Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






ӘУЕЗОВ МҰХТАР ОМАРХАНҰЛЫ

ӘУЕЗОВ МҰХТАР ОМАРХАНҰЛЫ (1897-1961 ж.), қазақ әдебиетінің классигі, қоғам қайраткері, ҚазКСР ҒА-ның академигі (1946 ж.), филология ғылыми докторы, профессор (1946 ж). ҚазКСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1957). Ленинград университетін бітірген (1928 ж.). Алғашқы шығармасы — «Енлік—Кебек» трагедиясы 1917 ж. жарық көріп, қазақтың ұлттык өнері осы шығарма арқылы дүниеге келді. 20-шы жылдары «Қорғансыздың күні» (1921 ж.), «Үйлену» (1923 ж.); «Оқыған азамат» (1923 ж.), «Қаралы сұлу» (1925 ж.) әңгімелерін, «Қараш-Қараш» оқиғасы» (1927 ж.), «Кім кінәлі» (1928 ж.) повестерін және т. б. жазды. Ол 20-дан астам пьесаның авторы, оның «Айман-Шолпан» (1934 ж.), «Абай» (1940 ж. Л.С. Соболевпен бірлесіп қойылған), «Қаракөз» (1926 ж.), «Қарақыпшақ Қобыланды» (1943-44 ж.), «Түнгі сарын» (1934 ж.), «Шекарада» (1937 ж.), «Сын сағатта» (1942 ж.) және басқалары біздің елімізде және шетелдерде көпшілікке танымал. Колхоз кұрылысы тақырыбына «Шатқалаң» (1935 ж.), «Білекке білек» (1935 ж.), «Іздер» (1935 ж.), «Бүркітші» (1937 ж.) және басқа әңгіме-повестері арналған. 1941 ж. шілдеде құрамында Ғ. Мүсірепов, В. Чугунов, Д. Жароков бар жазушылар бригадасымен Қарағанды облысына барып қайтты. Осы сапардың нәтижесінде «Сын сағатта» пьесасы (Алматыдағы Қазақ драма театрының сахнасында 1941 ж. 7 қарашада қойылған), Қарағанды шахтерлері мен Балқаш металлургтарының жан қиярлық еңбегі туралы «Әр тынысың «Отан» дейтін күн бүгін», «Конвейерде батырлардың куаты» очерктері дүниеге кедді. М. Әуезов ұлы ақын және ағартушы Абай Құнанбаевтың өмірі туралы «Абай жолы» атты қазақтың тұңғыш роман-эпопеясын жазды. Ол дүние жүзі халықтарының 30 тіліне аударылды. Дәуір тынысын танытқан, халықтық сипаттағы романның тілі өзгеше шұрайлы да жарқын. Ә.У. Шекспирдің, Л. Толстойдың, И. Тургеневтің, Н. Гогольдің және т. б. жазушыларының көптеген шығармаларын қазақ тіліне аударды. Шығарма жинақтары 4 рет жарық көрді: қазақ тілінде 6 томдық (А., 1955-57), 12 томдық (А., 1967-69), 20 томдык (А., 1979-1983 ж.), орыстілінде —5 томдық (М., 1973-75). «Абай жолы» 2 том болып «Бүкіл дүние жүзі әдебиет кітапханасында» шықты (М., 1971, том). «Түркістан осылай туған» очерктер циклы (1956 ж.), Қазақ әдебиетіндегі тың туралы тандаулы шыгармалардың бірі. М. Әуезов сондай-ак «Индия очерктерін» (1958 ж.) жазды. Осы заман тақырыбына арналған, бірак аяқталмай қалған «Өскен өркен» эпопеясының бірінші кітабы 1962 ж. жарық көрді. М. Әуезов — аса көрнекті ғалым, абайтанудың негізін қалаушы, қазақ және қырғыз әдебиетгері мен фольклорларының тарихы туралы зерттеулердің авторы. М.  Әуезов «Абай Кұнанбаев», «Әр жылдар ойлары», «Манас» атты монографиялары кеңес әдебиетін байытты, оның басшылық етуімен қазақ әдебиеті мен фольклорының тарихы жөніндегі алғашқы ғылыми еңбектер шықты. М. Әуезов шығармашылығы ғылыми зерттеулердің тақырыбына айналды. Филология ғылыми жаңа саласы — әуезовтану пайда болды. М. Әуезов Кеңестік бейбітшілік қорғау комитетінің мүшесі болып сайланды. Ленин (1957 ж.), 2 рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталды. Лениндік (1959 ж.) және КСРО Мемлекеттік (1949 ж.) сыйлықтарының лауреаты. 4-5-сайл. КазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Қарағандыда М. Әуезов есімімен көше, қалалық кітапхана аталған.

Шығармалар: Шығармалар жинағы. 1-20 тт. Алматы, 1979-86.