НАЗАРБАЕВ НҰРСҰЛТАН ӘБІШҰЛЫ
НАЗАРБАЕВ НҰРСҰЛТАН ӘБІШҰЛЫ (1940 ж.т.), Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, мемлекет қайраткері. Экономика ғылыми докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның, Халықаралық инженерлік академиясының, Ресей әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі. Днепродзержинск техникалық училищесін (1960), Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы жоғары техникалық оқу орнын (1965 ж.), КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін (1976 ж.) бітірген. 1960-69 ж. Қарағанды металлургия комбинатында шойын құюшы, горновой, 1969-73 ж. Теміртау қалалық партия комитетінде бөлім меңгерушісі, қалалық комсомол комитетінің 1-хатшысы, қалалық партия комитетінің 2-хатшысы, 1973-77 ж. Қарағанды металлургия комбинатында партком хатшысы, 1977-79 ж. облыстық партия комитетінің хатшысы, 2-хатшысы, 1979-1984 ж. Қазақстан Компартиясы ОК-нің хатшысы, 1989-1991 ж.і-хатшысы, 1984-89 ж. Министрлер Кеңесінің төрағасы, 1990 ж. 24 сәуірден Қазақстан Республикасының Президенті.
1995 ж. 29 сәуірде бүкілхалықтық рефереңдум Президент өкілеттігін 2000 жылға дейін ұзартты, 1999 ж. 10 қаңтарда және 2005 жылғы 4 желтоқсанда 7 жыл мерзімге Қазақстан Республикасының Президенттігіне балама негізде қайта сайланды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанда күрделі әлеуметтік, экономикалық және саяси реформалар жүзеге асты. Ұлттық заңнама жасалып, 1995 ж. еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды. Ұлттық қарулы күштер, ұлттық қауіпсіздік құрылымы, тәуелсіз сот жүйесі құрылды. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беріліп, ұлттық валюта — теңге енгізідді. Ұлтаралық, дінаралық келісімге негізделген саясат жүзеге асырылып, ел ішінде саяси тұрақтылық берік орнықты. Семей ядролық полигоны жабылып, еліміз ядролық қару-жарақсыз аймақ болып жарияланды.
Елдің 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданып, экономикалық реформаның қазақстандық моделі жүзеге асырылуда. Соның негізінде ел экономикасына 40 млрд доллардан астам шетел инвестициясы тартылды. Н.Ә. Назарбаев Қазақстанның сыртқы саясатын тату көршілік, өзара түсіністік пен стратегиялық әріптестік принциптері негізінде жүргізуде. Еліміз өзінің барлық көршілері — Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан мемлекеттерімен шекара мәселесін түпкілікті шешіп, халықаралық құжаттармен бекітті.
Н.Ә. Назарбаев Қазақстанның жаңа елордасы — Астананы салуға басшылық жасап, оны Еуразиядағы ең әдемі қалалардың біріне айналдыруға үлес қосуда.
ТМД органдарын жетілдіру, Еуразиялық экономикалық одақ пен Біртүтас экономикалық кеңістік құру жөнінде жаңа бастамалар көтерді. Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары мен Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің халықаралық бас қосуларын өткізді. Халықаралық экономика мен саясат, ұлттық экономиканы реформалаудың қазақстандық моделі, қазақ тарихы мен мәдениеті жайлы әлемнің бірнеше тілдерінде басылған ғылыми-зерттеу еңбектерінің авторы. «Алтын қыран» белгісімен, көптеген шетелдік жоғары мемлекетік наградалармен, сыйлықтармен марапатталған. Н.Ә. Назарбаев өзі еңбек жолын бастаған Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын тұрақты назарында ұстайды. Елбасының тікелей басшылығымен Қарағанды металлургия комбинаты мен Жезқазған, Балқаш кен-металлургия комбинаттарына стратегиялық инвесторлар іздестіріліп, қуатты «Миттал Стил Теміртау» ААҚ, «Қазақмыс» корпорациясы сияқты компаниялар құрылып, өнімді жұмыс істеуде.
Шығармалар: Стальной профиль Казахстана. — А., 1986;
Әділеттің ақ жолы.— А., 1991;
Стратегия ресурсосбережения и переход к рынку.- М., 1992;
Идейная консолидация общества - как условие прогресса Казахстана.— А., 1993;
Рынок и социально-экономическое развитие.— М., 1994;
Ғасырлар тоғысында.— А., 1996;
Пять лет независимости. — А., 1996;
Тарих тағылымдары және қазіргі заман — Уроки истории и современность.— А., 1997;
Казахстанско-российские отношения.— А., 1997;
Евразийский союз: идеи, практика, перспективы. 1994-1997.- М., 1997; Тарих толқынында.— А., 1999;
Сындарлы он жыл.— А., 2003;
Еуразия жүрегінде.- Астана, 2005.