Украин ұлттық-мәдени орталығы

ДОСТЫҚТЫ СЕЗІНБЕГЕН АДАМ, ӨМІР СҮРГЕН ЕМЕС

(халық мақал-мәтелі)

 

Украиндықтар, орыстар және белорустармен бірге шығыс славян тобын құрайды. Украин тілі индоеуропалық тілдер әулетінің шығыс славян бөлігіне жатады, негізінен үш сөйлеу тобы бар: солтүстік, оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс. Украиндықтар көне русь халықтарынан бөлініп, шығыс славян тайпаларымен туыстас болып қалыптасқан.

XIX ғасырдың соңында Қазақстандағы украиндықтардың саны 85 мың болған. Бүгінде Қазақстанда 896240 украиндық тұрады, оның 107098-і Қарағанды облысында.

Тарас Шевченко атындағы "Рідне слово" украин тілі қоғамы 1990 жылдан жұмыс істейді.

Украин қоғамының басым қызметтері ана тілін жаңғырту, Ук-раинаның тарихы мен әдебиетін оқу, Украин мәдениетінің өзінше дамуы, салт-дәстүрлерді қалпына келтіру, тарихи отанмен байланысты дамыту, басқадай ұлттық-мәдени қоғамдармен ынтымақтастық, Қазақстан Республикасында тұратын халықтардың арасындағы достықты нығайту болып табылады.

Қоғам өзіндегі ардагерлер хорын, вокальдық топтарды мақтаныш етеді. Оның қасында украин тілін, тарихы мен әдебиетін оқып-үйренетін жексенбілік мектеп бар. Онда халықтың әдет-ғұрпын атап өту дәстүрге айналды. Жыл сайын Рождествоға, Шевченко күндеріне, пасхаға, Украинаның тәуелсіздік күніне, Украин халқының белгілі қайраткерлеріне арналған кездесулер мен концерттер өткізіледі. Мұнымен бірге қоғамның көркеменерпаздар ұжымы облыстың қалалар мен аудандарында болатын ірі мерекелерге, олардың барлық бағдарламаларына қатысады.

Украин тілі қоғамына атақты украин ақыны Т. Шевченконың аты берілген. Тарас Шевченкоға арналған шаралар жыл сайын өткізіледі, оның бағдарламасында лекция, конференция, дөңгелек стол, концерттер бар.

Қоғам Тарас Шевченконың 190 жылдығына арналған мерейтойлық датасын атап өтті. Қазақстандағы украиндықтардың қауымдастығы Қазақстан Республикасындағы Украина елшілігімен бірлесе отырып, мерейтойлық шевченколық шараларды үздік өткізуге конкурс жариялады. Осы жарыста Қарағандының украин қоғамының өкілдері Қазақстандағы қоғамдардың ішінде екінші орынға шығып, құрмет грамотасымен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Қарағандыдағы ұлттық-мәдени орталық Қазақстан Республикасындағы Украина елшілігімен тығыз қарым-қатынас жасайды. Елшілік жексенбілік мектепті оқулықтармен қамтамасыз етіп, Украинаның сыртқы және ішкі өміріндегі негізгі оқиғалар туралы ақпараттық бюллетеньдерді үнемі жіберіп тұрады. Елшіліктің көмегінің арқасында 2000 жылдан бастап жыл сайын қоғам мүшелерінің балалары Қырымдағы "Артек" сауықтыру орталығында демалады. 2003-2004 жылдары 20 баладан тұратын топ Ивано-Фринковск облысындағы Карпат тауларында орналасқан жастардың сауықтыру орталығында демалып қайтты.

Сталиндік лагерлердің бұрынғы тұтқындарының ұсынысы бойынша 1997 жылы қаза болған жерлестерге Спасскіде, бұрынғы Кеңгір поселкесінде, қазіргі Жезқазған қаласында ескерткіштер орнатылды.

Украин қоғамының қызметіне Астана қаласында апта сайын украин тілінде шығатын "Украински новины" газеті оң ықпал етуде. Осы газетте Қазақстандағы украиндықтардың өмірі туралы, сондай-ақ Украинадағы басты оқиағалар, украиндық-қазақстандық қатынастардың дамуы жөнінде маңызды ақпараттар жарияланады. Бұл газет Украин қоғамы үшін жақсы кеңесшіге айналып, ол тек Қазақстанда ғана емес, Украинада да белгілі. 2004 жылдың шілде айында газеттің 10 жылдығы атап өтілді.

"Рідне слово" украин тілі қоғамы басқадай ұлттық-мәдени орталықтармен бірге қызмет істейді. Өткізіліп жатқан шаралар Қазақстанда тұратын барлық халықтардың өздерінің мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін дамытуға мүмкіндігі бар екенін көрсетеді.