Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






ТӘУКЕ

ТӘУКЕ (т. ж. белгісіз-1715), хан (1680-1715). Қазақтардың үш жүзін біріктіріп, бір орталыққа бағынатын біртұтас мемлекет құруға талаптанған хандардың бірі. Оның бұл талабы көшпелі қоғамның бірқатар объективтік себептеріне байланысты сәтсіздікке ұшырады. Ол басқарған кезеңде қазақ жүздерінің арасында тұрақты саяси-экономикалық байланыс болмады. Қазақ пен орыстың жақындасуын жақтаушы Тәуке Ресейге қазақ-орыс саудасын кеңейту және екі ел арасындағы өзара қатынасты жақсарту мақсатымен әлденеше рет елшілік жіберді. Тәуке жоңғарларға қарсы шығу үшін Ресейден әскери көмек сұрады. Өйткені 1698 жылдан бастап ойрат және қазақ феодалдары арасында қарулы қақтығыстар басталған еді. Әсіресе жоңғар ханы Севан Рабдан билік құрған кезде жиі-жиі шапқыншылық болып тұрды (1711-12; 1714). Тәуке тұсында қазақтың «Жеті жарғы» деген атпен белгілі болған әдет заңдары жүйеге келтіріліп, толықтырылды. Онда орта ғасырдағы қазақ қоғамының патриархаддык-феодалдық құқықтарының негізгі жөн-жосығы мен ережелері, 17-18 ғасырлардағы әскери-саяси әрі әлеуметтік өмірінің талаптарына сай болған заңдар бекітілді.