Қала құрылысы мен Архитектурасы

Қарағанды облысы аумағындағы кенттер мен қалалардың пайда болуы Ортапық Қазақстанның егіншілікке қолайлы аймақтарында ірге көтерген (қазіргі Осакаров, Бұқар жырау, Нұра аудандарының аумақтары) алғашқы отырықшы қоныстардан бастау алады. Бұл аймақтағы бұрынғы сауда жолдарында жәрмеңкелер де қалыптасып, солардың ішінде қазіргі облыс аумағында орналасқан Қоянды жәрмеңкесі Қазақстанда ең ірілерінің бірі болды. Қазақ жерінің Ресей тарапынан отарлануына байланысты, оның қазба байлықтары империя мақсатында игеріле бастады да, шағын кен орындары мен зауыттар салынып, олардың төңірегінде жұмысшы кенттері бой көтерді. 1824 ж. Қарағанды салынғанға дейінгі облыс жеріндегі бірден-бір қала — Қарқаралының негізі қаланды. Облыс елді мекендердің көпшілігі Қазан төңкерісінен кейін, елдің қазба байлықтарының жаңа үкімет қажеттігіне сай игерілуіне және бұрынғы КСРО елдерінің біраз халықтарының Қазақстанға қарай жер аударылуы мен Ұлы Отан соғысының кезінде Кеңестер Одағынын, соғыс жағдайына сай өндіріс орындарын шығысқа қарай көшірілуі және соғысқа қажетті металдар кенін зерттеу мен өндіруге байланысты пайда болды. Осы күнгі Қарағанды қаласы көмір бассейнінің орталық бөлігінде орналасқан бұрынғы шахтерлер кенттерінің орнына салынды. Аймақта көмір өнеркәсібінің дамуы электрлендіру ісінің де дамуын қажет еткендіктен, тұңғыш энергетика кәсіпорны Нұра өзенінің аңғарында Қарағандының солтүстік-шығысында 35 км жерде, Самарқан кенті (қазіргі Теміртау) маңында салына бастады. Кейіннен ол Қарағанды, Теміртау, Саран, Абай, Шахтонск қалалары, жұмысшы кенттері енетін Қарағанды-Теміртау қала агломерациясының өзегіне, сондай-ақ өткен ғасырдың 30-жылдары қалыптаса бастаған Қарағанды-Теміртау өнеркәсіпті ауданының орталығына айналды. Сонымен қатар облыстың неғұрлым ірі, көркейтілген елді мекендерінің қатарына Жезқазған, Балкаш, Сәтбаев, Қаражал қалалары, аудандық бағыныстағы Қарқаралы қаласы, Ертіс—Қарағанды каналын және Қарағандының 2-МАЭС-ін салу кезінде тұрғызылған Молодежный және Топар қ. т. кенттері, Қарағайлы кен орындарын пайдалануға байланысты салынған Қарағайлы қ. т. кенті., сол сияқты Осакаров, Ботақара т.б. к. т. кенттері, Актоғай, Егіндібұлак ауылдары жатады. 1934-38 ж. «Мособлпроект» мемлекеттік жобалау институты 300 мың тұрғынға арналған Жаңа қала салуды көздеген бас жоспарлар жасаған (архитектор А. Кузнецов, А. Карнаухов), бірақ оны алғашқы бес-жылдықтардағы экономикалық қиындықтарға байланысты жүзеге асыру мүмкіндігі болмады. Ұлы Отан соғысының аяқталу қарсанында мұнда шахталар төңірегінде 30-ға тарта кенттер бой көтерді. Бұл кезде Қарағандыда тұрғын үй қорының 90%-ы ағаштан, шикі кірпіштен, шымнан соғылған тұрмысқа жайсыз үйлерден тұратын. Үйжайлардың террикониктермен қатар орналасуы 200 мыңға жуық тұрғынды орналастырудың қалыптасқан жүйесін түбегейлі қайта құруға бағытталған қала құрылысы міндеттерін мейлінше тез шешуді қажет етті. 50-жылдары Қарағандыда Жаңа қаланың қазіргі замандық қоғамдық орталықтарының жүйесі, дамыған көлік магистральдары мен көшелері бар солтүстік бөлігі қалыптасып, әлеуметтік-мәдени-тұрмыстық қызметтегі нысандар пайда болды. Алайда құрылыс индустриясының нашар дамуы салдарынан қаланың өсу қарқыны халық санынын шапшаң көбеюіне ілесе алмады. Тұрғын үй мәселесін шешу мақсатымен көмірсіз аумақтарда Жаңа Тихоновка, Майқұдық, Федоровка кенттері, т. б. салынды. Қарағандыда 1959 ж. үй құрылысы комбинаты іске қосылып, 1960-1980 ж. азаматтық тұрғын үй құрылысы индустриалдық негізде дамыды. Жаңа қала шапшаң бой көтеріп, онда көп қабатты жайлы үйлері бар тұрғын аймақтар пайда болды. 1968 ж. Қарағандыны 650-700 мың тұрғынға арнап дамытудың жаңа бас жоспары бекітідді (Орталық ғылыми-зерттеу институты, Мәскеу қаласы, архитектор В. Шкварников, А. Хохлов). Ол кезеңге дейін Қарағандының аумақтық дамуы мәселесінің негізгі кағидасы - жаппай құрылыс салуды темір жол бойымен оңтүстік-шығысқа қарай көмірсіз аймаққа орналастыру болып шешілген еді. Жаңа бас жоспардың негізгі идеясы — тарихи қалыптаскан және абаттандырылған Майқұдық, Жаңа қала, Пришахтинск аудандарын біріктіретін біртұтас қала тұрғызу. Қаланың архитектура жобалық құрылымына 9-12 қабатты үйлерден тұратын және 20-25 мың халқы бар тұрғын аудандар негіз етіп алынды. 1994 ж. бас жоспарға түзетулер енгізіліп, Оңтүстік-Шығыс жоспарлық ауданының нақтылы жоспарлану жобасы жасалынды, бірақ ол бекітілмеді. 2004 ж. қаласалушылық жағдайлар, ресурстык мүмкіндіктері мен оны кезеңді іске асыруды кешенді талдау үшін, қаланың шаруашылық-экономикалық және аумақтық-қызметтік даму бағыттарын анықтау мақсатында бас жоспардың бірінші кезеңі — қаланың ұзак мерзімдік даму тұжырымдамасы дайындалды. Қарағанды қаласы аумақтарына құрылыс салудың архитектура-жоспарлық шешімдерінің тұжырымдамасы бойынша бекітілген мерзімге дейінгі аралық өсу 630 мың адам деп есептеліп, дамудың жайлы жағдайында 2030 жылға қарай қала халқы 1,2 миллионға дейін өсуі межеленген. Қазіргі кезде Қарағанды қаласының аумағы ескі шекарасы бойынша 58 мың гектар жерді алып жатыр.

Азаматтық тұрғын үй құрылысы шапшаң жүргізіліп жатқан қаланың Оңтүстік-Шығыс аймағы Қарағандының осы заманғы орталығын қалыптастырды. Әзірше Қарағандының орталығы Жаңа қала болып отыр. Мұнда Үлкен Бұқпа өзенінің қос қапталында орналасқан аумақта мәдениет және демалыс саябағы бар, қаланың басты көшелері — Бұқар жырау, Нүркен Әбдіров данғылдары, Ленин, Гоголь көшелері, Бейбітшілік бульвары. Мұнда әр кезеңде салынған үйлер бірыңғай архитектуралық-композициялық мақсатты көздеп тұрғызылған. Бұқар жырау даңғылы мен Әлиханов көшесінің түйіскен жерінде қаланың басты әкімшілік алаңы орналасқан. Бас аланда салынған Одақтар үйі (1965 ж.) мен Ортқазгеология ғимараттары өзіндік бір монументті қақпаны — БЛКЖО-ның 30 жылдығы атындағы саябаққа кіре берісті құрайды. Әкімшілік орталыққа жапсарласа сауда-тұрмыс орталығы орын тепкен. Бұл архитектурадық-композициялық шоғырда «Қазақстан» қонақ үйі (1974), «Орбита» мейрамханасы (1973), Орталық әмбебап дүкен (1973, 2005), Тұрмыстық қызмет үйі (1981), «Абзал» сауда үйі (2004) топтасқан. Бұқар жырау және Әбдіров даңғылдарының түйіскен жерінде спорт-сауық кешені бар. Мұнда цирк (1982), мұз айдыны сарайы (1971), спорт сарайы (1958), жеңіл атлетика манежі (1975) ғимараттары салынған. Бұқар жырау даңғылы мен Бейбітшілік бульварында бірқатар архитектура-композициялық шоғырлар ірге тепкен: облыстық әкімшілік (1977), қалалық әкімшілік (1938) ғимараттары, вокзал (1956), кеншілердің мәдениет сарайы (1950), драма театры (1962). Жаңа қала Қарағандының болашақ орталығы Оңтүстік-Шығыс ауданымен Республика данғылы және Бұқар жырау даңғылының жалғасы — көпір арқылы байланыстарылған. Орталық базар, көптеген сауда орталықтары осы көпір маңында шоғырланған. Қаланың басты көліктік күре тамыры Бұқар жырау даңғылы Университет көшесімен жалғасып, Қарағанды мемлекеттік университеті кешенімен шектеседі.

Жасанды каучук зауытын (кейін «Карбид» өндірістік бірлестігі) және Қарағанды металлургия комбинатын салуға байланысты дамыған Теміртау қаласы өзіндік мәнерлі архитектуралық-жоспарлық құрылымымен ерекшеленеді. Теміртау қаласынын салынуы Қарағанды көмір бассейнінің игерілуімен тікелей байланысты. 1935 ж. Нұра өзеннің бойындағы Самарқан кентінің жанында су қоймасын жасауға арналған гидротораптың, ҚарМАЭС жылу электрстансасы мен Солоничка-Теміртау темір жол тармағының құрылысы басталды. Соған сай МАЭС кенті салынып, ол Самарқан кентімен бірігіп, қазіргі Теміртау қаланың Ескі қала бөлігін кұрады. 1945 ж. 1 қазанда Теміртауға қала мәртебесі берілді. Теміртау қаланың қазіргі бас жоспарын 1991 ж. Мәскеу қаласының ЦНИИП «Қалақұрылысы» жобалау мекемесі дайындаған. Қала орналасу аймақтары қызметтік және жоспарлык катынасы бойынша салыстырмалы дербес мәндегі бірнеше аудандарға бөлінген. Бірақ, жалпы алғанда Теміртау қаланың су қоймасы жағасында, ортақ жалпықалалык орталығы бар, біртұтас құрылым ретінде қалыптасқан. Бас жоспардың архитектуралық-жоспарлық шешіміне аумақты су қоймасының жағалауы бойынша дамыған жалпықалалық орталық аймағы бар нақтылы қызметтік аймақтарға бөлу, орталық бөліктен оңтүстік-батыс бағытында дамитын тұрғын аймақтарын жасау негізге алынған. Теміртаудың оңтүстік-батыс тұрғын ауданының нақтылы жоспарлану жобасын 1992 ж. «Қарағанды азаматтықжоба» институты жүзеге асырды. Жобада аудан тұрғын және саябақтық екі аймаққа бөлінген. Тұрғын ауданды бұрынғы қызметтік аймақтарды сақтап, оларға айтарлықтай өзгерістер енгізбей, саудалық-коғамдық орталықтары бар көп қабатты және аз қабатты үйлер құрылысымен қалыптастыру қарастырылған. Барлық жағынан көрінетін ерекше мәнерлі төбе аудан жобасының өзіндік айшықты ерекшелігі болып табылады. Көшелердін салынуы сол төбенін, орналасу ерекшелігіне бағындырылған. Төбені айнала сауда-қоғамдық, мәдени-тұрмыстық, спорттык-сауықтыру орталықтары мен саябақты композициялық байланыстыратын айналма жол жүргізілген. Сәуле шапағы іспетті жүргіншілер көшелері тарайтын жартылай дөңгелек алаң жоспарлық композицияның кіндігі болып табылады.

Облыстағы өндірістік және мәдениет ошактарының бірі — Жезқазған қаласы. Жезқазған қаланың құрылысы 1938 ж. басталды. Ол кезде мұнда шағын өзеннің жағасында Кеңгір кентінің негізі қаланған болатын. Кентпен бір мезетте Кеңгір су қоймасының құрылысы басталды. Қазір ол солтүстіктен шығысқа қарай жарты шеңбер жасап, қаланы қоршап жатыр және сумен қамтамасыз етудің негізгі көзі болып табылады. 1943 ж. сәуірде құрамына шахталар, кен карьерлері енген Жезқазған мыс-кен комбинаты, Қарсақбай мыс зауыты, Байкоңыр кәмір шахтасы ірге көтерді. 1944 ж. 3 шілдеде «Қазақмысқұрылыс» тресінің құрылыс-монтаж учаскесі құрылды. Ал 1954 ж. Жезқазғанға қала мәртебесі берілді де қала енеркәсібі қарқындап даму жолына түсті. Жылу-электр орталығының қуаты артты, ет комбинатының, қалалық сүт зауытының, № 2 байыту фабрикасының құрылысы іске қосылды. 1967-1973 ж. аралығында Мыс балқыту зауытының құрылысы салынды. Қала өнеркәсібінің дамуымен бірге, оның халқы да өсіп, Жезқазған жерінде бір-бірінен 18 км қашықтықта орналасқан Жезқазған мен Сәтбаев (бұрынғы Никольск) қалаларының негізінде үлкен агломерациялық қалыптасуды аңғартатын шашырай қоныстану түрі пайда болды. 1967 ж. Қазақ қала кұрылысын жобалау институты Жезқазған қаласы мен Никольск кентін жоспарлау жобасын жасады. 1980 ж. Қазақ мемлекеттік қала құрылысын жобалау институты дайындаған бас жоба бекітілді. Оның міндеті қаланың келешек даму ауқымын айқындау және оның барлық қызметтік элементтері мен қоғамдық қызмет көрсету, инженерлік жабдықтау, абаттандыру мен қала көлігі мәселесін шешу болатын. Жезқазған қаласы тарихи аумақтық-кеңістіктік өсуі барысында және қалаға қарасты жерлерді игерудің арқасында, сегіз бөлек болып қоныстанған елді мекеннен (Пристанционный, Аварийный, Комбинатский, Рыбачий, II экспедиция, тарихи қала, жаңа тұрғын үй массивтері—Прибрежный, Западный) басталып, біртіндеп олардың бірігіп кетуімен тұтас құрылымға айналды. Бұл кұрылыс салуға арналған аумақтың жоспарлық құрылымының қалыптасуы 1954-1995 ж. кезеңі аралығында іске асты. Жоспарда қоғамдык орталыктар, тұрғын үй құрылыстары, көше-жол жүйесі, құрылыс арасындағы демалатын көгал жерлер, сондай-ақ жұмыс орны мен қоршаған ортаның бір-бірімен байланысы ескерілді. Қаланың бұрынғы құрылыстары сақталған бөлігінде негізінен торкөз жүйемен қасбеті көшеге қараған үйлер орналасқан. Ауданы 0,6 га-дан 1,0 га-ға дейін баратын тұрғын кварталдарда жатаған үйлер (2-4 қабатты) мен бір қабатты бакшалық жері бар үйлер орналасқан. Бертін кездегі құрылыс аймағының негізгі құрылымдық элементі ықшам аудандар мен қаланың солтүстік және батыс бөлігінде орналасқан тұрғын үй кварталдары тобын құрайды. 60-70-жылдары салынған жаңа ықшам аудандар негізінен 5 кабатты ірі панельді және кірпіштен қаланған үйлерден тұрды. 80-жылдары Жезқазған үй құрылысы комбинаты 5 және 9 қабатты жетілдірілген жобадағы тұрғын үй бұйымдарын дайындауға көшті. Жаңа игерілген солтүстік-батыс ықшам ауданында кейіннен 1-2 қабатты бақшалық жері бар үйлер салына бастады. Қала құрылысындағы жекелеген көше учаскелері мен кейбір жобалық шоғырлар кеңістік-композициялық, архитектуралық шешімінің сапасы жағынан ұтымды шыққан (С. Сейфуллин бульвары, Қ. Сәтбаев к., Металлургтер алаңы, әкімшілік орталығы т.б.). Қаланың қатынас жүйесі Некрасов, Бейбітшілік, Сәтбаев сияқты негізгі көшелер арқылы өтеді. Қала аудандарының Кеңгір мен Оңтүстік өнеркөсіп аудандарымен байланысы жалпы қалалық мәні бар Абай, Сейфуллин, Ленин даңғылы арқылы іске асады. Жалпы қала орталығы әкімшілік-қоғамдық және іскерлік, мәдени-ағарту және ойын-сауықтық, сауда және демалыс-спорт орталықтарымен бірге әр түрлі деңгейдегі қызметтік байланыстар жүйесін дамытуға бейімдеп салынған. Жезқазған қаланың көрікті көріністері қоғамдық орталықтармен, сондай-ақ құрылыс түспеген аумақтармен тікелей байланысқан Кеңгір су қоймасындағы акватория және оны толықтыра түсетін қыраттар мен жыралар, өзеннің жайылымдары мен жайылмалар үстіне салынған текпішек алаңқайлар, саябақтар қаланың негізгі жасыл-желекті өңірі болып табылады. Сәтбаев, Жастар, Бейбітшілік, Абай көшелерінің қиылысына 50-жылдары Металлургтер алаңы салынды. Мұнда «Казақмыс» корпорациясының әкімшілік ғимараты және Музыкалы-драма театрының (Металлургтер мәдениет үйі) ғимараты орналасқан. Ленин даңғылы салынып біткен 80-жылдары сол құрылыстармен бірге бас әкімшілік алаңы (архитекторлар М.О. Жандәулетов, С.Г. Омаров), 10 кабатты әкімшілік ғимараты (архитекторлар А.В. Ткачев, О.С. Богданов), Халықтар достығы мен мәдениеті орталығы ғимараты (халық ағарту үйі) салынды. С. Сейфуллин бульвары мен Ленин даңғылы бойына орнаған коғамдык орталықтар құрылымына енетін қоғамдық үйлер және әкімшілік-іскерлік, мәдени-ойын-сауықтық, сауда нысандары, мемориалдық кешендер тұрғызылды. Олардың ішінде «Жезқазған» қонақ үйі (1970), кең пішімдік «Сарыжайлау» кинотеатры (1977), «Салтанат» тұрмыс кажетін өтеу үйі (1982), «Жезқазған қаласын алғашқы салушылар» монументі, «Ғарыш» обелискісі (1976), «Ғарыш жеңімпаздары» монументі (1977), С. Сейфуллин ескерткіші (1994, мүсінші М.О. Әйнеков) бар. Соңғы жылдары Жезқазған өңірінде шетелдік фирмалармен өндірістік байланыс дамып келеді. Біріккен жоба бойынша жаңа технологияны енгізу құрылыстары: мыс қактау зауыты (АҚШ, Финляндия, Жапония, Түркия), өндеу кешені (Голландия), бизнес орталығы (Швеция), медициналық орталық (Оңтүстік Корея) салынды.

Жезқазғаннан 18 км қашықтықта орналасқан Сәтбаев қаласы (бұрынғы Никольск) қаламен қосылып кетгі. Мұнда алғашқы тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттары ағылшындар ашқан кен орнын игеру кезінде Рудный кенті орналасқан жерге салынды. Қала кұрылысы 1954 ж. кеніштен солтүстік-шығысқа қарай басталды. Алғашқы кездегі құрылыстың сипаты жинамалы екі қабатты ағаш үй болды. 1961 ж. үй құрылысы комбинатын іске қосуға орай 4-5 қабатты ірі панельді үйлер салына бастады. Қазіргі кезде қала тұрғын аудандар мен өнеркәсіп орындары үйлестікпен салынған тұтас тұрғын үйлер шоғырын құрайды, қаланың Бас жоспарын «Қазмемқалжобалау» МБЖИ-і 1977 ж. жасады. Келесі кезеңде тұрғындар саны өсіп, қаланың етек жаюы бас жоспардағы қарастырылған межеден асып кетуіне байланысты «Қазмемқалжобалау» институты» 1990 ж. Сәтбаев қаласының бас жоспарын 2010 жылға дейін деп есептеп, оған өзгерістер енгізді (архитекторлар С.Д. Шәймерденов, Р.А. Ибрагимов, Ж.К. Нұрмағамбетова). Қаланың өзіне тән архитектуралық кескін-келбеті жаңаша белгіленді, қолайсыз табиғат жағдайында орналасқандықтан қаланы биік аймаққа көтеру үшін аз қабатты үйлерді қаланың сырт жағына, көп қабатты үйлерді орталыққа салу ұйғарылды. Көп қабатты тұрғын үйлердің көпшілігі қаланың орталығында және солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Ықшам аудандардың көбісі 5 қабатты тұрғын үйлер болып келеді, 9 қабаттты үйлердің үлесі шамалы ғана. Қаланың жоспарланған кұрылымы жатаған үйлі кварталдар мен көп қабатты ықшам аудандардан тұрады. Көлік қатынасын жоспарлау құрылымы іс жүзінде тік бұрышты торкөз көшелер бойынша жүзеге асырылған. Ол бір қабатты жекеше үйлер орналасқан кварталдарда жиілей түседі. Қаланың негізгі композициялық күретамырлары, ұзына бойына қоғамдык орталықтары орналасқан Победа, Сәтбаев, Абай көшелері болып табылады. Қаланың басты магистралінің бірі Сөтбаев көшесі қаланы солтүстіктен-оңтүстікке қиып өтіп, өнеркәсіп аймағымен тікелей жалғасып жатыр. Победа көшесі орталық кеңістікті ұйымдастыруда негізгі рөл атқарады және қаланың негізгі композициялык өзегі болып табылады. Қала әкімшілігі үйінің алдындағы алаң ансамблі Комарова бульварының әсем көрінісімен тұйықталып, «Байкоңыр» кинотеатры ғимаратын қамтып жатыр. Қалада көркем салынған басқа да коғамдык ғимараттардан 850 орынды Мәдениет үйі мен спорт залдары 1063 шаршы м болатын Спорт сарайын ерекше атауға болады. Жезқазган өңіріңдегі қала құрылыстарын салуға «Жезқазғантүстіметалл» ҒЖЗИ-і, «Қазмемқалжобалау» МБЖИ-і, «Қарағандықалауылжобалау», «Жезқазғанқалауылжобалау» институттарының ұжымдары, сондай-ақ сәулетшілер Г. Омаров, К.О. Тұрлыбаевтар үлкен үлестер қосты.

Балқаш көліндегі Бертіс шығанағынын солтүстік жағасында орналасқан Балқаш қаласы әкімшілік жағынан облыстық бағыныштылықтағы қалаға жатады. Ол маңайындағы Қоңырат, Шығыс Қоңырат, Саяқ, Гүлшат жұмысшы кенттері елді мекендері Балқаш өндірістік шоғырын калыптастырады. Балқаш қаласы арқылы Алматы-Қарағанды автомагистралі, сонымен қатар Қарағанды-Шу темір жол магистралінің Мойынты-Саяқтармағы өтеді. Қала аумағы шегіндегі жердің жалпы ауданы 591,6 мың га құрайды. Балқаш қаланың 49 мың адамға арналған бастапқы бас жоспарын 1935 ж. қала құрылысын жобалау институты дайындады. 1936 ж. қазіргі қаланың композициялық шешіміне негіз болған алғашқы тас үйлердің іргесі қаланды. Қаланың қазіргі іске асырылудағы бас жоспарын 1962 ж. қала құрылысын жобалау институның Ленинград бөлімшесі дайындап, ол 1963 ж. ҚазКСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен бекітілді. 1987 ж. Қазақстан мемлекеттік қала жобалау институты бас жоспарға түзетулер енгізді. Сонымен қоса ол институт қаланың орталык бөлігінін нақтылы жоспарлау жобасын жасады. Түзетілген бас жоспар есептік мерзімі 2005 жылға дейінгі 20 жылдық кезеңді камтиды. Бас жоспардың түзетілуінде қаланың аумактық дамуында оның қызметтік аймақтарға бөлінуін, өнеркәсіптік және тұрғын аумақтарының дамуы мен болашағын, елдің уақытша демалуын ұйымдастыру, қоршаған табиғи ортаны корғау мен жетілдіру мәселелері ескерілді. Қаланың даму деңгейі салынушы және салынуға дайындалған өнеркәсіп орындарының және басқа да өндіріс кәсіпорындарының өнер-кәсіптік мүмкіндіктеріне сай қарастырылған. Балқаш қаласы облыстың ірі өндіріс орталықтарының бірі. Қазіргі кезде ондағы халық саны 74,1 мың адам (2005). Қаланың экономикалық негізін өткен ғасырдың отызыншы жылдары салынған мыс қорыту зауыты құрайды. Қазіргі кезде Балқаш кенметаллкомбинаты еліміздің түсті металлургиясының ірі өнеркәсіп орталықтарынын бірі және қаланың қалажасаушы негізі болып табылады. Қала көлдің екі шығанағының аралығын алып жатыр, тек оның оңтүстік бөлігі ғана демалу аумағына бөлінген. Қоныстану аумағының дамуы оңтүстік-шығыс бағытында қарастырылған. Балқаш қаласы тікбұрышты көшелер жүйесіндегі, кварталдық негіздегі ықшам жоспарлық құрылымдық түрде. Өнеркәсіптік аумақтар қаланың тұрғын аймақтарымен бөлінген батыс және шығыс бөліктерінде орналасқан. Қаланын барлық қоныстану аумақтары 4 тұрғын ауданға бөлінген және демалыс аймағымен қоса, көлге параллель орналасып, біртұтас жоспарлық құрылым жасайды. Осы аудандардың барлығын қаланың негізгі өзегі — Ленин магистралі біріктіреді. Ол қаланың динамикалық орталығының қызметін атқара отырып, өнеркәсіп аудандарымен жақсы байланысты қамтамасыз етеді. Қаланың негізгі әлеуметтік-мәдени-тұрмыстық нысандары осы даңғылдын бойында және сонымен қилысатын көшелерде орналасқан. Қазіргі Балқаштың жалпы қалалык орталығы Ш. Уәлиханов көшесі маңында шоғырланған. Қала орталығы тек әкімшілік және коғамдық мекемелерді ғана емес, сондай-ақ жалпы қалалык мәні бар сауда кәсіпорындарын да қамтиды. Қаланың ең ірі қоғамдык орталығы — 1952 ж. салынған Металлургтердің мәдениет үйі (архитектор Л. Мелеги). Қала халкының демалысын ұйымдастыруда қоғамдық пайдаланудағы БЛКЖО-ның 30 жылдығы атты саябақ, Кұрылысшылар саябағы, Мәдениет үйлерінің манындағы жасыл желекті баулар, спорт стадиондары сияқты көгалды жерлер маңызды рөл атқарды. Қала құрылысын жобалауда ленинградтық сәулетшілер (Ландышев т.б.) үлкен үлес қосты. Олар 1967-68 жылдары 1-, 2-, 3-ыкшам аудандардың жобасын жасады. Құрылыстарының ерекше сәулеттік-жобалық шешімі мен қаланы абаттандыру саласындағы жетістіктері үшін 1976 ж. Балқаш қаласы КСРО Министрлер Кеңесінің сыйлығымен марапатталған. Қарағанды қаласының маңайында Саран, Шерубай-Нұра, Тентек кенттері негізінде облыста Саран, Абай, Шахтинск сияқты серіктес қалалар бой көтерді. Өзіндік әлеуметтік ұйымдастырылуы мен құрылымы олардың дербес дамуларына негіз болды. Саранда резина-техникалық бұйымдар, Шахтинскіде жасанды жуғыш заттар зауыттары салынды.

Қарағанды металлургия комбинаты, «Карбид» және «Қарағандырезинатехника» өндірістік бірлестіктері, Қарағанды МАЭС, Қарағайлы кен-байыту комбинаты т. б. сияқты ірі өндірістік кешендердің дамуы Қарағанды облысында қала құрылысының етек жаюының негізгі қозғаушы күші болып табылады. Облыс жерінде өндіргіш күштер мен өндірістік қуаттарды орналастыру ісі аудандық жоспарлау жобасы мен қалалардың бас жоспарлары арқылы реттеліп отырады. Өндірістік кешендер облыстағы қоныстану жүйелерін құруға негіз бола отырып, қалалардың сыртқы бейнесін қалыптастыруда зор рөл атқарды. Өнеркәсіп құрылысын жобалауды әр түрлі бұрынғы одақтық жобалау мекемелерімен бірлесе отырып, жергілікті «Қарағандықұрылысжобалау», «Қарағандықалауылжобалау» институттары жүзеге асырады. Өнеркәсіп және азаматтық тұрғын үй құрылысы жобаларын үйлестіре отырып, жергілікті органдар архитектуралық пішіндердің неғұрлым тартымды болуына баса назар аударды. Облыс қалаларының бейнесін қалыптастыруда, денсаулық сақтау мәселелерін шешуде көгалдандырудың алар орны айрықша. Шөлейт аймақта орналасуына қарамастан, облыстың елді мекендері көгалдандыру дәрежесінің жоғарылығымен ерекшеленді. Ұлы Отан соғысы жылдарында-ақ Самаркан бөгенінде бірнеше мың гектар жерді суғаруға арналған ирригациялық жүйе салынған болатын. Өзендер мен жылғаларды бөгеу өнеркәсіп орындары мен қала маңындағы елді мекендерді суғару суымен қамтамасыз етті. 50-жылдардың бас кезінде Қарағанды қаласының орталығында, Саран, Шерубай-Нұра кенттерінде, басқа да жерлерде саябақ аймақтары ұйымдастырылып, жел мен қардан қорғайтын алқаптар жасалды. Қалалардың өз ішінде тұрғындарға арналған бірыңғай көгалдандыру жүйесі қалыптасты. «Қарағанды мемлекеттік шахта жобалау», «Қарағанды өнеркәсіптік құрылыс жобалау», «Қараганды азаматтық құрылыс жобалау» институттарының ұжымдары облыс қалалары мен елді мекендері құрылысын дамытуға, оның архитектуралық келбетін жақсартуға үлкен үлес қосты. Қарағанды қаласының орталық бөлігін жобалағаны және тұрғызғаны үшін бір топ сәулетшілер мен құрылысшылар 1978 ж. Ш. Уәлиханов атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды (Н.И. Блищенко, М.О. Жандәулетов, А.Д. Жигайло, Э.Г. Меликов, С.И. Мордвинцев, А.И. Пятрин). Қарағанды сәулет өнері мектебінің негізін қалаушылар — Т.Я. Бараг, А.М. Генин, И.И. Бреннер, И.С. Иванова, С.П. Кудрявцева, Э.Г. Меликов, С.И. Мордвинцев, Р.А. Сейдалин, В.Н. Уклеин, Э.И. Хидиров. Қарағандыда ҚР Сәулетшілер одағының 40-тан аса мүшесі қызмет атқарады (2006).