Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






БАЙҒОЗЫ БАТЫР

БАЙҒОЗЫ БАТЫР (1705-1803 ж.), Орта жүздін ноқта ағасы Тарақты руынан шыққан әйгілі батыр. Шежіре дерегі бойынша 12 ата Тарақтының бір атасы Қыдыр болса, одан Қаржау, одан Есенкелді, одан Сүтемген, одан Наймантай, одан Байғозы батыр туған. Байғозы батырдың шешесі шекті Көтібар батырдың қызы — Шолпан. Тәуке ханның бас батырларының бірі болган Наймантай (бейіті Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің іргесіндегі қорымда) баласы Байғозы батырды жауынгерлікке өзі баулып, жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінде әкелі-балалы батырлардың даңқы қатар шыққан. Халық жырларында: «Қолында қамшысы бар айбалтадай, Батыл бол батыр болсаң Наймантайдай», «Тарактыда Байғазы, Бұ да аскан ер еді, Ел шетіне жау келсе, Мен барайын дер еді» деп айтылады. Жазба деректер мен шежірелік аңыздар бойынша Байғозы батыр Абылай хан, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақ Жәнібек, Сырым Малайсары, Уақ Баян, Тама Есет, Керней Жарылғап, Әлтеке Жидебай, Қарашор Сеңкібай, Шанышқылы Берді қожа сияқты батырлармен үзенгілес болып, жоңғарлармен арада болған Қарасире, Аңыракай, Хан тауы, Қызылтау, Ыстықкөл, Ерейментау, Түркістан, Қарқаралы төңірегіндегі шайқастарда ерлік танытқан. Байғозы батырдың қызы Қойсанадан Шұбыртпалы Ағыбай батыр, немере қызы Шәкіден әйгілі күйші Ықылас Дүкенұлы туған. Байғозы батырдың бейіті тұрған жер «Батыр басы» деп аталады.