Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






ЖӘНІБЕК ХАН

ЖӘНІБЕК ХАН, (Әбу Саид; т. - ө. ж. белгісіз), хандықтың негізін салушылардың бірі, Барақ ханның баласы. 15 ғасырда өмір сүрген, 15 ғасырдың 50-жылдарына дейінгі өмірі мен қызметі туралы нақты деректер жоқ. 1456 ж. шамасында Көшпелі өзбектер мемлекетінің ханы Әбілкайырмен өкімет билігі үшін күрестежеңілген Жәнібек хан мен Керей хан өздерін қолдайтын рулармен бірге Өзбек ұлысынан Моғолстанға қоныс аударды. Моғолстан ханы Есенбұға Жәнібек хан мен Керейді жақсы қарсы алып, оларға Шу алқабындағы жайылымдық жерлерді бөліп берді. Осы кезде Өзбек ұлысында басталған талас-тартыстардың зардабына шыдай алмаған көптеген қарапайым халық  Жәнібек хан мен Керейдің қарамағына көшіп келді. Көп ұзамай олардың қоластыңдағы халық саны, кейбір мәлімет бойынша 200 мыңдай адамға жетгі. Моғолстан жерінде қоныс теуіп, көптеген көшпелі руларды билеп тұрған Жәнібек хан мен Керей Өзбек ұлысы үшін кауіпті күшке айнала бастады. Осыны жақсы түсінген Әбілқайыр Моғолстанға жорыққа аттанды. Бірақ Әбілқайыр ханның кенеттен қайтыс болуы бұл жорықты аяқтауға мүмкіндік бермеді. Әбілқайырдың дүниеден қайтуы өкімет билігі үшін күрестін шиеленісуіне келіп соқты. Бұған Жәнібек хан мен Керей де белсене қатысты. Олар Өзбек ұлысына қайта оралып, Әбілқайырдың мұрагер баласы Шейх Хайдар ханмен ұрыс жүргізді. Өз әмірлері тарапынан қолдау таппаған Шейх Хайдар жеңіліске ұшырады. Өкімет билігі Орыс хан ұрпақтары -  Жәнібек хан мен Керей ханның қолына көшті. Мұның өзі көшпелі өзбектер мемлекетіндегі саяси жағдайды түбірінен өзгерте алған жоқ. Дегенмен, бұл окиға Дешті Қыпшақтағы Көшпелі өзбектер мемлекеті атының бірте-бірте өзгеруіне себепші болды. Бір кезде Моғолстанға қоныс аударған адамдар Өзбек ұлысына «қазақтар» деген атпен белгілі болды да, бұл ат бүкіл хандыққа тарала бастады. Жәнібек ханның Өзбек ұлысына келгеннен кейін өз билігін нығайту жолындағы қызметі, оның бұдан соңғы тағдыры және қайтыс болуы туралы деректер жоқ. Оның есімі тарихи мәліметтерде соңғы рет 1473 ж. кездеседі. Одан кейінгі жылдарда тек Керейдің ғана аты ұшырайды.  Жәнібек хан сол дәуірдегі жиі болып тұрған соғыстардың бірінде қаза тапкан деп жорамалдауға болады. Ел арасында сақталған аңыз-жырларда  Жәнібек ханды «Әз Жәнібек» деп те атайды.