Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






ТӘТТІМБЕТ ҚАЗАНҒАПҰЛЫ

ТӘТТІМБЕТ ҚАЗАНҒАПҰЛЫ (1815-1862 ж.), қазақтың күйші-композиторы, домбырашы, шертпе күй орындаушылык мектебінің негізін калаушылардың бірі, халык аспаптық музыка өнерінін (күйдің) классигі. Орта шаруа отбасында дүниеге келген. Домбырашылық өнер арғы ата тегінен дарыған. Алғаш домбыра тартуды Қазанғаптың інісі Әлиден үйренеді, анасы Ақбөпе де өнерге баулиды. Тәттімбет ел ішіндегі күйші-домбырашыларды көріп, олардын үздік орындаушылык өнерінен тәлім алады, домбырашы болып, күйлер шығаруға талпынады. Өсе келе өнері толысып, Сарыарқа өңіріне есімі мәлім күйші атанады. Тәттімбеттің әр түрлі тақырыпты қамтитын 40-тан астам күйлері бар. Ол — «Қосбасар» (бірнеше түрі), «Сарыжайлау», «Сарыөзен», «Теріс қакпай», «Сылқылдақ», «Былқылдақ», «Бестөре», «Азамат», «Алшағыр», «Азына», «Көккейкесті», «Бозторғай», «Қорамжан», «Боз айғыр», «Ерке атан», «Ноғай-қазақ», «Керкиік», «Қашкан қалмақ», «Қаражорға», «Балбырауын»,«Жетім қыз», «Салкоңыр», «Көш жанаған», «Сарықамыс», «Шәйір қалды» т. б. Тәттімбет күйлері өмірді терең түсінген, ойшыл, киялшыл жанның сырлары мен сезім толғауларын аңғартады. Тәттімбет негізінен лирикалық композитор. Оның шығармалары философия ой түйіндерімен астасып жатады, ал музыкалық тілі көңілге қонымды, тез жатталғанымен орындауға қиын, күрделі болып келеді. Тәттімбет күйлеріңдегі лирикалық сарындар, әуен толқындары қазақтың кең даласы мен оның сұлу табиғатын суреттейді. Композитор «Сарыжайлау» күйін Майдасары жайлауына қоныстанған кезінде, күз мезгілінде шығарады. Мұнда табиғаттың әсем суреті, жаз-сайрандағы рақатты шақтар бейнеленеді. Күйдің ішкі философиясы табиғатты суреттеу арқылы жаз думанын бастан кешкен адам өмірінің қайта оралмас бұралаң жолдарын табиғат мезгілімен салыстыруды мегзейді. Күй табиғаты сыршыл, қиялшыл, мөлдір лиризмге толы. Күй бойындағы нәзік нюанстар мен әсем ырғақты иірімдер тындаушысын бірде желпіндіріп, енді бірде тәтті мұң толқынымен тербетеді. Тәттімбет күйлерінде негізінен өмір тартысы, тағдыр тауқыметі, сұлулыққа құштарлық, алыс арман, сарғайған үміт, өкініш сарыны баяңдалады. Ал «Былқылдақ» күйі жер атына байланысты (елінде Былқылдақ атты сазды жайлау болған) шыққан. Күйдегі романтика — мың бұралған өзен ағысы, бұлақтың коңыраулы сыңғыры, тоғайдағы кұстың әсем үні сұлу табиғат тынысымен ұласып жатыр. Тәттімбет шығармаларының ең биік шыңы — «Көкейкесті» күйі. Бұл күйді Тәттімбет өмірінің соңғы жылдарында шығарады. Мұнда халық шежіресінің ұлылығы мен ұлағатты ақыл-ойдың парасаты толғанады. Домбыра орындаушылық шеберлігінде кездесе бермейтін екі қолға бірдей вибрациялық діріл толқынын түсіру арқылы және саусақтардың қарымен жоғары қарай орап кағу «Көкейкестінің» өте күрделі туынды екендігін көрсетеді. Күйдегі орындаушылықтың жаңа формасы, яғни шерту тәсілдерінің сан қырлы өрнегі — Тәттімбеттің күй тарту мектебін даралай түседі. Сөйтіп, ол домбыра үніне «жан бітіреді», күйдің табиғатын, сырын ашады. Тәттімбет лирикасының тағы бір қырын ашатын «Сылқылдак» күйі. Бұл күйді композитор өзімен күй сайысына түсіп, өнер көрсеткен домбырашы қызға арнап тартады. «Сылқылдак» күйінің музыка тіліндегі күміс коңырау үні, әдемі әуені тындаушыға ерекше әсер қалдырады. Күй бойынан жастық жалын мен өмірге күштарлыктың лебі еседі. Күй сарыны Тәттімбетке тән композициялық ерекшелік қолтаңбасын даралап, оның шертпе күйдегі стилін танытады. Тәттімбетте «Қосбасар» атты күйдің бірнеше түрі бар. Осы аттас күйлер Тоқа, Әбді т. б. халық композиторларында да кең өріс алған. Әр «Қосбасардың» өз тарихы, айтары бар. Тәттімбет «Қосбасарлары» туған жер табиғатын, халық өмірін суреттейді. Тәттімбет тек күйші ғана емес, сөзге ұста, шешен, шыншыл, әділетті көксеген ақын жанды сері адам болған. Реті келгенде бай-манаптарды өткір тілімен мінеп отырған. Композитор «Бес төре» күйін халықты қыспакқа алып, жәбірлеген төрелерге арнап шығарады. Бұл күйдің әр фразасы юморға толы. Тәттімбет қоғамдық болмысқа сын көзімен қарап, өзінің шығармашылық туындысы арқылы әлеуметтік бағытын аңғартады. 1855 ж. 24 наурызда Ресей патшасы II Александрдің таққа отыру тойына Тәттімбет өнерпаз ретінде Арқа қазақтарының өкілдерімен бірге Петербургке барады. Осы сапарында өзінің тамылжыта тартқан күйлері арқылы Петербургтің өнер сүйер қауымының назарын аударып, күміс медальға ие болады. Сол медаль бұрынғы Егіндібұлак ауданы., «Қаратау» ұжымшарынын тұрғыны Тәттімбеттің шөбересі Өзек Кебішұлында сақталған. Тәттімбет күйлерін насихаттаған өз інісі Жақсымбет, балалары Мұсатай, Исатай, сондай-ақ домбырашылар Н. Шынтеміров, Ғ. Айтбаев т. б. күйлерін ел арасына таратушы ұрпақтары — домбырашылар А. Әжібекүлы, С. Қарабаева, Т. Түсіпбеков, Ғ. Кәріпбеков. Тәттімбет өнері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, күйшінің стильдік ерекшеліктерін сақтап, күй тарту мектебіне айналды. Кеңес дәуірінде Тәттімбет күйлерін орындап, насихаттаушы профессионал домбырашылар: Ә. Хасенов, М. Хамзин, У. Бекенов. Қазақ композиторларының камералық аспаптық, симфониялық, опералық туындыларында Тәттімбеттің көптеген күйлері қолданылды. Мысалы, Е. Г. Брусиловскийдін «Қыз Жібек» операсында «Былқылдақ», «Қосбасар»; «Жамбыл» фильмінде «Сарыжайлау» күйлері пайдаланылды. М. Сағатов Тәттімбеттің «Сылқылдақ» күйін эстрада оркестрінің сүйемелдеуімен трубаға арнап пьеса жазды. Күйшінің туған жерінде Егіндібұлак халық аспаптар оркестрі, Қарағанды қаласындағы музыкалық училище Тәттімбеттің есімімен, ал Ақтоғай аудандағы халық ансамблі композитордың «Сарыжайлау» күйінің атымен аталады. 1984 ж. Егіндібұлак, аулыңда Тәттімбетке ескерткіш белгі (мүсінші Ж. Молдабеков, архитектор А. П. Малков) қойылды. Алматы консерваториясыңда 1971 жылдан шертпе күй класы бар. Ол Тәттімбет күйлерін негізге ала отырып, Қазақстанның басқа да өңірінің шертпе күй орындаудағы дәстүрлерін жинақтап үйретеді.