениет сарайы», «Ю. Гагарин алаңы», «Жазғы театр қыста», «Кеңес даңғылы», «Саябақтағы көлдің жағасы». Суретші өзінің жұмыс атқарған, мекендеген қаласына шын, мәңгі берілген болып қалады. Осы жоғарыда айтылған суретшілердің жұмыстарындағы Қарағанды көріністері өнердің нақты дәстүрлерінде жазылды десек, бекер емес.

Сонымен қатар 60-шы-80-ші жылдар — қарағандылық кеншілерінің шыңға шыққан кезеңі. Қарағанды образы Сарыарқа төсіндегі кеншілер шаһары ретінде ерекше. Шахтерлар өмірі туралы белгілі қарағандылық суретшілер В.В. Шамшин «Майқұдық шахтасы», В.П. Шульга «№ 38-ші шахта», сонымен қатар әуесқой суретші П. Косарев «№ 37-ші шахта», И.Я. Зиньков «Киров шахтасы», «Стаханов шахтасы» жұмыстары сонау 70-жылдардағы Қарағанды қаласының қайнаған еңбекжолдарын, өркендеу, өсу ерекшеліктерін көрерменге паш етеді. Бұл шығармалар қаламыздың Бейнелеу өнері мұражайының алтын қорынан орын алды.

Әр кезеңдердегі кескіндемешілер мен графиктер үшін пейзаж жанрында шахтерлар тақырыбы ең басты болды. Бұл тақырыпқа соқпаған суретшіні атау мүлде мүмкін емес: Р.Е. Есіркеев «1/2 Тентек шахтасы», П.Г. Лысенко «Жаңа шахта», В.В. Ким «И.А. Костенко атындағы шахта», М.М. Әбілқасов «Жаңа шахта», Е.С. Айтуаров «Шахтерлар қаласы», Ю.В. Камелин «Копрлар бейнеленген пейзаж», А.П. Плотников «Шахта ауданы», Қ.Р. Есіркеев «Жаңа шахта», «Қарағанды шахтасы», А.И. Сыров «Қарағанды вертикальдары», А.Ф.Сизинцев, Л.Н.Фролов.Л.П.Смирнова, О.А. Селезнева және тағы басқалар.

С.М. Саносянның шығармашылығында шахтерлар тақырыбы ерекше орында. Осыған дәлел — «Көмір және қала», «Шахтерлар поселкесі», «1-ші Тік шахтасы», «С.М. Киров атындағы шахта», «Октябрьдің 50 жылдығы атындағы шахтаға көрініс» атты суретшінің туындылары (70-80-жылдары). А.Ф. Сизинцев ол да айтулы пейзаж шебері. Туған қала тақырыбы оның шығармасында басты. 60-70-жылдар аралығында ол Қарағандыға арналған суреттер жазады: «Ескі қала», «Жаңа шахта», Қарағанды. Шахталар», «Қазақстан шахтасы». Оның өндіріс тақырыптарына жұмсақтық пен ашықтық тән, ал көз арқылы алған нақты әсерін ол үлкен топтама образына сомдайды.

Орталық Қазақстанда өндіріс орындарының көптеп дами бастауы суретшілердің творчестволық жағынан өркендеуіне өз ықпалын тигізді. Кескіндемешілердің жұмыстарынан Қазақстан Магниткасы, Ертіс-Қарағанды каналы, фабрика, зауыттар орын ала бастады. Өндіріс тақырыбына арнап шығармалар жазған аға және орта буын суретшілерді атауға болады, олар — С.М. Саносян, В.И. Крылов, М.С. Подлесных, сонымен қатар П.С. Андриюк, П.К. Антоненко, А.Ф. Сизинцев, Қ.Р. Есіркеев, М.С. Байтенов және тағы басқалар.

С.М. Саносян — өзінің монументальді, 70-80-жылдардың екінші ширегінде жазылған, индустриялы пейзаждарымен әйгілі болған суретшілердің бірі. Ал, индустрия алыбы — Қарағанды металлургия комбинаты кескіндемешінің шығармашылық тағдырында елеулі орынға ие. Оның «Магнитка. 1-ші домна», «Магнитка. 4-ші домна», «9-шы бесжылдықтың домнасы», «Қызыл домна», «Магнитка ырғағы», «Қазақстан Магниткасы» — бұл қазіргі өндіріске әнұран секілді сезіледі. «Топар ГРЭСі», «Ертіс-Қарағанды каналы» атты шығармалары — адам еңбегінің жинақы образын бейнелеген туындылар. Суретшінің әрбір суреті толыққанды, эпикалық болып құрылады. Олардағы айшықты сызықтар мен үйлесімді нақыштар еңбек үстіндегі адам өмірін, образын көрермен қауымға суретшінің ойын өте дәл жеткізе білген.

Белгілі суретші Қуаныш Есіркеевтің индустриялы туындыларынан суреткерге тән ұстамды нақышты, рухани көзқарасты, қазіргі заманғы өмір шындығын аңғарамыз.

70-80-ші жылдары қала пейзажы мүлде өзгеше қарқын алды. Оны біз шеберлер қала сәулеті, әсем ғимараттарды бейнелеген жұмыстарынан көре аламыз: П.К. Антоненко «Чайка» қонақ үйі», «Юбилейный» дүкені»; П.С. Андриюк «Нүркен Әбдіров даңғылының құрылысы»; Г.Г. Гилевский «Нүркен Әбдіров даңғылы». Сол жылдары пейзажбен қатар қала тұрғыны, замандас, үлкен өзгерістердің қатысушысын де бейнелеуге талпыныс жасалды. Әр шығармада адам, қала және табиғаттың бір болуы бояудың үйлесімдігінде беріліп, адам өзін қала ортасында әдетті және жайбарақат сезінеді. Суретшілер табиғатты, қаланы және адамды тең достастықта кескіндеу білген.

70-жылдарды қарағандылық суретшілерінің лиропоэтикалық жағынан өркен жайған уақыты деуге болады. Бұл, бәлкім, аңсау, өткеннің қайтып оралмайтындығынан шығар. Бір қарағанда олар жай, қызықсыз сәттерді бейнелейтін суреттер, мұндай жұмыстар қатарына С.М. Саносянның «Иесіз қалған қақпа», С.Қ. Қалмахановтың «Қарағанды шеті. Дударай», М.М. Әбілқасовтың «Шет жақ» атты туындылары жатады. Туған Қарағандының ескі түкпірлері тақырыбын жалғастырған Л.П. Смирнованың «Ымырт. Балалық шақтағы аула» атты шығармасында қаламыздың өсу жолындағы ерекше бір ықыласты, ескі мен жаңаның арасындағы айырмашылығын көруге болады.

Ю.В. Камелиннің, М.Қ. Жүнісовтың шығармаларынан туған қалаға, оның көркі мен өсу жолдарына деген көзқарастың жаңа қырларын байқаймыз. Олардың шығармаларындағы негізгі белгі — ол қазіргі заман, ал пейзаж — шығармашылық шабыттың көзі. 30 жылдан астам Қарағандыда тұрған Юрий Камелинде өзіне тән бояу пластикасы, қалаға деген көзқарасы бар. Оның әрбір жұмысы жаны мен тәнінен, жүректен шығуы сурет тақырыбы мен шығармашылық үрдісін әрдайым аңықтайды. Ол қаланы әр түрлі жыл, тәулік мезгілдерінде бейнелеп, қоршаған ортаның қалпын беруге тырысады: «Көктем қалада», «Сәуір. Қарағанды көшесі», «Таң. Қарағанды пейзажы», «Қаңтардың бір күні», «Наурыз. Қарағанды» (80-жылдар) атты шығармаларында бояудың әсемділігі мен жаңалығы, суретшінің шебер қолы таң қалдырады. Ал М. Жүнісовтың шығармаларында Қарағанды ерекше бейнеленеді. Оның туындыларында қала «адами» қасиеттерге ие; қалалық пейзаждарда жылулық, табиғаттағы құбылыстарға, қоршаған ортаға, жарыққа, бояуға қызы-ғушылық сезіледі: «Көгілдір күн», «Қала мен ауыл». Шығармаларда суретші Арқа жерінің ерекше көріністерін асқан сезіммен, өзіндік бір әуенмен бейнелеуді мақсат еткенін көреміз. Ол көбіне бейнелеу арқылы өмір жолының ұзақ та, қиын бұрылыстарын нәзік бояумен көрермен көңіліне жеткізуге тырысқан. Бұл суретшілердің туындыларында Қарағанды көңілді, мерекелі болып көрінеді: «Цирк келді» және «Цирк Қарағандыда». Әдетті көріністер бұл суреткерлер үшін қаланың қазіргі өмірі жайлы хабарлауға сылтау сияқты.

Е.С. Айтуаров Қарағандының әсем көрінісін кең жазиралы кеңістікте және уақыт шеңберінде өзінің «Сарыарқа-Қарағанды» (1984 ж.) шығармасында суреттеген. Суреткер шахтерлар еңбегінің маңыздылығын, жаңарған даңғылдар мен шахта маңайын бейнелеп, адам санасына өндіріс қаланың образын ұялатады. Бұндай бояулардың берілісі жасампаздыққа итермелеп, іс-әрекетті мерекелік етіп айқындайтындай. Нақты күнделікті жағдай көпмағыналы болып, монументальды көпшілдік түр алатындай.

Туған қаланың бейнесі мен сол қаланың тұрғындарының келбеті әр түрлі — ол бірдей қуантады да, қорқыныш ұялатады. Өйткені қала бейнесі қарама-қайшылыққа толы, экологиялық қауіпі де зор адам үшін. Суреткерлер шығармаларында сол табиғатты болашақ үшін сақтап, оны аялап, қорғау, қоршаған ортаның экологиясына назар аудару туралы ой-толғаныс айтылады. Осындай мазасыз көзқарас Ю. Камелиннің «Ескі қала», «Майқұдыққа барар жол», «Пришахтинскке барар жол» (70-80-жылдар) атты шығармаларында берілген. Ал, Вениамин Шамшиннің «Менің көшемдегі мереке» (1980 ж.) суретінде әр түрлі оқиғалар сабақтасқан: ол — той, оркестрдің шулы музыкасы, ырғақты ширақ би, сыра сату мен әңгіме-дүкен — бір сөзбен, ол — көше өмірі. Бірақ бұл көңілді толқында қайғы мен мұң суреттің екінші планынан сезіледі. Ол мына себептен: адам өмірінде қызығы мен қайғысы көршілес болып жүретіндігінен. Алайда суреткер өмір сүйгіштікке көп көңіл бөлгені байқалады.

 

 

Пайдаланған әдебиет:

 

Золотарева Л.Р. История Города в творчестве карагандинских художников. - Караганды, 2004.