Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






ӘБІЛҚАЙЫР

ӘБІЛҚАЙЫР, Абулхайыр Мұхаммед Қазы бахадур хан (1693-1748 жж. ), Кіші жүздің ханы, қолбасшы, жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресті ұйымдастырушылардың бірі. Шыңғысхан тұқымына жататын Өсек ұрпағынан тарайды. Қазақ феодалдық мемлекетігінің негізін күшейтуге ат салысқан табанды кайраткерлердің қатарына жатады. Әбілқайырдың қолбасшылык өнері, дипломатиялық кызметі әсіресе жоңғар шапкыншылығы жылдарында ерекше көзге түсті. Қазақ халқының тәуелсіздігін сақтап қалу үшін әр түрлі шараларды іске асырды. Орыс үкіметінен көмек алу мақсатында Сібірдің тұңғыш губернаторы, князь М.П. Гагаринге, Уфа воеводасына хаттар жолдап, халқының ауыр ахуалын біршама реттеуге тырысқан. Әз-Тәуке 1715 ж. дүние салғанға дейін де, Орталық Азияда батырлык істерімен атағы шыққан қолбасшы Тәуке өлгеннен кейін үш жүздің бас хандығына таласты. Алайда Орта жүздің ханы Семекенің (Шахмұхамед, Қосымбет) қарсылығынан дегеніне жетпеді. Бір жағынан, Кіші жүздің ханы, екінші жағынан, жауынгерлік қабілеті үш жүз көлемінде танылған Әбілқайыр 1729 ж. (1730 ж.) Аңырақай шайкасының қарсаңында, сол қанды қақтығыста ойраттарды ойсырата талқандауда ерекше көзге түсті. Аңыракай шайқасыңда бас қолбасшылықты өз еркімен Ұлы жүз ханы Болатқа берген Әбілқайыр үш жүздің қолын үйлестіруде басты рөл атқарды. Қазақ халқының тәуелсіздігіне қауіп төндірген жоңғар шапқыншылығынан елді аман сақтау үшін дипломатиялық шараларды іске асырып, императрица Анна Иоанновнаға елшілерін аттандырып, 1731 ж. қазан айының 11 жұлдызында Ресейдің билігін мойындауға мәжбүр болды. Ресейге сүйеніп, өз мәртебесін көтеруге тырысумен бірге көреген мемлекеттік қайраткер ретінде елді апаттан сақтауға ат салысты. Өзінің алты ұлын әкімшілік басқаруға, дипломатиялық өнерге баулыды. Үлкен ұлы Нұралы ханның орыс үкіметімен барлық келіссөздерінде басты дипломат болды. Ералы — Орта жүзде Керей руын уақытша болса да билеп отырды. Қожахмет Орынборда, Қазанда, Петербургта аманаттықта ұсталды. Ханның өзі 1740 ж. Хиуада аз ғана мезгіл тақта отырды; өзінен кейін мұрагері Нұралыны Хиуа тағына отырғызды. Орыс үкіметімен әр бағытта байланыстарды үзбей, сонымен қатар хан қалмақ билеушісі Қалдан-Серенмен де қарым-қатынасын үзбеді. 1744 ж. И. Неплюевтың тұңғыш Орынбор губернаторы болып тағайындалуы, қысым көрсету саясатының терең тамыр жаюы Әбілқайырдың орыс үкіметіне қарсылығын күшейтті. Әбілқайыр үш жүздің атақты билерімен, белгілі сардарларымен, саяси қайраткерлерімен тығыз байланыста болды. Әсіресе атағы бүтін Орталық Азияға жайыла бастаған Абылаймен әр кезде түсіністі. Абылайдың бір әйелі — Қарашаш сұлу, Әбілқайырдың қызы еді. 18 ғасырдың 40-жылдары ханның орыс үкіметімен, әсіресе И. Неплюевпен қарым-қатынасы салқындай бастады. Жоңғар шапқыншылығы әлсіреген сайын, Әбілқайыр толық дербестікке ұмтылып, орыс үкіметінен алыстады. Алайда атағы тірі кезінде аңызға айналған, оның дербестігі қазақ феодалдарының өз ішінен қызғаныш туғызды. Онымен бақталастардың бірі — Орта жүздің белді сұлтаны, Шыңғысханның ұрпақтарының бірі Жәдігенің тұқымы сұлтан Барақ еді. Сұлтан ханның кез келген олқылықтарын, балаларының орашолақ қимылдарын өз мүддесіне, Әбілқайырға қарсы шебер пайдалаңды. 1748 ж. тамыздың басында Әбілқайыр серіктерімен Ор бекінісінен қайтар жолда ата жауы Барактың сарбаздарымен қарулы қақтығыста Барак сұлтанның қолынан қаза тапты. Отаршыл саясатқа мейлінше қарсылық көрсеткен мемлекеттік қайраткер Әбілқайыр қазақ елінің ең қасиетті тұлғаларының бірі. Әбілқайырдың моласы Қабырға өнерінің Өлкейекке құятын тұсында, Торғайдан 80 шақырым жерде. Казір ол жер «хан моласы» деп аталады.