Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






ҚҰНАНБАЙ ӨСКЕНБАЙҰЛЫ

ҚҰНАНБАЙ ӨСКЕНБАЙҰЛЫ (1804-1886 ж.), Абайдың әкесі, аға сұлтан, қоғам қайраткері. Әкесі Өскенбай Ырғызбайұлы Тобықты елін билеген беделді адам болған. Өскенбайдан басталған билікті оның ұрпағы 150 жыл бойы, Кеңес өкіметі келгенге дейін қолдарынан шығарған жоқ. Құнанбай әуелі шағын ауылды басқарады, кейін болыс басқарушысы болып сайланып, тобықты елін биледі. Келе-келе дуанды басқаратын аға сұлтан дәрежесіне дейін жетіп, даланың беделді де білікті әкімдерінің қатарына көтерілді. Оның 4 әйелі болды. Бәйбішесі Әйбөбектен (Күңке) Құдайберді туды, 2-ші әйелі Ұлжаннан Тәнірберді, Ибраһим (Абай), Ысқак, Оспан; Айғыз деген әйелінен Халиулла, Смағұл, Кәмшат туған; 4-ші әйелі Нұрғанымнан ұрпак жоқ. Құнанбайдың қоғамдык қызметіндегі игілікті қызметінің бірі - оның оқу-ағарту ісіне ерекше мән бергені. Ол өзі дінді мықтап ұстанып қана қоймай, қара танудың, сауат ашудың, ескіше ғана емес, орысша оқудың заман ағымына өте қажетті екенін ұғынып, өз ауылынан қазақ балаларына тіл үйретіп, білім беретін училище ашпақ болып, 1845 ж. шекара басқармасына қазақша-орысша сөйлей алатын, жаза білетін орыс мұғалімін сұрап, хат жолдайды. Шекара бастығы Құнанбайдың бұл тілегін мақұлдайды. Бірақ екі тілді бірдей білетін мұғалімнің жоқ екенін айтып, тобықты еліндегі тілмәшті қызметтен бос уақытында еңбекақы төлеп, бала окытуға пайдалануға кеңес береді. Бұдан кейін Құнанбай «Ескі там» деген жерде мектеп ашып, онда орысша сауатты Ғабитхан Ғабдыназарұлы деген ноғайды мұғалім етіп тағайындайды. Сөйтіп, өз балалары мен руластарының балаларын оқыта бастайды. Құдайберді, Тәңірберді, Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан, Халиуллалар алғашқы сауатын осы мектепте ашкан. Құнанбай балаларын одан әрі оқытуға ерекше ынталы болады. Ибраһимін Семейдегі діни медресеге береді. Халиулланы 1858 ж. Омбы кадет корпусына оқуға енгізеді. Оны бітірген соң Мәскеудегі әскери училищеде оқуына мүмкіндік жасайды. Құнанбай 1849 ж. Қарқаралыда мешіт, 1874-75 ж. қажылық жолмен Меккеге барып, оңда мұсылман елінен барған адамдар түсетін үй — Тәкие салғызған.