Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






КЕНЕСАРЫ ҚАСЫМҰЛЫ

КЕНЕСАРЫ ҚАСЫМҰЛЫ (1802-1847 ж.), белгілі хан (1841 жылдан). Абылайдың немересі. Ресейдің отаршыл саясатына қарсы 1837-1847 ж. ұлт-азаттық көтерілістің көсемі. 1825 ж. ағасы сұлтан Саржанның қарулы көтерілісіне ат салысқан. 1836 ж. ағалары Саржанды, Есенкелдіні Ташкент билеушісі зұлымдыклен өлтірткеннен соң қанат жайған қозғалысты әрі қарай жалғастырды. Кенесары өте қажырлы, ойластырған ісінен қайтпайтын, жау күшінен қаймықпайтын қолбасшы. Көтерілістің алғашкы айларының барысы Кенесарының табанды күрескерлігін танытты. 1838 ж сәуір айында Ақмола приказын тұткиылдан төтелей шабуылдаған көтерілісшілердің жеңіске жетуі Кенесарының айлакерлігі мен айбынды қолбасшылығының нәтижесі. Кенесарының сардарлық өнерінің қарқынды болғандығы соншалық, Ұлытаудың төңірегіндегі бір шайқаста жақсы қаруланған хорунжий Рытовтың әскери тобын талқандады. 1844 ж. тамыз айында қазақ әскерлерінін, қорғауындағы Екатеринская станицасын алуы және оның қорғаушыларын кейін шегіндіруі Кенесарының жауынгерлік өжетгігінің бір көрінісі еді. Ал осы жылдын шілде айынын 21-нен 22-не қараған түнде Кенесарыға қарсы ұйымдасқан Ахмет және Мұхамед Жантөриндер туының астына шоғырланған ірі әскери топты көтерілісшілердің ойсырата талқандауы — ханның әскери өнерінің бір шыңы болды. Кенесарының жаулары түнде 44 сұлтанынан айрылды. Бірнеше шақырым қашықтықта тұрған, мылтық оғының гүрсілін естіген, полковник Дуниковскийдың жазалаушы тобы, Кенесарының атағынан жүрексініп, ұрысқа қатысуға дәті шыдамады. Кенесары тек өз заманының ұлы қолбасшысы болып қойған жоқ. Көтерілістің 10 жылдан астам уақытқа созылуы, сонымен қатар ханның айлакер дишіомат және пайымды саясатшыл қасиетіне де байланысты. Адольф Янушкевич Кенесарының ғажайып тұлғасына қайран болып, оны 19 ғасырдағы француз отаршылдарына қарсы алжир халқының азаттық күресінің көсемі Абд әл-Кадермен тенеген, ал ұлы саяхатшы П.П. Семенов-Тян-Шанский «қырғыз даласының митридаты» деп сипаттаған. Орынбар губернаторы граф В.А. Перовскиймен, Батыс-Сібір генерал-губернаторы князь В.Д. Горчаковпен жазысқан хаттарында Ресей мен Қазақ елдері арасындағы таласты қарумен емес, келіссөздермен шешуге шақырды. Ханның басты талаптары Абылай хан иелігінде бекіністер салуды тоқтату, дивандарды (округтерді) тарату, хандықты отарлауға тыйым салу болды. Айтылған талаптарды Кенесары патша Николай І-ге, князь Горчаковка жолдаған, өзінің дипломаты Тобылды Тохтин бастаган елшілігіне де тапсырған. Хан өзінің ұстамды саясатын іске асыруда Орталық Азиядағы ахуаддың ерекшеліктерін тыңғылықты талқылауға негіздеген. Дипломатиялық шеберлік патша үкіметінің табанын жалаған, халық мүддесіне қарсы шыққан жергілікті феодалдардын бір бөлігін өз жағына тартуға да қажет болды. Ақмола округінің аға сұлтаны полковник Қоңырқұлжа Құдаймендеұлы Кенесарыға қарсы күреске дем берді, ханға қарсы үгіт жүргізді. Оған қарамастан, үш жүздің басты бөлігі ханның әділ ісін қуаттады, тек Ақмола, Баянауыл, Көкшетау округтерінде 80-нен астам сұлтандар Кенесарымен жақтас болды. Кенесарының інілері Құшақ, Мұса, Наурызбай, Саржанның балалары, жақын туыстары, аға сұлтан Шыңғыстың жесірі Айғаным т. б. ханның ісіне мүдделес тұлғалар. Ханның туының астында топтасқан қарулы серіктерінің арасында, азаттық соғыстың мүддесіне аяғына дейін берілген, қанды шайқастарда ерліктерімен халықтың рухын көтерген үш жүздің де батырлары болды: Ағыбай, Аңғал, Байсейіт, Таймас, Саурық, Наурызбай, Бұхарбай, Иман, Сұраншы, Төлебай т. б. Орынбор және Сібір шептері арқылы қысымға алынған Кенесары көтерілісінің басты ошағы Орта жүзден Жетісуға ойысуға мәжбүр болды. Оған тағы да себепші болған Қоқан билеушісінің сұрқия саясаты. Ханның мақсаты да Абылайдын, тұкымдары билеген Жетісуда қолдау тауып, Ресейге және Қоқан хандығына қарсы күресті жалғастыру. 1846 ж. жазда Іле-Қаратал бойындағы генерал Вишневскийдің Аяқөз, Қарқаралы, Көкпекті округтернің, Жетісу алқабының төре тұкымдарын, старшындарын жинап, съезін ұйымдастыруы ханға соққы болды. Қысым күшейді. Басқа айла-амал қалмаған Кенесары қырғыз жеріне бағыт алуға мәжбүр болды. Басты манап Орман кейіннен 100 мыңға жуық әскер жинаған деген дерек бар. Ханның әскері — 10 мың сарбаз, екі зеңбірекпен қаруланған. 1847 ж. сәуір айының орта шенінде қазіргі Тоқмақ қаласынан 6 шақырым жерде, Кекілік-Сеңгір түбінде ақырғы шайқаста күш салмағының қырғыздар жағында болуы көтерілістің соңы, ұлы қайраткердің ақырғы шайқасына айналды. Айбынды хан, қайтпас батыр Кенесары қапыда мерт болды. Кенесары қазақ тарихына халықтың ұлы қолбасшысы, саясатшы, дипломат, ел үшін өмірін аямаған ұлы тұлға ретінде еніп отыр.