Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






МҮСІРЕПОВ ҒАБИТ МАХМҰТҰЛЫ

МҮСІРЕПОВ ҒАБИТ МАХМҰТҰЛЫ (1902-1985 ж.), жазушы, қоғам қайраткері. ҚазКСР халық жазушысы (1985 ж.). ҚазКСРҒА-ның академигі (1958 ж.). Социалистік Еңбек Ері (1974 ж.). Омбы ауылшаруашылық институтынын жұмысшы факультетінде оқыды (1926-27 ж.). Шығармалары: 1925 жылдан («Социалистік Қазақстан» газетінде «Едіге» әңгімесі) жариялана бастады. 1928-1938 ж. «Қазақстан» баспасының бас редакторы. «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің редакторы. ҚАКСР Оқу-ағарту халкоматының өнер секторы меңгерушісі. Қазақ өлкелік партия комитетінің баспасөз менгерушісінің орынбасары, Қазақстан Компартиясы ОК-нің саяси оқу бөлімінің меңгерушісі. 1938-1955 ж. шығармашылық жұмыста, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы президиумының мүшесі. 1956-1957 ж. «Ара»—«Шмель» журналының бас редакторы, 1957-1962 ж. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 1-хатшысы. 1974-75 ж. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, КСРО Жазушылар одағы басқармасының хатшысы (1959 жылдан). «Тулаған толқында» (1927 ж.) атты тұнғыш повесі Қазақстандағы 1916 ж. ұлт-азаттық көтерілісі мен Азамат соғысы жылдарының оқиғаларына арналған. «Қос шалқар» (1928 ж.), «Көк үйдегі көршілер» (1929 ж.), «Туннель» (1930 ж.). «Шұғыла» (1934 ж.) әңгімелері мен «Алғашқы адамдар» атты повесі қазақ аулындағы тап күресі мен ұжымдастыру кезеңіне арналған. А. М. Горький дәстүрін одан әрі жалғастыра отырып, 1933-34 ж. ана туралы әнгімелер циклын жазды. Олар: «Адамның анасы» (1933 ж.), «Өлімді жеңген ана» (1933 ж.), «Ананың анасы» (1934 ж.), «Ананың арашасы» (1934 ж.). Ұлы Отан соғысы кезінде сан алуан ұлт өкілдерінен тұратын Кенес Армиясының қаһармандық ерлігін көрсететін «Қазақ батыры» (1945, кейін «Қазақ соддаты» романын жазды. «Оянған өлке» (1-кітап, 1953 ж.), «Жат колында (2 кіт., 1984 ж.) романдарында революцияға дейінгі Қарагандыда қазақ жұмысшы тобының қалыптасуын көркем бейнелеңді. 1967 ж. революционер жазушы С. Сейфуллиннің өмірінен алынған «Кездеспей кеткен бір бейне» (Абай атыңдағы ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығы, 1968 ж.) атты повесін жариялады. Ғ. Мүсірепов драматургия саласында жемісті еңбек етті. «Қыз Жібек» (1934 ж.) операсының либереттосы. «Амангелді». (1936 ж.), «Қозы Көрпеш—Баян сұлу» (1939 ж.), «Акансері—Актоқты» (1942 ж.), толықтырылған варианты «Ақын трагедиясы», (1958 ж.) пьесалары республика, облыстық театр сахналарында қойылды. «Суреткер парызы» (1970 ж.), «Заман және әдебиет» (1982 ж.) әдебиет еңбектерінің жинағы басылды. КОКП 22-съезінің, Қазақстан Компартиясы 1-10-15-съездерінің делегаты. 5-сайлауының КСРО Жоғарғы Кеңесінің, 6-11-сайлауының ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Абай атындағы ҚазКСР Мемлекеттік (1970 ж.) ҚазКСР ҒА-ның Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтарының (1976 ж.) лауреаты. 3 мәрте Ленин орденімен марапатталған. Ғ. Мүсірепов 1943 ж. Қарағандыда өткен ақындар айтысын ұйымдастырушылардың бірі болды.

Шығарма: Тандаулы шығармалар, 1-3 т.— А., 1981; Драмалық шығарма. - А., 1982: Қазақ. әйелі. Роман және әңгімелер. — А., 1982; Жат қолында. - А., 1984.