Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






БӨКЕЙХАНОВ ӘЛИХАН НҰРМҰХАМЕДҰЛЫ

БӨКЕЙХАНОВ ӘЛИХАН НҰРМҰХАМЕДҰЛЫ (1866-1937 ж.), қоғам және мемлекет кайраткері, ұлт-азаттық және  Алаш козғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы. Бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Токырауын болысында туған. Бөкейханов орта жүз ханы Бөкейдің ұрпағы. Ата тегі: Бөкей —Батыр — Мырзатай — Нүрмүхамед — Әлихан. Жасынан зерек, алғыр өскен Бөкейхановты әкесі Қарқаралыға алып барып, жергілікті молланың қолынан оқуды канағат тұтпай, қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепке ауысады. Оны бітіргеннен кейін 1879-1886 ж. Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқыды.

1886-1890 ж. Омбыдағы техника училищеде оқып, оны «техник» мамандығы бойынша бітіріп шықты. 1890-94 ж. Санкт-Петербургтегі Орман институтының экономика факультінде оқыды. Бөкейханов Ресей жандармерия басқармасының назарына алғаш рет студенттік жылдары-ақ ілігіп, «саяси сенімсіздердің қара тізіміне алынды». Ол институтты бітіргеннен кейін Омбыға барады. Онда орман шаруа училишесіне математика пәнінен оқытушы болып орналасты. Социалистік бағыттағы «Степной край» газетінің қызметіне белсенді түрде араласып, оның редакция алқасы құрамына енді.

1896-1903 ж. Щербина экспедициясы жұмысына қатысты. Оның ойы бойынша, экспедиция жұмысына қатысу сол тарихи кезенде қазақ халкы үшін ең зәру мәселеге айналған — жер қатынастарын тереңінен түсініп, белгілі бір тұжырымдарға келуге жағдай жасауға тиіс еді. Бөкейханов экспедиция жұмысына қатысу барысында қазақ даласына байланысты Ресей империясынын қөздеген мақсатын бұрын өзі байқай бермеген жаңа қырынан көрді және отарлық биліктің таяу жылдары ірі шараларды іске асыруға даярлық жасап жатқанын байқады. Ол қазақ даласын отарлау саясатына білек сыбана кіріскен патша өкіметімен күрес жүргізу үшін әуелі бүкіл қазақ жұртының басын біріктіруді, сонымен бірге орыс қоғамының ішінде ресми билікке қарсы тұрған саяси күштерге сүйенуді алға тартты. Бөкейханов 1905 ж. қарашада Мәскеуде өткен земство және қала қайраткерлерінің съезіне қатысты. Съезде қазақ халқының жоғын жоқтап сөз сөйледі. Сөзінде ол қазақ халқының тіл, сайлау, дін т. б. бостандықтары мәселесін көтерді. Ол осы жылы «Халық бостандығы» (конституциялық-демократиялық)партиясының мүшелігіне, ал 1906 ж. оның. ОК-і құрамына енді. Бөкейханов конституциялық-демократиялық партияның Қазақстанда бөлімшесін ашуға ынта білдірді. 1906 ж. маусымда Семейде өткен қазақ сайлаушыларының съезінде Б. «Халық бостандығы» партиясының бағдарламасын қуаттап сөз сөйлейді. Бөкейханов I Мемлекеттік думаға Семей облысы қазақтары атынан депутат болып сайланды. Бірақ ол I Мемлекеттік дума жұмысына қатыса алмады. Өйткені Бөкейханов өз жұмысын бастаған кезде Дала генерал-губернаторының негізсіз жарлығымен, соттың тергеуінсіз, 3 ай Павлодар абақтысында отырды. Ал абақтыдан шығып Санкт-Петербургке жеткенде, Дума патшаның әкімімен таратылып, оның біраз мүшелері наразылық актісін қабылдау үшін Финляндияның Выборг қаласына жүріп кеткен еді. Бөкейхановта солардың артынан аттанып Выборг үндеуіне қол қойды. Сол үшін жазаға тартылып, Санкт-Петербург сот палатасының төтенше мәжілісінің шешімімен 3 айға Семей тұрмесіне жабылды. 1906 ж. Омбыда шығатын кадеттік «Голос степи», «Омиш» және «Иртыш» газеттерінде, 1908 ж. Петербургте жарық көрген меньшевиктік «Товарищ», кадеттік «Речь», «Слово» газеттерінде редакторлық қызмет атқарды. Сол жылы Самараға жер аударылып, 1909-1917 ж. Дон егіншілік банкі бөлімшесінде жұмыс істеді. 1912-17 ж. кадеттер партиясы ОК-нің мүшесі болды. 20 ғ-дың басындағы қазақ қоғамының саяси және рухани өмірінде «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне Бөкейханов зор еңбек сіңірді. 1914 ж. маусымда Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясының ұйымдастыруымен шақырылған Бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысты, мұсылман фракциясы бюросының тұрақты мүшесі болды. 1-дүниежүзілік соғыс жылдары майданның қара жұмысына алынған қазақ, қырғыз, өзбек т. б. ел азаматтарына қажет түрлі көмек көрсету ісіне басшылық жасады. Осы мақсатта 1917 ж. 15 ақпанда Минскідегі земство және қала одақтар жанынан ашылған бұратаналар бөлімінің бастығы қызметін атқарды. 1917 ж. 20 наурызда Уакытша үкіметтің Торғай облысы комиссары және Түркістан комитетінің мүшесі қызметіне тағайындалды. Бөкейханов ескі патшалық биліктің орнына келген Уақытша үкімет жағдайында облыс басшысы дәрежесіне көтерілген алғашқы қазақ болатын. Ұлттық Мемлекет құру Бөкейхановтың түпкі мақсаты болды. Ол Уақытша үкіметке, сондай-ак кадет партиясына үлкен үмітпен қарады. Бірак оның бұл үмітінің негізсіз екендігін көп ұзамай уақыттын өзі көрсетіп берді. Бұл Бөкейхановтың кадет партиясынан шығуына алып келді. Оның жетекшілігімен 1917 ж. шілдеде бірінші жалпықазақ съезі өткізілді, сондай-ақ «Алаш» партиясы құрылды. 1917 ж. 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында қазақ мемлекеттігі туралы мәселе қараған жалпықазақ съезі болып өтті. Съездің күн тәртібіндегі тұрған ең негізгі мәселе — кеңестік билікке қатынас жөнінде баяндаманы Бөкейханов жасаған. Съезд қазақ облыстарын бүліншіліктен сақтау мақсатында уақытша «Ұлт кеңесін» құрып, оның аты «Алашорда» болсын деген шешім қабылдады. 25 орыннан тұрған бұл үкіметтің төрағасы болып көпшілік дауыспен Бөкейханов сайланды. Кеңес билігі тұсында ол туған елі үшін белсенді қызметтен бас тартқан емес. 1920 ж. Қазақ АҚСР Егіншілік халық комиссариаты коллегиясының мүшесі, 1922 ж. ұлттар істері жөніндегі Халық комиссариаты (Мәскеу) жанындағы Орталық баспаның ғылыми қызметкері, 1926-27 ж. Ресей ҒА-ның ғылыми қызметкері болды. Өкінішке орай, Сталин басқарған жоғары билік революцияға дейінгі қазақ зиялыларына, оның ішінде Бөкейхановка сенімсіздік танытты, қоғамдық қызметін теріс бағалап, шектеп отырды. 1925 ж. Қазақстандағы саяси билікке Ф. Голощекин келгеннен кейін жүргізген оның қоныс аударушыларға кең жол ашу саясатына жол бермеу үшін қазақ қожалықтарына қажет жер нормасын анықтау мақсатында КСРО-ға жанынан профессор С.П. Шевцов бастаған экспедицияны құру ісіне белсене араласып, оның құрамына өзі де енеді. Қазақстанда қоныс аударушыларға жарарлық артық жер жоқ екендігін ғылыми тұрғыдан негіздеп берген бұл комиссияның жасаған тұжырымдары мен ұсыныстары Ф. Голощекинге және орталық мекемелерге ұнай койған жоқ. 1926 ж. Бөкейхановты Мәскеуден бақылаушы орындардың рұқсатынсыз шығып кеткені үшін ОГПУ қызметкерлері Актөбеде тұткынға алады да, кейін қайтарып, Бутырка абақтысына жабады. 1937 ж. 27 қыркүйекте КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясының негізсіз үкімі бойынша ату жазасына кесілген. Соңғы тергеуде Алаш партиясы мен кеңестік билікке қарсы әрекеттеріне байланысты барлық жауапкершілікті өз мойнына алған Бөкейханов актық сөзінде: «Кеңестік билікті сүйген емеспін, бірак, мойындауға мәжбүрмін» деп мәлімдеді. 1989 ж. 14 мамырда КСРО Жоғарғы сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан ақталды.