Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






МҰСА МЫРЗА ШОРМАНҰЛЫ

МҰСА МЫРЗА ШОРМАНҰЛЫ (1818-1884 ж.), Төртуыл-Қаржастың атақты биі, ағартушы, этнограф, патша армиясының полковнигі. Баянауылдың Далба, қазіргі Осакаров ауданы Нияз тауы, Қаракөл маңын жайлаған. Әкесі, Арқаның беделді биі Шорман баласын жастайынан оқытып, тәрбиелеуге көңіл бөлген. Мұса қазақ, орыс тілдерімен қатар сол кездің дәстүрімен француз тілін де білген оқымысты адам болған. Баянауыл орыстары оны «Большой господин», ауыл қазақтары «Мұса мырза» деп атаған. 1841 ж. М. Баянауыл округінің заседателі, 1853 ж. округтің аға сұлтаны болып сайланып, осы қызметте II Александр патша аға сұлтандықты таратқанша 15 жыл болды. 1853 ж. хорунжий, 1854 ж. есаул әскери дәрежесін алып, алтын медальмен және Әулие Анна лентасымен марапатталады. 1855 ж. Мұса I Николайды жерлеу, одан кейін II Александрдың таққа отыру рәсіміне қатысады, майор атағын алып, Андреев лентасын тағады. 1863 ж. подполковник аталып, 1866 ж. Әулие Станислав орденін тағады. Өз қаржысына ол Баянауылда мешіт, медресе салдырады. Інісі Исамен бірге Павлодар, Ақмола, Санкт-Петербург қалаларында мешіт салуға қаржы береді. Мұса жастайынан Шоқан Уәлихановпен,оның достары А.К. Гейнс, Г.Н. Потанинмен жақсы қарым-қатынаста болып, жайлауында оларды талай қонақ еткен. Халық мұраларын жинап, оларды фольклор жинаушыларға, баспагерлер мен саяхатшыларға (Потанин, Уәлиханов) тапсырып отырған. Ол ауыл балаларын оқытуға үлкен көңіл бөледі. 1865 ж. Омбы қаласында Мұса қатысуымен болыс кеңселері қызметкерлерін даярлайтын қазақ мектебі ашылады. Өз округі бойынша әр болыстан екі баланы міндетті түрде қала мектебіне жіберу туралы шешім қабылдайды. Мұса сонымен қатар ғылыми жұмыспен де айналысты. Қазақ халқының тарихы, этнографиясы қызықтырушы орыс оқымыстылары мен шенеуніктері Мұсамен міндетгі түрде кеңесіп отырған. Оның өзі де қазақ халқының салт-дәстүрлері мен шаруашылығы туралы «Семипалатинские областные ведомости» (Омск, №32-37,1871), «Сельское хозяйство и лесоводство» (СПб., 1883, ч. 1422, № 1), «Записки Западно-Сибирского отдела Императорского русского географического общества (Омск, 1906, вып. XXXII) газет-журналдарына көлемді мақалалар жариялады. М. 1884 ж. 26 желтоксаңда Омбыда қайтыс болады. 1885 ж. 18-23 шілде аралығында 10 мың адам қатысқан асы беріледі, оған 100 ақ үй тігіліп, 300 қой, 200 жылқы сойылады. М.Ж. Көпеев Мұса қазасына «Жоқтау» шығарады. Көпеев жазбаларында сондай-ақ Мұсамен оның әкесі Шорман би туралы «Жұмабайдың Шорман атануы», «Мұса және Шоң би», «Байдалының Шорманға төрт өсиеті» деген әңгімелер циклы бар. Мұса туралы Д. Гейнс, Г. Потанин, Д. Путинцев күнделіктер, қазанама жазған. Мұса ісін баласы Сәдуакас жалғай білді, ол Алаш зиялыларына қолдау көрсетіп, әкесінің ғылыми-әдеби мұрасын жинап, Санкт-Петербург баспасына ұсынды.