Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






Халық ақындары

 

Айнабеков Қайып

(1885-1955)

Айнабеков Қайып 1885 жылы 18 мамырда  Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Көбетай ауылында туған. Халық ақыны. Бала жасынан жетім қалып, нағашысының қолында тәрбиеленеді. Орталық  Қазақстандағы ауылды жаңа шаруашылық саласына жұмылдыру жұмысына белсене қатысып, кеңес, шаруашылық, ағарту саласында қызмет істеген. 1921 жылы Орынборда өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық  IІ  съезінде делегат болды. 1923 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық этнографиялық көрмеге қатысып, қобызда ойнап, ән айтады. Сол жолы белгілі музыка жинаушы А. В. Затаевич Айнабековтен  "Сұлушаш", "Қоскөтерме", "Әупілдек", "Назқоңыр", "Жеңеше" сияқты халық әндерін жазып алады. Айнабеков он бес жасынан өлең  шығарады. 1929 жылы  өмірінің соңына дейін Қарағанды қаласында  тұрып, кеншілер мен жұмысшылар еңбегін шығармаларына арқау етті. "Лавада", "Шахтер сөзі", "Эшелон" өлеңдері көмір өлкесінде еңбек ерлерін жырлауға арналған. Ақын еліміздің саяси-қоғамдық өміріндегі елеулі тарихи оқиғалардың барлығына үн қосып, өлең, дастандарын, толғауларын арнады, көптеген сықақ, тақпақ, терме, нақыл, өлеңдер, аңыздар жазды. "Москва", "Қырғыз тойына", "Үздіксіз өркендесін" өлеңдерінде халықтар достығын жырға қосады. Айнабеков  кезінде 1943 ж. Қарағандыда өткен облыстық ақындар айтысын бастаушылардың бірі болды. Ілияс Манкинмен, Сәби Әзденбаевпен, Көшен Елеуовпен  айтысты. Отан қорғауға шақырған патриоттық жырлар шығарып, қас батырларға арнаған "Әбдірдің Нұркені", "Ер Төлеген" толғауларын өмірге әкелді. Ақын  өз жанынан эпикалық дастандар да шығарды. Бұрынғы қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігі мен әйел теңдігін баяндайтын "Қолаң", 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне арналған "Амангелді" дастандарын жазды. Айнабековтың "Қырдың қызыл гүлдері" деген алғашқы жинағы 1928 жылы  жарық көрді. Өлеңдері, дастандары мен айтыстары халық ақындарының жинақтарында, 1958 жылы  Москвада орыс тілінде жарық көрген қазақ поэзиясының  антологиясында жарияланды. Айнабековке  жерлестері үлкен сенім көрсетіп, бірнеше рет Қарағанды облыстық, қалалық кеңестеріне депутат етіп сайлады. 1941-1941 жылы  Отан соғыс кезіндегі қажырлы еңбегі үшін" медалімен, ҚР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

 

 

Айтбаев Ғаббас

(1882-1929)

Айтбаев Ғаббас 1882 жылы Қарағанды облысы, Егіндібұлақ ауданында туған. Қазақтың атақты әншісі. Әкесі Айтбай-Арқаның белгілі әнші-композиторларының бірі. А.В.Затаевичтің сөзімен айтқанда Айтбаев  "өте сирек кездесетін әнші-ақын". Айтбаевтың әншілігіне испанның гитаршысы Андреа Сеговия тәнті болып, оның орындаушылық өнерін жоғары бағалаған.  1922 ж. Қарқаралыда өткен халық әншілерінің жарысында 1-орынды жеңіп алады. Ол 1927 ж. Москвада Кеңестердің 4-съезі делегаттарына ұйымдас-тырылған концертке қатысып, жұртшылық назарына ілігеді. Сол жылы осындағы Үлкен театрда болған этнограф концертке қатысып, зор абыройға ие болды. Затаевич Айтбаевтан 12 ән жазып алды. Ғаббастың "Ардағының" өзі - поэзия. Ол-қиялыңды шарықтататын жазғы кештегі ай сәулесінің, сахараның тылсым тыныштығының ғажайып көрініс-суреті" (500 казахских песен и кюйев, А., 1931, с. 260). Айтбаев өзінің туған жерінде өмірінің соңына дейін ауыл кеңесінің төрағасы болып қызмет етті.

 

 

   Әлімбаев Доскей

   (1850-1946)

Доскей Әлімбаев 1850 жылы Ақмола жерінде дүниеге келген,  (21. 09. 1946, Қарағанды қ.) - ақын.  ҚР өнеріне еңбек сіңірген  қайраткер (1939). Әкесінен бес жасында жетім қалып, туысы Барғанның қолында  тәрбиеленді. Доскей  он бес жасынан бастап көпке  таныла  бастайды. Біржан, Ақан сері,  Шөже, Орынбай, Кемпірбайлармен жүздесіп, өзінің өнерін ұштай түседі, ел аралап, ақындығын танытады. Ақан серімен, Ажармен айтысқа түседі. Кеңес дәуірі кезінде заман ағымына қарай бейімделіп, партия мен оның көсемдерін мақтаған толғау-жырларын туғызады. Оның шығармалары 1937, 1939, 1949, 1958, 1965 жылдары шыққан халық ақындарының жинақтарына енген. Ақынның арнаулары, толғаулары, дастандары, айтыстары жұртшылыққа кеңінен белгілі. Олардың ішінде "Шашубайға" деген шығармасы өзінің ақындық тұғырын айқындаса, "Қажымұқанда" атақты балуанның өр бейнесі берілген, "Абайға" туындысы ұлы ақын тұлғасын асқақтатады. Доскей шығармашылығының басым көпшілігі - толғаулар. Тақырыбы жан-жақты, елдің тұрмыс-тіршілігінен бастап, әлеуметтік мәні бар мәселелерге дейін көрсете білген. "Кенші жыры", "Қарағанды - кенішім", "Арқаның алтын сандығы" деген жырларында өндіріс тақырыбы қамтылса, "Ашылмасын араның",  "Елді жауға бере алман",  "Отанды

қорғау салтымыз", «Өлтіре соқ, дұшпанды»  толғаулары ел мен  жерді дұшпаннан қорғап қалуға үндейді. Отан соғысы жылдары облыстық ақындар айтысын ұйымдастырушылардың бірі болды. Арқадағы еңбек ерлерін, өнер адамдарын, өндіріс орталықтарын дәріптейтін, көркемдігі келісті туындыларының бірі-"Сенде туып, сенде өтсем" дастаны. Мұнда Абай мен Ақанды, Шортанбай мен Шөжені, Қажымұқан мен Ба-луан-Шолақты тілге тиек етіп, қазіргі еңбек ерлері мен өнер саңлақтары солардың ұрпақ-тары деп мақтаныш сезіммен жырлайды. Доскейдің "Кенесары" дастаны 1916 жылғы патшаның маусым  жарлығынан кейін ұлт-азаттық қозғалыстың тууына байланысты елді рухтандыру, жігерлендіру мақсатында туған. 570 жолдан тұратын бұл дастан, көне эпостық үлгіде шығарылған. Дастанның арқауы - тарихи шындық. Ол бізге Кенесары қозғалысынан біраз мәліметтер береді. Бұл туынды бірлікті, елдікті үндейді. Бұлардан басқа ақынның ертегінің негізінде шығарылған "Жетім ұл мен жебір уәзір" деген мысал тектес, "Қажымұқан", "Қара сиыр" дастандары бар. Доскейдің "Қос бармақ", "Жалтарма", "Қоңыр толғау" әндері ел ішіне кеңінен тараған.

 

 

Байсалбайұлы Ахметбек

(1878- 1937)

Ахметбек Байсалбайұлы 1878 жылы дүниеге келген. Арғы тегі Арғын тайпасындағы Қуандық руының Алтайдан тарайтын Мойын деген бұтағынан шыққан. Оның ішінде Мұрат. Мұраттың ішінде Әлмәмбет.

Оның туып-өскен, өмір сүрген жері - Қарағанды облысының осы күнгі Бұқар жырау ауданындағы бұрынғы Қызылқайың шоғы. Ол - сөз иесі шешен, ел иесі әділ болыс, құс иесі құсбегі, сергек ойлы азамат болған. Арқаның шертпе күйлерін аққуша сыңсыта тартатын күйшілігі де, әншілігі де бар екен. Ахметбек өзінің туған өңірінен ұзамаған. Сол жердегі медреседе оқып, хат таниды. Жастайынан өлеңге, әнге құмартады. Жыр-дастандарды жаттап айтумен әуестенеді. Ауыл арасындағы ойын-сауық, той-думанда ән салады.

Ахметбек ән мен өлеңді ермек етпеген, өнер санаған. Халықтың рухани қазынасы деп білген, жүрегіне баратын жол іздеген, ойына сіңетін әуенді шырқаған. Сондықтан Сарыарқа елі Ахметбекті қастерлеген, оның әніне елтіп, өлеңіне балқыған, рухани нәр алған.

Кезінде Ахметбек ақын көп кітап жинапты. Өз үйінде кәдуілгідей кітапхана ашыпты. Жастардың оқып, білім алуына жөн сілтеп, көмектесіпті. Бірде атақты жазушымыз Ғабиден Мұстафин өз елі мен жерін аралағанда, Ахметбек Байсалбайұлының халық үшін атқарған істерін жоғары бағалап және оның шығармашылығы   XIX   ғасырдың аз бетіне түседі. Аяғында - XX  ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген қазақ ақындарының жуан ортасынан орын алатындығына күмән жоқ дей келе, өз пікірін былай тұжырымдапты: "Мына шоқ біздің Ахметбек ақынның Қызылқайыңы. Осы тоғайда ол көп жыл отырып еді. Кісілікті, білімді әрі ерен ақын еді. Жұртты отырықшылыққа  бастап, егін салуды үйретіп еді. Совет құрылысының  алғашқы жылдарында мына Байдәулетте совет болысы да болып еді. Бұл кісінің аты С. Сейфуллиннің "Тар жолында" да бар. Қазақ даласы ашаршылыққа ұшырағанда Ахметбек Алтай жаққа көшіп кетіп, ел іші тынышталған кезде қайтып келіп еді. Бірақ беделді болған, аузына кісі қараған, тілі өткір осы ақсақалды шала белсенділердің халыққа қиянатын қатты сөгіп, сынағаны  үшін 1937 жылы құртып жіберді".

"Япырым-ау, осы екен ғой,

өлім деген,

Күні бұрын көзге келіп

көрінбеген.

Абайдай арт жағына сөз

қалдырып,

Жақсы еді-ау әттеген-ай

өлу деген.

Ақында менен сорлы

өтті ме екен,

Бір сөзі баспа орнына берілмеген", -

деп жырлаған Әсет ақындай, Ахметбек Байсалбайұлы да бірде-бір өлеңін бастыра алмай шерменде өтіпті.

 

Ақынның өлең-жырлары өзі өмір кешкен дәуірдің (1878-1937 жылдар) шындығымен биікке көтерілген, тыңдаушы санасын тынымсыз қалдырмайтын шырайлы дүниелер. Кедейліктен,  кемшіндіктен, теңсіздіктен тұралаған еңбекші қауымның мұң-мұқтажын ашық айтып, жыр арқауын әділдіктің ақ арқанымен тартқан.  Ахметбек озбырлықты, зорлықты  әшкерелеуші, шыншыл жырлар туғызған және де оның өлеңдерінің қоғамдық қимылы  нысанашыл,әлеуметтік аясы кең. Тақырыптық жіктеу тұрғысынан көз жіберсек - адалдық, адамдық, ынтымақ, теңдік, бірлік, достық, кәрілік, жастық мәселелері жыр өзегін құрайтынын көреміз.

Ахметбек ақынның бір ерекшелігі, туындыларының қай-қайсысы болмасын мінсіз өріледі. Шынайы әрі әсерлілігімен сезімді қытықтайды. Ойшылдығы мен сыршылдығы қатар қабысқан сұлу шумақтар бірде мұңайтса, бірде жігеріңді жанып, делебе қоздырады. Тағылымды жырлары да баршылық. Сондықтан Ахметбек Байсалбайұлының ақындық шеберлігін толықтай қамтуды жөн көрдік.

Ақынның отарлау саясатын өткір тілмен тілгілеуі

Ахметбек Байсалбайұлы суырып-салма, импровизатор болған. Оның бойындағы өнер  жырауларға да, ақындарға да тән. Жыраулар сияқты ел басындағы ауыр жағдайды айтып ағыл-тегіл жыр да төккен, ақын болып, сол кездегі күнделікті өмір күйін де шерткен. Шайыр шығармаларының негізгі арқауы - Ресейдің отарлық езгісіне қарсы күрес.

Ақынның түсінігінше, адам - өз ортасының, өз қоғамының жемісі. Ендеше оның бойындағы жақсы-жаман қасиеттерді де сол қоғамнан іздеуіміз керек. Социалистік қоғамның қайшылықтары - өткеннен қалған мұралар дейміз. Шынында да солай. Адамды қанау, қорлау, кемсіту ғасырдан- ғасырға жалғасып келеді. Одан бірден арылдық, Қазан төңкерісінен кейін бәрі де жып-жылмағай бола қалды, жаңа адам қалыптасты деп даурығу -өбестік, асығыстық, ақиқатты көзге ілмеу... Мәселен, қазақ халқына соңғы үш ғасыр, қандай тәлім екті?!

Ресей империясы саны аз, шағын халықтарды темір құрсауға алғанда қазақтарды да ұмыт қалдырған жоқ. 1728 жылы патша сенаты басқа халықтарды шоқындыру мәселесін арнайы қарағанда бір бүйірінде қазақ еліне де көз алартуы жатқан болатын.

Бұл саясат XIXғасырда әрі қарай жалғасын тапты. 1861 жылғы  басыбайлық (крепостнойлық) құқықты жойып, крестьяндарды азат ету жөніндегі реформадан кейін көптеген мұжық жерсіз қалды. Аз үлес алғандардың күнкөрісі қиындады. Помещиктерге, өкіметке қарсы наразылық күшейе түсті. Оларды шеттегі  ұлттық аймақтарға көшіріп, елді тыныштандыру керек болды. Бұл шаруаны Жетісу облысының генерал-губернаторы А.Г. Колпаковский бастады. Крестьяндарды ішкі Ресей губерниелерінен көшіріп қоныстандыру жөнінде "Уақытша ереже" дайындалды.

Онда жаңадан қоныстанушылардың еркек кіндіктілеріне 30 аршыннан жер беру, 15 жыл бойы алым-салықтан, әскери міндеттен босату белгіленді. Үй қожасына 100 сомнан жәрдем берілетін болды. Жетісуға алғашқы 81 поселке осылай түсті. Түркістан генерал-губернаторы, патша өкіметі бұл бастаманы қызу қолдап, крестьяндарды Қазақ жеріне, Сібірге, Солтүстік Кавказға көшіруді қызу қолға алды. Көші-қон шығыны мемлекеттің өз мойнына артылды.

Бұның жалғасы ретінде, жаңа реформадан кейін қазақтарды шоқындырып, тілден айыру мәселесі күн тәртібіне қойылды. Патша үкіметінің отаршылдық саясаты Ресейдің шет аймақтағы халықтарын үнемі қараңғылық қыспағында ұстап, олардың ұлттық мемлекеттілікке  ұмтылуын,  ұлттық демократиялық мәдениетін басып-жаншып отырды. Ұлттық қысым саясатын, ұлттық алауыздықты өршітуді іріп-шіруге айналған мемлекеттік-полицейлік аппарат - патша мен оның айналасындағылардан бастап жергілікті жердегі жандайшаптарына дейін жүзеге асырды. Халықтардың ғасырлар бойы қалыптасқан атауы мен елдердің аты бұрмаланып, жергілікті халықтарды бұратана, жабайылар деп атады. Қазақтарды 1924 жылға дейін "қырғыз" деді, басқа кемсітетін аттарды қолданып келді.

Бірақ Ахметбек тұтас халықты, орыс біткенді жау санамаған. Орыс шаруаларының қала салып, отырықшылық өмір кешетінін, жер жыртып, егін айдап, ел ырысын молайтар еңбеққорлығын, қиын-қыстау күндерде қол ұшын берер бауырмалдығын ол жақсы түсіне білген. Ақын тек отарлау саясатын құрып, оны жүзеге асырушыларды дұшпан тұтып, өткір тілмен соларды тілгілейді. Бұған келгенде сөз қисынын қиыстырады. "Тарих тараулары" деген өлеңі осы пікіріміздің айғағындай:

"Мың жеті жүз отыз бір санасында,

Біз кірдік Россияның панасына.

 Байлығымыз, достығымыз көрінген соң,

 Қызықпас кім қазақтың даласына?

Жыл қыста, мың сегіз жүз алпыс сегіз,

 Қазыналық, - деді, жердің һаммасын да,

Тарылып жылдан-жылға жер-суымыз,

Кәпірдің кетті бәрі пайдасында.

Қадірмен, халық билеген ақсақалдар,

 Бұл іске факім назар саласың ба?

Темірді қызуында соқпай қалып,

 Нәсіліңнің көз жасына қаласың ба?

Кір жуып, кіндік кескен қайран жерлер,

 Мұжыққа қош-аман боп барасың ба?

Қасиетті бабамыздың зираттары,

Қалдың ғой "Қарлагтың" табанында.

 Моншаға зираттардың тасын алып,

 Ағашын отқа "Қарлаг" жағасың ба?

Таба алмай барғаныңда еш белгісін,

Көзден жас көлдей болып ағасың ба?'.

 Бұл толғауында Ахметбек ақын, ел басына түскен ауыртпалықты, ақ патша тұсындағы отарлау саясатын басқаша   жолмен   жалғастырып отырған мемлекеттен көреді. Соны ойласа ақылы алтау, ойы жетеу болады. Бақытты қолдан, малды жолдан алған Кеңес үкіметіне қарғыс айтады.

Ахметбек ақынның бір өлеңінің тарихы

ХҮШ-ХІХ ғасырдағы Ресей империясының отарлау саясатына қарсы наразылық ретінде айтылатын қазақтардың жермен қоштасу өлеңдері фольклор тарихында өте көп. Мысалы, XVIII ғасырдың отызыншы жылдарынан, патшалық Ресей Кіші жүз жеріне әскери бекіністер, шағын-шағын қалалар орната бастағанда: "Еділді алды, елді алды, Жайықты алды, жерді алды" деп, жергілікті ақындар енді қайда барарын білмей, тұйыққа тіреліп, шарасыздыққа ұрынды.

Сол сияқты, Орталық Қазақстанға, яғни Сарыарқа жеріне XIX ғасырда Ресей патшасының қарулы күштері басып кіргенде, Орта жүз елі тау-тасты паналап, қорғансыздың күнін кешті. Сол заманда Нарманбет ақын "Сарыарқа" деген өлең шығарған. Бұл өлеңде Сарыарқадағы сол кездегі қайғылы халді айтады:

"Сарыарқа, сарқыраған суың қайда,

Түнде шық, күндіз мұнар, буың қайда?

Найзағай жарқ-жұрқ, етіп, нөсер

құйған,

Көк-жасыл, кемпірқосақ туың қайда?".

Иә, Атырау, Алтай, Жетісу сияқты ежелден айырықша қастермен айтылатын қазақ жерінің бірі - Сарыарқа. Бұл өлкені бұрын-соңғылар жердің жәннаты, тіршілік-тұрмысқа аса қолайлы деп ардақтаған. Орта жүздің Арғын, Найман, Қоңырат деген ұлыстары мен ру-тайпалары есте жоқ ескі заманнан бері жаз жайлауы, қыс қыстауы Сарыарқаны жайлап, Баян тауы мен Қарқаралы тауының арасында көшіп, қонып жүрген. Өйткені бұл алтын дала, асыл дала, көк қарағайлы ормандарымен қапталып өрнектегендей, ерен Ертісі мен ерке Есілі, нұрлы Нұрасы, иен шулы, сулы көлдері, бойына тұнған Торғайы мен береке байлыққа батқан Тобылы - бәр-бәрісін еншілеген ұлы дала болатын. Тереңіне тұнған қазба байлық қазынасы мен өмір арқауы дәнді-дақылдың қымбаттарын бауырына басып, белгісіз ұстаған күндердің өзінде де әлгі бір алып полотноны асқақ суретті көрген жанның көзінен өтіп, жанына жететін, толқытып, тебірентетін.

Сондай сырлы, сиқыры болмаса күй құдіреті Құрманғазы барлық творчествосының шоқтығы "Сарыарқаны" осы ұлы далаға бақыт арнағандай бағыштамас еді ғой. Жүрек қылын, жан сезімін қоса шертетін шертпе күйдің атасы Тәттімбет "Сарыжайлауы" арқылы туған жерін аялап, аймалап отырып жанды сурет жасамас еді ғой. Сәнді жырдың сардары Сәкен Сейфуллин "Сарыарқа" деп тебіреніп, әнге қоспаса, бұл даланың салтанатын танымағаны болар еді. Қазақта осы ұлы өңірді жырламаған қай ақын бар? Данышпан Абай билеген бай табиғат осы Сарыарқа суреті емес пе! Бүгінде ұлылығына талас қалмаған қазақтың қабырғалы перзенттері Ахмет, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбектер өз творчестволарын жариялаған басылымның атын "Сарыарқа" деп қойған екен.

Ахметбек ақынның өлеңдерінің негізгі өзегі де - тамылжи тамсандырған табиғат көріністері мен кіндік қаны тамған жерге (Сарыарқаға) деген шексіз сағыныш. Ол әлденеге мұңая қалса да өзі өскен ортаның тау-тасымен, бұта, тобылғысымен ойша сырласып, мауқын басқан.

Ақын өзінің ата-бабасы мыңдаған жылдар мекен етіп, ғасырлар бойына басқыншылармен ғадауаттық майданда шайқасып, шет-пұшпағына дейін шетінетпей сақтап келген туған жерін "Құланөтпес" деген тамаша өлеңінде былай бейнелейді:

"Келеміз Құланөтпес сенен өтіп,

Жолшыбай тынбай жүріп, ат терлетіп.

Басына мұнар бұлтын жинап алып,

Тәкаппар Амантау тұр елеңдетіп.

 Қарашы үлкендердің пайдаларын,

Жәндіктің жиып алып сайға бәрін.

Тіп-тік боп сұлу қыздың емшегіндей,

Көрдің бе анау екі найзаларын.

Мүлгіп түр Сарыадыр да басын иіп,

Ойнап жүр бауырында бала киік

. Көкпеңбек темір сауыт киіп алып

 Қабағы Жыланды тау тұрған түйіп.

 Сол жақта жарқырайды

 Жоңышқа көл де,

Ойылға келеміз бе сондағы елге?

 Асығып әлде бізді күтіп тұр ма?

 Қадірлі құрбы-құрдас, аға-жеңге.

Айнала думандаттың қалың Мәмбет,

Қыз-ойнақ, ойын-той боп, асылып ет.

Ауылдан келе жатқан мені танып,

 Алдымнан шығушы еді Жалмағамбет.

Келеміз Бұрмашадан Сарыбөз құлақ,

Ұзын жал көлденеңдеп жатыр сұлап.

Аймысық, Көккөз деген екі тауда,

Ағады сайларынан жетпіс бұлақ.

Күркіреп жазға салым Көлсай тасып,

Жазыққа кетуші еді төмен құлап".

Бұл жолдар арнайы талдау, түсіндірмені талап етпесі анық. Өйткені ақын атамекеннің қадір-қасиетін барынша әділ, мейлінше ақиқат биігінде бедерлеген.

Ахметбек ақынның жұмбақ әлемі

Ахметбек ақынның ақыл-нақылға, қанатты тіркестерге толы даналық сөздері     тіл     байлығымен,     ой  тереңдігімен бірге айқындылық, бейнелілік,        қарапайымдылық, көркемдік қырларымен ерекшеленеді. Мұның өзі Бұқар жыраудың:

"Ел бастау қиын емес

-Қонатын жерден көл табылады.

 Қол бастау қиын емес

 -Шабатын жерден ел табылады.

Шаршы топтан сөз бастаудан

Қиынды көргем жоқ", -

немесе кемеңгер Абай айтқан:

 "Ақылмен ойлап білген сөз,

 Бойыңа жұқпай сырғанар.

 Ынталы жүрек сезген сөз,

Бар тамырды қуалар", -

деген ақиқат ойларымен үндесіп, терең тамырлы тұтастық тапқан.

Ахметбек Байсалбайұлының  әдеби мұрасына ден қойсақ, ақын өз өлеңдерін қоғамдық, әлеуметтік мазмұн беріп, көбіне шешендік үлгімен, бір оқығанда ұғылып, есте қаларлық ауыз екі түрімен жазған. Оны "Мысал өлең" деген шығармасынан анық көреміз.

"Дүниені қарша күресең,

Қолыңа сенің жұға ма?

Төбеңмен көкті тіресең,

 Басыңа мүйіз шыға ма?

Өлген жан қайтып келмейді,

Келіп ол мені көрмейді.

Құдайдан сараңды көрмедім,

Алғанын қайырып бермейді.

Жастықта гүл едім жайнаған,

Қаным да ыстық еді қайнаған,

Сілтеген жерінен таймаған,

 Суынды бар денем, кәрілік жайлаған.

Кеттің бе келмеске, мың жылқым

айдаған,

Көкірек гүрілдеп, буыным

дірілдеп,

 Отырмын білдірмей,

 Құр тілмен сайраған".

Әрине, жүйелі сөйленген сөз, орынды айтылған ой-пікірлер қалың көптің үдесінен шығып-ақ отырады.

Ойшыл шайыр философиялық пікірлер айту дәрежесіне де еркін көтерілді. Ол дүниеде өзгермейтін ештеңе жоқтығына, яғни, кәдімгі диалектика заңына, сан мен сапаға, жеке мен жалпыға, мазмұн мен пішінге өз шығармаларында көңіл бөліп отырды. Дәлелге "Жиырма бес" атты өлеңін алайық:

"Бір жастан жиырмаға келгенше

өстік,

 Мысалы қызғалдақтай

Жазғытұрым

 Майдағы райхан гүлі секілденіп,

Өңді беріп, жарастықты жайнар нұрың.

Отызда, жиырма бесте өсіп

бойың,

Өмірдің базар етіп айт пен

тойын.

 Бір сүйіп, бірде күйіп, бірде

елжіреп,

Ашқандай ару сәулем күнде

қойнын.

Қылауың  келе қалса қырық алып,

Ол кезде бөгелмейсің, онша налып.

Елудің асқарына шыға келсең,

 Қарайсың жан-жағыңа, сонда ұялып.

Алпыс жас басы қырау асқар таудай,

Күн қайда алшаң басқан,

омыраулай.

Бұрынғы өткен күнді ұмытасың,

Жетпістің ызғары өтіп, боз қыраудай.

Қайдасың жастық шағым алшақ басқан,

Баяғы ару қайда құшақтасқан.

Бір қызық, түсте көрген

секілденіп,

Дариға, өтер дәуір біздің бастан.

Сексенде шал боларсың

селкілдеген,

 Аузыңда ақ жабағы желкілдеген.

 Домалап, соққан желдің екпініне,

Қаңбақтай ыққа қарай

елпілдеген.

Тоқсанның келіп жетсең толқынына,

Қоңызбен жарысасың

жортуылға.

Үй-іші, бала-шаға асығады,

Бір жерді жер ошақтай

толтыруға".

Әрнені сыншылдықпен пайымдап, шыншылдықпен айтатын ақынның көмейінен әйел заты туралы да өлең, толғау туылмай қойған жоқ. Сыртқы көрік-келбетімен қоса ішкі жан-дүниесінің келісті болуы керектігін Ахметбек ақын терең толғаған.

Өйткені, әлемдегі ең сұлу -қазақ әйелі: біздің анамыз, жарымыз, қызымыз. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын. Сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды. Адал жар, абзал ана. Ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт. Ердің мақтаны, елдің көркі.

Әлемдегі ең сұлу - қазақ әйелі екенің қазақтың өзі біле ме екен? Білген. Абай заманында, Мағжан заманында, Ахметбек заманында. "Айттым сәлем, қаламқас" кімге арналды, "Желсіз түнде жарық ай" кіммен табыстырып еді, "шолпысының сылдыры" жүректі жандырған кім, "қара шашы мойынға оралып", жан-жүйені еріткен кім - "жүзінен күн шұғыласы көрінген" қазақ аруы болатын.

Ахметбек өзінің "Не сұлу?" деген өлеңінде әлемдегі әйел затының аруы - қазақ қызы екенін былай сипаттайды:

"Не сұлу бұл өмірде, сәулем сұлу.

Жастықта  ойын-сауық дәурен

сұлу.

 Қасіретсіз жел көтеріп,қаңбақша ұшқан,

Нәрсе жоқ, шырқап салган әннен

сұлу.

Сұлудың қара қасы тартқан

қалам,

 Жіңішке белі нәзік талдан сұлу,

Ұятсыз арсылдаған ит емес пе,

Бар ма екен әдемілік ардан сұлу.

Болса да таудай мінін жасырады

 Жігітке сұлу бар ма, малдан

сұлу.

Біреудің бермес асы неге керек?

Бәрінен өзің сүйіп алған сұлу.

Көктегі періште деп

ойлағаның,

Әркімнен салдама боп қалған

сұлу.

Әйелден перзенті жоқ, ешкі артық,

Бәрінен етегінен жанған сұлу".

Сонымен Ахметбек ақынның даналық ойларында жан мен тәннің, сара сөздің қасиеті кең орын алғанын көреміз.

Ахметбек ақынның 20-30 жылдардағы солақай саясатқа қарсы шығуы

Сарыарқа жерінде Ахметбек Байсалбайұлына байланысты сақталып келе жатқан көп әңгімелер - жиырмасыншы-отызыншы жылдардың зарлы келбетіне арналған халық көңілінің айнасы.

Қазақ халқының Кеңес заманындағы тарихында еш уақыт естен шықпайтын екі қасіретті шындық бар.

Бірі - қазақтың жарымына жуығын жұтқан алапат аштық. Екіншісі -елдің ұнжұрғасын түсіріп, санасын суалтуды көздеген зиялыларға келген қызыл қырғын.

1928 жылы Голощекиннің ұсынысымен ірі бай феодалдардың мал-мүлкін кәмпескелеу қазақ даласының байлығы, берекесі болған төрт түлік малды талан-таражға салды. Ондаған миллион мал басы бір жыл ішінде жоқ болды. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Кәмпескеден үрейленген халық қолдағы малын дереу сойып, сата бастады. Мал шаруашылығын күйзелтіп,  құрту одан сайын өрши түсті. Малы бар  орта, кедей шаруаларды шетінен бай, кулак деп қудалап, барын тартып алып, ауылдан қуды.  Тіпті, науқан асқына келе әбден сорлап қалған сормаңдайлардың жалғыз сауын сиырын да ет дайындау жоспарына тапсырды. Сөйтіп, елдің қолында тігерге тұяқ қалмады.

Мал көзін құртуға елдегі белсенділер де аянбай күш салды. Халықтың қолындағы қозы, лақ, бұзау, торпаққа дейін ет жоспарына еріксіз тапсыртты. "Асыра сілтеу болмасын, аша-тұяқ қалмасын" деген мысқыл осы белсенділерге арнап айтылған екен. Сол науқанды жүргізушілер "жоспарды асыра орындадық" деп мәз-мәйрам болған көрінеді.

Ғасырлар бойы кең сахарада емін-еркін көшіп жүрген, мал сүмесімен күн көрген қазақ халқы 1931-1932 жылдары ашыға бастады. Көпшілік халық күйзелді. Аштық "аждаһасы" аузын арандай ашып, бүкіл елді аралай бастады. Бірақ халық кір жуып, кіндік кескен ата-баба мекенін көпке дейін тастап кете алмай, ит, мысық, суыр аулап күн көрді.

Қазақта: "Бір күн ашыққан адамнан қырық күн ақыл сұрама" дейді ғой. Ақыл, айладан халық айырылды. Ақыры туып-өскен мекенін тастап, жаңа ашылып жатқан Қарағанды, Екібастұз, бұрын ағылшындар ашқан "Майқайың золото" өндірістеріне барып жұмыс істеп, нан тауып жеп, бала-шағасын асырамақ болып соларға қарай шұбырып ауып, босып кетті.

Қаладан 300-500 шақырым қашықтықта тұратын шаруалар амалсыз жаяу шұбыруға мәжбүр болды. Қолда ат, көлік жоқ, қаламен арада қатынас жасайтын машина ол күнде болған емес. Ал, ашыққан, әлсіреген адамның қанша жүре алатын шамасы бар? Олардың көбі, әсіресе, кемпір-шал, жас балалар ілесе алмай жолда қалды.

Ереймен, Ақкелін, Далба, Қарқаралы, Нұра бойындағы елдерге Қарағанды өндірісі  ұрымтал болғандықтан аш-арық ел тынымсыз солай қарай ауды. Жолда бірін-бірі өлтіріп, кісі етін жегендер де болды. Тірі  қалғандары өліп-талып Қарағандыға жетіп, жаңадан орнап жатқан өндіріс маңына, құрым-құрым қара киіз үйлерін, баспана күркелерін тігіп орналасты. Кейбір әлі бар азаматтар өндірісте істеп, шахтаға түсіп, тапқан-таянғанына қара нан алып, үй-ішін, кәрі әке-шешесін, қатын-баласын асырады. Бірақ, әбден арып-ашып қу сүйек пен терісі қалған адамдардың ішіне қара нан тұрақтамай, тышқаққа ұшырап, халық шетінен оны жесе де, жемесе де қырылып өліп жатты.

Әйтеуір тірі қалған азаматтар, әр жерден Қарағандыға жиылған аш-арық өз беттерімен өндірісте істеп, шахтаға түсіп, бірте-бірте буынын бекітіп, осы күнгі Қарағанды өндірісінің ұлттық жұмыскер табын құрды. Осы күнгі көмір кенінің кіндігі - Екібастұз өндірісінің де еңбекші пролетариаты осылай қалыптасты.

Енді 1931-1933 жылдардағы ашаршылықта қазақ халқының қаншасы қырылғанына тоқтала кетейік. Соңғы кездері жүргізілген зерттеулер (М. Тәтімов. "Қазақ". - Алматы, 1994, 67-71 беттер) ашаршылықтан құрбан болған қазақтардың саны 2 млн.300 мың екенін көрсетеді. Бұл құрбандықтың миллионнан аз болмағанын бөтен елдің зерттеушілері де жоққа шығармайды. "Біреудің жоғын біреу ысқырып жүріп іздейді"демей ме. Батыс тарихшылары өз еңбектерінде аштан қырылған қазақтардың санын былай деп көрсеткен: Б. Щпиллер - 860 мың, Р. Конквест -1 млн., Р. Пирс - 1 млн., М. Олкотт -1,5 млн.

Отызыншы жылдардың қуғын-сүргін оқиғаларының зардаптарын қазақтың халық әдебиетіндегі ақындар да көрді. Мысалы, Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы, Мәнсүр Бекежанов, Тұрмағамбет Ізтілеуов және т.б. От ауызды, орақ тілді халық ақындары патша заманында да, кеңестік дәуірде де жағымпаз болмағандықтары үшін қудаланудан көз ашпады. Әпербақан содырлардың қуғын-сүргініне ұшыраса да, олардың өткір тілдерімен өрнектелген қанатты сөздері елдің аузында осы уақытқа дейін сақталып келеді.

Кезінде Сыр бойындағы халқымыздың мұсылмандық-ағартушылық білімі терең, оқымысты ұстаз, қазақтың     ежелгі     дәстүрлі     жазба әдебиетінің     көрнекті     тұлғасы Тұрмғамбет Ізтілеуовті тергеуден кейін "халық жауы" деген жаламен он жылға соттапты. Сонда қорытынды мәжілісте шекесі тыртық, ерні жырық, беті қара бұжыр соттың төрағасы үкімді оқып бола бергенде, оған қарап тұрып Тұрмағамбет шайыр былайша өлеңдеткен екен:

"Бәрекелді сотқа,

 Күйіпті шекең отқа,

Алдыңа келгенді он жылдан кесіп,

Кеткен екенсің қотқа!

Менікінің қалған жерін тағы кес,

Пісіріп жерсің шоққа!".

Ақынның жаппай қуғын-сүргіннің торына ілінуі

 1934-1936 жылдар арасындағы Қазақстанда болған өсу, өркендеу жолы қуғын-сүргін кесапатының кесірінен кесілді. Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, Б. Майлин, I. Жансүгіров, Т. Жүргенов, Ж. Ақбаев және басқа да көрнекті адамдар жаппай қуғын-сүргіннің құрбандарына айналды.

Архивтік деректерге сүйенсек, Қазақстанда 1928-1938 жылдардың арасында 105 мың адам тұтқындалып, 22 мыңы атылып кетіпті. Қырғынға ұшырағандардың басым көпшілігі ең алдымен елдің сана-сезімінің иесі зиялылар, оқығандар еді. Сталин бұларға неге сонша өш болды? Оған дәлелдер көп, алайда, социалистік қоғам құру үшін оқыған, саналы, өз ақыл-парасатымен ойлай алатын, кей тұста өзінше әрекет ететіндер емес, айтқанға көніп, айдағанға жүретін "винтик-тегершіктер" керек болды. Тарихты жасаушы халық, еңбекші бұқараға қояннан қорқақ, қойдан қоңырлар жәрдемдессе, пролетарлық диктатура жетіліп, коммунизм тез орнайды, бақыт көкжиегіне тез жетеміз деп үміттендік. Ол үшін жаңа типтегі Кеңес интеллигенциясын қалыптастыру керек деп даурықтық.

Жаппай қуғын-сүргіннің торына ең әуелі оқыған зиялы азаматтар ілінген қанды кезеңнен қалған мына бір зарлы жырдан ел тарихының шерлі шежіресі шертілгендей:

 "Мал туыл жалпы әлемді қуандырса,

 Бізге де келіп шаттық күні туса,

Қатеден "халық жауы" болғандарды,

Қайтадан тексеруге мүмкін қылса.

Әділет ақ, қараны ашса шындай,

Тазартқан тортадан май айырғандай.

Қосылып қатын-бала, халқына  әркім,

 Қауышқай қой мен қозы жамырағандай".

Өмір керуені еш уақытта тоқтамайды десек те, Кеңес әдебиетін өрге сүйрелеген Сәкен, Ілияс, Бейімбет сынды жиырма шақты ақын-жазушылардың "халық жауы" болып, өнерпаздық өлкесінен аласталуы өзгені былай қойғанда, көркемдік тұрғыдан қаншама қиындықтар әкелгенін айтып жеткізудің өзі оңай емес еді.

Ахметбек Байсалбайұлы осы қасіретті оқиғаларды көзімен көріп,  жанжүрегімен жылады, ойланды, толғанды. Ақыры оның өзі де "халық жауы" деген жаламен ұсталып, қамауға алынды.

Белгілі жазушы Жайық Бектұров өзінің "Ахметбек ақын" деген мақаласында ("Орталық Қазақстан" газетінде 90-шы жылдардың басында жарияланды) мынадай қызық деректер келтірген: "Истошник" дейтін бір бүркеншік, құпия атпен біреу Ахметбектің аузынан естіген, әлде сол айтты деген халықтың аталы сөздерін, сонымен бірге ақынның қазақ даласындағы 30-шы жылдардағы ашаршылықты сөккен "Қанды жорық" атты өлеңін астыртын тиісті орындарға ұдайы жеткізіп отырыпты. Бұларды өзін "стажер" деп атаған Төлеков дейтін біреу, тағы бір тергеуші ме, Әбділла Жексенбинов дейтін қазақ орысшаға аударып, кейде көшіріп отырыпты. Екеуі шала сауатты адамдар сықылды, өйткені, "Аударманың" сыйқы мынадай: Бұ қар жыраудың "Керей қайда барасың" деген жыр жолын "Куда ты бедняк бежишь от Советской власти?" деп аударыпты. Арабша сырт көзге ұқсас келетін "керей" мен "кедейді" ажырата алмапты. Әлде әдейі бұрмалаған да болуы керек. Шала белсенділердің озбырлығын, Кеңес үкіметі жолын бұрмалағандарын сөккен өлеңді қағаз бетіне түсіруге келмейтін өрескел, былапыт, қайтсе де ақынды қаралап көрсететіндей жексұрын сөздермен аударыпты.

Осылайша жалған айтып, жала жабудың қорытындысында Ахметбек Байсалбаевқа саяси айып тағылып, 59 жасында оның көзі құрып кетіпті.. Көп кешікпей Қарағанды облыстық соты сол 1966 жылы А. Байсалбаев ақынды ақтады".

1937 жылы НКВД түрмесінде отырғанда жазған "Кәрілік" деген өлеңінен өмірді сүйген нәзік сезімді ақын жүрегінің дүрсілін естігендей боламыз:

"Кәрілік ең әуелі бастан келер,

Ағарып сақал мен шаштан келер

 Әлсіреп асқазаның тамақ жалғап,

 Онан соң іше тұғын астан келер.

 Кәріліктің төртіншісі тістен келер,

Сырқырап буын-буын іштен келер

 Бой мұздап, қайратыңның бәрі кетіп,

Азайып әл-қуатың күштен келер.

Кәріліктің бесіншісі көзден келер,

 Мылжыңдап көп сөйлеген сөзден келер.

Бел омыртқаң сықырлап, сынғандай боп,

Бастырмай тіземенен аяқтан келер.

 Алтыншысы бір кәрілік күйден келер,

 Баяулап әр қимылың күйбең келер.

 Балаң тіліңді алмаса келіңменен,

Ең күшті кәрілік ит үйден келер.

Осындай кәрілікке көнгім келмес,

Итшілеген кәрілікті көргім келмес.

Тұра алмай орынымнан жатсам-дағы,

 Қайран жарық дүние-ай өлгім келмес".

Түрмеде отырып мұндай өлең жазу екінің бірінін қолынан келе бермесе керек. Бұған асқақ ой, ыстық сезім, батыл сенім, үлкен рух, философиялық толғаныс қажет.

Иә, түрмеде немесе жазалау лагерлерінде шерлі сырларын, ғажайып жырларын туған халқының игілігіне ұсына алмай кеткен арыстар есімдері ұмытылар ма? Ахметбек Байсалбайұлы сынды үлкен ақын қалайша "халық жауы" атанды? Олар айтқан шыншыл, сыншыл сөздердің тағылымы - озбырлық өртіне өртенбейтін ұлы Шындықтың шапағатты шырайы емес пе!

Бүгінде біз Ахметбек Байсалбайұлының 1937-1938 жылдардың сергелдеңіне тап болғанын еске ала отырып, артында қалған шығармашылық мұрасын көңілімізге жұбаныш етеміз. Азамат ақын тағдыры халқымыз жүріп өткен тарих көші жолымен біртұтас.

***

   Кәренов, Р. Аспанның аясында ән шалқытқан Ахметбек ақын [Мәтін] / Р.Кәренов // Азия-Транзит.-2004.-№12.-7-13 б.

 

 

Балғабайұлы Жақыпбек

(1894-1917)

Балғабайұлы  Жақыпбек 1894 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында туған. Жасынан ән айтып, күй шерткен. Қоянды жәрмеңкесінде Жарылғапберді, Ғ.Айтбаев, Қ.Байжанов, Майра сынды әншілермен кездесіп, өнер сайысына түскен. Балғабаев  нәзік дауысты лирик әнші болған. Оның орындауында "Ардақ", "Ғалия", "Үш дос", "Келіншек", "Жалғыз арша" т. б. халық әндері терең көркемдік сазын, әсерлі музыкалық  мазмұнын тапқан.

 

 

  Бәпиұлы Мәди

  (1880-1921)

Мәди Бәпиұлы 1880 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Халық ақыны, әнші-композитор. Арғы аталары атақты би Қазыбек екен. Болашақ сазгердің балалық шағы әсем табиғат аясында өтеді. Алғашқы өлеңдерінің тақырыбы туған жер, шетсіз де шексіз кең дала болуы кездейсоқ емес. Әнші әрі дәулескер күйші ретіңде де ,  Мәди ерте танылады.

Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай сияқты саңлақтармен кездесіп, өнер сайысына түседі, өнеге алады.

Сол кездегі үстем тап өкілдерінің "ұры" деген жалған жаласымен Атбасар, Карқаралы, Семей, Омбы түрмелерінде болады. Қамауда елін, жерін сағынып, әділетсіз заманға налыған Мәди өзінің атақты "Қаракесек" әнін шығарады. Бүл ән мен өлеңнен адам рухының қайтпас қайсарлығьш аңғарамыз. Түсініктеме беріп жатудың қажеті шамалы.

1915  жылы Мәди түрмеден қашьш шығады. Бұл кезде оның әндері халыққа тарап кеткен еді. Мәди жөнінде талай аңыздар да айтыла бастаған. Атқамінер жандайшаптардан жасырынып, ұзақ уақыт туған жерге ат ізін сала алмайды. "Шіркін-ай" әні осы кезде туған.

1916 жылы ол еліне оралады. 1917 жылы болыс билеуші Айтқожа Теміржанов Мәдиді "жылқы ұрлады, түрмеден қашты" деп айыптап, тағы да түрмеге жөнелтеді. Қазан төңкерісін Мәди Қарқаралы абақтысыңда отырып қарсы алады.

1918 жылы бостандыққа шығады. Кеңес өкіметін қуанышпен қарсы алып, қолынан келгенше көмек етсем деп ойлайды. Композитордың халық арасына кең тараған атақты "Мәди" әні осы кезең жемісі.

Кеңес өкіметін Мәди ән-жырмен ғана емес, қолына қару алып тағы да қорғады. 1919 жылы Колчакқа қарсы соғысты. Ақ гвардияшыларды Қарқаралыдан қуып шығысымен, жаңа өмірді нығайтуға кіріседі. Ал кеңес қызметіне кіріп алған жаулары оны ебін тауып өлтіруді үйғарады. 1921 жылдың ақпан айында Мәди қаза табады.

Атақты әнші-композитор Мәди Бәпиұлы өз шығармаларында бостандықты, адам жанының тереңдігін, қазақ халқының тамаша дәстүрлерін жырға қосады. Кең тынысты, салтанатты, шаттыққа толы оның әңдері күні бүгінге дейін ел аузында. Олар опералардан, сиюталардан, кантаталардан  тұрақты орын алды. Композитордың тағдыр-талайынан терең сыр қозғайтын Мәди Бәпиұлының әндері талайларды тебірентумен келеді.

 

 

 Бөгембайұлы Кемпірбай

 (1834-1895)

Кемпірбай Бөгембайұлы 1834 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында, - 1895, Семей қ-сы) -ақын. Суырып салма ақындығымен, әрі әншілігімен аты шыққан. Халқының мол мұрасынан сусындап өскен ол ақындық өнерді дамытуға, байытуға кең ауқымды үлкес қосқан. Шөже, Тезекбай, Жәмішбай, Әсет ақындармен айтысқан. Оның шығармаларының ішіндегі айрықша маңызды туындыларының бірі – Әсетпен бақұлдасуы. Толғау ақындық өнерді дәріптейтін бейнелі, өнегелі, өткір сөздерден тұрады. Ақын өзі туралы "мен шапсам жер танабы қуырылған" деп жырлайды. Ол бейнелеп, тұспалдап айтуға да шебер. Әл үстінде жатқан өнерпаз өзінің бойындағы ақындық дарынын өзін біржолата тастап ұшқалы тұрған көкала үйрекке ұқсатады. Кемпірбай  Шөжемен 20 жасында Қарқаралыда Жаныстың Сәттібайының асында айтысқан. Бірден суырылыпп шыққан Кемпірбай  өлең алысын аңдаған Шөже алғашында айтысудан бас тартады. Кемпірбай  болмаған соң ғана сайысқа түсіп, әртүрлі дінге қатысты сұраулар беріп, өзінің көп жылғы тәжірибесінің арқасында ғана жеңіске жетеді. Ақын шығармалары "Таң" журналында (1925, N1), С. Сейфуллин құрастырған "Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары" жинағында (1931), сондай-ақ халық ақындарының  жинақтарында (1939, 1948, 1965) басылды.

 

 

  Елеуов Көшен

  (1892-1971)

Елеуов  Көшен  1892 жылы  Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында, Бесоба ауылында туған.  Әкесі Елеу сауыққой, саятшы, домбырашы адам болған. Баласының ақындық өнерін ұштауына айрықша ықпал еткен. Мұсылманша сауатын ашады. Он сегіз жасынан бастап өлең шығарумен  айналысады 1916 жылы қара жұмысқа алынып, Ресейдің батыс шекарасында болады. Қызыл Ту ауылдық кеңесінде төраға орынбасары, кейіннен төраға болып қызмет атқарады. 1933 жылы Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының халық ақындарына  ашқан қысқа мерзімді курсында оқиды. 1943-1962 жылдары аудандық, облыстық, республикалық айтыстарға қатысып, Шашубай, Ілияс, Қайып, Маясар, Кәртай ақындармен айтысып жүлделі орындарға ие болды. Елеуов Көшен жазып та, ауызша да шығарған. Оның шығармаларында сол замандағы өзекті тақырыптардың барлығы да қамтылған. Әсіресе,өндіріс тақырыбына арналған туындылары ерекшеленеді. Ол «Туысқанға» (1927) туындысында бірлікті, ұйымшылдықты дәріптейді, ал «Торғайға тарту» (1941), «Жас батыр» (1944), «Қандай қызық тамаша» (1949) өлеңдерінде қазақ жұмысшыларының бейнесін ұтымды жасаған. Елеуов өзінің көлемді де көрнекті «Баян», «Боз інген», «Сарыарқалық жігіт», «Қарағанды», «Жылқышы» дастандарымен де танылған.  Бұл шығармаларда соғыстағы батырлардың, шаруашылықтағы еңбек адамдарының, өндірістегі озаттардың кескін-келбетін кестелейді. Елеуовтің ақындық қабілеті Шашубаймен айтысында (1943) ерекше танылды. 1993-61 жылы  аудандық, облыстық, республикалық  халық таланттарының жиындарына қатысып, онда  Қ. Айнабеков, Ш. Қошқарбаев, Ж. Нұрмағамбетов, I. Манкин, М. Жапақов, Б. Қожабаев, Қ. Жұбандықов т. б. ақындармен айтысты. "Ақындар жыры" (1963), "Пернедегі термелер" (1965), "Айтыс" (3-т, 1966), "Қаһарлы сөз қамал бұзады" (1969) жинақтарына енген.

 

 

Жапақов Маясар

(1889-1965)

Жапақов   Маясар 1879 жылы мамыр айында  Қарағанды облысы, Шет совхозының Тағылы тауындағы Жоса бұлағында дүниеге келіп, 1965 жылы қайтыс болған.Төкпе ақын. Жастайынан өлең шығарып, домбырамен ән салған. Ыбырай, Мәди, Мұхит тәрізді әнші-ақындарды ұстаз тұтқан. Жапақов  Кеңес өкіметі кезінде Қарағанды кеншілерінің өмірі мен еңбегін  жырлаған ақын ретінде танылды. Ұлы Отан соғысы кезінде «Атыңнан атам қазақ айналайын» деген патриоттық толғауы қазақ жауынгерлері арасына кең тарады. 1943 жылы  Болман, Нұрлыбек ақындармен, 1961 жылы  республикалық  акындар айтысында Көшен, Қайып т.б. ақындармен сайысқан. «Октябрьге», «8 мартқа», «Мәскеуге», «Г.Титовқа», «Сайлау күніне» деген өлеңдер, Ұлы Отан соғысына арналған жырлары бар. Жапақовтан кезінде Шортанбайдың «Қаракесек» , «Ағыбай батыр»  дастандары мен өлеңдері, сондай-ақ «Шөже мен Кемпірбайдың айтысы», «Шал мен қасқырдың айтысы» атты ауыз әдебиетінің үлгілері жазылып алынды.

 

 

Жылқыайдаров Иманжан

(1882-1973)

Жылқыайдаров  Иманжан 1882 жылы  қазіргі  Ұлытау ауданында туған. Ақын. Жас күнінен өлең шығарып, айтысқа түскен. Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Құлтума, Тайжан сияқты    атақты әнші, сері , ақындармен серіктес болып, тәлім-тәрбие алған. 18 жасында жерлесі Бибіханым Оңғарбайқызымен, одан кейін Гүлжәмила, Ибадулла ақындармен айтысқа түседі. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске

қатысушы ретінде оның басшыларының бірі, халық батыры Әділбек Майкөтовке арна-лған "Әділбек" тарихи дастаны мен "Сабыр" толғауын шығарды. Қазан төңкерісі туралы, бейбітшілік туралы "Туысқандар қойды қол", "Гүлденген менің Отаным" (1958), Ұлытау малшыларының, Жезқазған мен Қарсақбай кеншілерінің өмірін жырлаған "Сәуле", "Ақ марқа", "Ұлытау" дастандарын шығарды. Жылқыайдаровтың қазақ тарихына арналған "Шақшақ ұлы Жәнібек", "Назымбек" дастандары бар. Академик Әлкей Марғұлан басқарған тарихи-этнографиялық экспедицияға (1947) қатысып, ауыз әдебиеті үлгілерін жинайды. "Жастарым, жайна" атты таңдамалы шығармалар жинағы (1959) жеке жарық көрді. Бірнеше шығармалары "Пернедегі термелер" (1965), "Айтыс" (1966, 3-т.), "Ленин деп халық жырлайды" (1969) жинақтарында жарияланды.

 

 

Игенсартов Ғабдиман

(1902-1976)

Игенсартов Ғабдиман 12.03.1902 жылы туған, қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, - 15.2.1976, Қарқаралы қ.) – ақын, ҚазКСР-інің   халық ақыны (1'962). Жастық шағы  байлардың  есігінде өткен. Ескіше хат таныған. Өз бетінше сауат ашқан.  1923 жылдан бастап ауыл істеріне  белсене араласқан. 1927-28 ж. Темірші болысы жалшылар комитетінің, 1928-30 ж. Қарқаралы округтік атқару комитетінің төрағасы. 1930-56 жылдары Қарағанды облысының кеңес органдарында, шаруашылық мекемелерінде қызмет атқарады. Отан соғысы жылдары көмір кеніштерінде жұмыс істеді. Қарағанды облысының "Советтік Қарағанды" (қазіргі "Орталық Қазақстан"), Қарқаралы ауданының  "Коммунизм таңы" газеттерінде меншікті тілші, бөлім меңгерушісі болды. Игенсартов  өлеңді 20-жылдардан бастап жазды. Келеңсіз құбылыстар мен жағымсыз әдеттерді шенеген сатиралық өлеңі "Ақ қошқардың жоқтауы" (1930) кеңес заманындағы азат еңбекті жырлаған тұңғыш поэмасы "Ақ бидай" (1934) Семей облысының  "Екпінді" (қазіргі "Семей таңы") газетінде жарияланды. Замандастарының жарқын бейнесін, халықтар достығын, туған өлке кеншілерін жырға қосқан. "Лавадағы өмір" (1949 таңдамалы, 1985),  "Шахтер сөзі" (1953), "Шынар" (1961), "Арман" (1964), "Тың дала" (1968) "Айдар Әбек" (1970) өлеңдер мен поэмалар жинақтары жарық көрді. 1929 ж. ҚазКСР ОАК-дің мүшелігіне сайланды, РСФСР Кеңесінің 14-, Бүкілодақтық Кеңестердің 5-съезінің делегаты болды. Қарқаралы қаласының орталық көшелерінің бірі Игенсартов есімімен аталады.

 

 

Қалмағамбетов Тайжан

(1882-1939)

Қалмағамбетов Тайжан 1878 жылы Қарағанды облысы, Ұлытау ауданында  туған. Ақын. Жастайынан Арқаның Ақан сері, Біржан сал, Шәрке сал, Сегіз сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай тәрізді әнші-ақындардың репертуарын игеріп, өзі де ән шығарып дағдыланған. Жезқазған, Қарағанды, Қарсақбай сияқты өндіріс ошақтарына өлең жыр арнады. 1926 ж. Шеген, 1930-36 ж. Болман, Иманжан тәрізді Арқаның белгілі ақындарымен айтысқа түскен. А. В. Затаевичке бірнеше ән жаздырған. 1934-36 жылдары  халық өнерпаздарының республикалық  слеттеріне, 1936 жылы  Москвадағы қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы он күндігіне қатысқан. "Тайжан әні", "Ыбырайға" сияқты ән-термелері күйтабаққа жазылды. Калмағамбетовтың көптеген әндері  кезінде жазылып алынбаған. Кейбір шығармалары ақындардың жалпы жинақтарында, газет-журналдарда ("Қазақтың 1000 әні". А., 1925; "Пернедегі термелер". А., 1965) жарияланды.

 

 

  Қаржаубайұлы Шөже

  (1803-1895 жж.)

1803 жылы қазіргі Нұра ауданы жерінде кедей шаруа отбасында туған. Ол қазақ халық ақыны, жыршы. Жастайынан поэтикалық өнерге құмар болды, домбыра мен қобызда ойнады.

Жас кезінде-ақ Шөже салтанатты жиындарда ел алғысына бөленіп жүрді. Шөже Қаржаубайұлының ақындық туындылары көшпелі қазақ халқы шығармашылығындағы ең жоғарғы жетістіктерінің бірі саналады. Оның есімімен қатар аталатын Жанақ, Сүйінбай, Қатаған, Майкөт, Құлмамбет, Майлықожа сынды поэтикалық өнердің алыптары қазақтардың жыр өнерін халық шығармашылығыңдағы ерекше жанр етуге зор үлес қосты.

Шөже бала күнінде өте көп ауырған, мұның өзі оның көру қабілетіне кесірін тигізді. Ақын өмірдің қиыңдықтарына төзе білген. Шөже - айтыстың хас шебері. Айтыс үстіңде ол өзінің суырып салма ақын екенін білген, қазақтың өмірі мен дүниетанымының келеңсіз жақтарын қатты сынға алған және оның барлық туындыларында ақиқаттың рухы сезіліп тұрады. Оның Кемпірбаймен, Балтамен, Тезек төремен, Қалдыбаймен, Орынбаймен, Жапармен сөз сайысы - қазақтардың айтыс өнерінің озық үлгісі.

Ақын барлық айтыстарда үміт пен күмән, зұлымдық пен әділдік, қайғы мен қуаныш, өмір мен өлім сияқты пәлсапалық түсініктерді тілге тиек етеді.

Шөже Қаржаубайұлы сазгер және әнші болған. Ол орындаған "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" поэмасының көркемдігі жағынан ең үздік және толық нұсқасы халық арасына кең таралды. Ш.Уәлихановтың бағалауы бойынша, Шөже халықтық ауыз өдебиеті мен жылнамаларының (шежіре) озық үлгілерінің маңдай алды білгірі деп танылған. А.Құнанбаев, С.Торайғыров Шөженің поэтикалық дарынын өте жоғары бағалаған, оны турашылдығымен батылдығы үшін құрметтеген.

 

 

   Қошқарбаев Шашубай

   (1865-  1952)

Шашубай Қошқарбаев-қазақ халық ақыны, әнші-композитор. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері (1941). Жасынан домбыра, сырнай, гармон тартып, ақындық әншілігімен аты шығады. Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Мәди, Ғазиз сияқты Арқаның атақты әнші, сал – серілерімен кездесіп, тәлім-тәрбие алады. Шашубайдың ел арасында «Майда қоңыр», «Жетім қыз», «Сырғақты», «Кедейлік» әндері кең тарайды. Ақын ауыз әдебиеті үлгілерін кеңінен насихаттап, жұртшылыққа таратқан  («Ақтамберді», «Қамбар», «Сұраншы –Бөкей» т.б. дастандар). 1909 жылы Жетісуға келіп, Жамбылмен айтысады. Кеңес өкіметі тұсында жаңа заманды орнатуға белсене қатысып, Отанды шабытпен жырға қосады. Ақынды жұмысшы тақырыбы көбірек толғандырып, Қарағанды, Қоңырат, Балқаш кеншілері өміріне көптеген шығармаларын арнайды. Ұлы Отан соғысы жылдары майдан мен тыл өмірін бейнелеген ерлікке толы патриоттық жырлары кеңінен тарады. Жер-жерлерде ақындар айтыстарын ұйымдастыруға белсене қатынасты. Шашубай қазақ халық поэзиясы тарихында мысал айтысының айтулы тамаша шебері ретінде атағы шықты. Шығармалары 1934 жылдан мерзімді баспасөзде, халық ақындарының коллективтік жаинақтарында және «Сөйле, Шашеке» (1942), «Ақ қайың» (1984), деген атпен жеке кітап ретінде жарық көрді.

Әдебиеттер:

Шашубай Қошқарбаев:[ Қысқаша өмірбаяны] //Қазақ ССР. 4 томдық қысқаша энцикл. /Бас ред. Р.Н. Нұрғалиев.-Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1989.-Т.4.- 628 б.

 

 

 

  Құтпанұлы Иманжүсіп

  (1863-1929)

Иманжүсіп Құтпанұлы (1863-1929), белгілі әнші-композитор, төкпе акын. Жаңаарқаның түлегі. Иманжүсіп  жас кезінен-ақ жырға, шешендік сөзге құмар болып, сал, серілер дәстүрін ұстап, саятшылық кұрып, балуан атанды. Ол суырып салма ақын болған, өмірден көрген, білгендерін әнге қосып айтқан. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Мәди әндерін тамылжыта шырқаған, Жарылғапберді, Естай т. б. әншілермен дос, сырлас болған. Ал Жаяу Мұса Иманжүсіппен талай рет жүздесіп, ақыл-кеңес берген, оған өлең де арнаған. Ертіс бойының ұлықтары қуғындай берген соң ол Ақмолаға келеді. Мұнда да әкімдердің зорлығына, әділетсіздігіне шыдамай, оларға шығарған өткір өлеңдерін айтады. Жалған жаламен тағы да қуғынға түседі. 1905-1912 жылы Өскеменге, 1914 жылы  Жетісу жеріне айдалады; Шұбарағаш, Ойжайлау, Лепсіде тұрады. Октябрь революциясы қарсаңында Иманжүсіп  айдаудан құтылып, өмірінің қалған уақытын Сарыарқада өткізеді. Иманжүсіп - Жаяу Мұса, Мәди сияқты әділет, теңдікті жырлаған күрескер әнші. «Сармойын», «Бұғылы мен Тағылы», «Ішім өлген дүние-ай, құр сыртым сау», «Әкем Құтпан болғанда, ағам Шоңай», «Қысырақтың үйірі жирен ала», «Мен қалайша жалғанда тұрақтайын» т. б. әндері асқақ үнді әншінің азаматтығын танытады. Оның әңдерін А. В. Затаевичке Қ. Байжанов, Қ. Байсейітов, И. Байзақовтар нотаға тү-сірткен. «Сармойын» әні Е. Г. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында (Бекежанның ариясы) пайдаланылды. Қазір Иманжүсіп  әндерін Қ. Байбосынов, Б. Тілеуханов т. б. әншілер орындайды.

 

 

Манкин Ілияс

1880-1950)

Ілияс Манкин 1880 жылы Қарағанды облысы  Нұра өзені бойындағы Ботақара деген жерде дүниеге келген. (13.10.1950, Қарағанды қаласы) - халық ақыны. Мұсылманша сауат ашқан. Ақындық жолға түсуіне себепші болған нағашысы Соңтуған ақын. "Қобыланды", "Алпамыс", "Қыз Жібек" қиссаларын жаттап, жиын-тойларда айтатын болған. 1900 жылы Спасск мыс зауытында, Қарағанды шахтасында жұмыс істеген. Өлеңдері "Қарағанды пролетариаты" (кейіннен "Советтік Қарағанды") газетінде жарияланған. "Нұра бойын жағалап", "Қайысты қабырғасы жұмысшының", "Көмір ері", "Қимылда кеншілер", "Алтынды Қарағанды даңқың артты" шығармаларының, "Қуат қашқын", "Лұқпан хакімнің өсиеті", "Кара соқырдың жорығы", "Бекболат" дастандарының авторы. Манкиннің өмірі мен шығармашылығы жайында "Қазақ әдебиетінің тарихында" (І-т., 2-кіт., А, 1964) Б.Ысқақов жан-жақты зерттеп жазған.

 

 

 

  Найманбайұлы Әсет

  (1867-1922)

Әсет Найманбайұлы – 1867 жылы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Қызыларай ауылында туған қазақ ақыны  (суырып салма), әнші-композиторы. Әсеттің әке-шешесі  кедей,  шаруа адамдар болған. Кейін, ер-  жетіп, есейіп айтысқа түскен  кезінде де кейбір ақындар оның кедейлігін бетіне басады. Алайда нағыз байлық өнер мен білімде деп түсінген Әсет  ескіше оқыған, көзі ашық адам болады. Оның дүниетанымы, ой тереңдігі әсіресе айтыс жанрында кеңірек танылды. Мысалы, әйгілі ақын қыз Ырысжанмен айтысқанда Әсет  он сегізде ғана екен, соған қарамастан қыздың айтқан небір қиын жұмбақтарын қиналмай, қолма-қол шешіп береді. Бұдан ақынның білімді, зерделі екендігі айқын аңғарылады. Сөйтіп, Әсет  пен Ырысжанның айтысы-көркемдігі, сөз қолдану шеберлігі жөнінен Біржан мен Сара айтысынан кейінгі озық туынды болып табылады. Әсет - негізінен айтыс ақыны. Ол Ырысжаннан басқа, Әріп, Бақтыбай, Кәрібай, Қали, Сәмет ақындармен және Мәліке  қызбен айтысқан. Әсеттің "Салиха - Сәмен", "Ағаш ат", "Перизат", "Үш жетім қыз", "Нұғыман - Нағым", "Мәлік-Дарай", "Жәмсап", "Кешубай" атты қисса-дастандары бар. Оның ішінде  "Салиха - Сәмен" дастаны мен фантастикалық тұрғыда жазылған "Ағаш ат" қиссасы - адал достықты, әділеттікті ұран етіп жырлаған шығармалар. "Жас жігіт надандықпен алданады", "Өсиетнамада" ғылым-білімге, өнер мен мәдениетке үндесе, "Фани дүние", "Жан фани дүниеден ақырда өлмекте" өмір, оның мән-мағынасы, жалпы тіршілік жөнінде толғанады, ал  "Сүйенген, жаным жалғыз өзің", "Сеніспей уағдалы серттен қайтпа", "Жақсы әйел" шығармаларында отбасы, махаббат, әйел теңдігі тақырыптары қамтылса, "Жасболат кісі-ақ едің алшақтаған", "Қарақұрсақ Күшік болысқа" және "Төртқұл Ақболаттың биі Кәріпке айтқаны" феодалдық құрылысты әшкерелеп, оның өкілдерін мінеп, сынайды. "Ақырғы сөз", "Жас шама" сияқты туындыларында өмірге деген «құштарлық туған жер мен елге деген ыстық сезім айшықты, бейнелі тілмен жырланды. Әсет  А. С. Пушкиннің "Евгений Онегин" романын аударып (еркін аударған), оны өзі қисса етіп жырлаған. Қазақ халқының көшпелі тұрмысын, тарихын, этнографиясын, арман-мұңы мен тілек-мақсатын жан жүрегімен сезінетін майталман     ақын   жырлары   көркемдігімен, формалық ізденістерімен баурайды. Ойды образбен беру, ұтымды теңеу, метафоралар Әсет өлеңдерін даралай түсетін компоненттер. Әсет мұраларының ішінде халыққа кеңірек тарағаны - оның әндері. Ол Біржан сал, Ақан серіден дәуірлеген Арқа әнінің дәстүрін жалғастырып, дамыта түсті. Жас кезіндегі әндерінде ("Кіші Ардақ", "Үлкен Ардақ", "Қарагөз", "Мақпал") психологиялық тереңдік пен адамның жан дүниесін қозғайтын нәзік лирикалы Ақан әндерінің әсері байқалады. Бұл-оның қалыптасу, өзіне тән мәнер-нақыш табу кезеңі еді. Ақан сері әндеріндегі құбылмалы қайырымдар, ән тармақтарының  музыкалық-синтаксистік - ерекшеліктері . Әсет әндеріне де тән. "Інжу-Маржан" әні (кейде "Әсеттің әні" деп те аталады) - өз стилін айқындай түскен туынды. Ол концерттік    пландағы                                  халықтық-профессионалдық  әндердің классикалық үлгісі болып саналады. Ән болашаққа жарқын көзбен қараған оптимистік нақышымен, формалық жетістігімен (қайталанбалы үш жүйелі әуен) және интонация өткірлігімен ерекшеленеді.  Әншінің музыка өнеріндегі келелі бір табысы -"Қисмет" әні. Бұл әнде тыңдаушысын өзіне баурап алатын ақындық арын, әуен жүйелілігі, терме екпіні мен қайырманың көтеріңкілігі әдемі жарасым тапқан. Сондай-ақ Әсет  "Ырғақты", "Аққарагер", "Қарагөз", "Майда қоңыр", "Жалған-ай", "Сырмақ үйкер" т. б. әндердің  авторы. Әсет  шығармашылығы - халқымыздың рухани байлығындағы елеулі мұра.

 

 

 

 

  Орманбетұлы Нармамбет

  (1860-1918)

Нармамбет Орманбетұлы 1860 жылы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Тоқырауын өзені бойындағы саға деген жерде туған. Халық ақыны. Қарқаралыдағы 2 класты орыс мектебінде оқыған (1873). Бала кезінен оқуға, білімге құштар болып өсті. Шығыс  әдебиетінен, А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов, Л. Н. Толстой шығармашылығынан жақсы хабардар болды. Ақыңдығымен қоса домбырашылығымен де аты шықты. Суырып салма ақын ретінде халық мұңын жоқтайтын өлеңдер шығарды. Жас кезінде шығарған көптеген өлеңдері сақталмады. Нармамбет  өз шығармаларында патша өкіметінің жүгенсіз озбырлығын сынға алды. 1905-1907 жылғы 1-орыс революциясы жеңіліске ұшырағаннан кейін азаттық жолындағы күрестің жеңіспен аяқталарына күмән келтіріп, торығу, жабығу сарынындағы өлеңдер шығарды. Соған қарамастан жастарды оқуға, білімге шақырып, қараңғылық пен надаңдықтан арылуға үндеді. Нармамбет  өлеңдерінде махаббат, табиғат лирикасы көрнекті орын алады.

 

 

  Шипин Омар

  (1879-1963)

Шипин  Омар 1879 жылы Қарағанды облысы, Ұлытау ауданында туған. ҚР-ның халық ақыны (1961). 1916 ж. халық-азаттық  көтерілісіне белсене қатысушы, Амангелді Имановтың  сенімді серіктерінің бірі. 1916 жылы патшаның қазақ және басқа да  халық жастарын майданның қара жұмысына алу туралы жарлығына қарсы көтерілген сарбаздар қатарына қосылған.  Сол жылдары шығарған "Арман", "1916 жыл", "Амангелдінің айбаты", "Торғай соғысы" толғаулары Торғай даласына, одан сыртқары жерлерге де кең тараған. "Сарбаз ақын" атанып, азаттық жаршысы болған. Қазақ төңкерісіне арналған "Патша тақтан түскенде", "Октябрь нұры", "Ақын үні" т. б. жырларын шығарды. Жаңа заманды мадақтап, қоғамдық шаруашылықты нығайтуға шақырған жырлары мерзімді баспасөзде жарияланып тұрды. Ақын 1942 ж. "Амангелді батыр" деген дастанын жеке кітапша етіп бастырды. 1943 жылдың жазында Қостанай облысы еңбекшілерінің сәлемдемелерін апарған делегация құрамында Ленинград майданына барып, жауынгерлер алдында жыр толғады. Осы сапары жөнінде ол "Майдан жолында" атты ұзақ жыр шығарды. Ақын үгіттік өлеңдермен қатар көптеген дастандар жазды. Әліби Жангелидиннің өмір жолын баяндауға арналған "Әли-дастанын" кезінде қалың оқырман жылы қабылдады. Шипин  қазақ халқының ұлы ағартушы, педагог-жазушысы Ыбырай Алтынсариннің ұстаздық қызметі, еліне білім ұрығын сепкен ізгілікті істері туралы тебірене жырлар толғап, "Ыбырай" дастанын шығарды. Ленин орденімен, медальдармен марапатталған.