ЖҮНІСҰЛЫ ӘБДУ
Жүнісұлы Әбду (1906-1938), партия, кеңес қызметкері, репрессия құрбаны. Шет ауданы түлегі. 1929 ж. Қоңырат ауданы бойынша ең алғашқы «Оян» серіктігін (кейін Киров ұжымшары) ұйымдастырушы. 1932 жылғы аштыққа қарсы күрес жүргізіп, жоғарғы орындарға хабарлап, шаралар қолдану жөнінде тиісті талаптар қойды. Осыған байланысты Алматыдан арнаулы комиссия келіп, жұмыс жасаған. Балқаш қаласынан көлікпен балықтасу ұйымдастырылған. Соның нәтижесінде осы өңірдің тұрғындары 1932 жылғы аштықтан жан сақтап, аман калды. Әбду Тоқырауын өзенінің бойына алғашқы рет су диірмен, кейін жел диірмен орнатқызды. Әбду ҚазОАК-тің мүшелігіне сайланып, 1935 ж. аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болды. 1936 ж. Алматы қаласына партия оқуына шақыртылды. 1937 ж. тамыз айында «халық жауы» деген жалған жаламен түрмеге жабылып, 1938 ж. Қарағанды түрмесінде атылды.