Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






ҚАШАУБАЕВ ӘМІРЕ

ҚАШАУБАЕВ ӘМІРЕ (1888-1934 ж.), әнші (драмалық тенор). Қарқаралы уезінің (қазіргі ауданның) Дегелең болысындағы №4 ауылда туған. Ұлы Октябрь революциясына дейін Қоянды жәрмеңкесінде өлең айтып, өнер көрсеткен (Ғазиз Файзоллаұлымен, Майра Шамсутдинқызымен т. б. бірге). Ол «Ардақ», «Ағаш аяқ», «Балқадиша», «Бесқарагер», «Гауһар қыз», «Дударай», «Жалғыз арша», «Көк-көбелек», «Қорлан», «Қызыл бидай», «Маңмаңгер». «Смет», «Үш дос», «Шұбартау» т. б. халық әндерін орындаған. 1915 жылдан Семей облысындағы қазақ жастарының әуесқой музыкалық үйірмелеріне қатысқан. Мәдени революцияға ат салысып, сахнада шағын рөлдерде ойнаған. 1924 ж. Семейде өткен халық таланттарының байқауында 1- және 2-бәйгені алды. РСФСР Халық ағарту комиссариаты Бүкілдүниежүзілік музыка көрмеге (1925 ж., Париж) жіберді, мұнда Қашаубаевқа 2-бәйге беріліп, күміс медаль тапсырылды («Париж апталығы», «Ле мюзикаль» т. б. баспа органдары Қашаібаевты «өте сирек кездесетін талант» деп таныды. Сорбонна университетінің профессоры Перно Қашаубаевтың бірнеше әнін фонографқа жазып алды). Бүкіддүниежүзілік музыка көрмеде (1927 ж., Майндағы Франкфурт), сондай-ақ Мәскеуде КСРО Кеңестері 4-съезінің делегаттарына арналған концертте ән шырқады. 1928 жылдан Қазактың музыкалық театрының (қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақтың академиялық драма театры мен Абай атыңдағы Қазақтың академиялық опера және балет театры) солисі болды. Жақсы сомдаған рөлдері: Жапал (Әуезовтің «Енлік - Кебегінде»), Жарас, Ақын (Әуезовтің «Айман - Шолпанында»).