Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






ЕРМЕКОВ ӘЛІМХАН ӘБЕУҰЛЫ

ЕРМЕКОВ ӘЛІМХАН ӘБЕУҰЛЫ (1891-1970 ж.), қоғам қайраткері, «Алаш» партиясы мен Алашорда қозғалысы жетекшілерінің бірі, математик, ұстаз, ғалым. Қаркаралының түлегі. Томск технология институтын бітірген (1921 ж.). 1919-1920 ж. Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі әскери-революция комитеттің мүшесі әрі коллегия төрағасы, Семей губревкомының мүшесі болған. Қазақ жерлерін Қазак АКСР-і шеңберінде тұтас дерлік топтастыруда ерекше рөл атқарған. 1921-24 ж. Семей губерния атқару комитеті, губерния жоспарлау басқармасы, Қазақ АКСР-і Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағаларының орынбасары, өнеркәсіп секциясының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Қазақ АКСР-інің 6- және 7-шақырылған Орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланған. 1926 жылдан ғылыми-педагогтік қызметте болды. 1927-1935 ж. Ташкенттегі Қазақ педагогика институтының оқытушысы, ҚазПИ-де (қазіргі Алматы мемлекеттік университеті) доцент, Алматы зоотехника-мал дәрігерлік институтының профессоры және математика кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ермеков қазақ зиялыларының қатарынан тұңғыш рет математика саласынан профессор атағына ие болған(1935 ж.). 1935 ж. қазақ тілінде«Ұлы математика курсы»атты кітапты жариялап, 1936 ж. өзінің ұстаздық тәжірибе негізінде «Қазақ тілінің математика термиңдері» атты түсіндірме сөздігін шығарған. 1935-37 ж. Алматы кен-металлургия институты (қазіргі ҚазҰТУ) математика және теориялық механика кафедрасының меңгерушісі болды. 1930-1947 ж. Ермеков ұлтшыл, «контрреволюцияшыл», «халық жауы» аталып, үш рет сотталды. 20 жылдан астам өмірін түрмелер мен саяси куғын-сүргінде өткізіп, азап шегіп, аса ауыр моральдык соққыға ұшырады. Кеңес өкіметінің жазалау органдарының қудалауында ұзақ жылдар болғанына қарамастан, ол адамгершілік қасиеттерін, ұлтжандық позициясын, ғалымдық, ұстаздық іс-әрекетін кір шалдырмай сақтай білді. Жалған саяси жалалармен істі болган Ермеков 1930 ж. 22 кыркүйекте тұтқындалады да, бір жыл жеті ай үздіксіз тергеуде болады. 1932 ж. 20 сәуірде ОГПУ-дің үштігінің үкімімен Ермеков алдын ала түрмеде отырған уақыты есепке алынып тұтқыннан босанып шықты. Ол босанып шыққанына қарамастан ОГПУ тыңшыларының жасырын бақылауында болады. Оның бостандықта жүруі ұзаққа бармады. 1937 ж. сталиндік озбырлық халық басына қара түнек орнатып, үлкен террор бастаған кезде Ермеков Ресейге барып бой тасалап, аз уақыт Куйбышев қаласындағы жоспарлау институтында математика кафедрасының меңгерушісі болып қызмет істеді. Ішкі істер халық комиссариатының әскери трибуналының үкімімен 1939 ж. 28 ақпанда Ермеков 10 жылға бас бостаңдығынан айырылып, ГУЛАГ-тың алыстағы лагерьлерінің біріне айдалады. Тағы да арыздар жазып, өзінің халық жауы емес екендігін дәлелдеу үшін күреседі. Нәтижесінде ол ақталып, 1947 жылдың басында тұтқыннан мерзімінен бұрын босанып шықты. Осы жылдың 15 тамызынан Ермеков Шымкент технология институтының математика кафедрасын басқарып, қайтадан ұстаздық қызметін жалғастырды. Өкінішке орай, ол жалған жаламен тағы да тұтқындалып, Ішкі істер министргінін түрмесіне қайта жабылды. 1955 ж. 7 наурызда КСРО бас прокурорының қаулысымен түрмеден мерзімінен бұрын босатылып, 1957 ж. 26 қарашада толық ақталды. Өмірінің соңына дейін Ермеков Қарағанды тау-кен институтында (қазіргі ҚарМТУ) ұстаздық етті. Ғылыми-зерттеу еңбектерінің негізгі бағыттары — ықтималдық теориясы, математикалық статистика, теориялық механика, математикалық терминология мәселелері.