Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






БҰҚАР ЖЫРАУ ҚАЛКАМАНҰЛЫ

БҰҚАР ЖЫРАУ ҚАЛКАМАНҰЛЫ (1668-1781 ж.), суырыпсалма ақын, жырау. Абылай ханның ақылшысы. Арғы тегі Арғын, оның ішінде Төртуыл Қаржас. Бұқардың әкесі Қалқаман жаугершілік заманда ерлігімен аты шыққан батыр болған. Бұқар жырау өмірі мен шығармашылығы Арка өңірімен тығыз байланысты. Бірақ та жастық шағы, қандай өмір өткелдерінен өткендігі, туған, өлген жылдары жайында нақты деректер жок. Дегенмен, жыраудын ел аузында сақталған мұралары мен аңыз-әңгімелерге сүйене отырып, кейінгі жылдары кейбір ғалымдар, атап айтканда Қ. Мұқаметқанов, жырау Орта Азияның көрнекті қаласы — Бұкара маңында туған, аты да осыған байланысты қойылған деген ұйғарым жасайды. Жаугершілік заманда қазақ елінің бас сауғалап сонау алыс қиырларға ауып көшіп-қонғанын еске алсақ мұны жоққа шығаруға да болмайды. Осындай дәлелдермен М. Мағауин және басқа зерттеушілер Бұкар 1668 жылдар шамасында туған, ол ерте кезден көзге түсіп, Тәуке ханның тұсында-ақ (1718 ж. өлген) қабырғалы би болған деседі. Бірақ Абылайға дейінгі билеп келген хандардың ешқайсысымен тіл табыса алмайды. Тек Абылай ханның тұсында жыраудың жұлдызы тағы да жанады, сөйтіп ол хан ордасына оралып, қалған өмірінде мемлекеттік істерге тікелей араласады. Бұқар жырау шығармалары философиялық-дидактикалық толғау түрінде бізге жеткен. Олар бейнелі суреттерге бай, ұлттық бояуы қанық, көркемдігі кемел. Жырау халықтың дәстүрлі ауыз әдебиетінің үлгілерін шебер пайдалана білген. «Өз заманындағы жандар бұл кісіні көмекей әулие деседі екен. Қара сөз білмейді, тек сөйлесе көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен» деп жазады белгілі ғалым, фольклоршы, жыраудың тұңғыш биографы Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Бұқар жырау шығармаларының басты тақырыбы — халқына, Отанына деген ыстық махаббат. Ол Отанды сүюге, бір орталыққа бағынған іргелі ел болуға үндейді. Көреген ақын қазақ халкының ұлттық бірлігі қажет екендігін айқын түсініп, бұл тұрғыда Абылайды бірлік идеясын жүзеге асыра алатын қайраткер ретінде жырға қосады, сыртқы жаулармен күресте қазақ жүздерін біріктірер қолбасшы, көзсіз батыр ретінде суреттейді. Ал егер оның іс-әрекеті халық мүддесіне кереғар келсе қоркып-үрікпей сын тезіне салады. Жырау шығармасындағы баска бір маңызды тақырып адам табиғатаның өзгеруі, дүниенің бір орнында тұрмайтындығы. Бұкар өмірді кезең-кезеңге бөліп, адамның жасы оның санасын, мінез-құлқын, көңіл күйін, күш-жігерін қалай өзгертетіндігін көрсетеді. Оның поэзиясының халық арасына кеңінен тарап, ғаклия, нақыл, афоризмдерге айналуы, мақал-мәтел болып жетуі де көркемдеу тәсілінің кереметтігінде. Бұқар жырау шын мәнінде көне қазақ поэзиясының ең тұлғалы өкілдерінің бірі. Бұкардың шығармаларын жинап, хатқа түсірген, басын кұрап қолжазба корына жеткізген Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Жыраудың моласын тауып, бүгінгі ұрпак білсін деп басына ең алғаш белгі қойып кеткен де сол ғұлама. Бұқар жырау Қарағанды облысындағы өзі аттас ауданның, казіргі Бұқар жырау ауылы маңына, Далба тауының бір сілемінде жерленген. Ұрпақтары зор қошеметпен оған кесене тұрғызды (архитектор А. Сәуменов), 1993 ж. туғанына 325 жыл толуын үлкен салтанатпен атап өтті. Қарағанды қаласында ескерткіші орнатылды. Қазақстан ҒА М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығармаларын жарыққа шығарды. Оған Ш. Уәлиханов, Г. Потанин М. Ж. Көпеев жазып алған нұсқалары, аңыз-әңгімелер, Пекиннен белгілі тарихшы Мұхтархан Оразбайұлы тауып, әдебиетші А. Сейдімбеков алғаш 12.7.1990 ж. «Ана тілі»газетіне жариялаған толғаулары да енді. Тарихшы Ж. Омари (Ж. Артыкбаев) «Бұкар жырау он екі тарих» (1994 ж.) ғылыми-көркем еңбегін арнады. Бұқар жырау құрметіне облыста аудан, ауыл, Қарағанды қаласында даңғыл, қазақ-түрік лицейі аталады.

Шығармалар: Бес ғасыр жырлайды, 1-том, А., 1989; Шығармалары, А., 1992 ж.