Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






БАЙСЕЙТОВА КҮЛӘШ

БАЙСЕЙТОВА КҮЛӘШ (Гүлбаһрам) Жасынқызы (1912-1957 ж.), әнші (лирика-колоратуралық сопрано), қазақ опера өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО халык артисі (1936 ж.), КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1948 ж.,1949 ж.). Ақтоғайдың түлегі. Алматы педагогика техникумын бітірді (1928 ж.). Шығармашылық жолын көркем өнерпаздардың үйірмелерінде бастады. 1930 ж. Қазақ драма театрының труппасына қабылданды. Пүліш (Б. Майлин, «Майдан»), Зәуре (Қ. Байсейітов пен А. Шанин, «Зәуре»), Енлік (М. О. Әуезов, «Енлік-Кебек») рөлдерін орындады. 1933 ж. жаңадан ашылған музыкалық студияда істей бастады. 1943 ж. бастап Қазақ музыка театрының солисі (Қазактың Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры). Б. Жібек, Хадиша, Акжүніс (Е. Г. Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр» және «Ер Тарғын» опералары), Сара (М. Төлебаев, «Біржан мен Сара»), Ажар (А. Жүбанов пен Л. Хамиди, «Абай»), Татьяна (П. И. Чайковский, «Евгений Онегин»), Баттерфляй (Дж. Пуччини, «Чио-Чио-сан») және басқа көптеген образдар жасады. Ұлы Отан соғысы жылдарында Байсейітова концерттік бригада құрамында майдан шебіне шығып тұрды. 1-3-ші сайланған ҚазКСР Жоғары Кеңесінің депутаты, Ленин орденімен марапатталған. Қарағандыда Байсейітова есімімен көше аталған.