Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






МӘДИ БӘПИҰЛЫ

МӘДИ БӘПИҰЛЫ (1880-1921 ж.), әнші-ақын, композитор. Қарқаралы түлегі. Арғы аталары — Қаз дауысты Қазыбек. Жасынан-ақ әншілік, домбырашылығымен аты шығады. Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай сияқты санлақтармен кездесіп, өнер сайысына түседі, өнеге алады. Сол кездегі қиянатшыл адамдардың «ұры» деген жалған жаласымен Атбасар, Қарқаралы, Семей, Омбы түрмелерінде болады. Түрмеде елін, жерін сағынып, әділетсіз заманға қатты налыған Мәди «Қаракесек» әнін шығарады. Бұдан басқа Мәдидің «Үшқара», «Шіркін-ай», «Мәди» атты әндері де жан сезімін, көңіл күйлерін бейнелейтін шабытты шыгармалар. Бұл әндердің біразы кейін қазақ операларында («Қаракесек»—«Ер Тарғында», «Шіркін-ай» мен «Мәди» — «Қыз Жібекте») пайдаланылды. Мәди 1916 жылғы халық азаттық көтерілісіне үн қосты. Әділет жолын бұрмалаған патшаның, жергілікті әкімдер мен дала шонжарларының озбырлығын әшкерелейтін жырлар толғады. 1919 ж. қызыл партизандар қатарыңда болып, Колчак бандыларына қарсы шайқасты. Мәдидің ән мәтіндерінен басқа өлендері әлі жиналмаған. Мәдидің шығармашылығы туралы А.Қ. Жұбанов зерттеу еңбектер, ал Ә. Әбішев «Найзағай» атты роман (1969 ж.), Ә. Бектасов «Мәди» атты кітап (1973 ж.) жазды. Қарқаралы қаласында, Егіндібұлак ауылында көше, туған өңіріндегі ауылдық округ Мәди атына берілген. Зиратының басында (Қарқаралы қаласындағы Мәліксай зираты) ескерткіш-обелиск орнатылған. 2005 ж.

С. Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры Е. Балташұлы мен С. Жұмағалидың «Мәди» спектаклін сахнаға шығарды.