Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






ӘУБӘКІРОВ ТОҚТАР ОҢҒАРБАЙҰЛЫ

ӘУБӘКІРОВ ТОҚТАР ОҢҒАРБАЙҰЛЫ (1946 ж. т.), қазақтың тұңғыш ғарышкері, техника ғылыми докторы (1998 ж.), профессор (1997 ж.), Кеңес Одағының еңбек сіңірген ұшқыш-сынақшысы (1990 ж.), авиация генерал-майоры (1992 ж.), Кеңес Одағының Батыры (1988 ж.), ҚР Халық қаһарманы (1995 ж.), ҚР-ның ұшқыш-ғарышкері (1995 ж.). Қарқаралының түлегі. 1962-65 ж. Теміртау құйма-механика завотында токарь болды, есімі облыстың Құрмет кітабына алтын әріппен жазылды (1964 ж.). Ресей Федерациясындағы Армавир жоғары әскери ұшкыштар училищесін бітірген (1969 ж.). 1969-1975 ж. Кеңес Одағы Әскери-әуе күштерінің Қиыр Шығыс әскери округінде ұшкыш, звено командирі, эскадрилья командирінің орынбасары. Мәскеу ұшкыш-сынақшылар мектебін (1976 ж.), Мәскеу авиация институтын бітірген (1979 ж.). 1976-1992 ж. Мәскеудегі А.И. Микоян атынд. Тәжірибелік конструкторлық бюроның ұшқыш-сынақшысы. Әубәкіров Тоқтар 1988 ж. Кеңес Одағында тұңғыш рет әуеде қонбай ұшакка 2 рет жанармай құйдыру аркылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындады. 1989 ж. бірінші болып авиатасушы крейсердің алаңқайына «МиГ-29 к» реактавті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондырды. Сондай-ақ ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жана түрін сынақтан өткізді. 1990 ж. ғарышкерлер құрамына алынды. 1991 ж. 2 сәуірде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 казанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышка ұшты. Ғарыш кемесі Жерт өңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал т. аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозольдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Сондай-ақ Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспанды астрофизика бақылау жұмыстары да ойдағыдай өтті. Әубәкіров Тоқтар 1991 ж. 10 қазанда Жерге оралды. Әубәкіров Тоқтар Қазақстандағы ғарыштық зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға белсене араласты. Ол 1992-93 ж. ҚР Қорғаныс министрінің 1-орынбасары, 1993-94 ж. ҚР Үлттық Аэроғарыштық агенттігінің бас директоры, Ғылым және жаңа технология министрінің орынбасары, 1994-95 ж. ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты — Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, 1996 жылдан ҚР Президентінің кеңесшісі, ҚР Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары болды. 2004 жылдан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.