Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






АСАН ҚАЙҒЫ

АСАН ҚАЙҒЫ (14 ғ-дың соңғы ширегі-15 ғ-дың 60 ж. ш. ), ақын, философ, аңыз кейіпкері. Халық қамын, елінің болашағын ойлап, үнемі мұңға батып жүретіндіктен, замандастары оның Асан атына «кайғы» деген сөз қосып, Асан Қайғы атап кеткен. Алтын Орданың ыдырау дәуірінде (15 ғ.) өмір сүрген Асан Қайғы алдымен Сарайда, кейін Қазанда Ұлұғ-Мұхаммед ханның ықпалды билерінің бірі болған. Елге тартқан шағында Дешті Қыпшаққа қайтып оралады, өмірінің соңғы кезеңі жаңа құрылған қазақ мемлекетінде, Жәнібек, Керей хандардың төңірегінде өтеді. Асан Қайғы — көптеген нақыл сөздердің, философия толғаулардың авторы. Бұлардың бізге жеткен жұқаналарынан көне заманға тән кейбір суреттерді, қазақ халқының кұралу кезеңіндегі белгілі тарихи окиғалардың елесін танимыз. Асан Қайғы қазақ руларының Әбілқайыр ұлысынан бөлінуіне қарсы болмағанымен, атамекен Дешті Қыпшақтан кетуге наразылық білдіреді. Жәнібек, Керей хандарды оңтүстік жаққа емес, батысқа — Жайық, Жем бойына қоныстануға үгіттейді. Алайда Ордадан бөлінген рулар Шу, Сарысу бойына орналасқан соң, ел іргесі берік, ағайын арасы тату болуы жолында күреседі. Асан Қайғы «ең алдымен хандық үкіметгі күшейту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажет» деп санайды. Жәнібек ханды «уақытша табысқа мастанып кеттің, қазақ халқының болашағын жете ойламайсың» деп сөгеді. Шоқан Уәлиханов «көшпенді ноғай-қазақ ұлысының философы» деп атаған Асан Қайғы туыстас руларды бір орталыққа бағынған мемлекет етіп ұйымдастыру, қазақ хандығын нығайту жолында елеулі еңбек етеді. Біздін заманымызға жеткен толғауларынан оның өз дәуірінде болып жатқан тарихи өзгерістерді байыбына жете түсінгені, Алтын Орданың орныңда пайда болған ұсақ хандықтардың бәрінің де құрып бітетінін болжай алғаны көрінеді. Өзінен соңғы ұрпақ әулие танып, «Асан Ата» атандырған ақын жайлы әрқилы мазмұн, әр түрлі сипаттағы әңгімелер халық арасына кең тараған. Асан Қайғы төңірегіндегі аңыздар негізінен үш жүйеге (Асанның алғаш танылуы, қайғы атануы, «Жерұйықты» іздеуі) бөлінеді. Бұлардың ішіндегі ең тандаулысы — Асан Қайғының «Жерұйыкты» іздеуі жайлы аңыз. Асан Қайғы елдің көшіп отырған тұрмысына қанағаттанбайды, мекен еткен қоныстарын жерсінбейді, халқының болашағын ойлап қамығады. Оның ойынша жер үстінде адамзат тіршілігінде көруі мүмкін ұжмақ бар, аты —«Жерұйық». Бұл — елді жау алмайтын, малға жұт келмейтін, шөбі шүйгін, суы мол қоныс. Онда жұрттың бәрі тең, бәрі де шат-шадыман тіршілік кешеді, ел аласы, ру таласы жоқ. Малға жай, елге ырыс осындай мекен барын ғайыптан болжап білген Асан Қайғы енді сол жерді іздеп табу үшін желмаяға мініп, төңіректің төртбұрышын кезеді. Жолында кездескен тау, өзен, шұрайлы жерлерге, халыққа пайдалы жағын есептеп, тиісті баға беріп отырады. Ақыры таба алмай, өксіп кеп, Ұлытаудың басына жеткенде дүниеден кешеді. Аңыз — қазақ халқының бақытты тұрмыс, сәулетті болашақ туралы армандарының жемісі. Сонымен қатар бұл — Асан Қайғының бақыт мекені «Жерұйық» жайлы утопиялық шығармасының ауыздан-ауызға көше келе өзгерістерге түсіп, аңызға айналып кеткен нұсқасы деп шамалауға да негіз бар.