Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






ЖОШЫ

ЖОШЫ (Жұшы, 1187-1227 ж.), монғолдың ірі әскер басшысы, Шыңғысханның үлкен баласы, Жошы ұлысының негізін қалаушы. Жошы ұлысы Дешті Қыпшак, жерін қамтыды. Ол Шыңғысханның барлық басқыншылық әскери жорықтарына қатысты. Монғолдар Керейлер мен Наймандарды күйреткен соң (1206 ж.), Оңтүстік Сібірді, Алтайды, Шығыс Түркістанды мекендеген көптеген тайпаларды бағындырды (1207 ж.), Жетісу шекарасына дейін жетті (1211 ж.), Қытайды жаулауға қатысты (1211-15 ж.). 1218 ж. көктемде Жошы баскарған монғол жасақтары Дешті Қыпшаққа басып кірді. Ырғыз маңыңда Хорезм шаһтың 60 мың адамдық әскерімен шайқасты. Жетісудың барлық қалаларын, Шу, Талас және Сырдария бойын, Орта Азияның ірі саяси және мәдени орталықтарын басып алды. 1220-21 ж. Жошы Сырдария бойындағы Отырар, Сығанақ, Үзкент, Баршынкент, Асынас, Янгикент қалаларын алды. Хорезмді (1222 ж.), Түркістанды жаулады.

1223 ж. көктемде Жошы әкесінің шақыруымен Сайрам мен Талас аралығындағы Құланбасы жазығында жиналған құрылтайға келді. Шынғысханның жаулап алған жерлерін бөлген кезде Ж-ға Ертістен бастап Орал тауының аралығындағы, одан әрі батыска қарай жаулап алынған жерлер тиді. Ордасы Ертіс алқабында болды. Орта ғасыр тарихшысы Жүзжанидын мәліметіне қарағанда, ол нөкерлерімен аңға шыққан кезінде әкемді өлтіріп, мұсылмандармен одақ құратын шығармын дегенді айтқан. Оның бұл ойын Шағатай әкесіне жеткізгенде, әкесі оған у беріп өлтіруге әмір еткен. Жошы Қыпшақ даласында мемлекет кұрмақ ойын жүзеге асыра алмады. Оның баласы Батый орыс жеріне, батыстың өзге де жеріне қанды жорық жүргізіп,  Жошы ұлысын Алтайдан Дунайға дейін созып, Алтын Орда мемлекетін құрды. Жошы мазары Ұлытау ауданында, Кеңгір өлкесінін солтүстік-шығыс жағында 45 км жерде.