Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






ЕДИГЕ

ЕДИГЕ (Едиге, Идигу, Идике; 1352-1419), Ақ Орданың әмірі, Қаратау өңіріндегі Құмкент қаласын билеген маңғыт әулетінен шыққан КұтлуҚабаның (Кутлу-Каба) баласы. Едіге тарих сахнасында Токтамыспен қатар шықты. Бұл дәуір феодалдық өзара қырқыстың өршіп, Ақ Орданың Жошы ұлысынан (Алтын Орда) іс жүзінде бөлініп, өз алдына жеке мемлекет болған кез еді. 1376 ж. Едіге осындай қырқыс салдарынан Орыс ханнан қашып, Самарқандағы Темірге барды. Осында өз қарсыластарынан жасырынып жүрген Тоқтамыспен байланыс жасап, оның өкімет билігін қайта алуына жәрдемдесті. Ақ Ордада, одан кейін бүкіл Алтын Ордада өкімет билігі Тоқтамыс қолына өткен кезде Едігеоғанопасыздық жасап, немере туысы Темір-Құтлық (Тимур-Кутлук) екеуі Темірге жақтасты. 1392 ж. Тоқтамыс жеңілгеннен кейін Темірді де тастап шыққан Едіге Еділ мен Жайық арасыңдағы жерлерді жеке билей бастады. Ол кейінірек Алтын Орданы да өзіне қаратты. Алтын Орданың ханы деген атаққа Темір-Құтлық құр әншейін ие болғанымен, оның шын мәніндегі билеушісі Едіге болды (1396-1411 ж.). Ал оның ұлдары Алтын Орда құрамына кірген жеке аймақтарды биледі. Едіге — Ноғай ордасының да негізін қалаушы.

Оның баласы Нұраддиннің тұсында (1426-1440 ж.) Ноғай ордасы түпкілікті қалыптасты. Едіге Темір-Құтлықпен бірге Тоқтамыска қарсы күресті. 1397 ж. ол Алтын Орда әскерінің қолбасшысы болды. 1399 ж. Едіге Ворскле өзенінің бойында Литва князы Витовттың және Литваға қашып кеткен Токтамыстың әскерін талқандады. Темір-Құтлық өлген соң (1399 ж.) Едіге Алтын Орда тағына Шадыбекті отырғызды. Мұның тұсында бұрынғы Жошы ұлысының жері ақырғы рет түгел біріктірілді. 1409 ж. Едіге Батыс Сібірді паналап жүрген Тоқтамысты өлтірді. Дәл осы жылы Хорезмді басып алды. 1408-09 ж. Руське шабуыл жасады. Ондағы мақсаты — орыс мемлекетін Алтын Ордаға қайтадан салық төлеуге мәжбүр ету еді. Бірнеше қалаларын (Серпухов, Дмитров, Ростов, Переяславль, Нижний Новгород т. б.) қиратты. Мәскеуді де қоршады, бірақ оны ала алмады. 1410-12 жылдардағы Алтын Ордада болған аласапыран кезінде Едіге өкімет билігінен айрылды. Өкімет басына қайтадан Тоқтамыстың балалары келді. Едіге жан сауғалап Хорезмге қашып барды. 1419 ж. Сарайшық қаласының түбінде Едіге Тоқтамыстың баласы Қадырбердінің қолынан қаза тапты. Ұлытаудағы Едіге тауының басына жерленген.