Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






АСЫЛБЕКОВ АБДОЛЛА ӘБДІРАХМАНҰЛЫ

Асылбеков Абдолла Әбдірахманұлы  (1896-1938) –  партия, кеңес жене мемлекет кайраткері, Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату күресіне қатысқан. Ақмолада қазақ-татар жастарының мәдени-ағарту үйірмелерін ұйымдастыру­шылардың бipi. Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына қатысқан. Октябрь төңкерісінен кейін  жұмысшы, шаруа жене солдат депутаттарының Ақмола Кеңесі ұйымдастырушылардың бipi. Қызыл гвардия отрядтарын ұйымдастыру жөнінде соғыс кеңесінің мүшесі, азық-түлік комиссары болды. 1918 жылы колчакшылардың қолына түсіп атаман Анненковтың «өлім вагонына» қамалып Омбыға айдалды. Тұтқын лагерінен қашып шығып, 1919-1921 жылдары Қиыр Шығыстағы Азамат соғысына катысты. 1921 жылы Қазақстанға кайтып оралып, Кызыл Армияның Петропавл, Ақмола және Көкшетау уезіндегі контрреволюция Көтерілісін басу жөніндегі штаб өкілінің орынбасары болды. 1921-1923 жылдары. КАКСР Халық ағарту комиссариаты саяси ағарту бөлімінің бастығы, РК(б)П Қырғыз (Қазақ) обкомының хатшысы, РК(б)П ОК Қырғыз (Қазақ) бюросының мүшесі 1923-1926 жылдары. Мәскеуде Тимирязев атындағы  ауыл шаруашылық академиясында оқыды. 1926-1928 жылдары Егіншілік халкоматында басшы қызметінде істеді. Қостанай округі аткомының төрағасы болды. 1928-1938 жылдары Қазақ OAK хатшысы, Қарағанды облысының Қарқаралы округінде, Кеңестері аткомының төрағасы, КазКСР жеңіл өнеркәсіп халкомының орынбасары және Әлеуметтік қамсыздандыру халкомы. РК(б)П 11-съезінің делегаты, Қырғыз (Қазақ) обкомының және Қазақстан Өлкелі партия комитетінің, Қазақстан К(б)П ОК мүшесі, БОАК және Қазақ OAK мүшесі. Қызмет істеген үйде (қазіргі Қарқаралы өлкетану мұражайы) мемориалдық тақта орнатылған. 1937 жылы әйгілі «Қарағанды ісі» бойынша жазықсыз айыпталып, атылды.