Татар-башқұрт ұлттық-мәдени орталығы

ДОСТЫҚ ПЕН АҒАЙЫНДЫҚ БАЙЛЫҚТАН ҚЫМБАТ

(халық мақал-мәтелі)

 

Татарлар түрік тілдес халықтар тобының (орта Жайық пен Еділ татарлары, Астрахань, Сібір, Қырым, Литва және т. б.) қалыптасуы мен дамуы әртүрлі тарихи жағдайларда болған. Татар тілі түрік тобындағы Алтай тілдеріне енеді.

Тарихтың деректері көрсеткеніндей, қазақ пен татар халықтары бір-бірімен 400 жылдан бері араласып келеді. Қазақстанда XIX ғасырда тұратын татарлардың саны едәуір өсіп, 79758 адамға жеткен. 1999 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанда 327982 татар тұрады, оның 45811-1 Қарағанды облысында.

Башқұрлар, әуелгі атауы - башқорт. Башқұрт тілі түрік тілдеріне жатады.

1926 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанда 812 башқұрт тұрған. Бүгінде Қазақстандағы башқұрт диаспорасының саны 23225 адам, олардың көбі Қостанай және Қарағанды облыстарында тұрады (Қарағандыда 5652 адам).

Ұлттық орталықтардың алғашқыларының бірі болып облыс аймағында татар-башқұрт ұлттық мәдени орталығы құрылды.

Облыстық татар-башқұрт мәдени орталығының құры-луы тарихы 1994 жылдың сәуір айынан басталып, осы қоғамдық ұйым тіркелгеннен кейін өз мәртебесіне ие болды. Мәдени орталық белсенділері бірінші күннен бастап Татарстан және Башқұртстанмен байланысты нығайтуға ерекше көңіл бөледі. 1995 жылы башқұрттардың Уфа қаласында өткен бірінші Дүние жүзілік құрылтайында үкімет деңгейінде "Татарстан білім министрлігі мен Қа-рағанды облыстық білім департаменті арасындағы білімге байланысты ынтымақтастық келісіміне" қол қойылды.

Татар-башқұрт орталығының көркем өнерпаздар ұжымы облыстың барлық ұлттық және басқадай мерекелеріне белсене қатысады. Белгілі ақын, Ұлы Отан соғысының қаһарманы Мұса Жәлелдің 90-жылдығына арналған әдеби сазды кеш табысты өтті.

Тұрғындардың арасында ертеден келе жатқан көп ғасырлық тарихы бар "Сабантой" ерекше аталып өтіледі. Осы бұқаралық серуеннің бағдарламасына ән, би, татар мен башқұрт халықтарының ойындары кеңінен енгізіледі. Олардың ұлттық мерекесіне барлық мәдени орталықтар мен қала тұрғындары қатысады. Білім беру саласындағы Татарстан білім министрлігі мен Қарағанды облыстық білім департаментінің ынтымақтастығы жөніндегі келісіміне сәйкес Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданының 4 мектебінде татар тілі ана тілі ретінде 1996 жылдан бері оқытылып келеді.Облыстық орталықтың қасында жексенбілік мектеп бар. Руфина Хафизовна Надырова жетекшілік ететін хореографиялық үйірме табысты жұмыс істеуде.

Көркемөнерпаз ұлттық ұжымдары, Абай қаласындағы "Яшлык" жастардың эстрадалық ансамблі, Қарағандыдағы "Муннар", "Суйумбике" ансамбльдері көрермендерден жақсы баға алуда. Қарағанды облысындағы татар-башқұрт диаспорасы қоғамдық өмірге, жыл сайын өткізілетін фестивальдар мен мерекелерге белсенді түрде қатысады.

Татар-башқұрт мәдени орталығының қызметі қазір шырқау шегінде. Бұған жеке ғимарат алу ықпал етті. Орталықтың жанында "Сарман" деп аталатын ұлттық асхана жұмыс істейді. Осы жерде "Аулақ үй" деп аталатын жастар орталығы жұмыс істеп, онда тақырыптық кештер, дискотекалар, кездесулер өткізіледі.