ҚҰРМАНҒАЗЫ САҒЫРБАЕВ
ҚҰРМАНҒАЗЫ САҒЫРБАЕВ (1818 ж. ш. (құлпытасында 1806-1879) — 1889 ж. ш.), қазақтың күйші композиторы, домбырашы, халық аспаптары музыкасының классигі. Жас кезінен Ұзак, Байжұма, Баламайсан, Соқыр Есжан сиякты күйшілерден үйреніп дәріс алды. Өмірін әлеуметгік әділетсіздікке қарсы күреске арнады. Исатайдың ерлігіне арналған «Кішкентай» күйін шығарды. Құрманғазының көптеген күйлері халықты үстем тап өкілдеріне қарсы бостандық үшін күреске шакырған үндеу ретінде қабылданды. Оның өз өмірінен алынған «Қайран шешем», «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан» және басқа күйлері де осыны дәлелдейді. Үстем тап өкілдері, патша әкімшілігі күйшіні қуғын-сүргінге салып, бірнеше рет тұтқындады. Иркутск түрмесінен туған еліне Сарыарқа және Алатаудың бөктері арқылы оралғанда, туған елінің табиғатымен, жергілікті байлар мен патшаның қол шоқпарларынан езілген көшпелі шаруалардың ауыр өмірін көзімен көрді. Осылардың әсерінен Құрманғазы өлкеде кеңінен тарап халықтың сарқылмас күш-қайратын, қазақтың шексіз, шетсіз кең жазирасының әсемдігін, тауларының айбындылығын бейнелейтін «Сарыарқа» және «Алатау» күйлерін шығарды. Құрманғазы өзінің «Балбырауын», «Демалыс», «Жігер», «Қуаныш», «Лаушкен» («Лавочкин») және басқа да аттары аңызға айналған күйлерімен профессионалдық орындау өнерінің шегіне жетті. Қарағандыда Құрманғазының есімімен аталатын көше бар.