Сарыарқаның көне ескерткіштері (Ортағасырлар дәуірі)

    Орта ғасырлар дәуірінің басталуы түркі халықтарының жалпы тарихтық аренаға шығуымен сәйкес келді. VI ғасырда алып далалық империя - Түркі қағандығы құрылып, біраздан соң ол Батыс Түркі және Шығыс Түркі қағандықтары болып екіге бөлінді.

   Истеми (Естемес) әулеті билеген Батыс Түркі қағандығы шығысында Шығыс Түркістан мен батысында Қара теңізге дейінгі аралықты біріктірді. Қазақстан жерінде бұл әулеттің негізгі иеліктері орналасқан еді. Осы уақыттан бастап шығысында — Алтай, Хакасиядан, батысында Дунайға дейінгі аумақтарда VIII-XII ғасырлардағы далалық империяларды құрған түргеш, қарлық, қимақ-қыпшақ, құман-половец, оғыз, хазар, бұлғар сияқты түркі тілдес халықтар кеңінен қоныстанды. Дешті Кыпчақ, яғни Қыпшақ даласы – ортаға сырлық араб-парсы деректерінде Қказақстан жері осылай деп аталды.         XIII ғасырда ұлан - ғайыр еуразиялық держава - Алтын Орда құрылды. Бұл аты аңызға айналған Темужин (Шыңғыс хан) ұрпақтары құрған, тұрғындарының негізгі бөлігін жергілікті қыпшақ және тайпалары құрған мемлекет еді.

    Уақыт өте келе осы империяның шығыс қататында әйгілі Ақ Орда дербес салтанат құрды. Одан Арқа жеріндегі Өзбек ұлысы бастау алса, бүл ұлыстан XV ғасырдың 60-шы жылдарында Қазақ хандығының бөлініп шық-қаны белгілі. Егер Қазақ хандығының құрылуымен бір ұлыс халқының “қазақ” пен “өзбек” деп екіге бөлінуі басталса, оның орнығып, күшеюі бұл процестің тұрақтануына әкелді. Қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібек өз боданымен алғашында кішігірім ғана аумақты иеленді. Жердің ұлғаюы түпкі негізінде өзбектердің Мәуреннахрды басып алуы жатқан саяси оқиғалармен қатар жүрді. XV ғасырдың аяғында атақты өзбек атты әскері Сарыарқа мен Солтүстік Түркістан жерлерінен Темір әулеті үрпақтары басқарып отырған Мәуреннахрға лап қойды. Жаһан таныған әйгілі аталарының күші мен айбатын недәуір жоғалтып үлгерген жергілікті басшылардың қарсылығы тез жойылды да, XVI ғасырдың басында шабуыл қоныс аударуға ұласты. Осылайша өзбектер Орта Азия түрғындарына айналды, ал олардың орнында қалған үлкен бөлігі Қазақ хандығына қарады. Хандықтың жерін кеңейту барысындағы өте ауыр және ұзаққа созылған күрес әсіресе Сыр бойындағы қалалар мен жалпы осы өңірді қарату үшін болды.

   Орталық Қазақстанда орта ғасырлар дәуірінің көптеген ескерткіштері белгілі. Мұның қатарында ғұрыптық қоршаулар, тас мүсіндер мен балбалдар, атымен, қару-жарағымен жерленген жауынгер обалары, “үйтас”, “дың” тәрізді монументалды сәулеттік құрылыстар, қалалар бар.

   Көне түркі және қыпшақ дөуірлерінің тас мүсіндері далалық ландшафттың ажырамас бөлігіне айналған десе болады. Тастарда қашалған бейнелер бірін бірі қайталамайды — бұл қабағы қатулы сақа жауынгер, мұрты тебіндемеген бозбала немесе тіпті әйел адам болуы мүмкін. Ғалымдар, тас мүсіндер өзі құрметіне атап қойылып отырған адамдардың портреттік бейнелерін нақтылайды деп санайды. Қарағанды облысында мұндай мүсіндер әсіресе Қарқаралы, Қызыларай, Ұлытау таулары маңында көптеп кездеседі.

   Археологтар Басқамыр, Аяққамыр, Хан ордасы, Шотқара, Алаша хан, Айбас Дарасы, Нөгербек Дарасы сияқты және т.б. көптеген оғыз бен қыпшақ қалаларын ашты. Бұлардың бір бөлігі VIII—XI ғасырларға жатады, Алтын Орда тұсында қалыптасқан біразы XIII—XIV ғасырларда мерзімделеді, ал кейбірі Қазақ хандығы кезеңіне қатысты (ХҮ-ХҮІІ ғғ.).

   Орталық Қазақстанның ортағасырлық қалалары отырықшы мәдениет, суармалы егіншілік үрдістерін айғақтайды. Қала мәдениетінің көтерілуімен қолөнер мен сауда дамиды, кейінгі қазақ тұрмысында жақсы сақталған өнер мен мәдениет үлгілері тарайды.

  Алтын Орданың бас кезінде Ұлытау Шыңғыс ханның үлкен ұлы — Жошы хан ұлысының орталығына айналды. Оның қабірі үстіне кейінірек ұрпақтары — Алтын Орда билеушілері — бүгінге дейін жетіп отырған әйгілі мазарды орнатты.

   Ұлытауды қасиетті маңызы Қазақ хандығы кезеңіне ұмытылмай жетті. Зевстің алтын мүсінін әркімнің көруі парыз деп санаған көне гректер тәрізді, Арқа қазақтары танысарда бір-бірінен «Ұлытауға бардың ба, ұлар құсты көрдің бе?» деп сұрайды екен.

  XIV ғасырда Қазақстан жеріндегі түркі тайпалары одағының негізін қалаушы Алаша ханның қабірі үстіне мазар тұрғызылады. Ғылыми пайымдаулар бойынша VII—VIII ғасырларда өмір сүрген Алаша хан қазақ аңыздарында бүкіл қазақ хандарының түп атасы және мемлекеттің негізін қалаушы саналады.

   Ұлытаудың шыңдарының бірінде аты Алтай, Орал, Солтүстік Кавказ, Қырым, Орта Азия халықтарының батырлық эпосында жырланатын Алтын Орда әмірі, ұлы қолбасшы Едігенің сүйегі қойылған. Алтыншоқы шыңының тасында құдіретті Ақсақ Темір де Ұлытау жерінде болғандығы жайлы естелік қалдырған.

   Ұлытау өлкесімен Кетбұға, Керей, Жәнібек, Қасым, Тәуке, Барақ,Көшім, Абылай, Әбілқайыр, Ақжол би, Қазыбек би және т.б. көптеген тарихи тұлғалардың өмір деректері тығыз байланысты.

  Қола, ерте темір, орта ғасырлар дәуірлерінде тастарға түсірілген таңба — петроглифтер Орталық Қазақстан көне жәдігерлерінің айрықша түріне жатады. Қарағанды облысында олар көптеп саналады, олардың үлкен шоғырлары әсіресе Кестелітас, Теректі, Желтау, Байқоңыр өлкелерінде ашылған. Астанасы Түркістан қаласы болған Қазақ хандығы тұсында Орталық Қазақстан мемлекеттің стратегиялық тұрғыдан аса маңызды өлкелерінің бірі болды. Керуен жолдары ішінде көне дәуірлерден жеткен екі бағыт ерекше орында тұрды.

   Сарысу жолы өңірдің батысымен өтті. Оңтүстікте, Жібек жолының негізгі торабынан бастау алған ол Түркістанның үстімен Ұлытауға жете тармақталып, әрі қарай — Орал мен Еділге кететін. Қазақтар үнемі маңызды кеңестер өткізіп отырған, көптеген рулардың таңбасы қашалған атақты Таңбалытас осы Сарысу бойында.

   Қарқаралы жолы шығыс тарапта қанат жайды. Оңтүстікке Хантау мен Шу арқылы түсетін бұл бағыт, теріскейге қарай қимақтардың жұрты болған Ертіс бойына және одан әрі Батыс Сібірге тартатын. Қарқаралы жолын Хан жолы деп те атады.

  Қазақ хандығы кезеңінің көптеген сәулеттік ескерткіштерінің арасында қазақтармен достық қарым-қатынаста болған ойрат үлыс князьдары XVII ғасырда лама дінінің пұтханасы ретінде салдырған Қызылкеніш сарайы (Қыз Әулие сарайы) бар.

 

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

Орта ғасырлар дәуірі // Сарыарқаның көне ескерткіштері = Древние памятники Сарыарки = Ancient monuments of Saryarka : фотоальбом / құраст. О.Таланова, А. Бейсенов. – Қарағанды, 2007. – Б.108-113.